Басты бет » Басты жаңалықтар » Ақтөбе суға кетпейді

Ақтөбе суға кетпейді

Облыстағы су тасқынына қарсы шаралардың жүргізілу барысы мен су нысандарының көктемгі кезеңге әзірлігі өңір басшысының тұрақты бақылауында. Себебі Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері және құзырлы мекеме басшылары атқарылып жатқан жұмыстар жайында селекторлық аппарат кеңестерінде жүйелі түрде есеп беріп отырады. Өткен аптаның бейсенбі күні облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Қарғалы, Ақтөбе, Сазды су қоймаларына барып, сол жерде су тасқынына қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстардың жайын білді.

 

Күзет қызметі күшейтіледі

 

Облыс әкімі бастаған жұмыс тобы алдымен Қарғалы су қоймасына барды. Су қоймасындағы бөгеттің ұзындығы — 325 метр, биіктігі — 35 метр. Бүгінде Қарғалы су қоймасындағы суағар бөгеттерді ұзындығы 16 метрлік сегментті бекітпе  жауып тұр.

«Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Ақтөбе филиалы Қарғалы, Ақтөбе, Сазды су қоймаларымен қатар, аймақтағы «Тамдыкөл» суландыру жүйесінің, Ырғыз ауданының Торғай өзеніндегі Қыл, Қожа бөгеттерінің жұмысына жауап береді.

Биыл облыс бойынша қар көлемі өз мөлшерінен 1,5 есе артық болды. Соған қарамастан Қарғалы, Ақтөбе және Сазды су қоймаларында бүгінгі күнге жиналған су көлемі жоспарға сәйкес келеді. Атап айтар болсақ, Қарғалы су қоймасында қазір 80 миллион текше метр су жиналып тұр. Бұл су қоймасына жиналатын су мөлшерінің жобалық сыйымдылығы — 280 миллион текше метр. Бүгінгі таңда бұл нысандағы судың көлемі жобалық сыйымдылықтың 30 пайызын құрайды. Егер көктемгі тасқын кезінде су қоймаға мөлшерленген су жиналса,  онда артық келіп жатқан суды төмен қарай ағызып жіберуге біздің мүмкіндігіміз бар, — деді «Қазсушар» Ақтөбе филиалының басшысы Бекзат Наметов. 

Қарғалы су қоймасы 1975 жылы салынған. Нысан республикалық меншік саналады.

Өз кезегінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті құралдармен қамтамасыз етілген нысанда қазір арнайы күзет қызметі ұйымдастырылған.

Биыл Қарғалы су қоймасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін республикалық бюджеттен 101 миллион теңге бөлініп отыр. Бұл істі жүзеге асыруда мердігер мекемені анықтау үшін Астана қаласында тендер өтті. Енді екі апта уақыт ішінде мердігер мекеме күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді бастайды. Қазір бұл нысанның су қабылдайтын жағдайы қанағаттанарлық деңгейде. Дегенмен, бұл қаражат су қойманың темір бетон арықтарын жаңартуға, күзет қызметін күшейтуге, яғни бейнебақылау қондырғыларын орнатуға жұмсалмақ. Қызмет сапасын жақсарту мақсатында ауқымды іс-шаралар да ұйымдастырылатын болады.

Жалпы үлкен су нысаны құрылысы жүз жылға арнап салынады. Ал Қарғалы су қоймасы 1975 жылы пайдалануға берілген. Сондықтан қауіп төнетіндей қорқыныш жоқ, — деді Бекзат Наметов.

 

Қазір аймақта 11 ірі су қоймасы бар. Оның үшеуі республикалық, біреуі коммуналдық меншікке қараса, жетеуі — жекенің иелігінде.

Филиал басшысының айтуынша, қазіргі таңда барлық су қоймалар қанағаттанарлық жағдайда тұр. Мөлшерленген жобаға сай аталған нысандарда өз деңгейінде су жиналған, бұдан әрі де су қабылдайтын мүмкіндіктері бар. 

Су тасқыны кезінде қауіпті аймақ ретінде Ойыл мен Ырғыз айтылады. Себебі соңғы бес жылда Ырғыз ауданындағы барлық көлдер кеуіп, су келген жоқ. Ал биыл Торғай және Ырғыз өзендеріндегі су мөлшерден 1,5 есе көп болып отыр. Ойыл өзенінің де жағдайы осындай. Қазіргі күні Ойылдағы «Тамдыкөл» суландыру жүйесі тиісті шаралар қабылдап жатыр. Табиғат тосын мінез танытпаса, облыс елді мекендерінің суға кету қауіпі жоқ. Өйткені алдын ала тыңғылықты дайындықтар жасалды. Оның үстіне, соңғы жылдары «Казгидромет» мекемесі берген болжам да нақты айтылып жүр, — деді Б.Наметов.

Б.Наметов Қарғалы және Елек өзендерінің қосылып, Ресейге бағытталған тұсындағы барлық елді мекендер су қаупі төнетіндей аумақтардан жоғары орналасқанын айтты. 

Су шаруашылығы мекемесі өкілдерінің облыс әкіміне берген ақпарттарында, Қарғалы су қоймасына 1993, 2005 жылдары су мөлшерден артық жиналған. Нақтырақ айтсақ, 1993 жылы су қоймаға 473 миллион текше метр су жиналыпты.

Қазіргі күні су қойманың басында инженер-гидротехниктер үздіксіз қызмет етіп жүр.

