Басты бет » Денсаулық » «Қатерлі ісік» деген диагноз «өлесің» деген сөз емес…

«Қатерлі ісік» деген диагноз «өлесің» деген сөз емес…

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен қабылданған онкологиялық көмекті дамытудың 2012-2016 жылдарға арналған  бағдарламасының басты мақсаты —  дерттен болатын өлім көрсеткішін азайту, халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыру. Мемлекеттік бағдарлама аясында ерте диагностикалау бағдарламаларын (скринингтерді) дамыту жолымен онкологиялық аурулардың профилактикасын жетілдіруде нақты жұмыс жоспары құрылған. Сонымен қатар емнің тиімділігін арттыруда ең озық технологияларды енгізу де  — бағдарлама басымдықтарының бірі.

Біздің облыста мемлекеттік бағдарламаның қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы нақтырақ білмек ниетпен М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті медицина орталығының мамандарымен әңгімелескен едік.

 

Ерте анықталса, қатерлі ісік те емделеді!

 

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті медицина орталығында онкохирургия бөлімшесі бар. Мұнда бас пен жұлыннан басқа онкологиялық ауруларға оталар жасалады.

Медицина орталығы бас дәрігерінің орынбасары Лаура ҚҰСАЙЫНОВАМЕН қатерлі ісіктерді емдеу әдістері туралы сөйлескен едік.   

— Көпшілік «Онкологиялық ауруға шалдыққан адамның ғұмыры қысқа болады» деп түсінеді. Әрине, бұл — қате пікір. Үрейленуге еш негіз жоқ. Бізде 20 жылдан астам уақыттан бері есепте тұрған науқастар бар. Менің анам да обыр ауруына шалдыққан. 12 жылдан бері есепте тұр. Дегенмен, аурудан қорқып, бекер мазасызданбайды. Тиісті емін қабылдап, денсаулығын күтеді. Немерелерін бағып отыр. 

Айтайын дегенім, қатерлі ісік диагнозы қойылса, көп ұзамай науқас өмірмен қоштасады деген сөз емес. Әр адам өз денсаулығына салғырт қарамауы тиіс. Ауру ерте баста анықталса, соғұрлым оң нәтиже береді. Ең бастысы, науқастар өмірді сүюуі керек. Жақсылықтан үміт үзбегені жөн. Рухы мықты адамдар ғана барлық қиындықты жеңеді.

Облыс бойынша  обыр ауруына шалдыққан 5600 адам есепте тұр. Олардың 50 пайызға жуығы (2400 адам) 5 жылдан астам уақыт өмір сүріп жатыр.

Қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың барлығының бірдей жоғары мамандандырылған ем алуы үшін мемлекет тарапынан жағдай жасалып жатыр ма? Онкология саласының қаржыландырылуы туралы айтсаңыз?  

— Мемлекет тарапынан онкологиялық аурулармен күресуде көп көмек көрсетіліп жатыр. Қымбат препараттар алынуда. Ем қабылдау тегін.  

Біздің облыста обыр ауруына шалдыққан 1 науқастың емделуі үшін ай сайын 15 255 теңге бөлінеді.  Сонымен қатар жергілікті бюджеттен тек қана химия  препараттарын алу үшін 120 миллион теңгеге  жуық ақша бөлінді. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға жалпы құны 300 миллион теңгеге бағаланған түрлі препараттар алынды.

Елімізде қатерлі ісік ауруларын емдеу тәсілі әлемдік стандарттарға сай. Қазір онкологиялық ауруға шалдыққан науқастарды емдеуде таргеттік препараттарды қолданып жатырмыз. Таргетті препараттың  бір қорабының өзі 500-600 мың теңге тұрады. Бұдан 5 жыл бұрын мұндай мүмкіндік болмаған еді. Бұл препараттарды  жағдайы келген адамдар ғана сатып алатын. Біздің онкохирургия бөлімшесінде химия препараттарының небір түрі бар. Яғни,  мемлекет өз тарапынан науқастардың сауығуы үшін барлық жағдайды жасап жатыр. Мәселе тұрғындардың өздерінде болып тұр.

