«Мылтықсыз майданның» құрбандары

Қазір әлемнің әр түпкірінде деструктивті діни ұйымдар «мылтықсыз майданның» айла-тәсілдерін пайдалану арқылы ел ішін әбігерге салуға негізделген мақсаттарын іске асыруға тырысып жатыр. Олар қоғамда үрей  туғызатын ақпараттарды тарату арқылы мақсатқа жетуді көздейді. Адамдардың ойы мен әрекетін басқару өнерін мықтап меңгерген Шумердің, Вавилонның, ежелгі Мысырдың, Қытайдың, ежелгі Грекия мен Римнің билеушілері «мылтықсыз майдан» тәсілдерін құпия қару ретінде пайдаланған. Геродоттың, Плутархтың, Юлий Цезарьдің еңбектерінде адамдардың ерік-жігерін жаншып, үрейлендіру арқылы елді соғыссыз басып алудың әдістері туралы айтылған.

«Құдайы жоқ» кеңес өкіметінің ықпалында болған атеистік көзқарастағы посткеңестік елдер тәуелсіздік алған тұста айқара ашылған қақпадан енген «мылтықсыз майдан» миссионерлерінің мақсаты мен мүддесін айқын айыра алмай қалды. Осы кезде пиғылын астыртын іске асырмақ болғандар қазақтың кемесін де ашық теңізге шықпай жатып батыруға тырысып бақты. Жүздеген, мыңдаған адам діннің атын жамылған ағымдардың жетегінде кетіп жатты. Әсіресе, соңғы жылдары еліміздің әр түпкірінде әрекеттерін ашық көрсеткен діни экстремистік топтар мемлекеттің ішкі қауіпсіздігіне зиян тигізуі мүмкін екенін дәлелдеді. «Вахаббизм», «салафит», «секта», т.б. сөздер күнделікті сөздік қорымызға «емін-еркін» енді.

Қазір түрлі секталарға мүше болып сергелдеңге түскендерді қоғамға қайтару мақсатында еліміздің барлық аумақтарында қауіпсіздік ұйымдарымен, дін істері басқармаларымен, жергілікті атқарушы билікпен бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Аузы күйген үріп ішеді. Енді «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» қабылданған жаңа заңның талаптарына сәйкес еліміздегі барлық діни бірлестіктер Әділет министрлігінде қайта тіркеуден өтуде. Елімізде соттың шешімімен жұмысын жүргізуге тиым салынған ұйымдардың тізбесі шықты. Бұл туралы да, жалпы діни тақырыптарды қамтыған мақалаларды да оқырманына дұрысы мен бұрысын ажырату үшін «Ақтөбе» ұдайы жариялап отыр.   

Ал осы жолы оқырман назарына соңғы жылдары қауіпсіздік ұйымдарының және құқық қорғау органдарының экстремистік мақсаты айқындалған қылмыстық топтарға қарсы күресіне куә болған, олардың қызметі туралы түсірілген деректі фильмдердің авторы, Асанәлі Әшімовтің «Елімай» кинокомпаниясының сценарий жазушысы және продюсері Руслан Иржановтың сұхбатын ұсынып отырмыз.

 

үш мың самурайдың өлімі

 

— Ақпарат майданы адамзат тарихының әр дәуіріне тән. Белгілі бір мақсатқа соғыссыз жету үшін мүдделі топтар ел арасында жалған ақпарат таратқан. Мәселен, Жапон халқының тарихында билікке қарсы топтар самурайлар үшін абырой болып есептелетін бұрымдарын кесу туралы император үкім шығарады деген қауесет таратады. Шындыққа жанаспайтын ақпаратқа сенген ең мықты үш мың самурай император ордасының алаңына шығып, өздерін-өздері өлтіріп тынған. Сол сияқты кеңес өкіметі кезінде шетел тыңшылары да, мемлекеттік қауіпсіздік комитеті де таралу жылдамдығын және тұрғындарға әсерін зерттеу мақсатында ел арасына әртүрлі алыпқашпа әңгімелер таратып отырған. Сол уақыттарда кеңес өкіметі тыйым салған анекдоттардың жұрт арасында айтылуы да тегіннен-тегін емес. Оларды АҚШ-тың арнайы қызмет орталықтарында шығарып, Кеңес Одағына әдейі таратып отырған. Қазір де ақпарат майданының қарқыны мықты. Мәселен, Американың Қорғаныс министрлігінде ақпарат таратумен және әлеуметтік ақпараттық бағдарламаларды енгізумен айналысатын елуден астам арнайы ұйымдар жұмыс жасайды. Олардың жылдық бюджеті 50 миллиард долларды құрайды. Қазірдің өзінде ақпарат майданының айла-тәсіліне әбден машықтанған алпауыт мемлекеттерде көп қаражат жұмсалатын мықты идеологиялық жұмыстар жүргізіліп жатқаны анық.

