Басты бет » Әлеумет » 31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

 

Киселев көшесі бар.

Жаманмұрынов көшесі жоқ…

 

Республикалық «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналында мемлекет және қоғам қайраткерлерінің 2013 жылғы мерейтойлары тізбесі жарияланыпты. Тізбеде көрсетілгендей, биыл Тел Жаманмұрыновтың туғанына 125 жыл толады.

Ол 1988 жылы Ырғыз өңіріндегі Аманкөл ауылында дүниеге келген. Екі жасында әкесі Бұқпан қайтыс болады. Бала Телдің оқуға деген ынтасын аңғарған атасы Жаманмұрын (Дәулетүмбет) он бестегі немересі Телді Орынборға аттандырады.

Орынбор реальды училшищесін өте жақсы бітіріп, Санкт-Петербург политехникалық институтына түсіп, бір жыл оқығасын, денсаулығына әрі климат жағдайына байланысты, дәрігерлердің кеңесімен Москваның ауыл шаруашылығы (қазіргі Тимириязов атындағы академия) институтына ауысады.

Телдің саяси өмірі 1916 жылдың желтоқсанында Ә.Бөкейханов жетекшілік еткен, он бес адамнан құралған қазақ зиялылары қатарында Ресейдің Күнбатыс майданындағы қазақтарға қолдау көрсету мақсатындағы сапарынан басталды.  1917-19 жылдары Алаш автономиясының ірге тасын қаласып, бүгінгі жетіп отырған тәуелсіздікті сол уақытта аңсап, соның басты шарттарын белгілесті. Көрнекті алаштанушы М.Қойгелдиевтің: «Біздің құрметіміз бен марапатымыздың белгісі — олардың ұлт алдындағы еңбектерін бағалау, оны ұрпақтың рухани уызына айналдыру» — деген сөзі бар. Ендеше, Тел Жаманмұрыновтың да мерейтойы атаусыз қалмауы тиіс!  

Осы орайда мынаны айтқым келеді: соңғы 10-15 жыл көлемінде Ырғыз өңірінен шыққан қоғам қайраткерлері арасынан И.Ф.Киселев туралы тарихшылар, қаламгерлер тарапынан біржақты пікір айтылып жүр: ол  — ұлт қайраткерлеріне қастандық еткен адам.

Біріншіден, белгілі жазушы Балғабек Қыдырбекұлының «Алатау» романының

II томынан («Жазушы» баспасы, 1991 жыл) үзінді:

« — Жоқ, сіз Алматы обкомының секретары Киселевті айтып отырсыз ғой. Ол емес. Кәдімгі Ырғыз, Торғайда Совет үкіметін орнатысатын қазақстандық Иван Федорович Киселев. Анау жылы Советтердің съезіне делегат ұсынғанда айтып еді ғой. Не деп еді ? Иә, «он тоғызыншы жылы Шалқар төңірегінде қызылдар ақтармен кездесіп, кескілескен соғыс болды. Бізге ақтармен қосылып алаштың атты әскерлері шабуыл жасады. Сонда кеш батып, қас қарайып кеткенде, қолға түскендердің ішінде осы Ұзақбай Құлымбетов сияқты полк командирі бар сияқты еді. Осы Құлымбетов сияқты-ақ еді» — деген болатын. Сонда Құлымбетов орнынан тұрып:  «Иә, рас. Сол мен едім. Ол кезде апалаң-топалаң, біліміміз төмен, кімнің жолы қандай екенін білмейтін кезіміз еді. Содан кейін-ақ мен Совет үкіметі жағына шыққанмын, Коммунистік партияға мүше болдым. Бұл жолдан одан кейін ауытқыған емеспін» — деді».