— Бұлай деуіңізге не себеп? Емделуді қаламайтын да науқастар бар ма?

— Өкінішке қарай, тиісті ем қабылдаудан бас тартып жатқан адамдар бар. Аз емес.  Скринингтік тексерулер қорытындысы бойынша, биыл облыстағы 1000 адамның обырға шалдыққанын анықтадық. Олардың 300-і емделуден бас тартып отыр. Аурудың атынан шошынып, үрейленеді. Қазір психологтар мен медбикелер олардың үйлеріне барып, дереу ем қабылдау керектігін түсіндіріп жатыр. 

Төрт жылдан бері скринингтік тексеру жүргізілуде. Тексерілуге келетін адамдар аз. Өлім саны артып отыр. 9 айдың қорытындысы бойынша онкологиялық аурудан 546 адам көз жұмды. Бұған науқастардың дәрігерлерге кеш тексерілуі себеп болып отыр.

Қазір жалпы түрлі ауруларға шалдыққандардың үлесі басым. Бұл да адамдардың көпшілігінің дәрігерлерге тексеруге келмейтіндігіне байланысты. Профилактикалық шараларды күшейту арқылы халықтың денсаулығын жақсартуға болады. Кеңес дәуірінде жұмысқа қабілетті жастағы тұрғындардың 99 пайызы үкіметке жұмыс  істеді. Олар жыл сайын 2 рет  медициналық тексеруден өтетін. Қазір  өз бизнесін дамыту үшін еңбек етіп жатқандар көп. Жеке кәсіпкерлердің қарауында жұмыс істейтіндер бар. Олардың медициналық тексеруден өтуге уақыты жоқ. Сонымен қатар бала күтіміне байланысты үйде отырған әйелдер де дәрігерге тексеруге баруға уақыт таппайды немесе құлықсыз. Ауыл тұрғындарының да барлығы бірдей медициналық тексеруден өтпейді. Міне, осы контингенттер тәуекел тобына жатады. 

Обыр ауруларының қауіптілігі сол — дерттің бастапқы сатыларында ешқандай ауырсыну белгілері білінбейді.  Көбіне науқастар дәрігерге ауру жанына батқанда амал жоқ келеді. Ал бұл науқастың өзі үшін қиын. Аурудың ІІІ, ІV сатыларын емдеу үшін мемлекеттен аз қаржы жұмсалмайды. Мысалы, сүт безі обырының

І сатысына шалдыққан науқасты емдеу үшін мемлекет қаржысы есебінен 150 мың теңге  бөлінеді. Ал дерттің ІІІ, ІV  сатыларында науқасты емдеу үшін бөлінетін қаржы — 28 миллион теңге.

Адам өзін жақсы көруі керек. Ал өзін жақсы көру — әдемі киіну, жұртқа жақсы болып көрінгісі келу емес, денсаулықты күту.

Тағы да қайталап айтқым келеді, мемлекет халықтың денсаулығын жақсарту үшін аянып қалып жатқан жоқ. Заман талабына сай барлық жағдайды жасап жатыр. Бұдан 10 жылдан астам уақыт бұрын кардиологиялық орталық тек қана Алматыда болған еді. Онда емделу үшін науқастар 5-6 жыл кезек күтетін-ді. Қазір мұндай орталықтар еліміздің әрбір облыс орталығында бар. Соның арқасында қаншама науқастың денсаулығы жақсарды.

Еліміздің тұрғындары екпені  тегін алады. Ал көршілес Өзбекстан, Түркіменстанда екпе жасалмайды. Яғни, бұл үшін мемлекет қаржы бөлмейді. Бұл да біздің еліміздің экономикасының дамуы қарқынды екенінің дәлелі.

Халықтан бір-ақ өтінішіміз бар: дер уақытында тиісті емханаларға барып,  скринингтік тексеруден өтсе екен.