Зерттеушілер соңғы 5,5 мың жылда Жерде болған 15 мыңға жуық соғыстың салдарынан 3,5 миллиард адамның өлгенін айтып жүр. Яғни адамзат өзінің бірнеше ғасырлық тарихында небары 292 жыл ғана бейбіт өмір сүрген екен. Бірақ «мылтықсыз майдан» ешқашан тоқтаған емес.

— Терроризм мен діни экстремизмге қарсы күрес тақырыбындағы фильмдер әлемде ғасырлар бойы астыртын әрекетін жүргізіп жатқан ақпарат майданының құралы деуге болады. Руслан Самарханұлы, арнайы қызметтің жұмысын көрсететін сіздің фильмдеріңіз туралы да осылай айтуға бола ма? Олардың қазақстандық көрерменге қолжетімділігі қаншалықты?   

— Діни экстремистік ағымдарға қарсы күресте ең күшті құрал — ақпарат. Ол тек фильмдер түсірумен ғана шектелмейді. Ондай ұйымдардың жетегіне еріп кетпеуі үшін адамның санасына әсер ететін электрондық ақпарат құралдарының, телеарналар мен газет-журналдардың ықпалын барынша пайдалану керек.

Қоғамның оңы мен солын тануына көмектесетін фильмдерді біз мемлекеттік тапсырыс бойынша түсіреміз. Сондықтан көрерменнің қолжетімділігі туралы мәселе шешілген деп ойлаймын. Мәселен, биыл «Елімай» кинокомпаниясы мен «Қазақфильм» киностудиясының бірлесіп түсірген «Мылтықсыз майдан» («Незримый фронт») деректі фильмдер циклінен он сериялы фильмді «Хабар» телеарнасы арқылы көрсеттік. Бұл республиканың ұлттық қауіпсіздік органдарының 20 жылдығына арналып түсірілді. Режиссері Болат Шәріп деректі фильм форматында отандық арнайы қызметтің ақпараттық майдандағы бағыт-бағдары туралы жұмысын бейнелеуге тырысты.

Одан бұрын орталық телеарналар мен кинотеатрлар арқылы басты рөлде Асанәлі Әшімов ойнаған «Сіз кімсіз, Ка мырза?» деген көркем фильм көрерменге жол тартқан болатын. Ол фильм де қазақстандық қауіпсіздік ұйымдары мен құқық қорғау органдарының қызметі туралы ақпарат береді.

 

Кімнің «діні» Ақиқат?

 

— Біздің түсінуімізше, мемлекеттік тапсырысқа жұмыс істейтін кәсіби маман үшін Қазақстан Республикасы арнайы қызметінің материалдарына, әртүрлі деструктивті діни ұйымдар туралы құпия деректерге қол жеткізу мүмкіндігі жоғары.  

— Мемлекеттің мүддесі үшін жұмыс істейтін кез келген маман үшін құпия деректерді жариялау қылмыс жасағанмен тең. Біз деректі фильмдердің сценарийін арнайы қызметтің кеңесшісі арқылы алатын материалдар негізінде жазатын болғандықтан, құпия мәліметтерге қызығушылық танытқан емеспіз. Әрі мемлекеттің мүддесі үшін құпия делінетін деректердің ақпараттық кеңістікке шығып кетуіне себепші бола алмаймыз. Бұл «БАҚ туралы» Заңды және «Мемлекеттік құпияларды сақтау туралы» Заңды бұзғандық болып есептеледі.

