Хромтаудың көне және жаңа бастаулары

Кеше Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қырымбек Көшербаев бастаған үкіметтік топ жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына келді.

Жұмыс сапарының мақсаты аймақтың экономикалық дамуымен, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетімен және әлеуметтік салаларды жаңғыртудағы жұмыстармен танысуды көздейді. Сондықтан да Премьер-Министр орынбасарының бір күнге белгіленген сапарының жұмыс кестесі аса тығыз болды. Бұрын пайдалануға берілген және құрылысы жүріп жатқан бірқатар нысандарды аралап көрді.

Үкіметтік топ ең алдымен Хромтау қаласындағы «Қазхром»ТҰК» акционерлік қоғамына қарасты Дөң тау-кен байыту комбинатының кен байыту және кен ірілендіру фабрикасында болды. Әрине, мұның да өзіндік себебі бар еді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту — Қазақстан дамуының басты бағыты» атты халыққа арнаған биылғы Жолдауында бір бейінді экономикалы шағын қалалардың мәселелерін қозғағаны белгілі. Мұндағы тұрғындардың әлеуметтік жағдайы, тұрмыс-тіршілігі қала құрушы кәсіпорынның қызметіне  тікелей байланысты. Елбасының  бастамасымен  басталған осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде кеншілердің Хромтау қаласы үкімет тарапынан жасалған моноқалаларды дамыту жөніндегі бағдарламаға енгізіліп, соның арқасында өзінің  екінші қайта түлеу жолын бастады. Осы бағдарламаның аясында бүгінгі күні ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту сияқты мемлекеттік маңызды міндеттер шешілуде.

Үкіметтік топ алғашқы бетте ат басын тіреген Дөң кен байыту комбинаты кен қоры жөнінен әлемде екінші орын алатын және сапасы жағынан теңдессіз саналатын оңтүстік — Кемпірсай кен орнынан хромит кенін өндіріп келеді.

Қырымбек Көшербаев бастаған жұмыс тобы және онымен бірге жүрген облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Дөң тау-кен байыту комбинатының құрамына кіретін №2 кен байыту және шекем тас өндіру фабрикасының жұмысын көрді.

«Қазхром» ТҰК» акционерлік қоғамының президенті Виктор Тиль мәртебелі қонақтарға кәсіпорынның экономикалық және өндірістік көрсеткіштері, проблемалық мәселелері туралы баяндады. Мұнымен бірге, корпорация басшысы тау-кен металлургиялық кешенінің жаңадан құрылған инновациялық өндірісі туралы да әңгімеледі.

Қонақтар көрген кен байыту және шекем тас өндіру кәсіпорнының алғашқы кезегі 2005 жылы іске қосылды. Оның қуаты жылына 700 мың тонна кен өндіруге мүмкіндік береді. Ал екінші бөлегі 2009 жылы іске қосылған еді, оның да жылдық қуаты алдыңғы кезегімен шамаласады. Қазір мұнда жылына 1000 тоннадай кен және концентрат шығарылады. Алдағы жылы өндіріс толық қуатымен өнім шығаруға жететінін айтады мамандар.

Одан әрі үкіметтік делегация осы аудандағы «Керамика» акционерлік қоғамының  керемикалық плиталар шығаратын зауытына барды. Бұл кәсіпорынға жалпы көлемі 222 млн. теңге несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидияландыру бөлігінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдау көрсетілген еді.

Кәсіпорынның жұмысы жөнінде «Керамика» акционерлік қоғамының құрылтайшысы Нығымет Мүсіркегенов баяндады. Өндіріс өзінің толық қуатының 80 пайызына жетіп отыр, жылына 1 млн. шаршы метр керамикалық плиткалар шығарады. Өнімнің осы түрін шығаратын еліміздегі әзірге жалғыз өндіріс. Акционерлік қоғам жоғары сапалы өнім шығарғаны үшін әлденеше дүркін марапатталды. Аймақтағы және Қазақстан Республикасындағы ең таңдаулы тауар өндіруші болып танылды.