 

 

Қатерлі ісік: себеп пен салдар

 

Әріп ҚОЙШЫБАЕВ, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті, онкология кафедрасының меңгерушісі:

 

«Ақтөбенің» септігі

— 2005 жылдан бері қатерлі ісікке қарсы онкүндіктер жылына 2 рет, кейде 3 рет ұйымдастырылып жатыр. Сол жылдары бұқаралық ақпарат құралдары арқылы обыр ерте анықталса, дертті емдеуге болатынын айтып біраз материалдар ұйымдастырдық. Қатерлі ісікті алдын алу мақсатында жасалып жатқан кешенді жұмыстар жөніндегі мазмұнды материалдар облыстық «Ақтөбе» газетінде де бірнеше рет жарияланды. «Ақтөбе» газетінде жарияланған материалдардың арқасында сол жылдары қатерлі дерттердің ерте сатысындағы науқастар көп анықталды. Ота жасау мүмкіндігі бар науқастардың саны да күрт көбейді. Мысалы, сол жылдары облыстық басылымда асқазан обырын алдын алуға қатысты көп әңгіме айтыппын. Сол насихаттың ықпалы болар, бұрын асқазан обырына жасалған операцияның саны 30-дан аспаса,  сол жылы 60 адамға ота жасадық.

Осы жолы да облыстық «Ақтөбе» газеті арқылы айтқымыз келетін әңгіме көп. Көпшілік «Қатерлі ісіктің маған қатысы жоқ» деп ойлайды. Бұл ауруға шалдықпасына ешкімнің кепілдігі жоқ. Сондықтан сақтану керек.  «Ауру айтып келмейді». Әр адам өз денсаулығын ерекше күтсе, қиын жағдайларға тап болмайды. Дер уақытында ауру анықталса, ауруды ауыздықтауға болады. Тоқ ішек пен тік ішектің қатерлі ісігін ерте баста анықтап, емдегеннің арқасында құлан таза айыққан адамдар арамызда жүр. Сол кісілер өздері барған орталарда аурудан қалай сауыққандығы жөнінде әңгімелерді көбірек айтса, қатерлі дертке шалдыққан адамдарды жігерлендіру үшін жақсы болар еді. Өйткені денсаулығын уайымдап, күйзеліп жүргендер аз емес. Теледидарда кешкілік мезгілде көпшілік жиі көретін телесериалдар кезінде әлсін-әлсін обырдан жазылған адамдардың шағын әңгімесін жазып алып көрсетсе, бұл да ауруға шалдыққан науқастардың көңіліндегі күдікті сейілтуге сеп болар еді.  

Онкологиялық ауруларды дер уақытында анықтау алғашқы медициналық көмек көрсететін дәрігердің біліктілігіне, сауаттылығына да байланысты. Кеңес Одағындағы онкологияның негізін салушы  Николой Петров «Онкологиялық ауруға шалдыққан науқастың тағдыры бірінші барған дәрігерінің қолында» деп бекер айтпаған. Егер дәрігерде онкологиялық сақтық, онкологиялық ауруларға қатысты қырағылық болса, онда ол науқастың дертін дер кезінде анықтап, дереу онкологқа жібереді. Әйтпесе, науқас біраз сергелдеңге түседі. Барған дәрігері ауруды анықтай алмай біресе невропатологқа, біресе терапевтке, біресе эндокринологке, қысқасы онкологтен басқа шамамен 7-8 дәрігерге тексеруге жібереді. Бұл кезде ауру асқынып кетуі мүмкін. Дәрігердің тағы бір қателігі сол — тиісті анализдерді тапсыртпайды. Аурудың бастапқы кезеңінде дерттің науқасты мазаламайтын белгілері болады. Мысалы, тоқ ішек обырына шалдыққан науқастың үлкен дәретінде қан жолақтары пайда болады. Дәреттің түсі қараюы мүмкін. Бұл өзгеріс әлсін-әлсін пайда болады. Мұндай өзгерістер анализдер алу арқылы анықталады.

