Басты бет » Мереке » Құрбан айт — қасиетті мейрам

Құрбан айт — қасиетті мейрам

Ертең, күллі мұсылман үмбетінің ұлық мерекесі Құрбан айт басталады. Бұған дейін Бүкіләлемдік айды бақылау комитеті осылай деп мәлімдеді. Мұны Сауд Арабиясының ресми билігі де растады. Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да Құрбан айттың алғашқы күнін 26 қазан деп белгіледі.

Облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Әбдімүтәлі Дәуренбеков қасиетті Құрбан айттың мәні мен маңызын түсіндіру әрі мерекеге дайындық жұмыстары туралы баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистер сауалына жауап берді.

 

— Құрбан — араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Алла Тағалаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы — «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. Құрбан айт күндері шалынатын мал «ұдһия» деп аталады. Құрбандық шалудың мәнісінің кеңдігін ұғыну үшін діннің не екенін, құлшылықтың не үшін жасалатынын жақсы білген жөн. Әз Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің хадисінде: «Адам баласы Құрбан айт күнінде Алла Тағалаға құрбан шалудан өзге амалмен жақындаған емес. Сондықтан құрбандықтарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар», — деп мархемет еткен.

Мұсылмандардың қадірлі мейрамы болған Құрбан айт биыл 26 қазанда басталады. Бұл күні әлем мұсылмандары өздерінің Алла жолында кез келген құрбандыққа дайын екендігін білдіреді. Құрбан шалған кезде адам баласы тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, сараңдығы мен жомарттығы, тақуалығы мен жалпы адам баласына жанашырлығы сынға түседі.

— Құрбан айт намазы қай уақытта оқылады?

—26 қазан, яғни жұма күні таңертеңгі сағат 8.30-да облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінде айт намазын оқуды бастаймыз. Таңертеңгі сағат 7.55-те Ақтөбе қаласында күн толық шығып болады. Шариғат бойынша, Құрбан айт намазы күн найза бойы көтерілгеннен бастап оқылса, ораза күндері айт намазы күн екі найза бойы көтерілген кезде оқылады. Адамдар құрбандық шалатын болғандықтан Құрбан айт намазы мейлінше ерте оқылады. Сондықтан Құрбан айт намазы оқылғаннан кейін құрбандыққа шалынған малдан ауыз тиген абзал.

— Құрбан шалуда қандай малды союға рұқсат етілмейді?

— Құрбандыққа шалынатын малдың мүшелері бүтін, дені сау болуы керек. Кесілген құлақ та малдың мүшесі болып саналады. Сондықтан құрбандыққа шалынатын малдың құлағының жартысынан көбі кесілмегені дұрыс.  Егер ен ретінде тілінген немесе ойып алынған, түймеленген болса, ондай малды құрбандыққа шалуға болады. Ал құлағының басым көпшілігі немесе құйрығының  көп бөлігі кесілген малды құрбандыққа союдың қажеті жоқ. Егер құрбандыққа сойылатын ұрғашы малдың емшектерінің басы кесіліп, жұлынған болса, ол мал құрбандыққа жарамайды. Екі немесе бір көзі соқыр, сойылатын жерге өз аяғымен жете алмайтын әлсіз, сондай-ақ бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған малдар құрбандыққа сойылмайды. Ислам ғалымдары құрбандыққа шалынатын малдардың ішінде қой мен ешкінің еркегін сойғанды жөн көреді. Ал ірі қаралардан сиыр, түйе малдарының ұрғашысын сойғанды құптайды.

— Құрбан айт кезінде бірнеше адам бірігіп мал шалуға бола ма?

— Сиыр және түйе малдарын жеті кісіге дейін жиылып, союға болады. Шариғат жолында басқа малдарды бірігіп сойып, құрбан шалуға рұқсат етілмейді.

— Құрбандыққа шалынған мал еті қандай жолмен таратылады?

— Шариғат бойынша, шалынған малдың еті үшке бөлінеді. Бірінші бөлігі өзінің тума-туыстары, жора-жолдастары, көрші-қолаңдарға беріледі. Еттің екінші бөлігін  жетім-жесірлерге, жоқтарға, мұқтаждарға, ал үшінші бөлігін өз бала-шағасына қалдырғанды дұрыс санайды. Бала-шағасы көп адамдар үшін құрбандыққа шалған малдың етін үшке бөліп таратпай-ақ, тұтастай өзіне қалдыруына болады.

— Құрбандық шалу мерзімі қанша уақытқа созылады?

— Құрбан айт үш күн бойы жүреді. Ал құрбандық шалу үшін Құрбан айттан бөлек тағы үш күнге рұқсат бар. Егер жол сапарда немесе малды алыстан алып келуде ауа райының келеңсіздігіне байланысты қиындықтар туындаса, Құрбан айттан кейін тағы да үш күн ішінде шалып болуы тиіс. Бұл күндер ташриқ күндер деп аталады. Құрбан айт күндерінен кейін жалғасатын ташриқ күндер де мейрам ретінде саналады. Бұл күндері сойылған малдың етін кептіріп алуға рұқсат берілген. Осы үш күн ішінде ниет етіп сойылған мал құрбандыққа жатады.

— Малды Құрбан айттан бір күн бұрын шалуға бола ма?

—Жоқ. Құрбандық малы Құрбан айт намазы оқылғаннан кейін шалынады. Құрбан айт намазынан бұрын шалынған мал құрбандыққа жатпайды.

