Басты бет » Мәселе » Заңнамалар қайшы: Тиісті шара қолданудың жолы қайсы?

Заңнамалар қайшы: Тиісті шара қолданудың жолы қайсы?

 «Қолданыстағы кейбір заңнамалар қайшы. Сол себепті істі болғандардың қайсысының білім беру мекемелерінде жұмыс істеуге құқы бар екенін анықтау қиын тиіп тұр». Облыстық білім басқармасының басшысы Жанат Самұратова осылай дейді.

«Білім туралы» Заңның 51-бабының 5-тармағында білім беру ұйымдарында жұмыс істеуге соттылығы алынған адамдар үшін шектеу қойылмаған. Дегенмен, 2012 жылғы ақпанның 17-сі күні Еңбек кодексіне енгізілген өзгерісте (26-бабының 3-тармағы) адам саудасына байланысты қылмыс жасаған, адам өлтірген, денсаулығына қасақана зиян келтірген адамдардың бәрі соттылығының жойылғанына қарамастан кәмелетке толмағандарға  арналған білім беру мекемелерінде (балабақша, мектеп, колледж) жұмысқа қабылданбайтыны көрсетілген. Осы негізге сүйеніп, істі болған адамдарды жұмыстан босатуға бұйрық шығаруға тағы болмайды. Себеп: 1998 жылғы «Нормативтік-құқықтық актілер туралы» Заңның 31-бабында «Нормативтік- құқықтық актінің кері күші жоқ» делінген. Бұған қоса Қылмыстық кодекстің  77-бабының 7-тармағында: «Соттылықты жою немесе алу соттылыққа байланысты барлық құқықтық зардаптардың күшiн жояды» деп жазылған. Сонда не істеу керек?

 

Жаңа талап:

талап бланкісі толтырылды ма? 

 

Естеріңізге сала кетейік, былтыр қарашаның 1-і күні «Еліміздің мектептерінде бұрын қылмыс істеген адамдар жұмыс жасап жатыр. Кісі өлтірген, әйел зорлаған, есірткі сақтаған және басқа да ауыр қылмыс жасаған 60-тан астам адам соттылығы жойылғаннан кейін мектептерде жұмыс істеп жүр. Олардың үштен бірі тікелей бала оқытумен  және тәрбиелеумен айналысады», — деп Бас прокуратура дабыл қаққан болатын. Осыған байланысты қазір облыстағы барлық білім беру мекемелерінде жұмыс жасап жатқан мұғалім, оқытушы, тәрбиеші, бала күтуші,   тіпті, жұмысшылардың да (күзетші, еден жуушы, т.б.) істі болып, болмағаны тексеріліп жатыр.

 Қарашадан бастап білім беру мекемелерінде жұмысқа қабылданатын үміткерлер халыққа қызмет көрсету орталықтарынан істі болып, болмағаны туралы анықтама әкелмейтін болды. Өйткені бұл жағдай жаңа талапқа сәйкес анықталып жатыр. Облыстық прокуратура біздің басқармаға Бас  прокурордың бірінші орынбасары И.Меркельдің хатын жолдаған болатын. Соған сәйкес Бас прокурордың 2009 жылғы №23 бұйрығымен бекітілген «Арнайы есепке алудың жекелеген түрлерін жүргізу мен пайдаланудың қағидасында» белгіленген үлгідегі талап бланкілерді енді мемлекеттік қызметкерлермен қатар білім беру мекемелерінде жұмыс жасап жатқан, жұмыс істеуге ниетті бар адам  толтырады. Одан кейін талап бланкісі облыстық құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқармаға тапсырылады. Осыған байланысты аталған мекеме талап бланкіні толтырған адамның бұрын істі болып, болмағаны туралы анықтама жазады, — дейді Жанат Бақытжанқызы. Оның айтуынша, жаңа талап облыстағы барлық білім беру мекемелеріне таратылып болды. Соған сәйкес, бұл мекемелер талап бланкілерді облыстық құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқармаға тапсырып жатыр.

 

Істі болған 30 адам: 3 директор. 20 мұғалім

  

Облыстық прокуратура былтыр қазан айының 30-ында өткізген алқа мәжілісінде білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін 30 адамның соттылығы анықталғанын мәлім етті.

Бұл 30 адамның 20-сы — мұғалім, 3-еуі — директор, 2-еуі — директордың орынбасары, 1-еуі — тәрбиеші, 4-еуі — жұмысшы. Соның 25-інде халыққа қызмет көрсету орталықтары берген соттылығы жоқ туралы анықтама бар, — дейді облыстық білім басқармасының басшысы.

Бұл адамдарға қандай шара қолданылды? Ауыр қылмыс істегендер де бала тәрбиесімен айналысты ма? Бұл туралы Жанат Бақытжанқызы былай дейді:

Рас, өкінішке қарай, олардың арасында ауыр қылмыс жасағандар да бар. Мысалы, адам өлтіру қылмысымен 9 жылға бас бостандығынан айырылған адам 2008 жылы мерзімінен бұрын бостандыққа шығып, мектепке мұғалім болып жұмысқа орналасқан. Бұл  адам қазір өз еркімен жұмысшылыққа (0,25 бірлік) ауыстырылды.

Әйтеке би ауданында аса ауыр қылмыс жасаған 1 мұғалім жұмыстан босатылды. Одан бөлек тағы да 3 адам жұмыстан шығарылды. Қалғандарын  қызметтерінен уақытша шеттету ұсынылды

Айта кету керек, ресми деректе істі болған деп  көрсетілген бір азаматтың ешбір  қылмыс жасамағаны дәлелденді. Басқа облыстағы қылмыс істеген адаммен фамилиялас болып, содан қате кеткен. 

