Басты бет » Басты жаңалықтар » Латын әліпбиіне көшу — тіліміз үшін жасалған игі қадам…

Латын әліпбиіне көшу — тіліміз үшін жасалған игі қадам…

«Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз.  Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады»

 ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жолдауынан. 

 

 Латын әліпбиіне көшу туралы мәселе тәуелсіздік алған жылдардан бермен қарай көтеріліп келеді. 2006 жылы Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек», — деген еді. «Қазақстан-2050» стратегиясында латын тіліне 2025 жылы толық көшетініміз туралы кесімді сөз айтылды.

Ғалымдар, әдебиетшілер, жалпы қауым арасында бұл мәселеге қатысты пікір екі жақты. Бірі қажет дейді, бірі қажет емес дейді. Пайдасы мен зияны жөнінде де пікірлер айтылып жатыр.

Осы мәселелерге қатысты Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Нұрбол Сәдуақаспен сұхбаттасқан едік.  

 

Алаңдаудың реті жоқ…

 

—    Қазіргі қазақ жазуында қолданылып жүрген әліпбиді латын әріптерімен ауыстыру мәселесіне алаңдаушылық тудырып отырғандар бар. Бірақ бұл болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келе жатқан Елбасының тағы бір маңызды бастамаларының бірі және дер кезінде қозғалған тіліміздің болашағы үшін жасалған ғылыми маңызды шара деп білеміз. Тәуелсіз елдің негізгі белгілерінің бірі ретінде жазудың маңызы өте зор. Сондықтан да болар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «біз орыс тіліне қарсы емеспіз, біз оның қазақтар арасына қалай енгізілгеніне келіспейміз» деген сөзі көңілге көп ой салады. Себебі бұл сөз тілінің болашағын ойлаған тіл мамандары мен тілге жанашыр зиялы қауымның көкейіндегі ойды дөп басқандай. Мұны қазіргі кирилл-қазақ  әліпбиіне немесе орыс тіліне теріс қарау деп емес, қайта қазіргі әліпбиіміз бен жазуымыздағы халықтың өз еркімен қалап алмаған, кешегі кеудемсоқ жүйенің өктем саясатының әмірімен күшпен таңылған кейбір кірме әріптерден арылып, таза қазақ әліпбиін жасау бағытындағы игілікті қадам деп түсінеміз. Латын әліпбиіне көшу, сайып келгенде, ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге мүмкіндік жасап, тіліміздің ішкі табиғи әліпбиіміз арқылы жазудың айтуға жасап келе жатқан қиянатын болдырмай, қазақы айтылым (орфоэпия) мен жазылым (орфография) талаптарын жүйеге түсіру деп түсіну керек.

—    Жазу — барлық халыққа ортақ, мәдениеттерді  жалғастырушы, байланыстырушы  құндылықтардың бірі. Халықтың ғасырлар бойы игерген барлық жетістіктері жазу мұрасы арқылы танылады. Осы тұрғыда жазудың өзгертілуі халықтың мәдени өміріне, әлеуметтік психологиясына әсер етпей ме?

—    Рас, бір жазудан екіншісіне көшу халықтың осы рухани байлықтан сусындауына қосымша қиындық келтіруі мүмкін. Сондықтан әліпби  мен жазу мәселесіне әлеуметтік лингвистика тұрғысынан жете назар аударған жөн. Жазу мен әліпби мәселесі бір-бірімен тығыз байланысты болады. Алдымен әр тілдің дыбыс қорын анықтап, содан кейін әр дыбысты әріптермен таңбалау қажет. Жазбаша тілді ауызша тілдің графикалық бейнесі деуге болады. Жазудың қандай түрі болмасын белгілі бір таңбалар арқылы жасалады. Әліпби жасау  үшін алдымен графикалық лингвистика  теориясын терең танып,  тілдің дыбыс жүйесіндегі фонемалардың өзіндік фонологиялық ерекшеліктеріне жете назар  аударып, бөгде  тілдерден енген сөздерге қатысты фонемаларды қалай  таңбалау  керек  деген  мәселелерді шешіп алу керек,  одан кейін тілдің  болмысын танытатын негізгі заңдылықтарын біліп, тілдің  табиғатына сай келетін, өзіндік дыбысталу  ерекшеліктеріне кері әсер етпейтіндей мәселелерді ескеру керек. Жазу барысында әр әріптің өзара кездесу жиілігі де  назарға алынуы тиіс.

