Басты бет » Тарих » Бидің соңы — Былшық

Бидің соңы — Былшық

Билер Ұлы Даланың құты болған. Ал Былшық би — кешегі Кеңес заманына дейін еліне, жұртына тұтқа болып, әділдігі, адалдығы аңыз боп тараған соңғы билердің бірі.

«Ердің соңы — Есет, пірдің соңы — Бекет» болса, «бидің соңы — Былшық» — деген сөз қариялар аузында кешеге дейін жүретін.

Ақтөбе қаласының тұрғыны, зейнеттік демалыстағы дәрігер Серғазы Қорғанбеков ағамыздың редакцияға арнайы келгендегі мақсаты —  осы Былшық би туралы сөз қозғау екен.

Бұл өтінішін құп көрдік:

— …сонымен, сіз Былшық бидің тікелей ұрпағы боларсыз?

— Жоқ. Ол кісімен бір рудан боламыз. Алайда 1921 жылғы ашаршылық кезінде менің ата-анамның өмірін Былшық би алып қалған. Анам мұны өле-өлгенше айтып, құлағымызға құйып өтті. Біз — үш ағайындымыз. Үшеуіміз өмірге келіп, жер басып жүргеніміз үшін, өзімізді Былшық би атамызға тікелей қарыздар санап өстік.

— Анаңыздың әңгімесін естиік?

— Анамның есімі — Зылиха. Арал, Қазалы жағында өмір сүрген Пірімжар бидің шөбересі болады. Анам кішкентайынан атасының бауырында өскен, Кіші жүздің атақты адамдары туралы әңгімелерді жақсы білетін жан еді. Солардың арасында «Былшық бидің тікелей қамқорлығын көрдік. Осыны ұмытпаңдар. Күндердің-күнінде сол аталарыңның есімін ел есінде қалдыру үшін, қолдарыңнан келген шаруадан аянып қалмаңдар. Мұны менің өсиетім деп біліңдер» — деген еді бізге. Анамның айтқан әңгімесі бойынша, елге ашаршылық қаупі төнген тұста, Былшық би атамыз жаз бойы ел ішін аралап, отын-шөбі жоқ, күйі нашар жандарды бай ағайындарына тапсырып, біреуге біреуден мал алып беріп, оның жемшөбін әзірлеуге ақыл-кеңес айтып, әйтеуір, қайткенде де жұртты алдағы жұттан аман алып қалудың қамымен тыным таппаған көрінеді. Сөйтіп жүріп біздің атамыздың үйіне де келеді. Атамның отбасында алты жан бар, алтаудың екеуі — менің әке-шешем. Олардың жаңа қосылған кезі екен. Малдары арық-тұрық, азық-түлік қоры, отын, шөп тағы жоқ. «Бұл күйлеріңмен қыстан шыға алмайсыңдар», — депті би. Сөйтіп, біреудің түйе арбасын алып беріп, Аралға көшіп бара жатқан топқа қосып жібереді. Атамыздың сол жақтағы Өтепберген деген ауқатты құдасына: «Сендерді алдағы жазда аман-есен елге қайтаратын болсын», — деп сәлем айтады. Расында, сол қыс өте қатты болған. Ырғыз, Қарабұтақ өңірлерінде көп адам аштан өлген. Ал Былшық бидің сәлемін жерге тастамай, Өтепберген құдасы қанатының астына алған біздің ата-анамыз жазда аман-есен елге қайтыпты. «Қайтып келгеннен кейін де Былшық би атамыздың қамқорлығын көрдік. Сол кісінің қолдауымен ғана ел қатарына қосылдық», — дейтін анам. Жалпы, бір менің шешем ғана емес, біздің ауылдағы қария атаулының Былшық би есімін ерекше қадірлейтінін көріп өстік. Өкініштісі, естіген әңгімелерімізді қағазға түсіру жағын құнттамаппыз. Ал есте қалған әңгімелер көп деп айта алмаймын.

—  Десе де?

— Мысалы, Алматтың Самыратынан өз әкесінің қарызын қайтарып алғаны жөнінде қариялар жиі айтушы еді.

— Тыңдалық?..

