Басты бет » Мереке » Көкжардағы жәрмеңке

Көкжардағы жәрмеңке

Ақтөбе облысының 80 жылдығына арналған «Ұлы Жібек жолында жаңғырған Көкжар жәрмеңкесі» этнофестивалі уақытты кері айналдырып, Ойылға он тоғызыншы ғасырды оралтқандай болды. Облыс әкімдігі, облыстық мәдениет, туризм, спорт және дене шынықтыру басқармалары, аудан әкімдігі жұмыла көтеріп ұйымдастырған шара екі күн бойы Ойылды ән мен күйге бөледі. Облыстық туризм, спорт және дене шынықтыру басқармасы бастығының орынбасары Жалғас Балғожиннің айтуынша, болашақта бұл фестиваль халықаралық деңгейге көтерілуі керек. 

Аудан халқы мен қонақтарын осы мерекемен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова болашақта Ойыл ауданы туристер мекеніне айналатынын айтады:

—  ХІХ ғасырда қазақ даласында аттары дүркіреген Қарқаралы, Қоянды жәрмеңкелерімен қатар тұрған Көкжар жәрмеңкесі — тарихи орын. Халқымыздың экономикасы, мәдениеті, дәстүрлі өнердің озық түрлері осындай жәрмеңкелерден бастау алып, кең таралғаны белгілі. Көкжар жәрмеңкесін халық санасында жаңғырту мақсатында ұйымдастырылып отырған бүгінгі шараға облыстың барлық аудандары белсене қатысып, халқымыздың салт-дәстүрін жаңғыртуға атсалысуда. Сондықтан ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі өнердің озық үлгілерін насихаттайтын мұндай фестивальдің орны бөлек.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы халыққа Жолдауында қуатты Қазақстан дегеніміз ең алдымен өңірлердің дамуы деп баса айтты. Осы орайда киелі Көкжар жәрмеңкесінің Ойыл өңірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайына оңды ықпал етері сөзсіз.  Келешекте Ойыл ауданы туристер мекеніне айналмақ. Себебі бұл жаққа бірі Сүлеймен атаның рухына тәу етуге келсе, екіншісі тарихи ескерткіштерді тамашалайды. Сондықтан туған өлкемізді кеңейту — сіз бен біздің қасиетті борышымыз, — деді ол.

Этнофестиваль барысында түрлі мәдени, спорттық шаралар, көрмелер ұйымдастырылды. Театрландырылған керуен шеруі, «Ұлы дала сарыны» атты дәстүрлі музыка өнерінің республикалық фестивалі өтті.

 

Барқынның бойында…

 

Ресейдің атақты 10 жәрмеңкесінің, Қазақстандағы атақты 3 жәрмеңкенің бірі болған, өз заманында атағы айшылық алыс жерлерге жеткен Көкжар жәрмеңкесі тарихта Батыс Қазақстан өңіріндегі ең ірі сауда орталығының бірі ретінде айтылады. Тарих ғылымдарының кандидаты Беркін Құрманбековтің «Ойыл жәрмеңкесі» атты еңбегіндегі деректерге сүйенсек, Көкжар жәрмеңкесі туралы негізгі ережелер 1866 жылдың 7 қыркүйегінде Ресей Ішкі істер министрлігінде бекітілген. Ол ресми түрде 1867 жылы көктемде Орал облысының Қазбек болысында ашылған. Екі жылдан кейін Қазбекте ашылған Ойыл жәрмеңкесі «орыс көпестерінің қауіпсіздігін, емін-еркін қозғалысын және товарларының тезірек әрі толығымен сатылуын» қамтамасыз етуге қолайлы орын ретінде Ойыл бекінісінің жанына Барқын шатқалына көшірілген. Жаңа орындағы алғашқы, 1869 жылғы күзгі жәрмеңке өте табысты өткен.

«Тауар айналымының өсуіне байланысты Ойыл жәрмеңкесінің сауда алаңына 18 тас корпус салынып, олардың әрқайсысында 9 лавка орналастырылды. Ойыл жәрмеңкесі қарама-қарсы орналасқан ұзындығы 400-500 метрге созыла салынған сауда ғимараттарында өткізілетін болған. Осы қатарда екі үлкен сауда корпустары, 30-дан астам дүкеншелер (ларектар) орналасқан», — деп жазады тарихшы Б.Құрманбеков.

Міне, тұрғызылғанына бір жарым ғасырға жуық уақыт өтсе де, күйдірілген сапалы кірпіштен өріліп салынған жәрмеңкенің сауда қатарлары әлі күнге дейін сынын бермей тұр. Ал сауда қатарларының қарсысында орналасқан ескі қызыл кірпішті ғимараттар кезінде жәрмеңке комитетінің үйі болған.