Осы зауытта Премьер-Министрдің орынбасарына тек бұл кәсіпорынның қызметі туралы ғана айтылып қоймай, аймақтағы құрылыс индустриясының дамуы жайында да баяндалды. Облыстық  кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Марат Балмұхановтың хабарлағанындай, Ақтөбе облысы еліміздегі өнеркәсібі қатты дамыған аймақ болып саналады және құрылыс индустриясын табысты дамытуға елеулі әлеуеті бар. Қазіргі таңда құрылыс материалдары мен бұйымдары өндірісі саласында 150-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді.  Оның ішінде 7 кірпіш зауыты жылына 253,0 млн.  дана кірпіш шығарады. 10 зауыт жылына 7,3  млн. тонна қиыршық тас шығарады. Темір бетон бұйымдарын шығаратын 6 зауыттың жылдық қуаты жылына 280,0 мың текше метр. Құбыр өндірумен айналысатын 2 зауыттың қуаты жылына 3,7 мың тонна. Яғни бұл өнімдердің көлемі облыстың қажеттілігін толық өтейді.

Құрылыс материалдары өндірісінің көлемі 2012 жылдың қаңтар-қазан айларында 17,5 млрд. теңге құрады. Бұл — 2011 жылғы кезеңнің деңгейімен салыстырғанда 7,5 млрд. теңгеге артық.

Қазақстанның Индустрияландыру  картасына ақтөбелік 75 жоба еніп отыр, оның ішінде құрылыс саласы  бойынша 25 жоба, 9,4 млрд. теңгеге тең. 2,4 мың жұмыс орны құрылды.

Осы таяуда ғана екі жаңа кәсіпорын: «Мизам» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің темір бетон бұйымдарын шығаратын зауыты және құрғақ құрылыс қоспаларын өндіруді ұйымдастыратын  «Алина D/ HoIding» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірісі іске қосылды.

Мұнан кейін үкіметтік топ Хромтаудағы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасының орындалу барысымен танысты. Аталған бағдарламаның аясында Хромтау ауданында бес көп қабатты  тұрғын үй жөнделген. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 76,5 млн. теңге бөлінді.

Қайта жаңғыртып жөнделген үйлерді қарау барысында облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының бастығы Ерлан Блиев тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасының орындалуы жөнінде хабарлады. Басқарма бастығының атап көрсеткеніндей, үстіміздегі жылы Ақтөбе облысының үш қаласындағы кондоминиумдардың нысандары меншігін жөндеуге 812,5 млн. теңге бөлінген.

Алғашқы механизм бойынша облыс орталығында кондоминиумдардың 15 нысаны жөнделді. Екінші механизм бойынша  облысқа 500 млн. теңге көлемінде несие берілді. Қазір 25 үйді жөндеу аяқталды, үстіміздегі жылға қаралған қаржы толық игерілді. 2013  жылға қаралған қаржыға  60  үйді жөндеу жоспарланып отыр.

Қырымбек Көшербаев Хромтаудағы жаңғыртып жөнделген үйлердің тұрғындарымен әңгімелесті. Олардың жөндеу жұмыстарын қалай қабылдағандарын білді. Тұрғындардың риза екенін байқағаннан кейін:

— Өздерің қолдап отырған бұл жұмыс — Елбасының тапсырмасы. Себебі, біз тап қазір барлығына бірдей жаңа үй салып бере алмаймыз. Ал тұрғындармен бірігіп, мемлекеттің қолдауымен бұрынғы тұрғын үйлерді жаңғыртуға мүмкіндік бар. Алғашқы кезде адамдардың арасында түсініспестіктің болғанын да білеміз. Бірақ қорытындысында іс өзінің игілікті болатынын көрсетті. Мен еліміздің жарты аумағын аралап шықтым, бұл жұмыстарға тұрғындар риза. Бұл сынамалық жобалар болатын. Енді алдағы жылдың қаңтарынан бастап бұл шаруа елде жаппай өріс алатын болады. Елбасы қолжетімді тұрғын үйге 2,2 трил. теңге қаржы бөлді. Бұл — 14 млрд. доллар қаржы деген сөз. Бұл қаржы тұрғын үй құрылысына және көне үйлерді жаңғыртуға бөлінді, — деді.

Сол жерде жиналған тұрғындардың атынан Галина Крибалапова жөндеу жұмыстарына ризалықтарын білдіріп, көрсетіліп отырған қамқорлықтары үшін Елбасына алғыс айтты.