 

Асқазан, өңеш обырларынан ұлттық скринингті енгізген екінші ел — Қазақстан

 

— Онкологиялық ауруларды ерте анықтауда скринингтік тексерулердің пайдасы зор. Қазір облыста 4 түрлі қатерлі ісіктің (сүт безі обыры, жатыр мойны обыры, тоқ ішек пен тік ішек обырлары ) алдын алу мақсатында скрининг жүргізіліп жатыр.  Жыл сайын елімізде халықтың денсаулығы бойынша жылдың есебі шығарылады. Сол есеп арқылы қандай дертпен қанша жастағы тұрғындар жиі ауыратындығы анықталады. Мысалы, сүт безі обыры 50-60 жастағы әйелдердің арасында көп кездеседі. Сол себепті осы  жастағы әйелдерге әрбір 2 жыл сайын  маммографиялық тексеру жасауымыз қажет. Жалпы, соңғы жылдары ер мен әйел адамдардың арасында тоқ ішек обырымен ауыратындар көбейіп бара жатыр. Сол себепті 50-70 жастағы адамдарға тоқ ішек пен тік ішек обырының алдын алу мақсатында скринингтік тексерулер жүргізілуде.

Қатерлі ісіктің І, ІІ сатыларындағы дерттерді анықтасақ, онда науқастардың өмір сүру мүмкіндігін 90 пайызға арттыруға мүмкіндік бар. Дерттің  ІІІ, ІV сатысындағы науқастардың жағдайы өмір мен өлімнің арасында деуге болады.  Егер науқастың денсаулығы отаны, сәулелік және химиялық емдерді көтеретін болса, оларға да мүмкіндігіміз келгенше көмектесеміз. Дерттің ІV сатысында да ота  жасау арқылы науқастың өмірін кейде 2 жыл, кейде 3, кейде 5 жылға дейін ұзартамыз. Өмір сүру ұзақтығын 5 жылға арттыру науқастардың біраз игіліктерді көруіне мүмкіндік туғызады. Мысалы, 65 жастағы адам отбасындағы біраз қуаныштарды көреді: қыз ұзатып, келін түсіреді. Бір емес екі немере сүюі мүмкін. Қазақ үшін, қазақтың қарттары үшін немере сүю, немересінің маңдайынан иіскеу — ең қымбат армандардың бірі.

Ұлттық скринингтік бағдарламасы қатерлі ісіктерді ерте сатысында анықтауға мүмкіндік береді. Өлім көрсеткішінің азаюы, ең алдымен, қатерлі ісіктерді ерте сатыларда диагностикалауды жақсартуға және емдеу қорытындысының тиімділігіне байланысты.

Айта кету керек, асқазан, өңеш обырлары бойынша ұлттық скринингтік бағдарламаны жүргізіп отырған әлем бойынша екі ел бар. Оның бірі — Жапония. Екіншісі — Қазақстан. Скринингтік тексерулер өте қымбат. Асқазан, өңеш обырларының алдын алуда тексерулер жасау қымбатқа бағаланатын болғандықтан, дамыған елдер халқына Ұлттық скрининг жүргізу үшін қаржы аудармай отыр. Оларда қатерлі ісікке шалдыққандардың саны бізден көп болмаса, аз емес.

 

Ауру — астан

 

