Басты бет » Жаңалықтар » Қазақтың тұңғыш заңгері туралы кітаптың тұсаукесері өтті.

Қазақтың тұңғыш заңгері туралы кітаптың тұсаукесері өтті.

«Қайраткер Қаратаев»

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында белгілі өлкетанушы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, марқұм Беркін Құрманбековтің ғылыми еңбектері бойынша «Өлке тарихының өзекті мәселелері атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шара аясында  қазақтың тұңғыш заңгері, Ресей мемлекеттік думасының депутаты болған Бақытжан Қаратаев туралы «Қайраткер Қаратаев» атты кітаптың тұсаукесері болды. Кітап авторлары: тарих ғылымдарының докторы, профессор, Өмірзақ Озғанбай және тарихшы ғалым Беркін Құрманбеков.

Конференцияға Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының , С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің ғалымдары мен студенттері, мәдениет мекемелерінің қызметкерлері қатысты.

Шараны Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің проректоры, техника ғылымдарының докторы Қуантай Әбдіхалықов жүргізіп отырды. Ақтаудан келген Қазақстанның алғашқы сенаторларының бірі, Маңғыстау облысының құрметті азаматы, Маңғыстау облысы әкімінің кеңесшісі Өмірзақ Озғанбай сөз кезегі тигенде  өмірден озғанына жыл да толмаған өлкетанушы, тарихшы ғалым Беркін Құрманбековтің ғылыми мұрасына мән беріп, конференция өткізіп жатқан жерлестеріне, әріптестеріне ризашылығын білдірді. 15 шақты кітап пен жүздеген ғылыми мақалалардың авторы Б.Құрманбековпен  бірігіп Ресей мемлекеттік думасына депутат болған Алпысбай Қалменов туралы кітап жазғанын, оның 2006 жылы Темір ауданының сол кездегі әкімі Ахат Мырзалиннің демеушілігімен жарық көргенін айтты. Алпысбай Қалменовтің депутат кезінде 1916 жылы патша жарлығымен қара жұмысқа алынған қазақтардың жайын ойлап, орыс генералына арнайы барып, елі үшін еткен еңбегіне тоқталды.Әбілқайыр ханның ұрпақтарының бірі, Санкт-Петербордағы Таврия сарайының мінберіне шығып  сөйлеп, Ресей мемлекеттік Думасына   шұрайлы жерлерінен айрылған қазақтың қасіретін именбей жеткізген  Бақытжан Қаратаев жайлы кітапты да Б.Құрманбеков екеуі бірігіп жазғандығын, ол кітапта да қазақтың тұңғыш заңгеріне қатысты тың әрі  қызықты деректердің көптігін тілге тиек етті.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Нұртаза Абдуллаев, философия ғылымдарының докторы, профессор, Алтай Тайжанов,  «Нұр Отан» ХДП Ақтөбе қалалық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Ахат Мырзалин, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ұзақбай Исмағұлов,  тарих ғылымдарының кандидаты Бибігүл Әбенова, ҚР мәдениет қайраткері Еркін Құрманбеков, облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Рысты Досовалар өлкетанушы ғалым Беркін Құрманбековтің ғылыми мұрасы, оның Ө.Озғанбаймен бірігіп жазған «Қайраткер Қаратаев» атты кітабына қатысты ойларымен бөлісті. Беркін Құрманбековтің қазақ тарихында алғашқы болып жәрмеңкелер тарихын зерттегені, сол тақырыпта төрт кітап жазғаны жөнінде  айтылды.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*