Жоғарыдағы аталған шараларға үкіметтік делегация құрамында біздің аймаққа келген Ауыл шаруашылығы вице-министрі Марат Толыбаев, Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов, Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Бауыржан Әбдешов, Көлік және коммуникация вице-министрі Роман Скляр, Мұнай және газ вице-министрі Берік Толымбаев және басқа ресми адамдар қатысты.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Азық-түлік белдеуі: жұмыс пен жоспар

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қырымбек Көшербаев бастаған топ «Izet GreenHause» ЖШС-ның жылыжай кешенінде болды. Кешенде Үдемелі индустриялық-инновациялық  даму бағдарламасы аясында облыста жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге 20-дан астам кәсіпорын қатысты. Астаналық мейманға облыс әкімінің орынбасары Марат Тағымов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен қолға алынған бағдарламаның біздің өңірде жүзеге асырылу барысын әңгімеледі.

Үдемелі индустриялық-инновациялық  даму бағдарламасы аясында тындырылуы тиіс шаруалардың бірі — азық-түлік белдеуін қалыптастыру. «Азық-түлiк белдеуiн» құрудың негізгі мақсаты — азық-түлік нарығындағы бағаны тұрақтандыру және инфляциямен күрес.  Біздің облыста бұл мақсаттағы жұмыстар 5 бағытта іске асырылып жатыр.

Біріншісі, агроөнеркәсіп кешенін әртараптандыру.  Әсіресе, мал ша­руа­шылығын дамы­туға басым­дық беру жоспарланып отыр. Яғни бидай ал­қабы қысқартылып, арпа және мал азы­ғы дақылдарының алқабы кеңей­тіледі.

Елбасы 2016 жылға дейін ет экспортының көлемін 60 мың тоннаға жеткізуді тапсырған болатын. Біздің облыс  2016 жылы 16 мың тонна ет экспорттауды жоспарлап отыр. (Мұның ішінде — қой еті — 2 мың тонна, сиыр еті —  4 мың тонна, шошқа еті — 9 мың тонна, құс еті — 1 мың тонна).

Екінші бағыт — жылыжай кешенін көбейту.

Үшіншісі — көкөніс қорын сақтау. Соңғы екі бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде, жыл бойы көкөніске сұраныс өтеледі. Баға тұрақтанады. 2013 жылға жоспарланған инвестициялық жобалар жүзеге асырылғанда Ақтөбе қаласының тұрғындары 120 пайызға көкөніспен қамтамасыз етілетін болады.

Төртінші бағыт — көлік-логистикалық кешені. Бұл бағыттағы жұмыс бойынша Батыс-Еуропа — Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізімен экспортқа өнім шығару жоспарда бар.

Бесінші бағыт — өнімдерді базарларда (19 базар бар, оның 9-ы — шағын коммуналдық базар), ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде, облыс орталығындағы ірі сауда желілерінде сату.

Көрмеге қатысқан кәсіпорындардың бірі — «Izet GreenHause» ЖШС жылыжай кешені. Аталған жылыжайдың  жылдық қуаттылығы — 1500 тонна томат.  Көлемі  3 гектар жылыжай кешені бұдан екі жыл бұрын пайдалануға берілген болатын. Тек өткен жылдың өзінде 1100 тонна жылыжай өнімі Ақтөбе, Қостанай және Ресейдің Орынбор облыстарының тұтынушыларына таратылды.

Көрмеде «Ақтөбе астық өнімдері комбинаты» ЖШС-ның жұмысы туралы деректер де қойылған. Аталған серіктестік  негізінен астық сақтау және ұн өнімдерін шығарумен айналысады. Комбинаттың  «Рахат — ХХІ», «Рахат», «Статус» сауда белгілерімен шығаратын өнімдері (ұн) еліміздің әр өңіріне таратылып жатыр. Мұнда макарон цехы да жұмыс істейді. Макаронның атауы — «Бота». Салмағы әртүрлі: 500 грамнан бастап 5 килограмдық қалталарда қапталып шығарылады. Макарон цехы итальяндық технологиямен жабдықталған.