— Былшық бидің әкесі Сейіт бай адам болған. Былшық бидің туған өңірі — бұрынғы Қарабұтақ ауданының Аралтөбе ауылы маңындағы Аққұдық, Бақсайыс жайлаулары. Туған жылы — 1860 жыл. Қариялардың айтуынша, Сейіт бұл баласын шаруаға ерте араластырған. Өмірдің тұщысы мен ащысын қатар көріп өссін деген болса керек, 12 жасқа дейін оны көбіне малшылар арасына жіберіп отырған. Ал малшылар арасында Былшық қайырымды, жомарт бала деген атқа іліккен. Олардың сұрағанын беріп, көңілдерін тауып, әрдайым риза қылады екен. Мұны естігенде, әкесі алғашында қуанған. Бірақ кейін қауіптеніп, Былшықты шақырып алып: «Балам, мырзалықтың да орны, жөні болуы керек» — деп, ақылын айтады. Сонда Былшық әкесіне: «Мен мал үлестірсем, басқа жаққа асырып жіберіп жатқаным жоқ. Малшыларға берілген мал да осы өз жайлауыңызда жүр. Арасында өз меншігі жүрген соң, малшы атаулы сіздің малыңызға да өз малындай қарайды. Ит-құстан, ұры-қарыдан, ауру атаулыдан жанын салып қорғайды. Малшыларға берілген мал сол ит-құс пен ұры-қарыға кететін шығын есебінен толығып тұрады», — дейді. Әкесі бұл жауапқа қатты риза болыпты. Содан бір күні баласына: «Мен қартайдым. Мал-мүлкіңе өзің ие бол», — дейді. Былшық: «Онда малыңызды түгендеп тапсырыңыз» — депті. Әкесі таңғалып: «Арасында өзің жүрсің ғой — мал түгел емес пе?» — дейді. Баласы: «Жоқ, түгел емес. Бұдан біраз жыл бұрын Алматтың Самыраты патша тойына тарту ету үшін ақ түйе саны жетпей тұр деп, Сізден қарызға түйелер алған болатын. Ол қарыз әлі күнге дейін қайтарылған жоқ. Түгел емес дегенде, айтып отырғаным — сол түйелер» — деп жауап қайтарады. Сейіт: «Саған басқа түйе де жетпей ме? Самырат ағаң алғанын жағдайы келген уақытта қайтарар» — дегенмен, бұған жасөспірім Былшық көнбепті. «Ол түйелер — сіздікі де, менікі де емес, бейнетіне төзіп баққан көптің малы. Сондықтан сұрауы болуы тиіс» — деп кесіп айтыпты. Осы әңгімеден кейін де әкесі бірнеше рет мал билігін Былшыққа өткізбек болған екен, бірақ ол: «Малды түгендеп тапсырыңыз» — деген талабынан танбаған. Ақыры Сейіт бай баласына осы даумен билер алқасына жүгінуге рұқсат берген. «Ал соңында Самыраттан түйелерін айыбымен қоса қайтарып алған» — десетін үлкендер. Қариялардың Былшық би туралы әңгімесі көп жағдайда оның өмірінің соңғы жылдарына қатысты өкінішпен, күрсініспен аяқталатын.

— Былшық би өмірінің соңғы жылдары түрмеде өткенінен көпшілік хабардар. Бұл сол тұста қазақтың бар аяулы азаматының басына түскен хал болатын: халықтың қасіреті…

— Иә, солай ғой. Бірақ Былшық атамызға ресми түрде ешқандай айып тағылмаған, оның үстінен іс қозғап, қандай да бір құжаттар толтырмаған. «Қауіпті адам» деп тауып, халықтың арасынан «жұлып» алған да түрмеге қамаған. Бұл 1928 жыл екен. Қапаста оны бес жыл ұстапты. Бес жылдан соң ауыр дерттен қайтыс болған. Кейін мен Былшық биді ел жақтан осы Ақтөбедегі түрмеге алып келген адаммен жүзбе-жүз сөйлестім.

— Жүзбе-жүз?..