Екіншіден, облыстық «Ақтөбе» газетінің 2007 жылғы 29 мамыр күнгі санына Әлімбай Ізбайдың «Көп қазақты Киселев ұстап берген. Ал бізде оның атында көше бар …» атты мақаласы шықты. Осында тарихшы З.Байдосовтың: « … Мен мұрағат деректерінен кеңес үкіметінің халыққа жасаған жаппай қастандығы (террор) жайлы деректі кітаптардан осы зауалға тікелей себепкер адамдардың аттарын таптым. Осыған кінәлілер арасында Киселев аты жиі кездеседі. Киселев — ырғыздық. Ырғыздықтарға ерекше тіс батырған… Көзі ашық адамдардың түрін түстеп, атын атап, көрсетіп берген. Ырғыздың ел намысын жыртқан небір азаматтары сол кісінің көрсетуімен ұсталған. Қазір Ақтөбеде Киселев атында көше бар, ал ол ұстатқан Жаманмұрынов атындағы көше жоқ», — деген пікірі жүр.

Үшіншіден, республикалық «Жас алаш» газетінде (2011 жыл,  9 тамыз)  Баян Сәрсенбинаның «Құлымбетовтің белгісіз бейнесі» атты мақаласы жарыққа шықты. Мақалада: «Ырғыздағы Ы. Алтынсарин ашқан екі кластық орыс-қазақ мектебінің 1907 жылдан бастап директоры болған И.Ф.Киселев бір кезде өзі оқытқан шәкірттері Ұ.Құлымбетов, Т.Жаманмұрыновтарды: «Бұларға күдігім бар, Моңғолияға барғанда астыртын жапон тыңшыларымен байланыс жасап, Қазақстанды Одақтан бөліп әкеткелі жүр» деген күдік айтып, Мирзоянға, «үштікке» өз қолымен хат жазып, қамауға алынуына тікелей себепкер болды.

1912-18 жылдары тұйықтағы ауылда мұғалім болып саясаттан аулақ, ел аузындағы аңыз-әңгіме, жыр-дастандарды жинаумен айналысқан Ұзекең 1918 жылы ұстазы И.Ф.Киселев құрған қызыл партизан отрядына мүше, әрі аудармашы болып қызмет жасаған. Шалқар маңындағы Жылтыр түбінде қарапайым кедей шаруаның соңғы атын тартып алған И.Ф.Киселевтің озбырлығына шыдамай, төбелесіп қалады» — деп жазылған. 1937 жылы Киселевтің Ұ.Құлымбетов пен оның жақтастарын қаралауы, сірә, осы араздықты өмір бойы кек тұтуынан болса керек. 

Расында, жоғарыда тарихшы З. Байдосов айтқандай, Ақтөбеде бар саналы ғұмырын, бар еңбегін халқына арнаған Тел Жаманмұрынов атындағы көше жоқ та, оны құрбандыққа шалған И.Ф.Киселев атындағы көше бар. Бәлкім, қайраткердің мерейтойы тұсында осы қиянат түзетілер?.. Егер Киселев атындағы көше Жаманмұрыновтың атына ауыстырылса, әділдік болар еді деп ойлаймыз.

 

Е.ТҰРАБАЕВ.

 

 

Арысымызды ардақтау керек!

 

Ақтөбе облысының басшылығына, қоғамдық, саяси, кәсіби ұйымдардың назарына ашық хат

 

Қазақ елі тәуелсіздігінің, қазақ халқының ұлттық дербестігінің, еркін рухының, рухани, саяси, мәдени алтын бастауы — Алашорда қайраткерлерінің талай ұрпаққа өнеге, ұлтқа мәңгілік ұстын боларлық өнегесі екені ақиқат.

Бүкіл қазақ халқы бүгінгі тәуелсіз, әлем таныған қазақ елі мемлекеті, өзінің рухани, саяси, мәдени еркіндігі мен күн санап көркейген өмірі үшін сол дегдар тұлғаларға, жанын шүберекке түйіп, жанкештілікпен күрескен Алаш қайраткерлеріне қарыздар.

Бүгінгі шынайы отаншылдық, ұлттық шынайы намыс пен қазақ халқына адалдық Алаш қайраткерлеріне деген риясыз құрмет, өнегесіне адалдықтан басталады.