 

Болжам: су мөлшері артады

 

Бұдан кейін облыс басшысы Ақтөбе су қоймасының басына барды. Су қойманың бүгінгі жағдайын көзбен көріп, жасалып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Жоспар бойынша, су қойма  245 миллион текше метр су қабылдауға әзір. Бүгінгі күні су торабына 120 миллион текше метр су жиналыпты.  

Мұндағы бөгеттің ұзындығы — 1085 метр, су торабының деңгейі — 18,5 метр. Қазір Ақтөбе су қоймасына жиналған су жобалық сыйымдылығының 49 пайызын құрайды. Бұл нысанда да 1993 жылы су мөлшерден артық жиналды. Қандыағаш қаласынан басталған барлық қар суы осы Ақтөбе су қоймасына құйылады. Биыл «Қазгидромет» мекемесінің божамы бойынша, су қоймаға 150-250 миллион текше метр су жиналады деп күтілуде. Өйткені ауа райы болжамы бойынша, облыста судың мөлшері 1,5 есеге артық болады деп жоспарланып отыр. Соған байланысты барлық төтенше жағдайлардың алдын алу мекемелері мен су шаруашылығы нысандары дайындық жұмыстарын жүргізіп, тиісті шаралар қабылдап жатыр. Болжам бойынша, көктемгі тасқын су 20-25 наурыз аралығында жүреді, — деді Б.Наметов.

Бұдан кейін облыс әкімі су қойма маңындағы суда құтқару қызметінің жағдайымен танысты. Мұнда жаңа техникалардың әрқайсысына сипаттама берілді.

 

Су қоймасын тазарту керек…

 

Облыс әкімі барған соңғы нысан — Сазды су қоймасы. Бұл нысанға соңғы рет 2002 жылы су мөлшерден көп жиналған. Су қоймадағы істің мән-жайын баяндаған Б.Наметов былай деді:

— Соңғы жылдары Сазды су қоймасына су жобаланған межеден аз жиналып жүр. Мұның себебін де білдік. Жоғары жақта екі су тоғаны бар.  Қар суының көп бөлігі сол тоғандарға барып құйылады. Биыл су торабына 6 миллион текше метр су жиналады деп жоспарлануда. Қазір су қоймасына небары 0,84 миллион текше метр ғана су жиналды.

Архимед Бегежанұлы Сазды су қоймасын шөп-шаламнан тазарту керектігін, әрі жол-жөнекей орналасқан шаруа қожалықтарының су ағынын бұру ісіне тосқауыл жасау қажеттігін айтты. Себебі Сазды су қоймасына жиналған су қаланы көріктендіру үшін саябақтар мен «Нұр Ғасыр» мешіті, «Мега Ақтөбе» сауда және ойын-сауық орталығы бойымен ағуы тиіс.  Облыс басшысының айтуынша, бұл үшін арнайы жоба жасалып, тиісті шаралар қабылдануы қажет.  Кездесу барысында Сазды су қоймасына балық жіберу мәселесі де сөз болды.

 

Саяжайдағыларға ескерту жасалды

 

Су нысандарының жағдайымен толық танысқаннан соң облыс әкімі Архимед Мұхамбетов журналистерге сұхбат берді:

Облыста көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары бойынша бірқатар шаралар қолға алынып жатыр. Бүгінгі күні барлық қызмет мекемелері жұмысқа дайын. Қазіргі уақытта қала аумағынан, елді мекендерден қар шығару жұмыстары жалғасып жатыр. Шамамен 370 мың текше метр қар шығарылды. Атап айтсақ, қаланың Шанхай, Мәскеу аудандарында бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Селолық елді мекендерде де жұмыстар күшейтілуде. Қар шығару ісіне қатысты қосымша 180 миллион теңге қаржы  бөлінді. Алдағы екі аптада бұл жұмыстардың ауқымы күшейе түспек.

Тасқын суға қарсы су шаруашылығы нысандарында іс-шаралар ұйымдастырылып, су қоймалардың көтергіш механизмдері, электрлік гидротораптары тексерілді. Автокөліктер мен жер жырту техникалары да іске сақадай сай тұр. Қазіргі уақытта нысандардың жағдайы қанағаттанарлық деңгейде әрі көктемгі тасқын суды қабылдауға дайын. Бұдан басқа 6500 тонна инертті материалдар мен 10 тонна жарылғыш зат дайындалды.

Ең бастысы, біз аймақтағы су қоймалардың жағдайына баса назар аударуымыз керек. Су қоймалардағы суды уақытылы жіберіп, қадағалап отыру қажет. Көктемгі су тасқыны кезінде тұрғындарға қауіп төнбейтін жұмыстар жасалуы қажет. Өйткені биыл қардың түсімі мол болды. Сондықтан судың көлемі де көп болады. Соңғы жылдары аймақта көктемгі тасқын су кезінде төтенше жағдайлар орын алған жоқ. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстардың көлемін күшейтуіміз керек.

Қазір қала айналасында су-тоғандардың бойындағы саяжайларды мекендеп жатқан тұрғындар бар. Ондағы тұрғындарға көктемде саяжайлардан кету жайында ескерту жұмыстары жасалды. Мұндай шараларды тек Ақтөбе қаласы әкімдігі ғана емес, аудан әкімдіктері де жүзеге асыруы тиіс.

 

P.S. Су қоймалардың басында облыс әкімі құзырлы мекеме басшыларына көктемгі су тасқынының  қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге бағытталған бірнеше тапсырма беріп, міндеттер жүктеді. Әр апта сайын облыс әкіміне жұмыстың жүру қарқыны мен жағдайдың мән-жайы баяндалады. Бұдан бөлек, су тасқынының алдын алуға қарсы тұрақты комиссия күн сайын істі бақылайтын болады.  

 

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*