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында қолға алынған макарон цехының жалпы құны —  735 миллион теңге. Цехта макаронның 12 түрі шығарылады. Тәулігіне — 48 тонна, жылына — 11,5 мың тонна макарон өндіріледі. Өнімді Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау, Оңтүстік Қазақстан облыстарының тұтынушылары ғана емес, сонымен бірге Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан елдері де тұтынады.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қырымбек Көшербаев көрме жұмысымен толықтай танысып шыққан соң, «Izet GreenHause» ЖШС-ның жылыжай кешенін аралап, өнімнен дәм татты. 

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Премьер-министрдің орынбасары оң баға берді

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қырымбек Көшербаев Ақтөбе жылу-электр орталығында болуымен өндіріс орындарын аралау сапарын тұжырымдады. Мұнда орталықтың акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Рахым Мұхамедғалиев кәсіпорынның қаржылық-экономикалық, өндірістік, инвестициялық көрсеткіштерімен, сондай-ақ алдағы жоспарларымен таныстырды. Ол «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамында 2020 жылға дейінгі мерзімге жылу-электр орталығын кезең-кезеңімен қайта құрылымдау және кеңейту мәселесі талқылаудан өтіп, межеленгені туралы айтты.

1943 жылы салынған жылу-электр орталығы кешегі бір тұстарда әбден тозығы жетіп, ауыр жағдайды да бастан кешірді. Қазіргі уақытта оның электр қуаттылығы 102 МВт құрайды, жылу қуаты 1139 Гкалға жетті.

Қырымбек Елеуұлы турбина цехында болып, жаңа турбинаны монтаждау жоспарымен танысты, содан кейін қазандық және химиялық цехтар жұмыстарын қарады, мамандар су дайындаудың жаңа жүйесі туралы мәлімдеді.

Қайта құрылымдау, жаңғырту жұмыстары жүргізілуі жылу-электр орталығының жаңа талаптарға сай жұмыс істеуіне мүмкіндік беруде. Бүгінгі күні Ақтөбе қаласын орталықтандырған жылумен жабдықтайтын үлкен кәсіпорынның жұмысы қалыпты деп айтуға болады.

Қырымбек Көшербаев жұмыс сапары қорытындысы барысында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне сұхбат берді.

— Президенттің әкімдерге берген тапсырмаларының орындалуына сәйкес арнайы Үкімет тобы барлық аймақтардағы жағдаймен танысуда. Осы сапарда мен Хромтау, Алға аудандарында, Ақтөбе қаласында болып, бүгінгі ахуалды көзбен көрдім, — деді Қырымбек Елеуұлы, — Ақтөбеліктер қысқы маусымға жақсы дайындалған, энергетикалық және жылу беретін мекемелер жұмысын дұрыс ұйымдастырған деп есептейміз.

Тағы бір айта кететін жәйт — аймақта бағаның негізсіз өспеуін, тарифтің ретсіз көтерілмеуін жергілікті билік органдары қадағалап отырғанын байқадық.

2012 жылды қорытындылау мақсатында Ақтөбе макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада маңдайалды орында келеді. Әсіресе, индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыруда Ақтөбе алдыңғы қатарда келе жатыр.

Биыл егіншілікте қуаңшылыққа байланысты өңірде қиыншылықтар туындады. Соған қарамастан ауыл шаруашылығы саласында көптеген оң өзгерістер бар екенін біз осында ұйымдастырылған көрмеден және сала мамандарымен кездескенде байқадық. Алдағы жылға белгілі бір деңгейде дайындықтар бар екені білінді.

Республика Үкіметі жақында қабылдайтын аграрлық саланың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының нәтижелі іске асатынына ақтөбеліктердің де лайықты үлес қосатынына күмән жоқ.

Премьер-Министрдің орынбасары осылайша өңірдегі атқарылып жатқан істерге оң баға беріп, алда да жоғары деңгейден көріне беретіндігіне сенім білдірді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

«Нұр-Ақтөбеде»

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қырымбек Көшербаев облысқа сапары барысында «Нұр-Ақтөбе» шағын ауданының жұмысымен де танысты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қолжетімді баспана — 2020» бағдарламасы аясында облыс орталығында шағын аудан салынады. Елордалық мейманға Ақтөбе қаласының әкімі Ерхан Омаров жаңа ауданның жұмысы туралы әңгімелеп берді. 