Тел Бұқпанұлы Жаманмұрынов — бүгінгі және келешек қазақ ұрпағы үшін мәңгілік өнеге болуға тиіс Алаш қайраткерлерінің бірі, Алашорда партиясының негізін қаласқан, бергі қазақ тарихында тұңғыш рет А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатовтармен бірге ұлтшыл саяси үйірме құрып, ұлттық тәуелсіздік идеясын көтерген, қазақ елі, қазақ халқы үшін адам таңданарлық қызмет істеген қайраткер.

Өкінішке орай, тек облыс емес, бүкіл ел аясында ұлттық мақтанышқа айналуға тиіс Т.Б.Жаманмұрынов есімі, ғылыми-саяси еңбектерде аталатыны болмаса, осы кезге дейін лайықты деңгейде ескерілмей келеді.

Бұл — елімізге, оның туып-өскен Ырғызының, есепсіз еңбегі сіңген Ақтөбе облысының ел-жұртына сын. Рас, Ырғызда оның есімінде мектеп бар, «Ақтөбе» газеті биыл үлкен мақала жариялады. Дегенмен, сондай ұлт ардагері үшін бұл аз.

Биыл Тел Бұқпанұлының туғанына 125 жыл толғалы отыр. Осы айтулы мерейтойды облыстық деңгейде атап өту, Ақтөбе қаласында оның есімін есте қалдыру саналы жұртшылық үшін ортақ парыз деп санаймыз. Бұған облыс, аудандар басшылықтары, қоғамдық ұйымдар мен партиялар атсалысуға тиіс. Мұндай мерейтойды лайықты деңгейде атап өту облысымыз үшін үлкен абырой болады деп сенеміз.

 

Құрметпен және сеніммен: Ырғыз аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, Ырғыз ауданының жұртшылығы (35 адам қол қойған).

 

 

Біз — солардың ұрпағымыз

 

Менің әкем Ғаббастың ағасы Сүлеймен Қарабалин 1937 жылы бауыры Қанапиямен бірге жазықсыз жалаға ілігіп, отыздан астам ойылдық азаматтармен 150 шақырым жердегі Шұбарқұдық стансасына дейін жаяу айдалады. Кейін олардың біразын Ақтөбе қаласы маңындағы Түйетөбеде атқан. Қазақта «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген сөз бар. Осы қан-қасапта Сүлеймен Қарабалаұлы ғайыптан атылудан аман қалады, содан кейін қатаң тәртіппен жазаланып, Свердлов жақта 10 жыл жазасын өтейді, сол жерде соғыс аяқталғанша ауыр жұмыстарға жегіліп, азапты күндерді бастан өткереді. Сүлеймен папамның жазаға ұшырау себебі мынадай.

«Ойылда Сүлеймен деген әулие шықты, адамдар дәрігерге көрінуді қойды, емханаға науқастар аз келетін болып барады» деген желеумен оны тұтқындайды. Тайгада лагерьде болып ағаш кеседі. Сөйтіп жүргенде соғыс басталып кетіп, көзі ашық адамдар майданға жіберуді өтініп арыздар беріп жатады. Лагерьдің басшылары өз жұмыстарымен болып, сауық-сайран құрады. Бірде біреуінің туған күнін тойлап ат жарыс жасайды. Сонда лагерь бастығының аты кесілген ағаш түбіріне сүрініп құлап, бастықтың аяғы сынып, қатты жарақат алады. Сынық жанына батып шыдай алмай жатыр деген хабар папама да жетеді. Ол лагерь бастығына жаны ашып, сынған жерін салып береді. Содан кейін оған көзқарас өзгеріп, не тілегі бар екенін сұрайды.  Сүлеймен папам «Отанды қорғағым келеді» дегенді айтады. Алайда түрме бастығы: «Майданға сені жібере алмаймын, қаңғырған оқ тиіп өліп кетсең, мен сенің отбасыңның алдында кінәлі боламын. Егер қаласаң, менің қолымнан сені босату келеді», дейді. Бірақ папам«Сотталған мерзімім бітпей түрмеден кетпеймін, себебі босап елге барғаныммен әулиелігің арқасында келдің деп қайта соттап жіберуі мүмкін», — дейді. Сонымен, лагерьдің ішінде еркін жүретін болады. Десятник сияқты жұмысқа тағайындап, еңбекақы есептеп отырады.