— Онкологиялық аурулар көп жағдайда салауатты өмір салтын сақтамаудың салдарынан пайда болады.  Қатерлі дертке шалдығудың негізгі себептері мынау: Біріншіден, обырдың 65 пайызы дұрыс тамақтанбаудан болады. Дәрумен жетіспеушілігінің салдарынан ағза әлсірейді. Ал әлсіз организмге вирус, ауру үйір келеді. Мұндай жағдайда асқазанның  аурулары, тоқ ішектің аурулары көбейіп кетеді.  Бұрын консервіленген, маринадталған тағамдарды амалдың жоқтығынан пайдаландық. Ел экономикасының қарқынды дамып жатқанының бір дәлелі — еліміздің әр өңірінде, облысымызда көкөністер өсіретін жылыжайлар көп. Дүкендерден қысы-жазы қалаған көкөніс, жеміс-жидектерді сатып алуға мүмкіндік бар. Сол себепті консервіленген өнімдерді қолданудың еш қажеттілігі жоқ. Дегенмен, мұны көпшілік түсінгісі келмейді. Ақыры ауруға тап болады. Бір ғана мысал келтірейін, онкологиялық ауруларға шалдыққандар Қазақстанның оңтүстігімен салыстырғанда солтүстігінде 3 есе көп. 100 мың тұрғынға шаққанда Оңтүстік Қазақстанда тұрғындардың 90-ы қатерлі ісікке шалдықса, ал Солтүстік Қазақстанда бұл көрсеткіш — 280 адам. Бұл солтүстік өңірде өндіріс орындарының, кен орындарының көптігіне байланысты емес. Зауыт Шымкентте де бар. Кен Оңтүстік Қазақстаннан да шығады. Оңтүстіктің тұрғындарының артықшылығы жыл бойы жас көкөніс пен жеміс-жидектерді пайдаланады. Ал олар дәрумендерге бай.

Онкологиялық аурулардың пайда болуының екінші себебі дене қимылының аздығына  байланысты. Аптасына кем дегенде бір рет 40 минут немесе 1 сағат спортпен шұғылдану организмнің қатерлі ісікпен ауру қаупін 25 пайызға азайтады.   Гиподинамияның (қимыл-қозғалыстың шектелуі) салдарынан адам жатыр мойны обыры, сүт безі обыры, өңештің төменгі бөлігінің обыры, тоқ ішек обырына шалдығуы мүмкін. 

Дерттің үшінші себебі — тұқым қуалаушылық (10-15 пайызы). Кей жағдайда сүт безінің обыры, аналық бездің обыры, тоқ ішектің обыры, балаларда кездесетін қатерлі ісіктер, жатыр мойны обыры тұқым қуалайды.

Жұрт көбіне онкологиялық ауруларды экологиядан көреді. Өзіміздің көп жағдайда салауатты өмір салтын ұстана бермейтінімізді мойындағымыз келмей, ауруға себеп қоршаған ортаның ластануынан деп түсінеміз. Бұл — қате пікір. Себебі өндірісі қарқынды дамыған Батыс елдерінің өзінде қатерлі ісіктің экология салдарынан болуының үлесі — 5-ақ пайыз.

 

Өкпе обыры өршіп тұр

 

— Облыс бойынша, жалпы әлемде онкологиялық аурулардың арасында өкпе обыры ең бірінші кезекте тұр. Дерттің бұл түрінің 95-98 пайызы шылым шегуге байланысты болады. Егер шылым шегушілер күніне 20 тал темекі тартса, олардың өкпедегі қатерлі ісік ауруына шалдығу қаупі басқалармен салыстырғанда 10-15 есе артады.  Бұл дерт әйелдер арасында да кездеседі (2-5 пайыз). Олардың себебі басқаша болады.

Екінші орында —  әйелдер арасында кездесетін сүт безі обыры. Шалқар, Ырғыз, Байғанин аудандарында бала туу көрсеткіші жақсы. Бір отбасында, кем дегенде, 4 баладан бар.Сондай-ақ, аталған аудандардағы әйелдердің дені баланы емізеді. Мұның әйелдердің денсаулығы үшін пайдасы зор. Мысалы, Ырғыз ауданында сүт безі обырымен ауыратын әйелдер жоқтың қасы.

Әрбір жүктіліктен кейін 2 жыл бойы әйелдің ағзасында эстроген гормонының әсері тоқтатылады. Үзіліс пайда болады. Емізу барысында да солай болады. Эстрогеннің орнына прогестерон гормоны патшалық құрады. Бұл — әйелдің ағзасы демалады деген сөз.

Тұрмысқа шықпаған, бала тумаған әйелдерде сүт безі обырының даму қаупі жоғары болады. Себебі олардың ағзасында эстроген үздіксіз «үстемдік» етеді.  Әйел адам жүкті болуы керек, босануы керек және баланы емізуі тиіс. Бұл — табиғаттың заңдылығы. Қайшылық болған жағдайда сүт безі обырының қауіптілігі басымырақ болады.

