Басты бет » Басты жаңалықтар » Жер: тиімді пайдалану мен мемлекеттік бақылау

Жер: тиімді пайдалану мен мемлекеттік бақылау

Мемлекет басшысының тапсырмасына байланыстыел Үкіметінің 2011 жылғы қаулысымен Жер ресурстарын басқару агенттігінің 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспары бекітілді. Мақсат — жерді ұтымды пайдалану мен қорғау, елдің экономикалық дамуына және ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға ықпал ететін геодезиялық және картографиялық қызметті қамтамасыз ету үшін жағдай жасау.

Елімізде ауыл шаруашылығы айналы­мы­нда 91 миллион гектар жер бар.  Осы алқаптар үш жылда — 2012, 2013 және 2014 жылдары түгенделуі тиіс. Былтыр 32 млн. гектар тексеріліп, қорытындысында 3 миллион гектардан астам жердің игерілмегені анықталды. Биыл 30,6 млн. гектар жер (6 қала, 53 аудан, 80-нен астам ауылдық округ пен 33 шаруашылық) зерттеліпті.

Елбасы құзырлы мекемелерге жекеменшік тұрғын үй құрылысына берілген жер телімдерін де түгендеуді міндеттеген болатын. 

Біз облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Қабай Сәрсенғалиевпен Мемлекет басшысының тапсырмаларының біздің облыста орындалуы туралы әңгімелескен едік.

 

Игерілмеген жер — 76 743 гектар            

 

Біздің облыстың жер көлемі — 30,06 миллион гектар. Оның 15,1 миллион гектары жерді пайдаланушыларға берілді. Босалқы жердің (меншікке немесе пайдалануға ұсынылмаған барлық жерлер) қоры — 14,9 миллион гектар.

Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты  3 жылдың ішінде еліміздегі 91  миллион гектар ауыл шаруашылығы алқаптарын түгендеу  жоспарланды. Жерді қорғау, тиімді пайдалану, топырақ құнарлылығының сапасын арттыру — бүгінгі күннің басты мәселелерінің бірі. Мұның басты себебі, кезінде жер жеке және заңды тұлғаларға тым көп бөлініп кетті. Дегенмен, игерілгені аз. Жерді тиімсіз пайдаланудың салдарынан топырақ құнарсызданып, жеріміз шөлейтке айналып бара жатыр. Міне, сондықтан ауыл шаруашылығы айналымындағы жерлерді түгендеу жұмыстары қолға алынды. Түгендеу дегеніміз —  жерлердің нақты аумақтарының есептік мәліметтерге сәйкестігін анықтау ғана емес, сонымен қатар  олардың жағдайын түбегейлі зерттеу, жерлерді тиімді пайдалану бойынша ұсыныстарды әзірлеу, — дейді Қабай Сәрсенғалиев. 

Біздің  облыста жер санаттарының арасында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің үлесі көп: 9,1 миллион гектар. Үкімет қаулысымен бекітілген Жер ресурстарын басқару агенттігінің 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспары аясында біздің облыста тындырылып жатқан шаруалар туралы Қабай Қаленұлы былай дейді:

Былтыр «Жер» ғылыми-өндірістік орталығы Ақтөбе филиалы Әйтеке би, Қобда, Ойыл, Ырғыз аудандарындағы ауылшаруашылық айналымына тартылған  жерлерді тексерді. Нақтырақ айтқанда, 112 елді мекеннің аумағында орналасқан 1352  шаруашылық субъектісінің жалпы көлемі — 2 миллион 683,2 мың гектар жері түгенделді.  Мысалы, Қобда ауданындағы 5 шаруа қожалығының — 15 286 гектар, 1 жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің —  20 705 гектар жерді ұтымды  пайдаланбағаны анықталды. Қазір осы — 35 991 гектар жер айналымға қосылды.  

Биыл облыс бойынша 2 миллион 806,1 мың гектар жерді тексеру жосарланғанымен, жалпы көлемі 3 миллион 112,1 мың гектар жер түгенделді. Бұл жұмыстар Ақтөбе қаласы мен 5 ауданда — Алға, Мәртөк, Мұғалжар, Темір, Хромтауда жүргізілді. Яғни шаруашылықтарға бекітілген жерлердің нақты тізімі, кадастрлық  нөмірлері, шабындық, жайылымдық,  суармалы егістік, тыңайған жерлердің жағдайы жан-жақты тексерілді. Нәтижесінде, 76 743 гектар жердің пайдаланылмағаны анықталды. Әсіресе, Алға ауданында игерілмеген жер көп: 50 387 гектар. Мұның 1567-сі — егістік, 1526-сы — шабындық, 30 798-і — жайылымдық, 25-і — бау-бақша, 16 471 гектары  — тыңайған жер.