Папамыз айдаудан кейін Ойылда суармада звено жетекшісі болып 23 жыл абыройлы жұмыс істеді. Адал, еңбекқор адам болды.

Ал менің өз әкем Ғаббас соғыстан ауыр жарақатпен оралып, бізді өмірге әкелді, өсірді.

Бүгінде сол кісілердің біреуі де жоқ.

Біздер бармыз қуғын-сүргін көрген, соғысқа қатысқан адамдардың ұрпақтары.

Әкелеріміз көрген қиындықтарды ендігі ұрпақ көрмесін, біздің тілегіміз сол. 

 

Дәметкен ИМАНҒАЗИНА.

 

 

 

Қайраткер Қаратаев

 

Біз бір ұрпақ осы кезге дейін, яғни тәуелсіздік алғанға дейін, өзіміздің ата-бабамыз, тегіміз туралы айта алмай келген ұрпақпыз, іштен тынған ұрпақпыз. Қазақ тарихы да сондай ақтаңдақтары бар тарих болды. Айтылмағаны бар еді. Тәуелсіздікке тәуба дейік. Тарих беттері ақтаңдақтарынан арылып келеді. Тарихшы-ғалымдар зерттеп, іздену арқасында халыққа белгілі ардақты ұлдарын қайта таныстырып, жоғалғанды жаңғыртып жатыр. Сондай тарихшы-ғалымдардың бірі, ініміз Беркін Құрманбеков еді. Ол қазақ халқының мұң-мұқтажын, мүддесін қорғаған, білімді, алдыңғы қатардағы көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар, Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты болған он екі қазақтың үшеуі жайлы мазмұнды, құнды кітаптар жазды. Оның Алпысбай Қалменов, Бақытжан Қаратаев, Ахмет Бірімжановтар туралы деректі, ғылыми, іздену негізінде жазылған кітаптары оқырмандар тарапынан оң баға алған еңбектер. Бұл саланы зерттеу, жазу бұрын өте мардымсыз болған еді.

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітаханада белгілі өлкетанушы, тарих ғылымының кандидаты, доцент марқұм Беркін Құрманбековтің ғылыми еңбектері бойынша «Өлке тарихының өзекті мәселелері» атты ғылыми тәжірибелік конференция өтті.

Шара аясында қазақтың тұңғыш заңгері, Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты болған Бақытжан Қаратаев туралы «Қайраткер Қаратаев» атты кітаптың тұсаукесері болды. (Кітап авторлары: тарих ғылымының докторы, академик Өмірзақ Озғанбай және Беркін Құрманбеков). Осы жиынға Фердауси Қаратаев, Шамиль Бақытжанов,  Бауыржан Бақытжанов, Аманкелді Шынаров секілді он шақты атаның ұрпақтары жиналды.

Белгілі қоғам қайраткері, ғалым, Ақтаудан келген Өмірзақ Озғанбай өз сөзінде өмірден озғанына жыл да толмаған өлкетанушы, ғалым, тарихшы Беркін Құрманбековтің ғылыми мұрасына үлкен мән беріп, Бақытжан Қаратаев жайлы кітапты да Беркін Құрманбеков екеуі бірігіп жазғандығын айтты. Бұл конференцияда халқымыздың біртуар қайраткер ұлдарының бірі Бақытжан Қаратаевтың өмірі мен қызметі сараланды, бірнеше ғылым докторлары, кандидаттары мазмұнды баяндамалар жасады. «Ө.Озғанбай, Б.Қаратаев XX ғасырдың басындағы Ресей патшалығы үстемдігі кезінде қазақ халқының күйін күйттеп, жоғын жоқтаушы азаматтардың алдыңғы легінде болды», — десті ғалымдар. Б.Қаратаевтың өмірі мен қызметін кітап авторлары жылдар бойынша сатылап,  тарауларға бөліп жазған екен.

