Басты бет » Мәдениет » Әттең, шолақ дүние-ай (қырық күн үлкен жүрек тоқтағалы)

Әттең, шолақ дүние-ай (қырық күн үлкен жүрек тоқтағалы)

Ақын тілімен айтқанда, «Бұл қазақта жігіттер бар марқасқа». Сондай сиректердің бірі Ғалымжан Нұрышев ініміз еді. Оның жарқын дүниемен мезгілсіз қоштасуы бұрынғы халық жоқтауларында айтылатындай:

Басына жастық қоя алмай,

Аузына сусын тоса алмай,

Көңілін сұрап бара алмай,

Ақ дидарын көре алмай,

Қапыда кеткен дүние-ай, —

дегізіп, артында қалған қалың елді мұңға бөлеп, бел қайыстырған ауыр қаза болды. Қас пен көздің арасында бәрімізді күйзелтіп, ел-жұртын егілтіп көз жұмды.  Парасат жеңсе — адам періштеден жоғары деген бар. Ақ пен адалдан жаралған азамат еді, періште пішіндес еді.

Билік тізгінін ұстап абырой-беделге ие болған, елін сүйген, елі сүйген тұлғаның қазасы бір отбасының не бір аймақтың емес, тұтас ұлттың азасы болмақ. Бұл қазаны да халық осылай қабылдады. Жүрегімен жылап қоштасты.

Кешегі күннен жүйрік жоқ. Марқұмның қырқы да келіп қалыпты.

Қырық күн үлкен жүрек тоқтағалы,

Біз оны көп айтармыз жоқтап әлі, —

деп бір кезде ұлы тұлғамыздан айрылғанда Әбділда ақын жырлағандай, біз әлі Ғалымжанды талай іздейтін, сағынып еске алатын, жоқтап жыр арнайтын боламыз.

«Азаматты кебенек ішінде таны» деген халық даналығы бар. Ғалымжанды алғаш көріп танысқанда-ақ мен оның тегін азамат емес екенін танығандай болдым. «Сыйласарлық тектінің кім танымас нұсқасын» деп бұрынғылар бекер айтпаған ғой. Мінезі мен сөзі жұмсақ жігіттің құлпы жібегі екен.

Келген кісіні құшақ жайып қарсы алып, қоштасарда төресіп шіренбей, есік аузына дейін шығарып салуы бөлек бір тәрбие мектебіндей Ғалымжан басқарған институттың үлкені мен кішісі, ұстаздары мен шәкірті бірдей жаныңнан сәлемдеспей өтпеуі басқа институт қабырғаларында кездесе бермейтін кішіпейілдік, ректор көрсеткен үлгі-өнегенің куәсі болса керек.

Несін жасырамыз, біздер аға буын өкілдері, бүгінгі ел билігінің тізгінін ұстап отырған інілеріміздің бойынан кешегі өткен аруақтар, ата-бабаларымыздың ғажайып адамгершілік қасиеттерін, білік-парасаттарының жалғасын көргіміз-ақ келеді. Көбіне бекер дәметеміз, кейбіреуінің сазарып шірене қалған тас мүсін қалыптарын көргенде көңіл құлазиды. «Менің жаным ашиды мына өмірді өтпейтіндей көретін адамдарға» деген ақын өлеңінің мағынасын сәл өзгертіп айтсақ, әлгілердің өздерін тақтан түспейтіндей сезініп ұстауларына шынында жаның ашиды. «Ұлық болсаң кішік бол, халық үшін бәйек бол» деген олар үшін жазылмағандай.

Мен Ғалымжан інімнің бойынан сол іздеген, дәметкен жақсы қасиеттерді таптым. М.Қашқаридай беделді ғұламаның сөзіне құлақ түрейік. «Түркілер көркемдік, сүйкімділік, жарқын жүзділік, әдептілік, жүректілік, үлкендерді, қарияларды құрметтеу, сөзінде тұру, мәрттік, кішілік, тағы сондай сансыз көп мақтаулы қасиетке  ие» деп жазған еді ол. Ал біз — сол түркі жұртының бүгінгі ұрпағымыз. Міне, арғы тегімізден келе жатқан осы аталған жан семірерлік жақсы қасиеттердің бәрі Ғалымжанның бойынан да, ойынан да табылатын.