Мұғалжар ауданында 1799 гектар жайылымдық жер пайдаланылмаған. Ақтөбе қаласына қарасты селолық округтердің 22 532  гектар жері игерілмеген.

Биыл ауыл шаруашылығы айналымына тартылған алқаптарды түгендеу жұмыстарын «ГИСХАГИ» «Ауыл шаруашылығы жерлерін аэроновигациялық іздестіру мемлекеттік институты» РМК, «Жер ҒӨО» РМК Ақтөбе филиалы мен аудандарда құрылған жұмыс топтары бірлесіп атқарды. Тексеру барысында жерді ұзақ мерзімге жалға алушылардың егін шаруашылығында жаңа технологиялар енгізбегені, жайылымдық жерлерді ұтымды пайдаланбағаны, суармалы жерлердегі суландыру жүйелерінің талапқа сай еместігі анықталыпты.

Алға, Мұғалжар, Мәртөк, Хромтау, Темір  аудандарында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдаланбақ түгілі,  техникалары да, мал басы да жоқ серіктестіктер мен шаруа қожалықтары анықталды. Мысалы, облыс орталығына жақын орналасқан Алға ауданының Маржанбұлақ ауылында «Сырым» (1619 гектар), «Көл» (1991 гектар), «Кемел» (2563 гектар), «Жолөткен» (1598 гектар) шаруа қожалықтарының жерлері болса да, бірде-бір мал басы жоқ. 13 628 гектар жері бар Хромтаудағы «Мамыр ана»,  21 218 гектар жері бар Темір ауданындағы «Ақ-Құмсай» шаруа қожалықтары, 16 982 гектар жері бар Мәртөк ауданындағы «Қайсар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің де жағдайы дәл осындай. Мұндай мысалдарды көп келтіруге болады, — дейді мекеме басшысы.

Айта кету керек, ауыл шаруашылығы айналымындағы жерлерді түгендеу жұмыстары жергілікті жерлерде де атқарылып жатыр. 2011 жылдан  бері игерілмеген 1 миллион 116 мың  гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.  

 

Жеке тұрғын үй құрылысы: телім мен кезек

 

Мемлекет басшысының жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген жер телімдерін түгендеу туралы тапсырмасын орындау мақсатында облысымыздың барлық аудандарында жұмыс топтары құрылып, тиянақты шаруа тындырды.

2005 жылдан бастап биылғы қарашаның 1-не дейін біздің облыста жеке тұрғын үй құрылысы үшін 111 181 арыз тіркелді. Оның 15 434-і қанағаттандырылды. Тіркелген арыздардың 78,4 пайызы — Ақтөбе қаласының үлесінде. 

Былтыр жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген жер телімдерін түгендеу жұмыстарының нәтижесінде, облыс бойынша 1048 жер телімі (102,1 гектар) мақсатты пайдаланылмағаны анықталды. Оның ішінде 550 жер теліміне (52,7 гектар) қатысты материалдар тиісті шара қолдану үшін инспекцияға жіберілді. 153 жер телімі (14,7 гектар) иесіз мүлік есебінде тіркеуге алынды. Мемлекетке қайтарылған жер телімінің үлесі — 345 (34,6 гектар). 481 жер теліміне ескерту берілді. Биыл шілдеде ескерту берілген материалдарға 1 жыл болуына байланысты жер телімдерін қайта тексеру жұмыстары жүргізілді. Мәжбүрлеп мемлекет меншігіне  қайтару үшін 60 жер теліміне қатысты материалдар сот органдарына жіберілді. Сөйтіп, 42 жер телімі  мемлекетке қайтарылды, — дейді Қабай Қаленұлы.

Биыл тамыз, қыркүйек айларында иесіз мүлік есебінде тіркеуге алынған 153 жер телімі (14,7 гектар) сот органдары арқылы мемлекет меншігіне қайтарылыпты.

Биыл облысымызда жеке тұрғын үй құрылысы үшін 406 жер телімі бөлінді. Олар: Алғада  — 55, Ырғызда — 8, Қарғалыда — 24, Мұғалжарда — 88, Ойылда — 6, Хромтауда — 155, Шалқарда — 69. Ақтөбе қаласының бас жоспарына өзгерістер енгізілуіне байланысты жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін беру уақытша тоқтатылды, — дейді мекеме басшысы.

Жеке тұрғын үй құрылысы үшін тіркелген арыздар бойынша жер телімдерінің берілуі туралы Қабай Қаленұлы былай дейді:

Байғанин (444 арыз) мен Темір (1300 арыз) аудандарында тіркелген арыздардың барлығы да қанағаттандырылды. Қарғалы ауданында да тіркелген арыздардың 94 пайызы бойынша жер телімдері берілді. Дегенмен, Мәртөк, Хромтау, Алға  аудандарында жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін бөлу жұмыстарын жандандыру керек.  Мысалы, Мәртөкте 4875 арыз тіркеліп, оның 790-на, Хромтауда 3517 арыз тіркеліп, оның 668-не, Алғада 6330 арыз тіркеліп, оның 1298-не жер телімдері берілген.