Латын әліпбиіне көшу туралы сөз қозғалғаннан бастап жұртшылық арасында пікірталас өршіп кетті. Мысалы, «латын әліпбиін қабылдаған жағдайда келешек ұрпақ кирилл жазуы негізіндегі бұрынғы бай жазба мұрамызды оқи алмай қалады» деген пікірге, екінші біреулер: «Қазақтың жазба мұрасы көп жылдық тарихы бар елдерге қарағанда (қытай, араб, француз) аз, сондықтан қазіргі жағдайда барлық жазба мұрамыз бен жәдігерлерімізді латын әрпіне бірте-бірте көшіріп алуға мемлекетіміздің мүмкіндігі жетеді» дейді. Мұндай пікірлер көп-ақ.

Елінің болашағын ойлаған әр азамат, зиялы қауым өкілдері, әртүрлі мамандық иелері латын әліпбиіне қатысты өз көзқарастарын білдіріп, ой бөлісіп жатыр. Дегенмен, мәселенің байыбына терең бармай, әліпби өзгертуді бұрынғы кирилл әріптерін латын әріптерімен ауыстыра салу деп түсінетіндер де бар. Егер бұлай түсінсек, яғни қазіргі 42 әріпті латын әріптерімен жай ғана алмастыра салсақ, одан ештеңе өзгермейді.

—    Сонда не істеуіміз керек?

—    Латын графикасына (таңбасы) негізделген қазақ әліпбиін жасау ісінде тіліміз дыбыс жүйесіндегі төл дыбыстар мен өзге тілден енген кірме дыбыстарды жеке-жеке қарастырып, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері мен жазу барысында туындайтын әртүрлі заңдылықтары ескерілуі тиіс. Демек, бұл іс кез келгеннің қолынан келе бермейді, арнайы фонолог маманның ғылыми тұрғыда қарастырған зерттеу  жұмыстарына үңілу керек. Ал қазіргі кезде графикалық лингвистикадан (тілді таңбалау ісі жөніндегі ғылым саласы) хабары жоқ адамдар да латын әліпбиінің жобасын дайындап, соны қайтсе де өткізу, авторлық құқық алу сияқты өз қара басына жұмыс жасап жүргендер де баршылық. Сондықтан таңба-әріп-фонема-жазу сырын білетін, графизация (тілдің таңбалануы) мәселесімен шұғылданып жүрген фонолог мамандардың көзқарастарына жүгінген жөн. Осы орайда, латын графикасын қазақ әліпбиіне икемдеу бағытында өзінің салмақты ойлары мен ғылыми маңызды зерттеулерін көп талқысына ұсынып жүрген білікті ғалым Әлімхан Жүнісбеков еңбектерінің маңызы зор. Қазіргі таңда Әлімхан Жүнісбеков бастаған ғалымдар қазақ тілі дыбыс жүйесіндегі 28 фонеманы (9 дауысты, 19 дауыссыз) латын графикасымен таңбалап, жаңа қазақ әліпбиін дайындап отыр. Бұған қоса, кірме сөздерді таңбалау үшін «в», «ф», «һ» әріптерін де әліпбиге алу туралы пікір айтылды. Себебі бұл әріптер 1938 жылы әліпбиімізге енгізгелі қазақ тілінде әбден орнығып болды.

Сөйтіп, ғалымдар 30-31 әріптен тұратын әліпби жасауды нысана етіп отыр. Бұл бұрынғы 42 әріптің қысқарып, 10 таңбасы алып тасталынатынын көрсетеді. Мысалы, бұрынғы әліпбиде «ащы», «тұщы» және өзге тілден келген щетка, щи, деген санаулы сөзді таңбалау үшін арнайы «щ» әрпі алынған болса, енді осындай әріптердің қысқаруы нәтижесінде кірме әріптерге қатысты 30-40 басы артық ереже өзінен-өзі жойылып кетеді екен.

Қазір ғалымдар қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру ісін қазақ жазуын реформалау (қайта қарастыру) ісімен байланыстыру жұмыстарының ғылыми негіздемесін дайындап отыр.

 

 

Тілімізді сақтап қаламыз десек, латынға көшу керек!

 

Латын әліпбиіне көшудің ең басты қажеттілігі неде?