Еңбек кодексіне 2012 жылғы 17 ақпанда енгізілген өзгерістерді басшылыққа алмағаны үшін Қобда ауданы Қаракемер негізгі мектебінің және Хромтау ауданы «Нұрлы көш» орта мектебінің директорларына сөгіс берілді.   

Мектепті басқарған істі болған 3 адам кім? 

Мұғалжар ауданының 2 мектебін істі болған адамдар басқарыпты. Жалпы бұрын директор болғандардың бірінің қылмысы қаржыға қатысты, яғни жалақыны артық төлеу дерегімен істі болса, бірі пара алған. Бірі төбелескен. Директордың орынбасары болып жұмыс істеген бір адам  оқушыны өз-өзіне қол жұмсауға итермелеген. Бұл адамдар жұмыстан босатылды, — дейді Жанат Самұратова.

 

Не істеу керек? 

 

Желтоқсан айында, облыстық құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқарма білім беру мекемелерінде істі болған 24 адамның  жұмыс істейтіндігін анықтады.

Сол 24 адамның 13-і жұмыстан шығарылды. 7 азаматты жұмыстан босатып, босатпау мәселесі анықталуда. Мысалы, Алға қаласындағы көпқабатты үйде тұратын бір педагог төменгі қабатта тұратын көршісінің пәтеріне су кетіргені үшін 1 жылға шартты түрде сотталған. Сол үшін бұл мұғалімді жұмыстан босату керек пе? Мұның ар жағында адам тағдыры тұр…

Жасыратыны жоқ, қолданыстағы кейбір заңнамалардың қайшы тұстары бар. Сол себепті істі болғандардың қайсысының білім беру мекемелерінде жұмыс істеуге құқы бар екенін анықтау қиын тиіп тұр. Нақтырақ айтсам, «Білім туралы» Заңның 51-бабының 5-тармағында: «Білім беру ұйымдарында жұмыс істеуге педагогтік қызметіне сот үкімімен немесе медициналық қорытындымен тыйым салынған адамдар, сондай-ақ заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адамдар жіберілмейді» деп көрсетілген. Яғни, есептен шығарылғандарға шектеу жоқ. Сондықтан соттылығы жойылғандар мектептерде бірнеше жылдан бері жұмыс істеп жатыр. Алайда, 2012 жылы  ақпанның 17-сі күні Еңбек кодексіне өзгерту енгізілді. Онда 26-баптың 3-тармағында былай көрсетілген: «Кәмелетке толмағандар қатысатын білім беру, тәрбиелеу, демалысты ұйымдастыру және сауықтыру, дене тәрбиесі және спорт, медициналық қамтамасыз ету, әлеуметтік қызметтер көрсету, мәдениет және өнер саласындағы еңбек қызметіне кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстары: адам өлтіргені, денсаулығына қасақана зиян келтіргені, сондай-ақ адам саудасына байланысты қылмыстары үшін соттылығы бар немесе соттылығы болған адамдар жіберілмейді». Десек те, 1998 жылғы «Нормативтік-құқықтық актілер туралы» Заңның 31-бабында «Нормативтік- құқықтық актінің кері күші жоқ» делінген. Қысқасы, соттылығы бар педагог қызметкерлерді  анықтау механизмін білмей далмыз. Осы мәселенің заңды шешімін табуға құқық қорғау органдары көмек берсе екен деп сұраймын, — дейді Жанат Самұратова.

Білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін істі болған адамдарға қандай шара қолданған дұрыс? Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Жанат Самұратова былай дейді:

Педагог ретінде жеке пікірім, бұрын түрмеде жазасын өтеген адам (мейлі 3 ай отырса да) білім беру мекемелерінде мүлде жұмыс істемеуі тиіс. Сонымен қатар, мемлекеттің қаражатына қол салып, халықтан пара алып істі болғандардың да мекемелерде бала тәрбиесімен айналысуына жол бермеуіміз керек.   

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

Бір пікір

  1. Мектеп директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары мектеп ішінде өз қарамағындағы қызметкерді ұрып соғып денсаулығына қасақана зиян келтіріп ҚР Қылмыстық кодексінің 108-бабымен сотты болады.ҚР Еңбек кодексінің 26-баптың 3-тармағында былай көрсетілген: «Кәмелетке толмағандар қатысатын білім беру, тәрбиелеу, демалысты ұйымдастыру және сауықтыру, дене тәрбиесі және спорт, медициналық қамтамасыз ету, әлеуметтік қызметтер көрсету, мәдениет және өнер саласындағы еңбек қызметіне кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстары: адам өлтіргені, денсаулығына қасақана зиян келтіргені, сондай-ақ адам саудасына байланысты қылмыстары үшін соттылығы бар немесе соттылығы болған адамдар жіберілмейді» көрсетілген. Алайда ОҚО Еңбек инпекциясын осы мәселе бойынша берген жауабында бұл бап бұрыннан жұмыс істеп келе жатқандарға қолданылмайды, бұл бап жаңадан жұмысқа орналасатындарға қолданылатынын көрсеткен.
    ОҚО Еңбек инпекциясын берген жауабына сүйенсек адам өлтіріп сотты болсада, денсаулыққа қасақана зиян келтіріп сотты болсада бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан адамды жұмыстан шығаруға болмайды дегенді білдіреді. ОҚО Еңбек инпекциясын берген жауабы қаншалықты заңды

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*