Қазір ақпараттық-психологиялық майданның қарқыны мықты болып тұр. Ол ақпараттың барлық құралдары арқылы, тіпті, бір қарағанда, еш қорқынышы жоқ мультфильмдер арқылы да кез келген көрерменін құрбан етуге тырысады. Ашық бой көрсетпейтін майдан жабықтығымен, құпиялылығымен екі есе қорқынышты. Мұхиттың арғы жағындағы оның ұйымдастырушылары біздің халқымыздың ұлттық құндылықтарын құртуға, таным-түйсігін әлсіретуге бағытталған ойын іске асыруға барынша тырысып жатыр. Әсіресе, жастардың санасын улауға келгенде діннің атын және желілік бизнестің түрлерін жамылған миссионерлері алдына жан салмай келеді. Сондықтан бұл тақырыптағы әр деректі жарияламас бұрын аса сақтықпен қараған дұрыс. Себебі кез келген журналист, кинематография саласының қызметкері «мылтықсыз майданның» құрығына ілігіп, құрбаны болып кетуі ғажап емес.

— Осы тақырыптағы деректі фильмдердің авторы сценарий жазу үстінде қандай қиындықтармен кезігеді? Деректер шынайы ма?

— БАҚ өкілдері тарапынан «Фильмдеріңіз ақиқатқа, шынайы ақпараттарға негізделген бе?» деген сұрақты жиі естимін. Шынайылық, ақиқат туралы айтқан кезде алдымен БАҚ өкілі, кинематография саласының қызметкері ақпарат майданының «жауынгері» екенін ұмытпауы керек. Біздің арнайы қызметтерде АҚШ-тың Орта Азия аймағындағы «демократияны күшейту» бойынша қор құрып, оған мемлекет деңгейінде қомақты қаражат бөліп отырғаны туралы ешкімге құпия емес ақпарат бар. Бұл қаржыға олар Қырғызстанда өздері ашқандай етіп әр елден баспаханалар салып, «түрлі түсті революцияларға» шақыратын кітапшалар мен парақтар шығаруды көздейді, бір қарағанда, мақсаты түсініксіз үкіметтік емес ұйымдарды, қайырымдылық қорларын ұйымдастырады. АҚШ әскери доктринасында «демократияны күшейту» әдістерінің бірі ретінде «мылтықсыз майданды» іске асыру тетіктері ресми түрде қабылданғаны да шындық. Яғни осы жерде қай ақиқат туралы айтуымыз керек деген ой келеді. «Демократияны күшейту» туралы мұхиттың арғы жағынан келген «ақиқат» туралы ма? Әлде біздің еліміздің мүддесін қорғауды мақсат ететін ақпараттар жөнінде ме?  

Мәселен, біз терроризм мен діни экстремизмге қарсы күрес тақырыбында түсірген деректі фильмдеріміздің бірінде өткен жылы Таразда жеті адамның өмірін қиған содыр Кариевтің қылмысы туралы ақпарат бердік. Осы жерде содыр Кариев те, оны тоқтау үшін өмірін құрбан еткен полиция қызметкері Ғазиз Байтасов та ислам құндылықтарын өз таным-түсінігіне сай құрмет тұтқанын ескерсек, «ақиқат» кімнің жағында, кімнің «діні» шынайы болғаны? Фильм объективті фактілерді ғана көрсетіп, бұл сұрақтың жауабын іздеуді көрерменнің өзіне қалдырады.

 

Уды У қайтарады

 

— Ақпарат кеңістігінде жұмыс істейтін «мылтықсыз майданның» жауынгері ретінде уды у қайтарады қағидаты туралы пікіріңіз?

Мемле­кеттің бола­ша­ғы білім мен ғылымға, экономика мен көреген саясатқа байланысты десек, деструктивті ұйымдар білім мен ғылымға қарсы. Тәп-тәуір оқып жүрген студент сектаға кірген бойда оқуы нашарлап, тіпті тастап кетіп жатады. Себебі, оған мемлекеттің болашағы қажет емес. Олардың жетегіне еріп кеткен жастар елі­міздің заңын құрметтемейді, әскерге бар­майды, Отанын қорға­майды.  Бұл әрекеттер уақыт өте келе мемлекетте дінаралық қақтығыс тудыруы әбден мүмкін. Себебі, 16 миллион халқы бар Қазақстанға 40 түрлі конфессия өте көп. Соңғы уақыттарда кейбір отбасыларда әкесі бір дінді, баласы бір дінді, анасы бір дінді ұстанатын халге жеттік. Бұлай рухани азғындау қоғамның, ұлттың іштей ыдырауына, артынан жойы­луына алып баратын негізгі фактордың бірі. Жалпы, еліміздің әрбір азаматын «мылтықсыз майданның» құрбаны болып кетуі мүмкін екені туралы ой мазалауы тиіс.