 

Төрт басымдық

 

— Онкологиялық ауруларды емдеу 4 басымдық бойынша жүргізіледі. Біріншісі —скринингтік тексеру. 

Екіншісі — профилактика. Яғни, науқас салауатты өмір салтын сақтауы тиіс.

Үшіншісі — мультимодалді емнің барлық түрін пайдалану. Науқастарды емдеуде  өте қымбат бағаланатын таргеттік препараттарды қажеттілікке байланысты толық қамтамасыз етіп жатырмыз. Бұл — құр даурығу, жалған сөз, өтірік мақтану емес, расы солай.  Мемлекет халықтың денсаулығын жақсарту үшін барлық жағдайды жасап жатыр. Таргеттік препарат — емнің ең тиімді түрі. Бұл препараттың көмегімен бүйрек обырының ІV сатысындағы науқастың өмірін созуға болады.  

Бұрын науқастар химиялық ем алудан қорқатын еді. Қазір науқастар бұл емнің өмірі үшін маңыздылығын түсінді.

Төртіншісі — бірыңғай ем стандарттарын жасау. Қазақстанның барлық облыстарында емнің стандарты бірдей. Мысалы, Алматыға, Ақтөбеге барсам, сондағы дәрігерлер жақсы емдейді деушілер бар. Бұдан былай науқас қайда барып емделгісі келсе де, оған барлық өңірде ем бірыңғай стандартқа сай жүргізіледі.

 

Шетелдік ғалымдар бағасы

 

Былтырғы жылдың өзінде біздің онкохирургия бөлімшесінде Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда, Атырау, Алматы облыстарынан жалпы 200-ге жуық адам сәулелік және химиялық ем алды.

Хирургиялық емге келетін болсақ, бас пен жұлыннан басқасының бәріне біздің бөлімшеде ота жасатуға мүмкіндік бар.   

Бізде жасалған отадан кейін Израильге барып, медициналық тексеруден өтіп келген науқастар бар. Олар шетелге кеткенде «Шетелдің дәрігерлері біздің  жасаған отаны қалай бағалайды?» деп алаң боламыз. Аллаға шүкір, шетелге барып тексеріліп келген адамдардың барлығы да біздің жасаған отаны «әлемдік стандарттарға сай жасалған екен»  деп келеді. Шетелдік ғалымдар: «Провинцияда да ота осылай жасала ма?» — деп қатты таң қалады екен. Біз әлемдік деңгейден қалыспауға тырысамыз.

Осы бөлімшеде негізгі оталарды жасайтын 5 хирург бар. Өзім күн сайын 2 ота, аптасына, яғни, 5 күнде 10 ота, шамамен жылына 300 ота жасаймын.

 

Ректордың өнегесі

 

 Темірхан СЫМБАТОВ, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент:

— Қазір біздің бөлімшеде 50-ге жуық науқас ем қабылдауда. Олар сәулелік және  химиялық терапия алып жатыр. Сонымен қатар отадан кейін ем қабылдап жатқандар мен отаға дайындап жатқан науқастар да бар. 

Онкологиялық ауруларды емдеудің бір тәсілі — хирургиялық әдіс. Біздің басшымыз, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің ректоры Ербол Бекмұхамбетовтің ісі шәкірттеріне де, дәрігерлерге де үлгі, өнеге. Ербол  Жасұланұлы  онкологияық ауруға шалдыққан науқастарға аптасына кем дегенде 2-3 рет күрделі ота жасайды.

Медицина орталығының жанында емхана бар. Онкологиялық ауруға шалдыққан науқастарды алдымен сол емханадағы мамандар тексереді. Қатерлі дертпен тіркеуге алынған облыстағы 5 мыңнан астам науқас сол емханадағы Қуаныш Тайшиевтің білікті хирург екенін өте жақсы біледі. 

Онкохирургия бөлімшесіне медицина ғылымдарының кандидаты, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» Сағынай Дүйсенбеков жетекшілік етеді. 40 жылға жуық уақыттан бері осында еңбек етіп жатқан аға медбике Ақхат Сұлтанова да  «Денсалық сақтау ісінің үздігі». Бөлімшеде тәжірибелі дәрігерлер көп.