Жәрмеңкенің жұмысын ұйымдастыруға қатысқан комитет басшылары отырған ғимарат қазір облыстық маңызы бар тарихи ескерткіштердің қатарында тұр. Қазақ жерінде үлкенді-кішілі 150 жәрмеңке болған, бірақ соның бір де біреуінің орны осы Көкжар секілді сақталмаған. Қазір бұл ғимарат Ойыл ауыл шаруашылығы колледжінің жатақханасы есебінде пайдаланылады. Бірнеше жыл Ойыл ауданы әкімі, кейін осы оқу орнының директоры қызметін атқарған Ғазиз Займолдин Көкжар жәрмеңкесі комитеті ғимараттары мен сауда қатарларының қолды болып кетпей, осы күйінде сақталуына ерекше үлес қосты. Комитет ғимаратының терезелері, шатырлары, есіктері алмастырылды. Кірпіштері сол күйінде тұр, — дейді Ақтөбе облыстық өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Рысты Досова.

Ғ.Займолдиннің айтуынша, 2001 жылы ауданның құрылғанына 80 жыл толған тойы тұсында сол кездегі облыс әкімі Аслан Мусиннің басшылығымен Көкжар жәрмеңкесі ғимараттарын қалпына келтіру үшін бюджеттен 3 млн. теңге қаржы бөлінген, бұған қоса демеушілер 5 млн. теңге көлемінде көмек көрсеткен. Осы қаржыға есік-терезелері қақырап, әне-міне талан-таражға түскелі тұрған тарихи ғимараттар қалпына келтіріліп, сол жылы күзде ауданның мерекесімен қатар Көкжар жәрмеңкесі ұйымдастырылған.

«… Кезінде керуен жолдары жан-жаққа кеткен Ойыл жәрмеңкесі сауда-саттықтың ірі орталығы болды. Тауар айналымы үш миллион сомнан асқан. Азия елдерінің тауарлары Ойыл жәрмеңкесі арқылы Жәңгір хан жәрмеңкесіне жеткізіліп, бүкіл Ордаға тарайтын болған. Ескі керуен жолдары Көкжарды Орынбордың айырбас сарайымен жалғастырған. Ойылдан Жайықтың арғы бетіндегі далалық алқапқа тарайтын керуен жолдарының сауда үшін маңызы зор болды. «Ойыл жәрмеңкесі сонымен қатар Ырғыз, Маңғыстау өңірлерімен және Орта Азия көпестерімен сауда-саттық байланыстарын орнатқан. Бұл жәрмеңкеге Хиуа, Бұқара, Қарақалпақстаннан саудагерлер көп жиналған. Ауғанстан, Парсы жерлерінен келген түйе керуендері бұл өңірге таңсық тауарлар әкелген», — деп жазады өз еңбегінде тарихшы Б.Құрманбеков.

Кешегі қайта жаңғырған жәрмеңкеде де шетелдерден саудагерлер келмегенімен, миллиондаған қаржы айналған сауда жасалмағанымен, Ойыл ауданы тұрғындары осы өңірдің ұлттық брендіне айналған тарысын, жармасын, май-қаймағын, құрт-ірімшігін, майқұртын әкеліп сатты. Шығанақ Берсиев атындағы ауылдық округінен келген Дариға Мерекенова, Жанат Тағановалардың өз қолымен жасаған ұлттық тағамдарын жұрт саудаласпай сатып алып кетіп жатты.

 

Айна бар, тарақ бар, алмасаң да қарап қал

 

Жәрмеңкелер тек сауда-саттықтың ғана емес, сонымен қатар өнердің де ордасы болған. Қазақ өнерінің дамуында зор роль атқарған жәрмеңкелерге ақын- жыраулар, жыршылар, күйшілер, әншілер келген. Тарихи деректерге қарағанда, Көкжар жәрмеңкесіне ақын Кердері Әбубәкір, Тәңірберген Молдабай, күйшілер Ұзақ, Құрманғазы, Дәулеткерейлер келген, Қашаған, Нұрым, Ақтан секілді жыраулар, ақындар, Мұхит Мералыұлы, Қызыл Тұрдалыұлы сынды әншілер  келіп, елдің көңілін көтеріп, халықты рухани өнермен сусындатқан.

Міне, тарих беттерінде қалған осы деректерді көз алдыңа әкелетін театрландырылған керуен шеруі мерекенің ажарын ашты. Сценарийдің авторы әрі қойылым режиссері, ақын Нұрлыбек Қалауов көріністі барынша тура тарихта жазылғандай етіп жасаған. Қоюшы режиссері Елтай Кемал да қойылымның шынайы шығуына барын салған.