Кейбір елдер ақпаратты пайдалану арқылы елдің дамуын, адамдардың патриоттық көзқарасын қалыптастыруға мүмкіндік алған. Соғысқұмар ақпараттар ағынын позитивті ақпараттар тарату арқылы жеңген елдердің бірі Оңтүстік Кореяда «Мен тұратын үйдегі ең әдемі пәтер — менікі! Біздің көшедегі ең көрікті үй — менікі! Біздің көше — қаламыздағы…, ал қаламыз — еліміздегі ең сәулетті қала! Ал еліміз — әлемдегі ең мықты мемлекет!» деген ұранды жастардың санасына сіңіру үшін мемлекеттік деңгейде арнайы бағдарлама қабылдаған. Сондықтан сырттан ағып келіп жататын түрлі ұйымдардың ақпараттарымен азаматтарының санасын жаулауға мүмкіндік бермеген Оңтүстік Корея, Малайзия, Филлипин сияқты Азия елдерінің экономикасы мен әлеуметтік саласы қарыштап дамыды. Біз де ақпарат құралдарын пайдалану арқылы осындай үлгілерді елге үрей туғызған агрессиялық ұйымдардың ақпараттарына қарсы қолдануымыз керек. Яғни уды умен қайтару қағидаты деген — осы.

— Деректі фильмдеріңізде қандай тоталитарлық секталар, деструктивті діни ұйымдар жөнінде айтылады? Болашақтың еншісіндегі фильмдеріңіздің жоспарымен бөліссеңіз. 

— Негізінен фильмдерімде деструктивті діни ұйымдардың қоғамға зияны туралы сөзбен айтудан гөрі нақты фактілер арқылы дәлелдегенді дұрыс көремін. Мәселен, «Мылтықсыз майдан» фильмінің циклдерінде біз әлемнің көп елдерінде жұмысын жүргізуге тыйым салынған «Хизбут-Тахрир» діни-саяси ұйымының Қазақстанның аумағындағы әрекеттерін нақты деректерге сүйене көрсетіп отырдық. Болашақта қоғамдық келісімге, мемлекеттің конституциялық негізіне исламның атын жамылған радикалды ағымдардың ғана емес, өздерін әлемдік діндер ретінде таныстыратын көптеген дәстүрлі емес діни ұйымдардың да қаупі зор екені туралы көбірек көрсетуді жоспарлап отырмыз. Оның ішінде  мемлекеттің ішкі қауіпсіздігіне зиян тигізуді мақсат ететін «Жаңа шіркеу», «Жаңа өмір», «Благодать» шіркеулері, саентология ағымы сияқты қазақ даласын жалпағынан басқысы келетін ұйымдар туралы да бар.

Тоталитарлық ұйымдардың ешбірі де қазақтың мұңын мұңдап, күйін күйттеу үшін келмегендігі анық. Олар қоғамды шулатып, тыңшылық, экстремистік, террорлық іс-әрекет жасап, елде іріткі тудыруы мүмкін. Мәселен, әлем елдерінің тарихына қарасақ, дұш­пандары май­данда жеңе алмаған соң, мемлекетті әл­сірету үшін түрлі теріс ағым­дарды қолдан жасап, адамдарды дүрда­раз етіп, ын­ты­мақ пен бірлікті ыды­­ра­тып отырған.

Біз фильмдеріміз арқылы айтпағымызды көрермен санасына жеткізіп, жекелеген адамдардың ағымдардың жетегінде кетуіне тосқауыл қоюға тырысып жатырмыз. Қазір «Қазақфильммен» бірге «Мылтықсыз майдан» деректі фильмдер циклінің кезекті сериясын түсірумен айналысып жатырмыз. Одан кейін Қазақстан Республикасының сыртқы барлау қызметінің жұмысы туралы үш сериялы «Сырбар» фильмі монтаждалып жатыр. Келесі жылы көрермен орталық телеарналар арқылы біз түсіріп жатқан терроризм мен діни экстремизмге қарсы күрес тақырыбындағы әзірге нақты атау берілмеген тағы бір деректі фильмнің тұсаукесеріне куә бола алады.

Әңгімелескен Айгүл БАЙМЕНОВА.

  

Айдары: Мәселе

Пікір жазу

Жіберу

© 2014 Ақтөбе газеті. All rights reserved. XHTML / CSS Valid.
Proudly designed by Theme Junkie. Powered by WordPress