Мысалы, Пазылбек Ермағамбетов, Әріп Қойшыбаев, Валерий Бегунов, Нұргүл Кереева, Любовь Зайцева, Жанна Сатенова, Динара Жолмұхамедова. Бұл дәрігерлердің қай-қайсысы да мақтауға лайық.

Бізде үш буынның өкілдері бар. Үлкендерден үйренгенімізді өзімізден кейінгі толқынға үйрету парызымыз. Жас маман Әмірхан Орыновтың болашағынан көп үміт күтуге болады.  Олжас Оразаев пен Ерген Құрманбаевтер Польшада докторантурада оқып жатыр.

 

3 күнде диагноз қоямыз

 

Клара ЖАНҒАЛИЕВА, жоғары санатты дәрігер-радиолог:

— Облыс бойынша жыл сайын 1000-нан астам онкологиялық ауруға шалдыққан науқас анықталады. Оның ішінде сәулелік емді қолдануды қажет ететіндердің үлесі — 70 пайыз. Оларға кешенді түрде ем жүргізіледі.

Соңғы жылдары онкохирургия бөлімшесінің материалдық базасы нығайып келеді. Заман талабына сай жабдықтардың түрі көп. Мысалы, сәулелік емдеу кезінде қолданылатын Германияда жасалған «Мультисорс», Австрияда жасалған «Gulmay» аппараттары бар. «Gulmay» аппаратының көмегімен тері обырына шалдыққан науқастарға рентгентерапиясы жасалады. Ал гамматерапия жүргізген кезде «TERAGAM» аппаратын қолданамыз.

Келесі жылы жоғары технологиялық сәулелік терапияны енгізу мақсатында біздің бөлімше соңғы үлгідегі желілік жылдамдатқышпен жабдықталады. Бұл технология онкологиялық ауруға шалдыққан науқастардың өмірін ұзартуға және өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Құны өте қымбат. Ісікті сәулемен емдеу барысында ісіктің қасындағы сау клеткалар да зақымдалады. Ал желілік жылдамдатқыштың пайдасы, сау клеткалар зақымдалмайды.  Желілік жылдамдатқышпен жұмыс істеу үшін дәрігерлер шетелдерде білімдерін жетілдіруде. Осы жақында ғана Америкаға, Латвияға тәжірибе жинақтауға кеткен дәрігерлеріміз келді. Бір физигіміз Мәскеуге оқуға кетті.

Бұрын соңғы үлгідегі жабдықтар түгілі, шприцтің өзі қат болатын. Қазір науқасқа 3 күннің ішінде диагноз қоятындай жағдайымыз бар.

 

 

Науқастар:

алғысымыз шексіз!

 

Бекболат МЕДИМАНОВ, емделуші:

— Мәртөк ауданы, Хлебодар ауылынан келдім.

Ауыратынымды білген жоқпын. Дене қызуым қатты көтеріліп, мазам кетті. Сөйтіп, наурыздың 31-і күні түнде облыстық жедел жәрдем аурухансына түстім. Сол түні сағат 3.00-ден таңғы сағат 8.00-ге дейін маған шұғыл ота жасалды. Дәрігерлер тоқ ішегім іріңдеп кеткенін айтты. Олар тоқ ішектен 1 литр ірің мен 1 литр су алыпты. Екі-үш күн жан сақтау бөлімшесінде жаттым. Облыстық жедел жәрдем ауруханасынан шыққанннан кейін медицина орталығының онкохирургия бөлімшесінде 3 ай емделдім. 3 курс химиялық ем алдым. Одан кейін анализ тапсырдым. Қорытындысы жақсы болды. Қарашаның 6-сы күні маған ота жасады. Ота жасалғанға дейін 7 ай бойы тоқ ішегім сыртқа шығып тұрған еді, онкохирургия бөлімшесіндегі дәрігерлер ішекті ішекке жалғап, тоқ ішегім табиғи қалыпқа келді.