Жәрмеңкенің ескі ғимараттары тұрған аудандық лицей ауласында әр ауданның киіз үйлері қаз-қатар тізіліп орналастырылған. Олардың ортасымен керуен жолы өтеді. Жаршылар жәрмеңке басталатынын хабарлағаннан кейін ортаға «Желмаясын желдіріп, жердің жүзін айналып, Жерұйықты іздеген Асанқайғы» келіп, жиналған халыққа ақ батасын берді. Содан соң «Еділдің бойын еліктіріп, Жайықтың бойын жайнатып, кең Жылойды керілтіп, Маңғыстауды мұнартып, Ақшатауды айналып, Орындықтауды оралып, Көкжар жәрмеңкесіне көш келді». Алдымен шаңырақ артылған түйені жетектеген бәйбіше мен отағасы, ойын-күлкісі жарасқан салт аттылы қыз-жігіттер, мал жетектеген, иығына түрлі тауар ілген саудагерлер, түрлі ұлттық киімде шыққан өзге ұлт өкілдері өтті.

Күй атасы Құрманғазы мен шәкірті Дина, ақын Шернияз, сал Мұхит, Ботакөз батыр, Батақтың Сарысы, балуан Шолақ, қызыл тілдің жорғасы Кердері Әбубәкір келді. Одан соң көштен қалмай «айна бар, тарақ бар, алмасаң да қарап қал», «мейіз бар, өрік бар, өтіп кетеді, көріп қал» деп әндеткен ағылшындар, татар-башқұрттар, өзбектер, иран-парсы елінің өкілдері, орыстар, украиндер, сығандар, үндістер өтті. Жәрмеңкеге келген әрбір аудан әрбір ұлттың тыныс-тіршілігін көрсетті. Ағылшындардың кейпінде көшке ерген қобдалықтар ерекше дайындығы үшін жеңімпаз деп танылды.

Этнофестиваль барысында өткізілген «Ұлы дала сарыны» дәстүрлі музыка өнерінің республикалық фестиваліне белгілі өнертанушы, күйші Ә.Райымбергенов, жыршы Ұ.Байбосынова, Башқұрт Республикасының халық артисі, қурайшы Ишмұрат Ильбаков, «Нава» ұйғыр фольклорлық ансамблі және еліміздің бірқатар облыстарынан келген өнер иелері қатысты. Облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нәзира Табылдинованың айтуынша, алдағы уақытта аталған фестивальдің аясы кеңейіп, түрік елдері өнерпаздарының басын қосатын халықаралық мерекеге айналатынына сенім мол.

Этнофестивальға өздерінің қолынан шыққан өнер туындыларын алып келген шеберлер Ерқосай Әбілев, Болат Атыраубаев, Нұрлан Жақыбаевтар кезінде талай мықты деген шеберлердің басын қосқан Көкжардың бүгінгі жаңғыруына өз үлестерін қосқандарына разы.

Этнофестиваль кезінде қазақтың ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізілді. Кезінде Балуан Шолақтың табаны тиген жерлерде бүгінгі қазақ жігіттері белдесіп, арқан тартысты, балалар асық атып, тоғызқұмалақ ойнады. Қазақ күресінен жауырыны жерге тимеген ойылдық Т.Қалниязов жеңімпаз болды. Тоғызқұмалақтан қыздар арасында хромтаулық Н.Дербесбаева, ерлер арасында ойылдық Қ.Бердіғалиев, асық атудан ойылдық А.Дүсіптер бірінші орын алды. Ал арқан тартуда Қайыңды селолық округінің командасы ешкімге дес бермеді. Осы шаралардың басы-қасында жүрген облыстық туризм, спорт және дене шынықтыру басқармасы бастығының орынбасары Жалғас Балғожиннің айтуынша, Көкжар жәрмеңкесінің қайта жаңғыруы облыстағы ішкі туризмнің дамуына зор үлес қосады.

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ,

Ақтөбе-Ойыл-Ақтөбе.

 

Бір пікір

  1. Нұрлан ЕСЕНҒАЗЫ

    Ақтөбе облысы,
    Ойыл ауданы,
    Көкжар жәрмеңкесі жылына 2 рет:
    Көктемде 15 мамырдан 15 маусымға дейін,
    Күзде 15 қыркүйектен 15 қазанға дейін жұмыс жасады.
    Сол дəстүр осы күнге дейін сақталған.
    Көкжар жәрмеңкесі Қазақстандағы 100 аса жәрмеңкелердің үлес салмағы жағынан атақты 3 жәрмеңкенің бірі болды!
    Көкжар жәрмеңкесі сол кездегі Ресейдің атақты 10 жәрмеңкесінің қатарынан орын алып бәсекеге қабілетті болған.
     

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*