Басты бет » Әлеумет » Орталық базар — шағын және орта бизнестің ұйытқысы

Орталық базар — шағын және орта бизнестің ұйытқысы

Мұнда 1000-ға жуық кәсіпкер ісін жүргізіп отыр

 «Шағын және орта бизнесті дамыту — ХХІ ғасырдағы Қазақстанды идустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы. Шағын және орта бизнес — біздегі Жалпыға ортақ  еңбек қоғамының берік экономикалық негізі. Бизнесті дамытуға кедергі келтіретін барлық енжар құқықтық нормалардың күшін жою керек. Шағын және орта бизнес жаңа инновациялық кәсіпорындар төңірегінде дамуға тиіс» .

 

(Елбасы Жолдауы жолдарынан).

 

 

Орталық базар — Ақтөбедегі ең ірі сауда орталығы. Қазір мұнда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қаңтардың қытымыр аязы мен қарлы боранына қарамастан 2 қабатты сауда павильонының іргетасы қаланып та болды. Сауда орталығының жалпы көлемі: 4 мың шаршы метр. Жоспарға сәйкес мұнда 450 сауда орны болады. Заман талабына сай жабдықталатын жаңа ғимарат еңсе тіктегенде қазіргідей жайма базар мүлде болмайды: қыстың үскірік аязы мен жаздың аптап ыстығында сатушылар далада сауда жасамайды. Бұл, әрине, тұтынушылар үшін де қолайлы болмақ.

Біз мыңға жуық кәсіпкерді ұйыстырып отырған ірі кәсіпорын — «Жандос и К фирмасы» ЖШС директоры Асқар Ермахановпен мекеменің шағын және орта кәсіп иелері үшін көрсетіп жатқан қолдау, көмегі туралы сөйлескен едік. 

 

Қолдау. Құрылыс

 

Тек қана қала тұрғындары емес, облыс жұртшылығы ат басын жиі бұратын үлкен базар бүгінде заман талабына сай жасанып, бой түзеп жатыр. Жаңа нысанның құрылысы қаңтардың 6-сы күні басталыпты. Жоспар бойынша жұмыс 3 айда  аяқталады.

Қарлы боран, ызғар мен ыстық, жауын-шашын, аңызақ жел, күшті дауылға қарамай жайма базарда еңбек ету — оңай шаруа емес. Асқан төзімділік пен шыдамдылықты қажет етеді. Осы қиындықтың бәріне мойымай, бірлесіп жұмыс істеп жатқан 450 кәсіпкер бар. Тек қана солар үшін, сол кәсіпкерлерге арнап 450 орындық сауда павильонын тұрғызып жатырмыз. Көптен бері ойымызда жүрген шаруа еді. Биыл сәті түсті, — дейді Асқар Ермаханов.

Қаңтардың 2-сі мен 6-сы аралығында кәсіпкерлер уақытша жаңа сауда орындарына көшіріліпті. Бұл үшін Ақтөбе қаласының әкімі Ерхан Омаров үлкен қолдау көрсеткен.

Бір, екеу, тіпті он шақты емес, 450 адамға орын табу оңайға түспеді. Өйткені базар аумағында олардың бәрін бірдей орналастыруға жер тарлық етті. Павильон саламыз деп қаншама адамның ісін тоқтатып қоюға тағы болмайды. Содан қала әкімі Ерхан Омаровқа жағдайымызды түсіндіріп, өтініш жаздық. Ерхан Болатжанұлы бізге үлкен көмек көрсетті. Кәсіпкерлер істерін уақытша жалғастыру үшін бір емес үш жерден жер бөлді. Қазір олар Уәлиханов, Ахтанов, Патоличев көшелерінде орналасты. Ол үшін арнайы сауда сөрелері қойылды, — дейді Асқар Жұмағазыұлы.

Құрылыс жұмыстарының бас мердігері — «Ұлан» компаниясы. 20-дан астам құрылысшылар екі кезеңде, күндіз-түні жұмыс жасап жатыр.  

