Басты бет » Таным » Күрделі саланың қайраткері

Күрделі саланың қайраткері

Тұлға

Профессор Қадыр Бияшев – ветеринария, атап айтқанда, биотехнология, гендік инженерия, таза жоғары сападағы вакциналар мен іріткілерді жасау саласында республикаға танымал ғалым. Биыл ол 70 жасқа толып отыр.

Ғалым Қадыр Бияшев қазір Қазақ ұлттық аграрлық университетінде жұмыс істейді. 2002 жылдан бері микробиология, вирусология және иммунология кафедрасын басқарып келеді. К.Бияшев – тәжірибесі мол педагог, оның жеке қатысуымен бірнеше оқу құралы, 12 типтік оқу бағдарламасы, зертханалық-тәжірибелік және өз бетімен сабақ өткізуге 34 әдістемелік-нұсқаулық оқу құралы дайындалып және шығарылды. Оның 300-ден астам ғылыми-әдістемелік еңбегі басылып шықты, оның ішінде Түркия, Германия, Ресей, Белоруссия, Қытай елдерінде жарияланды.

Профессор Қадыр Бияшев – Қазақстан ветеринария саласы, оның ішінде экологиялық таза жоғары тиімді вакцина және қан сарысуын жасау биотехнологиясы, генді инженерия бойынша танылған ғалым. Ол жануарлардың денсаулығын аса қауіпті аурулардан қорғайтын 20-дан астам биологиялық препаратты дайындау, бақылау әдістемесі және нормативтік-техникалық құжаттамалар технологиясын әзірлеп және енгізді. Адамдар да шалдығуы мүмкін бұл аурудың алдын алу өте маңызды еді. Препараттар тізімі Кеңес Одағының Халық шаруашылығы жетістіктер көрмесінде койылды және «Құрмет» грамотасымен марапатталды, сондай-ақ Сан-Диего (АҚШ) қаласында өткен «Қазақстан-95» көрме-конференциясында ұсынылды.

Профессор К.Бияшевтың 300-ден аса ғылыми-әдістемелік жұмысы жарияланып, 2 авторлық куәлігі (КСРО), Қазақстан Республикасының интеллектуалдық меншігі, Қазақстан институтынан 36 патенті бар. Ол Ресей ғалымдарымен бірлесе жануарлар қанының 60 метаболитінен толық анализ алуға мүмкіндігі бар «Метабол» компьютерлік бағдарламасын дайындады.

Қадыр Бияшев – Ресей ветеринарлық ғылымының Халықаралық академиясыньң мүшесі. Ол 14 доктор және 18 ғылым кандидатын дайындады. Оның басшылығымен ғылыми-зерттеу жобаларының орындалуы жүргізіледі.

1990 жылы Лейпцик қаласында микробиология және эпидемиология институтында ғылыми өтіл мерзімінен өтті, ветеринарлық эпидемиология бойынша халықаралық ғылыми конференцияларға (Мюнхен 1991, Анкара 1995, Бейрут 1996, Барнаул (Ресей) 1996, Йемен 1997, Израиль 1999, Иордания 2000, Пекин-2003, Будапешт 2005) қатысты.

Жемісті ғылыми-зерттеу жұмысы үшін, сондай-ақ жоғары білікті агроөнеркәсіп кешенінің мамандарын дайындағаны үшін ғалым Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1999 жылғы «Парасат» орденіне ие болды.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантымен де марапатталды.

Азамат мерейі еңбекпен келеді. Бір кезде Ақтөбе өңірінен түлеп ұшқан Қадыр Бияшев – өзінің мерейлі жасына абыроймен жеткен адам.

А.БАЛЖАНАЙ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*