Бұл әдіс оқушыларға кітап құнын, Б.Қаратаевтың еңбегін түсінуге өте жақсы табылған тәсіл деп ойлаймын. Б.Қаратаевтың саяси ұстанымын, халқын ойлаған мақсатын қазіргі жастар біле бермейді, мүмкін тегін білер, Ақтөбедегі көшенің аты бойынша есіне түсер, бірақ еңбегін біле бермейді. Осы олқылықты толықтыруда «Қайраткер Қаратаев» кітабы ерекше құндылық болатыны сөзсіз. Ал бізге, ұрпақтарына, бұл еңбек аса маңызды, алтындай қымбат, ғұмыр бойы

ұрпақтан-ұрпаққа сақтайтын құндылық. Себебі, Б.Қаратаев туралы бұл шығарма оның өмірі мен қызметінен толық мәлімет беретін бірінші жалғыз көлемді деректі ғылыми шығарма болып табылады.

Б.Қаратаевтың кеңес үкіметі тұсындағы қызметін де авторлар мұқият қарастырып кітапта тың деректер ұсынған екен.

Конференцияда Б.Қаратаевтың өнегелі өмірін, әсіресе, жас ұрпақ тәрбиесі керегіне жарату жайлы көбірек айтылды. Атамыздың еңбегін тек ауызша насихаттап емес, оның Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі экспозициясында қойылған кітаптарын, өзі тұтынған заттарын, фотосуреттерді пайдалану арқылы нақты айтуға болатыны белгілі. Ол туралы музейдің бөлім меңгерушісі Р.Досова толық айтты.

Ол кездегі оқыған аз ғана қазақтардың тек мамандығымен ғана шектеліп қоймай, халқын білімге, өнерге, өркениетке жетуіне үндеп, қызмет еткені белгілі. Б.Қаратаев та қазақ өркениеті үшін тек саясат, заң қызметі саласымен шектелмеген. Ел ішіндегі өнерпаз әнші, күйшілердің өнерін қолдап отырған. Мысалы, батыс ән дәстүрі мектебінің негізін салушы, ғаламат талантты әнші қаратөбелік Мұхит Мералыұлы Б.Қаратаевтың бауыры болған. Бақытжан да қаратөбелік. Қаратөбе ауданы өңірінде төрелер екі ауыл болып, Кеңес үкіметі орнағанға дейін мекендепті. Бір ауыл Қоскөл ауылы ізіндегі Бақтыкерей сұлтан басқарған елде, екіншісі — бұрынғы Саралжын бойындағы Ақбақай ауылындағы Қаратай сұлтан әулеті.

Кеңес үкіметі құрылған кезде төрелер хан тұқымы деп қудалауға түскен. Сонан олар ыдырап, Алматы, Ақтөбе, Орынбор облыстары жағына кетіп, бас сауғалаған. Негізі, қаратөбелік төрелердің түп тамыры Нұралы ханның балалары Есім хан, Қаратай сұлтаннан тарайды. Менің атам Ерғали Бақтыкерей сұлтанның баласы, ал әкем Ғылымша немересі, мен Есенғали шөбересі боламын. Біздің арғы тегіміз Әбілқайыр ханнан тараған ұрпақтар Қазақстанның батыс өңірінде баршылық.

«Қайраткер Қаратаев» атты бұл кітап алаш ардақтысын қадірлеудің тәуелсіздік әкелген бір серпілісі болды, халқымыздың ардақтысының атын санамызда қайта жаңғыртты.