— Шектік қай уақытта беріледі?

— Шектік беру — өте ерте заманнан келе жатқан дәстүр. Дүние салған кісілердің артынан садақа беру ниетінде шектік беріледі. Шариғатта шектік беру Құрбан айттан бір күн бұрын жүзеге асырылуы керек. Бұрын ауқатты адамдар ғана шектік беретін. Қазір шектік беру жалпыхалықтық үрдіске айналып қалды. Шектік беру міндет емес. Сондықтан тұрғындарға айтарымыз, шектікті айт күндері құрбандық әрі садақа ретінде берген абзал.

— Мешіт жанында құрбандық шалатын адамдарға жағдай жасала ма?

— Құрбандық шалатын адамдар үшін мешіт жанында мүмкіндігінше барлық жағдай жасалады. Мешіттің құбыла бағытында арнайы мал соятын жер, малдың қанын ағызатын орын және оның таза сойылуы үшін су жүйесі жүргізілді. Бұл күні қасапшылар да сақадай сай тұрады. Бір мезгілде 25 мал сойылатын болады. Былтыр Құрбан айт күндерінде мешіт жанында 400-дей қой шалыныпты. Биыл да осы межеден кем болмауы керек. Былтыр құрбандыққа шалынған малдардың етін қалалық ішкі саясат бөлімі арқылы жетім балалар, қарттар үйлері мен мүгедектер, соқырлар қоғамына, мұқтаждарға таратқан болатынбыз. Биыл да құрбандыққа шалынған малдың еті облыстық, қалалық ішкі саясат бөлімі берген тізім бойынша таратылады. Етті мешіттен өз бетімізше таратпаймыз. Өйткені әртүрлі келеңсіз жағдайлар туындауы мүмкін. Құрбан айт күні мешіт жанында қалалық ішкі істер бөлімінен арнайы келетін күзетшілер тәртіпті қатаң қадағалайтын болады.

— Құрбандыққа шалынатын мал бағасы жөнінде айтсаңыз.

— Бұл күні тұрғындар малды саудагерлерден келісім арқылы алады. Мереке күндері мешіт жанында арнайы мал сатушылар тұрады. Адамдарға жақын жерден таңдаған малын алуға мүмкіндік жасалады. Сатуға шығарылған малдың сау, бойында ешқандай аурудың жоғын тексеру үшін ветеринар дәрігерлер де сонда болады. Халықтың жағдайына қарай біз базар бағасын көтермеуге барынша тырысып бағамыз. Бұл мәселе нақ сол күні шешілмек. Құрбан шалушылар малдың арығы мен арзанын емес, барынша семізін және қымбатын алғаны абзал. Халықтың қалтасы көтеретіндей, мал бағасын біркелкі етуге атсалысамыз.

— Құрбан айт күндері мешіт жанында мал соятын қасапшылардың қызметі қанша тұрады?

— Былтыр Құрбан айт күні қой сою үшін қасапшының қызметі бір мың теңге тұрды. Биыл қасапшылар жасаған жұмысына байланысты бағаны өздері қояды. Бұл жерде айтатын бір мәселе, құрбандық шалатын кісілер қасапшының ақысын сатып алатын мал бағасынан бөлек төлейді. Қасапшының еңбегіне шалынған малдың етімен есептесуге болмайды.

— Құрбандық малының терісін тапсыруға бола ма?

— Өте орынды сұрақ. Шалынған малдың терісі де садақа етіледі. Құрбандыққа сойылған мал терісін сатып, одан түскен пайданы өзіне қалдыруға болмайды. Теріні терідей немесе оны сатып, ақшасы садақа етіп беріледі. Құрбандық шалған адамның сатылған терінің ақшасын бала-шағасына пайдалануға рұқсат етілмейді.  Құрбан айт күні мал терілерін сатып алатын арнайы орындармен сөйлесіп, тері алатын адамдарды дайындап қоямыз. Бағасын келісім бойынша өткізуге болады.

— Қазір Ақтөбе қалалық мешітінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы турасында не айтасыз?

— Биыл Ақтөбе қалалық мешітінде кеңейтулер мен қайта күрделі жөндеу жұмыстарының жүруіне байланысты құрбандық шалынбайды. Жылдағы дәстүр бойынша, Құрбан айт күні облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің жанынан арнайы мал соятын жер дайындалды. Бұл орын санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметінің барлық талаптарына сәйкес келеді.

— Облыстың басқа мешіттерінің дайындығы қалай?

— Аудандағы барлық мешіттерде дайындық жоғары деңгейде. Барлық мешіттерде Құрбан айт күні келушілерге жағдай жасалады.  Мал сойылатын жер санитарлық жағынан тазалықты талап етеді. Сондықтан кейін мәселе туындамас үшін, Құрбан айт күндері құрбандыққа шалынатын малдардың бір жерден сойылып, бір жерден таратылғанын  жөн көріп отырмыз.

— Рахмет!

 

P.S Елімізде Құрбан айт биыл 26 қазан — қасиетті жұмаға сәйкес келіп отыр. Ендеше, алғашқы күн ресми демалыс ретінде жарияланса, екінші, үшінші күндері сенбі мен жексенбіге сәйкес келіп тұрғандықтан, ұлық мерекені үш күн атап өтудің сәті түсіп тұр. Құрбан айттарыңыз мүбәрак болсын!

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Бір пікір

  1. Шектік қай уақытта беріледі? и неше кун болады 3 кун болама или 1 кун болама

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*