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауда сөйлеген сөзінде: «… ең бастысы — қазақ тіліне жаңғыртуға жағдай туғызады», — деген болатын. .

Шынында да, әліпби ауыстырудың саясатқа да, басқаға да қатысы жоқ, ең басты қажеттілігін тілдің өзі талап етіп отыр. Тілдің ішкі-сыртқы жағдайы қазіргі жазудың (орфография) айтылымға (орфоэпияға) кері әсер етіп, өзге тілден кірген сөздердің салмағы арта түсіп, кірме дыбыстардың төл сөздеріміздің фонетика-грамматикалық талаптарын бұза бастауы секілді түрлі жағдайлар әліпби өзгерту мәселесін алға тартты. Демек, әліпби өзгерту тек кирилл әріптерін латынмен алмастыру ғана емес, жазу саласында да реформа (қайта қарау) жасау қажеттігін талап етеді. Яғни кирилл әріптерінде қалсақ, осы әліпбидің емле-ережелері де қапталдай жарыса кедергі келтіруін қоймайды. Себебі біз, қазақтар, орыс тілін өз ана тіліміздей еркін меңгерген, сөздерді араластырып айта беруге де үйренген, тіпті кейде қай тілде сөйлеп, қай тілде тыңдап отырғанымызды өзіміз де аңғармай қалатын дәрежеге жеттік. Екі тілдің әріптері де бірдей болғандықтан орыс тіліндегі сөздер де ешқандай кедергісіз ене береді.

Бір елден екіншісіне өткен кез келген адам да, түрлі бұйым заттар да кеден арқылы өтетін,  рәсімделетін болса, тілден тілге өтетін сөздер де еш кедергісіз «сайран салып» жүруі тиіс емес. Сондықтан өзге тілден келген кірме сөздер басқа әліпбидегі жазуға кедергісіз, арнайы «рәсімделусіз» өтіп кете алмайды. Осы жағдай кірме сөздерді тіліміздің табиғи ерекшеліктеріне бейімдеп жазып, қазақы дыбыстауға мүмкіндік береді. Әліпби өзгерту мәселесі тек кірме сөздерге ғана қатысты емес, өз тіліміздегі төл сөздерімізді де жазуда кеткен олқылықтарды жөнге  келтіруге көмектеседі. Қазіргі заман — жазу заманы. Адам жазу арқылы білім алады, жазу арқылы бір-бірімен байланыс жасап, жүрген-тұрғанын, жасаған жұмыстарын да жазып отырады, яғни хаттама, түрлі қатынас-іс қағаздары, компьютер, интернет, агент арқылы хабарласулар-бәрі де жазу арқылы жүзеге асады. Осы жазулар бүгінгі ұрпақтың орфоэпия (айталым) заңдылықтарын ұмытып, айтуын да, жазуын да орфография (жазылым) заңдылықтарымен жүруіне  итермеледі. Яғни жазу айтылымға әсер ете бастады, ал, дұрысы, жазылым айтылымға қызмет етуі тиіс. Осы орайда, тіліміздегі әріптерді қысқартып, компьютерге икемдеу керек дегенді желеу етіп, тіліміздегі бар дыбыстарды орынсыз қысқартып жіберуге де болмайтынын ескеруіміз қажет. Тілімізде бар дыбыстардың арнайы таңбасы болуы тиіс. Компьютерді тілімізге икемдеудің орнына, тілімізді компьютерге икемдегеніміз дұрыс емес.  Сонда тіл компьютерге қызмет ету керек пе деген ой туады. Қытай, жапон сияқты елдер өздерінің иероглифтерін компьютерге енгізіп отыр, олай болса қазақ тіліндегі 28 фонеманы компьютер пернетақтасына орналастыруға әбден болады.

—    Латын әліпбиіне көшсек, қазақ тіліндегі сөздердің айтылуында да өзгерістер болуы мүмкін бе? 