Хромтау және Орынбор тас жолы бойында салынып жатқан «Нұр-Ақтөбе» шағын ауданы 2020 жылға дейін 260 мың тұрғыны бар қалашыққа айналады. Мұнда қазірдің өзінде құрылыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл туарлы қала басшысы Ерхан Омаров былай деді:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында баспана мәселесін шешу үшін арнайы бағдарлама қолға алынды. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін біздің өңірде біраз шаруа жасалып жатыр. Мысалы, тек бір ғана «Нұр-Ақтөбе» шағын ауданында осы жылдың соңына дейін Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша жалпы алаңы 38 мың шаршы метр болатын 605 пәтер пайдалануға берілетін болады, — деді Ерхан Омаров.

Бұдан басқа, жоспар бойынша «Нұр-Ақтөбе» шағын ауданында жалдамалы тұрғын үйдің 8 блок-секциясының құрылысы басталды. Бұл — келесі жылы жалпы ауданы 29 024 шаршы метр 576 пәтер пайдалануға беріледі деген сөз. Сонымен қатар аталған шағын ауданда тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша 16 блок-секцияның (768 пәтер) құрылысы жүргізілуде.

Жаңа қалашық 5 шағын ауданнан тұрады.

Оның екі ауданында көп қабатты тұрғын үйлер салынады. Бұл екі ауданның арасын қоғамдық-әкімшілік орталықтар мен саябақтар жалғайды. «Нұр-Ақтөбенің» бесінші шағын ауданы Жаман Қарғалы өзені жағынан бой көтереді. Жоба бойынша, мұндағы гүлзарлардың екі жақ бетінде түрлі мекемелер, мысалы, мұражайлар мен кітапхана, театрлар, жабық стадион құрылысы жүргізіледі. Сондай-ақ әр шағын ауданда 4 әлеуметтік нысан:  әрқайсысы 320 орындық 2 балабақша және әрқайсысы 1200 орындық 2 мектеп салынады. 2014 жылы 500 орындық емхана салынады.

2015 жылға дейін мемлекеттік бағдарлама аясында Ақтөбе қаласында жалпы 5 мың пәтер, яғни 92 тұрғын үй  пайдалануға беріледі, — деп Ерхан Омаров сөзін түйіндеді.

Жалпы біздің облыста «Қолжетімді баспана – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2020 жылға дейін 4 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қырымбек Көшербаев өз сөзінде баспана мәселесін шешуде халықтың тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің жұмысына сенімі артып келе жатқандығын айтты. Ол өз сөзін: «Тұрғын үй құрылысының сапасын бақылау керек», — деп қорытындылады.

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ. 

Үкіметтен көмек керек!

Облыс әкімі түйінді тұстарды жасырған жоқ

Осы күні «Нұр Отан» ХДП Ақтөбе облыстық филиалының ғимаратында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қырымбек Көшербаев Ақтөбе облысының жергілікті атқарушы органдары өкілдерімен және жұртшылықпен кездесті.

Кездесу барысында Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктер мен қолдау керек тұстар да ашық айтылды. Биліктің орталық органдарының әр салаға жетекшілік ететін өкілдерінің баяндамалары тыңдалды.

— Алдағы жылдан бастап жаһандық экономикалық жағдайында біз ішкі экономиканы қорғаудың барлық шараларын алуымыз керек. Қаражат инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына жұмсалатын болады. Алдағы аптада Үкіметте 2020 жылға дейінгі агроөндірістік кешенді дамыту бағдарламасы бекітілетін болады, 3 триллион теңгеге дейін қаражат бөлінбек. Бұл дегеніңіз, 20 млрд. долларға жуық қаржы. «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 2,2 триллион теңге қаржы бөлінеді. Яғни мемлекеттің мол қаражаты экономиканы, индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасын, агроөндірістік кешенді, шағын және орта бизнесті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құру және тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін жұмсалатын болады. Бүгін біз бірнеше ауданда болып, нысандарды араладық. Жергілікті атқарушы органдар деңгейінде шешілетін мәселелер де, Үкімет деңгейінде шешілетін мәселелер де бар. Бүгінгі отырыстың нәтижесінде Үкіметтің хаттамалық шешімі қабылданатын болады. Қаңтар айының ортасында 2013 жылдың бюджетін нақтылау үшін Үкіметтің ұсыныстарын дайындау барысында қаражат мәселесін реттеп алу үшін атқарылып жатқан жұмыстарға тағы да оралатын боламыз, — деді Қырымбек Көшербаев.

Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Үкімет басшысының орынбасарына 2012 жылдың он айындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндады. Сонымен қатар өңір басшысы Үкіметтің, нақты министрліктер мен ведомстволардың араласуымен ғана шешілетін мәселелер туралы да айтып өтті.

— Мысалы, Хромтау моноқаласының экономикасын диверсификациялау үшін «Керамика» АҚ базасында керамикалық плитка өндірісін қолға алып жатырмыз. Осы жобаның жүзеге асуына «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қатысу мәселесін қарастыруыңызды, сонымен қатар «Керамика» АҚ-ны «Қолжетімді тұрғын үй — 2020» бағдарламасы бойынша негізгі керамикалық плитка өндіруші ретінде қосуыңызды сұраймын, — деді облыс әкімі.

Одан әрі А.Мұхамбетов облыстағы агроөндірістік кешеннің дамуы жөнінде сөз қозғады. Ауыл шаруашылығы машина құрылымы саласында ілгерілеу бар. Сиыр, шошқа мен құс еті өндірісі көлемі артып келеді.

— Ауыл шаруашылығы өндірісіне биылғы құрғақшылық та әсер етті. Өткен жылмен салыстырғанда саланың нақты көлем индексі 7,2 пайызға төмендеді.  Дәнді дақылдар алаңының жартысына жуығы шығынға ұшырады. Гектарынан бар болғаны 2,9 центнер астық алдық. Осы қиыншылықтарға қарамастан, тұрғындарды нан өнімдерімен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерді малды қыстан аман алып шығу үшін жемшөппен қамтамасыз ету мәселелерін шештік. Облыстың тұрақты қоры тиімді жұмыс жасап келеді. Облыста негізгі азық-түлік тауарларының бағасы тұрақты күйде.

Ауыл шаруашылығы саласында Үкіметтің араласуын қажет етіп тұрған бірқатар мәселе бар. 2013 жылға арналған астық дақылдары тұқымы бойынша мәселе күйіп тұр. Жалпы алғанда 19 мың тонна тұқым қажет, қазіргі уақытта 12 300 тонна тұқым жетпей отыр. Оны алу үшін бізге 738 миллион теңге қаражат қажет,  «Продкорпорация» АҚ арқылы мемлекеттік ресурстан жеңілдетілген тауарлық несие бөлуіңізді сұраймыз, — деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы кейбір елді мекендерді су және газбен жабдықтау мәселесіндегі түйінді тұстарды да айналып өткен жоқ.

— Қазіргі таңда сумен қамтамасыз ету бойынша 3,4 млрд. теңгеге 27 нысанның құрылысы мен қайта жабдықталуына байланысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жыл аяғына дейін 19 нысанның жұмысы аяқталмақ. 3,6 млрд. теңгеге 22 нысанды газбен қамту үшін жұмыс істеп жатырмыз. 9 нысанның жұмысы тиянақталып келеді. Осы арада айтпай кетуге болмайтын мәселелер де бар. Мысалы, Алға қаласы суды 11 шақырым жердегі Тамды су қоймасынан алады. Басқа су алатын көз жоқ. Апат бола қалған жағдайда қала ұзақ уақыт сусыз қалуы мүмкін, — деді ол.

Темір ауданындағы Саркөл мен Шұбарши ауылдарын сумен қамту туралы да айтылды. Жалпы, су мәселесі бойынша 905 млн. теңге қаржы керек. Облыс әкімі төрт елді мекенге газ жүргізу үшін республикалық бюджеттен 1,6 млрд. теңге бөлуді сұрады.

Архимед Бегежанұлы экология мәселесін де тілге тиек етті.

