Басты бет » Жаңалықтар » Ерлікке тағзым еткен күн

Ерлікке тағзым еткен күн

Қобда ауданының Ақырап ауылында Ауған соғысының ардагерлері, Семей полигонындағы сынақтарға қатысқандар, ауыл тұрғындары, мұғалімдер мен мектеп оқушылары Кеңес Одағының Батыры Абдолла Жанзақовтың 95 жылдығын атап өтті.  

Жерлестері батырға арналған еске алу кешін «Ерліктің өшпес даңқы» деп атады. Оған жиналғандар алдымен батырдың ескерткішіне гүл шоғын қойып, сол жерде Қобда ауданындағы өлкетану музейінің әдіскері Кәмила Көрпешова батырдың өмірі туралы тарихи деректерді баяндады. Ақырап ауылының кітапханашысы Әлия Баймұханова да Абдолла Жанзақовтың ерлігі жөнінде, жауынгерлік өмірі туралы замандастарының естеліктерін айтып берді.

Абдолла Жанзақов 1918 жылы Ақырап ауылында туған. Ұлы Отан соғысында батыр Невель қаласын және оның маңындағы елді мекендерді жаудан азат ету үшін болған кескілескен ұрыста көзсіз батылдығымен командирлерінің назарына іліккен. 1944 жылы майдан даласында, Батыс Двина өзені үшін болған ұрыста ол ерлікпен қаза тапты.

— Ұлы Отан соғысы жылдары майданға 1 миллион 700 мың қазақстандық аттанған екен. Қазақстандық жауынгерлер жорығы 1941 жылы Мәскеу түбінде басталып, 1945 жылдың соңында Берлинде аяқталып еді. Беларуссияны жаудан азат еткендер қатарындағы 13-ші армияның №15 атқыштар корпусының 8-ші  дивизиясы Қазақстанда жасақталған болатын. Бұл дивизияның командирі мен 47 жауынгері Кеңес Одағы Батыры атанды. Белоруссиядағы бауырластар зиратында жерленген мыңдаған жауынгердің бірі — Абдолла Жанзақов, — деді кітапханашы.

Қобда аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Аман Жолдыбаев, Ақырап орта мектебінің директоры Сания Сырымова, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Айгүл Жұмағұлова, зейнеткер Нина Пятышевалар ерлікке тағзым ету арқылы біз ұрпаққа із қалатындай үлгі көрсетуіміз керектігін айтып, сөз сөйледі. Оқушылар өлең оқып, көркемөнерпаздар концерттік бағдарлама ұсынды.

Анаргүл ЕГІЗБАЕВА

Қобда ауданы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*