—    Керісінше, қазақ тіліндегі сөздердің табиғи қалпында айтылуына кезінде кирилл жазуына көшуіміз кедергі болды дер едім. Қазіргі кезде тілімізде өзге тіл сөздері көп болғаны бір басқа, ата-баба дәстүрімен жеткен табиғи дыбыстау әуеніміз де өзгере бастаған екен. Біз өзге тілдегі сөздердің барлығын түсіне бермесек те, олардың дыбыстау әуеніне қарай француз сөзі ме, неміс сөзі ме, қытай, жапон сөзі ме  — ажырата аламыз. Ал бұрын қандай болды? Бұрынғы жазбаларда: «Қазақтар сөйлегенде ән салып тұрғандай» депті. Мұның себебі тілімізде сөздің қос дауыссыздан басталмауы, бір дауысты бір дауыссызды соңына ертіп немесе бір дауыссыз бір дауыстыны ертіп, өзара үндесіп айтылуы болса керек. Сондықтан да болар, бұрынғы аталарымыз «кровать, бревно, стакан, стол, трактор» деген сөздерге екі дауыссыздың ортасына, не сөз алдына дауысты дыбысты қосып, «кереует, бөрене, ыстақан, үстел, тырақтыр» деп қазақы «әндете» айтқан, ал қазір олай емес. Сондықтан да болар, қазақы қоңыр үнді әннен, күйден іздеп, дәстүрлі әуенді сағынып отырамыз. Аға буын өз ана тілінің бабалар дәстүріне сай дұрыс айтылуын қалап, кейінгі ұрпағына аманат етіп, оқытып, үйретеді. Бірақ қазіргі жастар арасында тілдің айтылым (орфография) және жазылым (орфография) заңдылықтарын ажырата қарамай, тек жазылым бойынша сөйлеу етек алып бара жатыр. Мысалы; «аман келді» деген тіркесте сөз арасындағы «нк» дыбыстарын біреулері сол күйінде айтса, екінші бірі «нг» (аман гелді), үшінші- «ңк» (амаң келді), төртіншісі-«ңг» (амаңгелді) деп төрт түрлі айта береді. Бұл тіркес төртіншісі тоғыспалы ықпал арқылы дұрыс айтылған. Бұл заңдылықты мектеп оқушылары түгілі кейбір ғалым ағалар да: «Қазіргі жастар бұлай айта алмайды, дәстүр-дәстүр деп артық кетуге болмайды» деп, ана тіліміздің басты ерекшілігін танытатын  үндестік заңын мойындағысы келмейді. Сонда ана тілін жете білмейтін кейбір жастардың сөйлеуі — қазіргі заңдылық та, бабалардан жеткен тіліміздің табиғи айтылымы ескірген заңдылық болғаны ма?! Мысалы, көгілдір экрандағы түрлі ән байқауларын тамашалайтын көрермендер тамылжыта ән салған әншіге қазылар алқасы «әнді ескі әуенмен, бұрынғы дәстүрмен айтып тұрсың, мұны қазір жұрт қабылдамайды» деп, сөзін орынды-орынсыз созып, сөздің екпінін дұрыс қоймай, сөз арасына шетелдің әуенін қосып, сөзді түсініксіз дыбыстармен бұзып «современный» орындаушыны мадақтап жататынына куә болып жатады. Бұл жағдай балаларға арналған мысал, өлеңдердегі есектің «ән айтуды қораздан үйрен» деп бұлбұлға ақыл бергеніндей әсер етеді. Бұл өзге тілде сөйлеп, өзге әліпбидің ықпалымен жазу тек тілге ғана әсер етіп қоймай, адамның бүкіл болмысына да ықпал ететіндігін байқатады.

—    Қазіргі жазуымызда қандай қиындықтар бар?

—    Кешегі өктемсоқ кеңестік жүйенің солақай саясаты қазақ тілі дыбыс жүйесінде  жоқ орыс ё, ю, я, в, ф,х,ч,ц,ь,ъ әріптерін әліпбиімізге еріксіз енгізгені баршаға аян. Онымен қоймай, әліпбиіміз кирилл жазуына басқа тілден енген өзге сөздерді де орысша қалай айтылып-жазылса, қазақ тілінде де солай қолданылуы керек деген талап қойылды. Сөйтіп тіл экологиясы сол кезеңнен бастау алып, тілімізге жат дыбыс тіркестері де еш кедергісіз еніп, тіліміз шұбарланып, ұлттық бояуы мен өзіндік реңін жоғалтып, сөзіміз де құлаққа жат әуенмен «ән салғанға» үйреніп кеттік. Тіпті «орыс сөзін жете меңгерген» халықпыз, «тіліміз де өзге сөздердің енуімен байыды» деп мақтанышпен айтып, тіліміздің табиғи дамуына қиянат жасалғанын ескердік.