Біз үшін құрылысты күн жылынған соң  көктемде бастаған ыңғайлы еді. Дегенмен, кәсіпкерлерге қолайсыз. Олардың да пікірімен санасуымыз керек. Әдетте қыс айларында, әсіресе, қаңтар мен ақпанда сауда аздау болады. Көктем мен жазда олардың саудасына кері әсер етіп, құрылыс жүргізгіміз келмейді. Сол  себепті, қыс мезгілін таңдадық. Дегенмен, құрылыс сапасына байланысты күдіктенуге негіз жоқ. Қыс болса да, құрылыс қарқынды. Жұмысты наурыздың аяғында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Құрылыс сапалы болатынына сенімдіміз, — дейді «Жандос и К фирмасы» ЖШС директоры Асқар Ермаханов.

 

Жолдау: шағын және орта бизнесті қолдау

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  Жолдауларында шағын және орта бизнесті дамытуға көп көңіл бөлген. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында да ел экономикасында шағын және орта бизнестің үлесі артқан сайын Қазақстанның дамуы да орнықты бола түсетіндігін айтып, нақты тапсырмалар берді. «Жаһандық рейтингке сәйкес, Қазақстан бизнесті жүргізуге ең қолайлы жағдайы бар елдер тобына кіреді және біз бұл үрдісті өрістете түсуге тиіспіз. Шағын бизнес ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуға тиіс.

Бизнесті дамытуға кедергі келтіретін барлық енжар құқықтық нормалардың күшін жою керек. Шағын және орта бизнес жаңа инновациялық кәсіпорындар төңірегінде дамуға тиіс», — деп міндеттеді. Біз өз тарапымыздан шағын және орта бизнесті жандандыра түсу үшін кәсіпкерлерге  бар мүмкіндігімізше қолдау көрсетіп жатырмыз. Орталық базар — сауданың қайнаған ортасы. Яғни, бір емес, бірнеше сауда орнына иелік етіп, сауданың арқасында әжептәуір табыс тауып отырған кәсіпкерлер жетерлік. Жалпы, Орталық базарда 1000-ға жуық кәсіпкер шаруасын дөңгелетіп отыр. Одан бөлек мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, игілігін көріп жүр. Кәсіпкерлердің істерін жүргізулері үшін барлық жағдай жасалып жатыр.  Мысалды көп келтіруге болады. Мәселен, ТМД елдерінде баламасы жоқ ет павильоны біздің Ақтөбедегі осы Орталық базарда ғана бар. Оның басты ерекшелігі сол, шілденің аптап ыстығында да сөрелердегі ет бұзылмайды. Өйткені Самарадан арнайы тапсырыспен әкелінген жабдықтардың арқасында қысы-жазы қажетті температура сақталады, — дейді «Жандос и К фирмасы» ЖШС директоры.  

Расында, Орталық базарда кәсіпкер үшін де, тұтынушы үшін де қолайлы жағдай жасалған. Тұтынушы бұл жерден қажетінің бәрін табады. Тағамның түрі көп:  ұн және ұн өнімдері, сүт және сүт өнімдері, ет және ет өнімдері. Тәтті мен балдың да сан түрі бар. Жыл-он екі ай бойы жеміс-жидек пен көкөністің небір түрі осы базарда ғана сатылады. Бастысы, әр азық-түлік өнімдеріне арналған арнайы павильон бар. Мысалы, «Апельсинде» — жеміс-жидек, «Көкөністе» — көкөністер, «Айсұлтанда» — ұннан жасалған тәтті тағамдар, «Сәтте» — тәттілер, кептірілген жемістер сатылады. Ойыншықтар да өте көп. Шаруашылық бұйымдарын да осы базардан табасыз. Тауар сан алуан болғандықтан, таңдау да бар. Сабынның, сусабынның, ыдыс-аяқ тазартатын ұнтақтардың түрлі елдің түрлі фирмаларынан әкелінген түрлері көп. Ыдыс-аяқ та жетерлік. Косметика да толып тұр. Кеңсе тауары да сан  түрлі. Іс тігуге қажетті құралдар да осында. «Нұрлы» киім-кешекке толы. Екі жылға жуық уақыт бұрын еңсе тіктеген «Баршылық» жабық базарында да негізінен киімдер сатылады. Бағасы сапасына байланысты. Кәсіпкерлер тауарды тұтынушылардың сұранысына сай Түркия, Қырғызстан, Қытайдан әкеледі. Қысқасы, Орталық базардан кез келген тағам мен тауарды таңдап жүріп, талғамыңыздағыны аласыз.

 

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

      

       

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*