Ақтөбе қаласында азаматтардан 87 200 арыз тіркеліп, оның 7038-не жер телімдері берілді. Айта кету керек, Жер кодексі туралы заңға сәйкес инфрақұрылым тартылып, инженерлік желілер жүргізілгеннен кейін ғана жер телімдері беріледі.

 

Жер кадастрлық картасы мен базалық мөлшерлеме

 

Биыл тындырылған шаруалардың бірі — 149 округтің жер кадастрлық картасы әзірленді. Бұл мақсатта бюджеттен 10 миллион теңге бөлінген болатын. Қаржы толық игерілді.

Жер кадастрлық картасының маңызы зор. Бұған қарап, әр селолық округтің әкімі жерге қатысты жұмыстарын реттей алады.

Жер кодексіне сәйкес, маусым айында облыстағы 372 елді мекен бойынша базалық  мөлшерлеме бекітілді. Бұл да — үлкен шаруа. Облыстағы елді мекендер бойынша бекітілген базалық мөлшерлемелер әдістемелік нұсқауларға және жергілікті жағдайлар мен ерекшеліктерге байланысты әзірленді. Яғни елді мекеннің аудан орталығынан қашықтығы, экологиясы, автожолдардың жағдайы, инженерлік инфрақұрылымы (газбен жабдықталуы, сумен қамтылуы), тұрғындарының саны, даму болашағы ескерілді. Дайындалған жоба сараптамалық кеңеске ұсынылып, мақұлданды. Тиянақты тындырылған жұмыс облыстық мәслихат депутаттарының да қолдауына ие болып, облыстық әкімдіктің қаулысымен бекітілді, — дейді Қабай Қаленұлы. 

 

 

7 Ауданның шекарасы: белдеулерді белгілеу

 

Заңға сәйкес, шекарадағы 100 метрлік белдеулер жеке шаруашылықтарға жалға берілмеуі тиіс.

Биыл қолға алынған тағы бір үлкен шаруа осы — шекаралық (карантиндік) белдеулерді белгілеу. Біздің облыстың Ресейдің Орынбор облысымен шекарасының ұзындығы — 996 шақырым: оның ішінде Қобдамен  218 шақырым, Мәртөкпен  203 шақырым, Қарғалымен  267 шақырым, Хромтаумен  74 шақырым, Әйтеке би ауданымен  234 шақырым.  Өзбекстан Республикасымен облысымыздың 2 ауданы шектесіп жатыр. Жалпы шекара ұзындығы — 201 шақырым. Оның 120 шақырымы — Шалқар, 81 шақырымы  Байғанин ауданының еншісінде. Тексеру барысында, осы аудандардағы шекаралық белдеулер белгіленіп, шекарашылардың қадағалауына беріледі, — дейді облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Қабай Сәрсенғалиев.  

 

 

Біздің дерек

 

*** Қазақстан Еуразия құрлығының кең аумағын алып жатыр: жер көлемі — 272,5 млн. гектар. Біздің ел  әлемнің ең ірі елдерінің ондығына енеді. Сонымен қатар жермен қамтамасыз ету бойынша еліміздің 1 тұрғынына 17 гектарға жер телімі (оның ішінде егістіктер — 1,5 гектар) тиесілі екен.

 

*** Ақтөбе облысы  Қазақстанның солтүстік-батыс өңірінде орналасқан.

Елімізде жер көлемі  бойынша Қарағанды облысынан кейінгі екінші орынды алады.

Терістігінде  Ресей Федерациясының Орынбор облысымен, оңтүстігінде  Өзбекстан Республикасының құрамындағы Қарақалпақстанмен, батысында  Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарымен, шығысында  Қостанай,  оңтүстік-шығысында  Қызылорда облыстарымен шектесіп жатыр. Солтүстіктен оңтүстікке дейін  700 шақырым, шығыстан батысқа дейін  800 шақырымға созылып жатыр. Жалпы жер көлемі —  300 мың шаршы шақырым. Облыс орталығы — Ақтөбе қаласы. Ақтөбеден Астанаға дейін қашықтық — 1678 шақырым. Облыста 12 аудан, 8 қала, 142 ауылдық  әкімшілік және 410 ауылдық елді мекен бар.

 

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ

 

 

Бір пікір

  1. Турар Тулакбай

    Жер теліміне тұрғын үй салу үшін кезекте тұрмын, сол тізімді қайдан қарауға болады, әлде міндетті түрде баруым керепе

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>