Жазудан айту басым болған кезеңдегі «оқымаған» халық орыс тілінен келген сөздерді өз тілінің ұлттық бояуымен көмкеріп, бөтелке (бутылка) бөшке (бочка), бәтеңке (ботинка), орыс (русс), шайнек (чайник), кәмпит (конфеты), ұшқыш (летчик), пәнер (фанер), жорнал (журнал) деп өз сөзі етіп алған еді. Осы халықтық ұстаным Ахмет Байтұрсынов сияқты ғалымдар еңбектерінің негізгі тірегі болған еді. Бірақ қазақ тілінің табиғи ұлттық бояуын сақтауға талаптанғандар «ұлтшыл» атанып итжеккенге айдалғанын тарихтан оқып білдік. Содан кейінгі кезеңде «операция», «ассимиляция», «электр», «эксковатор», «съезд», «космос», «бюджет», «атом», «театр», «архитектура», «фотография», «телеграф», «архив» секілді сөздер тау суындай тасқындап келіп жатты.

Әртүрлі елдердің арасындағы  байланыс, қарым-қатынас күшейген сайын бір-бірінің тілінен сөз алу да жиілей түсетіні табиғи жағдай, бірақ әр халық тіліне келген кірме сөздерді «өз бояуымен сырлап» өзінікі етіп дыбыстық өзгерістермен қабылдайды. Тек өзге тіл сөздерін өзгеріссіз алатын, өз тілінің табиғи заңдылығын ескермейтін біз болдық. Орыс сөздерінде келген сөз басындағы қос дауыссызды қатар айтуға үйреніп кеткеніміз  сонша, енді дұрыс тұрған қазақтың өз сөздерін де «қос дауыссызды қатар айту» үлгісімен бүлдіре бастадық. Мысалы, трактор, спорт, стакан, кран, сияқты т.б. сөздер басындағы қос дауыссыз қиналмай айтуға үйренген қазекем енді өзінің дұрыс тұрған сөздерін бр (бір), бреу (біреу), крсін (кірсін), қздар (қыздар), қрқ (қырық), стық (ыстық), рас (ырас), смағұл (ысмағұл-сымағұл), рсты (ырысты) деп бүлдіріп, екі дауыссыз арасында, не сөз басында келетін қысаң «ы», «і» дыбыстарын өте көмескі айтуға, тіпті айтпай кетуге бейімделе бастадық. Мұндай жағдайлар тіліміздің қоңыр қазақы әуеніне де әсер етіп келеді. Осындай жағдайда өз кезінде Ахмет Байтұрсыновтың: «Түбінде тілді оқығандар бүлдіреді» деп оқыған адамдар өзге тілдің ықпалына тез бейімделгіш болатындығын аңғарып ескерткені ойға оралады.

Тілді тіл етіп, бар табиғаты мен болмыс-бітімін айқындап тұратын басты заңдылықтарының бірі — дыбыстардың бір-бірімен көрші тұруы, тіркесуі. Қазақ тілінде буын, сөз ішіндегі және сөз бен сөз аралығындағы дыбыстар өзара келісіп, үйлесіп, үндесіп, басқаша айтқанда, бір-бірімен қол ұстасып, жарасым тауып, үндесіп заңына бағынып тұрады. Бұл заңнан тысқары тұрған дыбыс, буын не сөз болмайды. Ал тілінде үндестік заңы емес, сөз екпіні үстем орыс тілінен енген сөздер қазақ тілінің басты заңдылығына кері әсер етіп келеді. Сондықтан қазақ тіліндегі әр сөздің табиғи бояуы дыбыстар тіркесі арқылы, яғни үндестік заңы арқылы танылады. Орыс тілі  және осы тіл арқылы дауыстының не бірнеше дауыссыздың сөз ішінде, әсіресе, бір буында қатар келуі қазақ тілінің табиғатына жат тіркесімдер болып табылады. Осындай тіркесі бар сөздер қазақ сөзінің ұлттық болуына дақ түсіреді. Мысалы: поэма, дуэт, какао, соус, оазис, Аида, Раиса, Зоя, сияқты сөздер тіліміздің айтылым табиғатына сай келмейді.