— Иә. 1956 жылы мектеп бітіріп, Ақтөбедегі дәрігерлік училищеге түстім. Гарнизонный көшесінде Хасан атты татардың үйінде тұрдым. Сол маңда Әбдікәрім Наурызбаев деген қарт тұратын. Әрі-бері өткенде, қақпа алдында отырса, сәлем беремін. Бір күні әдеттегідей сәлем бергенімде, мені қасына шақырды. Қай жерден келгенімді, руымды сұрап, «ә-ә» — деп, ойланған күйі қала берді. Ал келесі жолы: «Саған сұрағым бар еді», — деді. «Сұраңыз». Бірақ қарт үндей қоймай, ұзақ отырды. Сосын кетуге ыңғайланып, орнымнан тұра беріп едім, «Былшық биді білесің бе?» — деп саңқ ете қалды. «Білемін» — дедім. «Қалай білесің?». Мен анам туралы айтып, одан естіген әңгімелерімді жеткіздім. «Е-е, қорықпайды екенсің ғой», — деді Әбдікәрім ата. Ол кезде жаспыз, бұл әңгімелер қауіпті деген ой қаперде жоқ… Қарт тағы аз-кем үнсіз отырды да: «Сен мынаны біл, бірақ анаңнан басқа жан баласына айтушы болма», — деді. Айтуынша, 1920-жылдардың соңында ол кісі НКВД-да істеген. Бір күні бастығы Қарабұтақ жаққа барасың деп бұйрық береді, мақсат — Былшық бидің үстінен түскен арызды тексеру керек. Арыз бойынша Аралтөбеде жиын өткен. Халық көп жиналып, сөз алғандардың бәрі де Былшық биді жақтап сөйлеген. Әбдікәрім Наурызбаевтың өзі де Былшық атамызбен жүздесіп, әңгімелесіп, оның орнықты, елге сыйлы адам екеніне көз жеткізіп, жылы қоштасқан. Қолында — жиналыстың хаттамасы, ауыл еңбеккерлерінің Былшық биді қорғап сөйлеген сөздері. Бұл қағаздарды әкеліп, тиісті адамға табыстаған. «Бірақ арада 4-5 ай өткенде бұл әңгіме қайта қозғалды, — деп жалғастырды қарт әңгімесін. — Маған: «Былшықты елде қалдыруға болмайды. Алып кел» — деген бұйрық берілді. Алып келмейтін болсам, өзім қамалатыным ескертілді. Тағы да Қарабұтаққа аттандым. Тағы да — жиналыс. Тағы да — биді жақтаған сөздер… «Алайда Сіз менімен бірге Ақтөбеге жүруіңіз керек» — дедім. Ол кісі түсінді. Жұрт жолымызға мол азық, киім-кешек, ақша берді. Ақтөбеге 15 күн жол жүріп жеттік. Қалаға келген соң: «Алдымен біздің үйге қонақ боларсыз?» — деп едім, «Жоқ, оның соңы саған қиын болар. Жатқызатын жеріңе бірден апар. Төрімнен көрім жуық адаммын. Бір ғана тілегім — көз жұма кетсем, еліме хабар жібер, сүйегімді туған жерге қойсын», — деді. Қолындағы қапшығын, ақшасын маған берді. Қапшықтың ішінде иленіп, жақсылап бүктелген жабағы терісі, 10 метр ақ мата, 3 дорба тұз, буда-буда таспа қайыс бар екен. Мен бірден түсіндім. Ал ақшаны Былшық бидің елге жазған хаттарын алып, жұрт сәлемін жеткізіп тұру үшін, түрме қызметкеріне бердім. 1932 жылы Былшық бидің қылтамақ ауруына шалдыққаны жөнінде хабар алдым. Маған олай-бұлай бола кетсем, елге хабар берсін, олар кешіккен жағдайда, мүрдені тұздап, салқын, көлеңке жерде сақтасын деген сәлем айтып жіберіпті. Оның айтқанын орындадық. Бірақ елінен ешкім келмеді. Амалсыз ортақ зиратқа жерледік». Қария әңгімесін аяқтап, тағы да біраз уақыт үндемей отырды да, сосын: «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге жайылар деген. Бұл әңгімені құпия ұста», — деді. Былшық бидің үстінен іс қозғалмағанын, оның түрмеге қамалғаны жөнінде еш құжат табылмайтынын қоса айтты. Кейін сол Әбдікәрім Наурызбаевтан көз жазып қалғаным, Былшық би туралы әңгімені одан әрі қазбаламағаным қазір өзіме балалық болып көрінеді. Ал би мүрдесі елге неге апарылмаған десек, бұл да — сол кездегі жұрт санасындағы үрейдің, қорқыныштың салдары. Естуімше, хабар алғаннан кейін жұрт қаражат жиып, ат-көлік беріп, қасына адам қосып, бидің бір баласын Ақтөбеге аттандырады. Бірақ жолда біреулер: «Барғаныңмен, әкеңнің мүрдесін ала алмайсың. Оның орнына өзіңді қамап қояды» — деп қорқытқан соң, баласы тәуекелге бара алмай, кейін қайтқан екен.

— Былшық би ауыр дерттен емес, аштықтан көз жұмған деп те жорамал жасалады. Яғни оны аштан өлтірген?

— Ондай сөз бары рас.

— Былшық бимен тұстас ақын-жыраулар шығармашылығында ол кісінің есімі қалған ғой. Осыған тоқталсақ…

— Бұл жағын да жиып-теріп, сақтап жүрмін. Сарышолақтың, Құрманалы Дәуітұлының оған арнаған жырлары бар. Құрманалы мен Мариямның айтысында да Былшықтың есімі өз жұртының бетке ұстар, аруақты адамдары қатарында аталады. Сонымен бірге, бүгінгі жырсүйер қауымға жақсы таныс Қуандық Шаңғытбаев ағамыз да Былшық би есімін мақтанышпен айтып жүретін болған. Себебі, ол кісінің ата-анасы Былшық бимен сыйлас адамдар болған. Кезінде анасы Былшық биге өтініш айтып, кішкентай Қуандықтың аузына түкірткен көрінеді. Қазіргі жастар бұл ырымды жиіркенішті көретін де болар. Бірақ Қуандық ағамыз мұны: «Ақындық қасиет маған аузы дуалы адамнан жұққан» — деп, мақтанышпен айтып отырады екен.

Былшық би атамыз жөнінде қолда сақталған деректер аз десек те, сол аз деректің өзінде көп өнеге жатыр. Соны төкпей-шашпай, келешек ұрпаққа жеткізу жолында тер төксек деген ниет еді көздегенім…

 

Әңгімелескен Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*