— Қоршаған ортаны қорғау министрлігі эмиссияға төлейтін ортақ қор құру жөнінде мәселе көтеріп жүр. Біз бұл ұсынысты қолдамаймыз. Өйткені ол — облыстың экологиялық жағдайы нашар аудандарында әлеуметтік жағдайды ушықтыруы  мүмкін. Бұл аудандар үшін жеке трансферт бөлуді сұраймыз. Елек өзенінің жерасты және жерүсті ластануы туралы мәселе шешілмей отыр. Осы мәселені, Қырымбек Елеуұлы, өз бақылауыңызға алуыңызды сұраймын. Сондай-ақ Арал экологиясының салқыны тиген Шалқар көліне де ерекше көңіл бөлу керек. Әйтпесе ол мүлде құрып кетуі мүмкін.

Облыстағы және облыс орталығының жолдары туралы да айтылмай қалған жоқ. Тоғыз жолдың торабына айналған Ақтөбенің үстінен күндіз-түні көлік тасқыны толастамайды. Бұл, әрине, жолдың тез бұзылуына әкеліп соқтырады.

— Қаланың оңтүстік жағынан айналма жол салу керек, — деді Архимед Бегежанұлы.

2010 жылы басталған Покровка-Темір-Кенкияқ-Ембі жолының құрылысы да қаржыландырудың аздығынан кібіртіктеп тұр. Тәулігіне, белгіленген нормативтен екі еседен артық, яғни 7 мың автокөлік өтетін Ақтөбе-Атырау-Астрахан күре жолына да назар аудару керектігін атап өтті аймақ басшысы.

— Жергілікті биліктің мүмкіндігі шектеулі екендігін ескере отырып, біз республикалық бюджеттен қаржылық көмек болатындығына сенеміз және үкімет деңгейінде шешілетін мәселелерге ықпал етуіңізді сұраймыз, — деді Архимед Мұхамбетов.

Облыс әкімінің сөзінен кейін Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы агенттігі төрағасының орынбасыр Владислав Галеев, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мемлекеттік энергобақылау комитетінің төрағасы Арман Тұрлыбек, Мұнай және газ вице-министрі Берік Толымбаев, Экономикалық даму және сауда министрлігі аймақтық даму комитетінің төрағасы Серік Жұманғарин, Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Бауыржан Әбдешовтер өз ведомстволарына қарасты мәселелер бойынша баяндамалар оқыды.

Облыс активін қорытындылай келе Қырымбек Көшербаев облыс әкімдігіне, мемлекеттік органдар өкілдеріне әр сала бойынша нақты тапсырмалар берді:

— Архимед Бегежанұлы, жоғарыда айтқанымдай, 11 желтоқсан күні Үкіметте 2020 жылға дейінгі агроөндірістік кешенді дамыту бағдарламасы бекітіліп, жоспар жасалады. Ақтөбе облысының агроөндірістік кешенін дамыту үшін мемлекеттік бағдарламаның барлық мүмкіндіктерін пайдалану керек. Ақша бар, ресурс бар, мүмкіндік бар. Оларды пайдаланбағанымыз дұрыс емес.

Облыс әкімдігі мемлекеттік қолдауды барынша пайдалануы керек. Өткен аптада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қызметтің, тауарлар мен тарифтердің бағасын өсірмеу керек деп қатаң талап қойды. Бұл міндет орындалуы керек. Жергілікті әкімдік осы мәселеге қатаң қарауы тиіс.

2012 жылдың негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері Үкімет бекіткен деңгейде болуы қажет. Мемлекеттік органдар басшыларына Ақтөбе облысының үкіметтің қатысуынсыз шешілмейтін мәселелеріне қатысты нақты тапсырмалар берілетін болады. 2013 жылдың бюджетіне енгізу үшін Ақтөбе облысының барлық салаларға қатысты қаржыландыру мәселелері туралы әкімдіктің ұсынысы әзірленсін. Бүгінгі отырыста айтылған мәселелер үш күннің ішінде үкіметтің хаттамалық шешімімен рәсімделуі керек, — деді Қырымбек Көшербаев.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Айдары: Басты жаңалықтар

Пікір жазу

Жіберу

© 2014 Ақтөбе газеті. All rights reserved. XHTML / CSS Valid.
Proudly designed by Theme Junkie. Powered by WordPress