Сондай-ақ қазіргі жазуымызда қазақ тілінде «қатаң дыбыстан соң қатаң дыбыс, ұяң дыбыстан соң ұяң дыбыс келеді» деген заңдылығы «сұхбат», «сахна», «мәслихат», «ресми», «шашлық», «лағман», «қызмет» сияқты көптеген сөздер де бұзылып жүр. «Емле», «мемлекет» деген сөздерде дұрыс жазылмай орнығып қалды. Қазақ тілінің дыбыстық заңы бойынша сөз басында  «и», «у», «л», «р», дыбыстары, ал сөз аяғында «б», «д», «ж», «г», дыбыстары келмейтін болса, йод, йон, университет , логика, ленолиуим, лагерь, радио, рельс, штаб, завод, гараж, массаж, монтаж, филолог, монолог, педагог сияқты т.б сөздерде дыбыстық әуеніміз қазақы болмай, «мазақы» күй кешіп тұр. Бір түбір сөздің ішінде бір дыбыстың қатар қайталануы бұрын араб сөздері арқылы  келсе де, оны халық ұлттық бояуымен өзгертіп (молла-молда, алла-алда-Алдаберген, суннат-сүндет, үммет-үмбет) алса, орыс тілі арқылы келген «касса», «миллион», «тонна», «аппарат» сияқты сөздер өзгеріссіз қолданып, тіліміз заңдылығына сай келмей тұр.

Тіл білімінде сөздің мағынасына өзгерте алатын, мағынаға қатысты дыбысты фонема деп атайды, ал оның сөйлеу барысындағы естілетін әртүрлі реңдері дыбыс (вариант, вариация) деп аталады. Бір фонеманың құрамында бірнеше дыбыс, яғни әр фонеманың варианттары; кейбірінде вариациялары да бар. Егер фонеманың реңдерін арнайы әріптермен таңбаласақ, оған таңба да жетпес еді, бұл дұрыс та болмас еді. Бірақ осындай кемшілік біздің қазіргі әліпбиімізде бар. Мысалы, «қ» фонемасының реңдеріне х, һ дыбыстары жатады. Сондықтан қош-хош, қалық- халық, қабар-хабар, қайыр-хайыр, қақарман-қахарман-қаһарман, Гауқар-Гауһар-Гаухар деген сөздерде қай дыбысты қолдансаң да мағына өзгермей тұрғаны, бір фонеманы үш әріппен таңбалаудан туындаған заңсыздық, басқаша айтқанда, бір адамның үш есімі бар, не үш төлқұжаты болғаны сияқты. Сөйтіп, қазақтың «қ» фонемасымен айтылатын сөздер әліпбиімізге қазақ тілінде жоқ, орыстың «х» фонемасы енгізілуіне байланысты, бірде қазақтың «қ» фонемасымен,бірде орыстың «х» фонемасымен, енді бірде араб сөздеріндегі «һ» фонемасымен әртүрлі жазылып, жұртты адастырып тұр. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Қысқасы, тіліміз шұбарланып, ұлттық бояуы мен реңін жоғалта бастады. Қазіргі әліпбиіміздегі осы сияқты тағы басқа кемшіліктер латын әліпбиіне көшкен кезде шешімін табады.

Тілдің қоғаммен бірге дамып, ғылым мен техника дамыған сайын көршілес елдерден және басқа да шетелдерден жаңа сөздер кіруі арқылы да толығып отыратыны табиғи заңдылық болып табылады. Қазіргідей басқа елдермен арада барыс-келіс жиілеген замандағы күнделікті тіршілікте өзге тіл сөздерінің енуі де, әсері де күшейе түспесе, бояуламайды. Ал кірме сөздердің барлығын дер кезінде қазақы айтылымға икемдеп отыру да оңай шаруа емес. Әрбір оқыған сауатты адам өзге тілден келген сөздің де қазіргі  кирилл әріптерімен өзгеше жазылып тұрғанын оғаш көріп тез қабылдай қоймауы мүмкін. Ал латын әліпбиі бұл қиындықты өзі реттеп, жұртшылық кірме сөздерді қазақы қылып жазып, қазақы оқып кеткенін өздері де байқамай қалар еді. Сондықтан тіліміздің табиғи айтылымына қайшы келетін кемшіліктерімізден арылатын кез келді. Әр сөзді бабалар салған жолмен ұлттық үндесіміне қарай айтуымыз үшін жарыса қапталдап кедіргі келтіретін ескі әліпбиімізді латын әліпбиіне ештеңеден қорықпай алмастыра салуға мүмкіндік келді. Демек, ұрпақ келешегін ойласақ, ұлттығымыздың негізгі белгісінің бірі тілімізді сақтап қаламыз десек, бірден-бір дұрыс жол — латынға көшу.