 

Есенғали ЕРҒАЛИЕВ,

кинофикация ардагері,

ҚР білім ісінің үздігі, зейнеткер.

 

 

Түйетөбе таңбасы

 

Бүгінде Ақтөбе қаласының шығыс жағындағы Түйетөбеде орнатылған ескерткіш-белгі басында 31 мамырда өткізілетін дәстүрлі қаралы жиын туралы білмейтіндер жоқ болар, сірә.

Мен алғаш Түйетөбе туралы 1997 жылы естідім. Мектепте оқып жүрген кезім. Жаз мезгілі. Шілде айы болатын. Бір күні әкем үйге бір түрлі алабұртқан көңіл күйде кірді: «…Атамыз Мүсірдің сүйегі табылыпты. Ақтөбеден 20 шақырым жердегі Түйетөбе сайында атылған екен. Онда қуғын-сүргін құрбандарына арналған  ескерткіш орнатылған. Енді атаң сол жерге барып, құран бағыштап келмекші».

Көп ұзамай атам Хамит алпыс жылдан кейін анасы Ақжібектің қабірінің басынан, туған жерінен бір уыс топырақ апарып  салып, жеті нан таратып, құран оқытып, әке алдындағы перзенттік парызын орындап келді. Содан бері біздің әулет үшін Түйетөбеге барып, атаға құран бағыштау дәстүрлі үрдіске айналды. 

Атамның дерегі бойынша, арғы атам Мүсір Арыстанұлы 1872 жылы (құжаттарда  1868 жыл деп көрсетілген) дүниеге келіп, ескіше арабша сауат ашқан, орташа шаруа болған адам. 1930 жылға дейін көшпелі өмір сүрген. Қыста Жылыой, Құлсары (Каспий теңізі жағасы) бойына, жазда Шыңғырлауға (Орал облысы) дейін қоныс тепкен.

Миллиондаған адамдардың тағдырын қиған тоталитарлық жүйе ізгіліктің, мейірімділік пен әділеттіліктің жаршысы боп, зерек ой, талантымен, өз абырой-беделімен  құрметке ие болған, адал еңбегімен мал тапқан талай жандардың соңына түсіп, өмірін қиғанын, сол зобалаңнан бірде-бір елді мекен, отбасы аман қалмағандығын тарихтан жақсы білеміз.

Осынау алапат зұлмат қармағына 1937 жылдың қазан айында Ойыл ауданының сол кездегі №22 Тамдыкөл ауыл кеңесі (Қарасу елді мекені) де іліккен.

«…Әлі есімде. Таңға жақын 3 адам үйге баса-көктеп кіріп, үйдің ішін тінтіп ақтарды. Ол кезде не болатын еді, ауырып жатқан апамның білезік, сырғасынан басқа пайдаға асатын ештеңе таба алмады.

Әкемді алып бара жатқанда шешеме еріп, мен де сыртқа шықтым. Сонда көрдім, тек әкемді ғана емес, оның інісі Сейілхан Арыстановты да тұтқындапты. Бұдан өзге ауыл тұрғындарынан Мағзым Сәденов, Күмісқали Шәуленов, Жақи Тоқпанов, Жұмырбай Баймағанбетов, Исатай Досмұрзин, барлығы 7 адамды бір түнде алып кетті. Бұл менің мектепке барған жылым болатын.  Сол кеткеннен әкем оралған жоқ», — деп еске алады атам қасіретке толы тарих іздерін.

Бұл жолғы тұтқындалудың арты өмірлерін ойран етерін анасы да, балалары да  болжай алмағандай еді. Бұған дейін 1933 жылы малды болдың деп бір сотталып, сегіз айдан кейін елге ақталып оралған әкенің өмір жолынан хабардар бала көңілі қайтып келер деп күткен. Бірақ…

Осыдан бастап, «халық жауының отбасы» деген қара күйемен таңбаланған, қоғамнан оқшаулатып «сарсаңға түсірген»  күндер басталады.