Мұнда емнің бәрі тегін. Ота да тегін жасалды.

Емдеуші дәрігерім — Пазылбек Ермағанбетов. Наркоз берген анестезиолог  — Мұрат Жұбанышев. Ота жасаған онкохирург — Валерий  Бегунов. Осы дәрігерлердің бәріне, жалпы онкохирургия бөлімшесіндегі медицина қызметкерлеріне айтар алғысым шексіз. 

 

Лаура ҚҰСАЙЫНОВА, медицина орталығы бас дәрігерінің орынбасары:

  Науқастың сөзін толықтырғым келеді. Әрине, отаның сәтті жасалуына тәжірибелі хирургтердің еңбегі зор болатыны рас. Дегенмен, отаның сәтті жасалуы наркоздың қалай берілгеніне де байланысты. Көп жағдайда анестезиологтардың еңбегі елеусіз қалады. Негізі, науқасты отаға дайындағанда, отаның сәтті жасалуына белгілі бір деңгейде анестезиологтардың үлесі бар.  Қатерлі ісік ауруларымен көбіне жасы үлкен кісілер, әсіресе 50-ден жоғары жастағы адамдар ауырады. Сол егде кісілердің арасында жүрек, өкпе, бүйрегі ауыратындардың болуы әбден мүмкін. Ал оларға наркоз беру тіпті де оңай  шаруа емес.  

Онкохирургия бөлімшесінде екі анестезиолог бар: Серік Жақыпов және Мұрат Жұбанышев. Олар мұнда көп жылдан бері еңбек етіп келе жатыр. Мықты кәсіби мамандар.

                                                             

Пазылбек ЕРМАҒАМБЕТОВ, онколог:  

— Науқас Бекболат Медимановтың емдеуші дәрігерімін. Оның тоқ ішегін қалпына келтіру үшін ота жасалды. Ота сәтті өтті. Науқастың жағдайы жақсы.

Оған ауыр жұмыстар істеуге болмайды. Үнемі жылы киініп жүру керек, суық тигізуге болмайды. Ұйқының да режимі бұзылмауы тиіс.  Иммунды жүйесін қалпына келтіру үшін дәрумені көп тағамдармен тамақтанғаны дұрыс.  

Мұндай отадан кейін науқастар үнемі дәрігерлердің бақылауында болады. 3 жыл бойы 6 ай сайын дәрігерлерге тексеріледі. 3 жылдан кейін жылына 1 рет толық тексерілуден өтеді.

 

Түктібай БИСЕМБАЕВ, емделуші:

— Қазанның 30-ы күні осы онкохирургия бөлімшесіне түстім. Ішегіме ота жасалды. Ота сәтті өтті. Өзімді жасарып қалғандай сезініп отырмын. Отбасыммен қауышатын күн жақын. Мәриям деген кемпірім бар. Биыл отау құрғанымызға 50 жыл болады. Бұйырса, алтын тойымызды жасаймыз. 1 ұл, 2 қызым, 3 немерем,  4 жиенім бар.  

Осы мүмкіндікті пайдаланып, облыстық «Ақтөбе» газеті арқылы Медицина орталығының басшылығына, дәрігерлерге ризашылығымды білдіремін. Әсіресе, маған ота жасаған Әріп Қойшыбаев пен емдеуші дәрігерім Темірхан Сымбатовқа шексіз алғыс айтамын. 

 

Қазақта: «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген бар. Мамандардың пікірінше, өз денсаулығына немқұрайлы қарамау, темекі тартпау, ішімдік ішпеу және дәрігерге дер кезінде көріну онкологиялық аурулардың алдын алады. Ұлттық скринингтік тексеру — аурудың алдын алудағы ең тиімді тәсіл. Сондықтан «Скринингтік тексеруге міндетті түрде қатысу керек»  дейді дәрігерлер.  

 

 

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

Бір пікір

  1. гульбира канафина

    Маган мыкты онколог номери керек ед.Анама онеш рагы диаг.койылд

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*