 

 

Латын әліпбиіне өтсек, барлық мәселе шешіледі деп арқаны кеңге салуға да болмайды…

 

—    Ел арасында әліпби ауыстыруға бет алған екенбіз, ендеше латынды алғанша, өзімізге тарихи кезеңнен көп таныс, қасиетті құран әліпбиіне жақын Ахмет Байтұрсыновтың төте жазуына неге көшпейміз деген пікірлер бар. Бұған не дейсіз?

—    Ахмет Байтұрсынов жасаған төте жазу орыс ғалымдары арқылы әлемге танылып, жоғары бағасын алды. Ғалымның әліпби мен жазу санасында ашқан осы ғылыми жаңалығы, жазу заңдылықтарымыздың негізгі тірегі болып, басқа әліпбиге, латынға, одан кириллицаға көшкенімізбен де қазіргі күнде де жазуымызға қызмет етіп келеді. Төте жазуда болмасақ та , әліпби түзу және жазу заңдылығы Ахмет Байтұрсынов ұстанған қағидаларға негізделген. Ал қазіргі қиындықтарымыз да осы Ахмет Байтұрсынов көрсеткен кейбір ұстанымдардан ауытқып, кірме дыбыстарды әліппеге талғаусыз қабылдап, содан соң кірме сөздерді де өзгеріссіз жазып, өзіміздің төл сөздеріміз бен терминдерімізді де ғалым көрсеткен жолмен қарыштата алмауымыздан туындады. Сондықтан Байтұрсынов ұсынған қағидаларға қайта келу керектігін еріксіз мойындағандықтан да әліпби өзгертіп отырмыз. Ертең латыншаға өткен кезде Ахмет Байтұрсынов ұстанған қағидаларды басшылыққа аламыз. Ал неге төте жазу емес, латын әліпбиі дегенге келсек, халық өз еркімен таңдауға мүмкіндігі болып тұрғанда әлемнің озық елдері игілгін көріп, көпшілігі қолдап отырған латын әліпбиіне біздің де көшкеніміз дұрыс болар еді. Егер біз қазір араб әліпбиімен жүрген болсақ, онда латынға көшу туралы әңгіме болмауы мүмкін. Қазіргі таңда латын әліпбиі үлкен беделге ие болып, қолданыс аясы да мүмкіндігі де зор екендігін танытып отыр. Сондай-ақ графизация (әріп таңбалау) заңдылықтары әріптің дыбысты таңбалау, көру, оқу, жазу талаптарына сай келуін қажет етеді. Жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылатыны байқалады. Барлық дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер — барлығы да латын әліпбиімен байланысты екенін байқауға болады. Латын графикасын қолданатын барлық елдердің әліпбиіндегі әріп саны тілдегі фонемалар санынан әлдеқайда аз болуы да оның жетістігі болып табылады. Дегенмен кейбір елдің латын әліпбиінде әртүрлі диакритикалық таңбалардың (нүкте, қос нүкте,сызықша, айшық, дәйекші) көп алынуы да белгілі дәрежеде қиындық келтіреді. Осындай қосымша белгілер арқылы көптеген елдің барлық фонемалары латынның 26 таңбасымен ғана белгіленуі жазу үнемділігін танытатын тиімді әліпби дәрежесіне жеткізіп отыр.

Ғылыми қауым латын әліпбиіне көшкен түркі халықтарының жағдайына да жеке зерттеу жүргізіп келеді. Осы бағытта арнайы бағдарлама да бар секілді. Латын әліпбиіне көшкен өзбек ағайындарда туындаған бір қиындық — өзбек мектебі латынша  жазса, орыс мектептері бұрынғы кирилл жазуында қалып отыр. Себебі өзбек тіліндегі мектепке латын әріптерін меңгерген мұғалім, латынша шыққан оқулықтар, ал орыс мектебіне басқа кітап, басқа мұғалім керек екен. Орысша оқитындарға кітап қоры жеткілікті болса, өзбек мектебіндегі латынша оқитындарға ондай мүмкіндік жоқ, орыс әліпбиін танымайды. Сол сияқты латын әріптерімен шыққан басылымдардың таралуы да аз екен. Әрине, мұндай кемшілікті уақытша қиындық қана деп білеміз.