Көп ұзамай енші алған екі баласының бірі Тәукебайды ұстап әкетіп, он-он бес күннен соң, «әкесі үшін баласын күйдірмейді» деп қайта босатады.

Ал шешемді халық жауының әйелі деп колхозға мүшелікке алмай қойды. Екі жыл сынақпен тышқан аулатып, терісін, майын алғызды. Мен шешеме көмектесіп, тышқанды сойып, терісін керемін, майын аламын. Мен және мен қатарлы сол кездегі балалар бала боп ойнаған емеспіз. Әкем ұсталғанда екі ұл, төрт қыз қалдық. Бүгінгі күнге жетіп, ел қатарлы азамат болсам, ол шешем Ақжібектің қажыр-қайратының арқасы.

«Халық жауының баласы» деген айыптан әкемді ақтағанша құтыла алмадым. 1954 жылы аудандық байланыс бөлімі бастығының орынбасары қызметіне тағайындалғалы тұрғанда да, алдымнан шығып,  аудандық партия комитетінің екінші хатшысы жұмысқа алғызбады», — деп сыр шертеді сол күндерден атам.

Жазықсыз жапа шеккен әке рухы алдындағы перзенттік парызын өтеу мақсатында 1959 жылы атам әкесі туралы облыстық сотқа хат жазып, одан «панисламшыл» деген айыппен ату жазасына кесілген әке ісінің 1959 жылдың 14 қазанында қайта қаралып, айыпталудың дәлелденбеуі себепті істің тоқтатылғаны жөнінде анықтама қоса тіркелген жауап хат алады. Бірақ қанша жылға үкім шыққанын, сүйегінің қайда қалғанын біле алмайды.

1997 жыл Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Жалпы ұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы деп жариялағанын баршамыз білеміз.  Оның үстіне, сол жылы 31 мамыр —Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Осыған орай, атам әкесі туралы қайта көтеріп, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша басқармасына тағы да хат жазып, толыққанды мәлімет алады. Онда әкесінің 1937 жылдың 10 қарашасында Ішкі істер халық комиссариаты үштігінің қаулысымен тұтқынға алынып, ату жазасына кесілгені, үкімнің сол күні Ақтөбеден 20 шақырым жердегі Түйетөбеде орындалғаны туралы және де 1993 жылғы 14 сәуірдегі Қазақстан Республикасының №2144 «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау»  заңына сәйкес толықтай ақталғандығы жөнінде жазылған. 

Ештен кеш жақсы. Кеш болса да, ата рухына жағылған қара күйе алынып, ұрпағына есімі қайта жаңғыртылды. Тәуба…  Ұрпағы үшін есімі беймәлім боп, аты өзгертіліп, түсі түстелмей кеткен құрбандар қаншама…

Мұның бәрі қоймай сұрастырып, әке туралы ізденген, «жеті атасын білмеген жетесіз» деген қанатты сөзді ту етіп, артындағы ұрпағына тарихты, шежірені айтудан, ақ параққа жазудан шаршамайтын атам Хамиттің арқасы.

«Адам ұрпағымен мың жасайды». Бүгінде Мүсір атамнан жиырма жеті шаңырақ тарап отыр. Өмір жалғасса, бәйтерек  тамырын тереңге жайып, бұталары салалана берер.

Шыққан тегіңді, тамырыңды білу, ол тарихыңды білу. Сондықтан да қай кезеңде де, қай ұрпақ тұсында да болсын, бабалар мен тарихта ойып орнын алатын  ардақты асылдарымыздың есімдері  ұмытылмауы тиіс.  

 

Гүлбану МҮСІРОВА,

Ақтөбе қаласы.

 

Бір пікір

  1. Нұрлан ЕСЕНҒАЗЫ

    Саяси қуғынға ұшырағандар мен құрбан болғандардың артының қайырын берсін. Жатқан жерлері жайлы, топырағы торқа, иманы жолдас, жандары жәннатта болсын!

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*