Қиындықтар болмайды емес, болады. Бірақ «шегірткеден қорыққан егін екпейді»   дегендей, қиындықтан қорқып қол қусырып отыруға да болмайды. Бес мың жылдық тарихы бар Қытай мемлекеті өздерінің ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан тарихи мұрасын бір әліпбиден екіншісіне көшірудің мүмкін еместігінен өз иероглифтерінен айырылмай отыр. Бірақ Қытайда  да латын әліпбиінің өз орны, осы әліпбиге деген қызығушылық бар. Қытай 1949 жылы өз иероглифтерін латын әріптерінен транскрипциялады, соның арқасында қазір шетелдіктердің қытай тілін латын әріптері негізінде меңгеруі бұрынғыға қарағанда жеңілдей түскен. Ал жапон елінде ғылыми жұмыста және байланыс құралдарын пайдалануға ыңғайлы болуы үшін екінші әліпби ретінде латын жазуы қолданылады.

Тағы бір ескеретін жай — латын әліпбиіне өтсек, барлық мәселе шешіледі деп арқаны кеңге салуға да болмайды. Латын әліпбиіндегі британдық ағылшындар өз тілдерінің америка, европа құрлықтарында әр жерде әртүрлі айтылып кетпеуіне, немістер мен еврейлер жер-жерден келген өз қандастарының тілді бұзбай дұрыс меңгеруіне, француздар өз тіліне ағылшын кірме сөздерінің көп еніп кетпеуіне басқа елдер де алаңдаушылық білдіріп, үнемі назарда ұстап, тілін дамыту шараларын жүргізіп, тіпті «тіл полициясын» да осы іске қосып отыр. Сондықтан бізде тілімізге бұрынғыдан да жауапкершілікпен  қарап, Елбасы айтқандай, «қазақ қазақпен қазақша сөйлеуі керек». Тіл сөйлеген үстіне сөйлей берсең ғана шыңдалып, айналадағы басқаларға да әсер ете түседі.

 

Сұхбаттасқан Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

2 пікір

  1. Мырқымбай

    Қазіргі кезде түкке тұрмайтын қай графикаға қазақ тілін аударамыз деген тақырыпта
    сөзжарыстар өтуде. Саяси тұрғыдан болмаса айтып жатқан іс орындалмағаны жөн.
    Ал компьютерге келгенде, ең алдыңғы мәселе, ол кодтық кестені(Unicod-та)дұрыс қалыптастырып алуда. Сосын пернетақтаның жоспарлауын(Layout)нақты бекіту.Бұл екі мәселе қай графикаға өтсекте алдымызда тұрады. 28 жыл (1986) ішінде КазССР программистер одағы ұсынған уақытша пернетақта жоспарлауынан, елді қорлап отырып, арылмағанымыз – үкімет басындағылардың немқұрайлы (надандықпен шектес)көзқарасынан туып отыр.
    Уқатыңыз болса және мәселе қызықтырса С. Киккаринның сайтын қараңыз және
    a2asai.narod.ru/Kitaptar/PerneZert.exe байқап көріңіз
    Осы мәселелерді шешпей аліпби графикасын жаңарту, жүз жыл бұрын атамыз
    айтқандай: Жазық жалғыз қазақта….

  2. Latyn qarpi

    1 A a А а
    2 B b Б б
    3 C c К к
    4 D d Д д
    5 E e Е е
    6 F f Ф ф
    7 G g Г г
    8 H h һ
    9 I i І і
    10 J j й
    11 K k Қ қ
    12 L l Л л
    13 M m М м
    14 N n Н н
    15 O o О о
    16 P p П п
    17 Q q Ғ ғ
    18 R r
    Р р
    19 S s С с
    20 T t Т т
    21 U u Ұ ұ
    22 V v В в
    23 W w У у
    24 X x Х х
    25 Y Y Ы ы
    26 Z z З з
    27 Ae Ә ә
    28 Oe Ө ө
    29 Ue Ү ү
    30 Zh Ж ж
    31 Sh Ш ш
    32 ng ң
    33 Ij / yj Ій /ый
    34 Ts Ц ц
    35 Shsh Щ щ
    36 Je Э э
    37 Yjyw / Ijiw Ю ю (ыйыу) / (шйшу)
    38 Yja / Ija Я я (ыйа / )(ійа)
    39 Jo Ё ё
    40 Tsh Ч ч

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>