Менің бәйбішем жоғары оқу орнында сабақ береді. Мұнда билік айтушылар көп болады екен. Бас-басына би болған жерде дікеңдеу, зіркілдеу басым. Проректор, кафедра меңгерушісі, курс жетекшісі және басқалары ғылыммен айналысыңыз деп маза бермегесін әйелім жасы келіп қалғанына қарамай кандидаттық диссертация қорғауға мәжбүр болды. Оны Х.Досмұхамбетов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде қорғау ұйғарылды. Осы жұмыс үстінде байғұс әйелім инемен құдық қазғандай күй кешті. Қорғататындар үміткерлерді жалынтып, сабылтып қояды екен. Атырауға жасаған талай азапты сапарлардан кейін әрең дегенде қорғау күні белгіленді. Бірақ қуанышымыз ұзаққа бармады. Министрліктің тікелей тапсырмасы деген желеумен әйелімнің жұмысы тағы кейінге шегеріліп, кезектен тыс басқа біреу алға түсті.

Мұндай қаным қайнамас. Көрер көзге жасалған қиянат пен әділетсіздікке бұдан әрі төзу мүмкін емес еді. Атырауға әдейілеп барып әлгі пысықайлардың сыбағасын сөзбен беріп қайтайын деп бекіндім.

Бармауыма Ғалымжан інімнің басу сөзі себеп болды. Сабама түсірген де — өзі. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді ғой. Мені қасына алып отырып Атырауға телефон шалды. Әуелі сондағы диссертациялық кеңестің хатшысы Ж.Хасанова ханымды біраз қысып алды. Бұрыннан сыйлас әріптестер секілді емін-еркін сөйлесті. «Менің жақсы көретін қадірлі жеңгемді неге ренжіте бересің. Келесі кезекте бірінші қарайтын болыңдар»,— деп шегеледі.

Ашқа тартқан кешке тартады деген рас. Әне-міне деп тұрғанда санын қысқартамыз деген желеумен Білім және ғылым министрлігі республикадағы 176 диссертациялық кеңесті түгелдей уақытша жауып тастады. Мұндай кеңес енді Атыраудан ашыла ма, жоқ па, ол жағы және беймәлім. Сөйтіп алаңдап жүрген күндердің бірінде, арада төрт-бес ай өткенде Ғалымжан інім үйге телефон шалып: «Аға, мен Астанада іссапарда жүрмін. Диссертациялық кеңес Атырау университетінен қайта ашылатын болды. Соны хабарлап сізден сүйінші сұрайын, жеңгемді қуантайын деп телефон шалып тұрмын», — десін. Міне, жігіт! Бұған қалай риза болмассың. Аузыңа май! — деп осындайда айтатын болса керек.

Адамның тірлікте шаруасы біте ме? Бұрынғылар «адамның күні — адаммен» деп тегін айтты дейсіз бе? Қайтыс боларының алдында ғана бір шаруамен Ғалымжанға және бардым. Ертерек барсам керек, әлі келе қоймаған екен. Көмекшісі кіріп-шығып жүр еді. Бір кез маған келіп: «Аға, ректормен жаңа ғана сөйлестім. Сіздің келіп отырғаныңызды айттым. Кешігіңкіреп келемін. Ағай ұзақ күтіп қалар, қайта берсін. Өзім телефон арқылы хабарласамын деп айтты», — дегені.

Институт ғимаратынан шыға бергенде осында сабақ беретін жақсы бір танысымды кездестіріп, сұрағасын жөнімді айттым. Одан «Босқа дәмеленбей-ақ қойыңыз. Ректор телефон соқпайды» деген қатал үкім естідім. Шамасы, мені қомсынған болу керек.

Сонан екі сағаттай уақыт өткенде телефон қоңырауы сыңғырлап қоя берді. Ар жақтан: «Аға, мен Ғалымжанмын ғой» деген інімнің майда қоңыр үні естілді. Мен кәдімгідей марқайып қалдым.

Адам — көңіл мен сыйлағанның құлы. Мен Ғалымжанның қатардағы көп ағаларының бірімін, оның үстіне зейнеткер дегендей, елемеуіне болар еді. Соған қарамастан ініміздің ізет-құрметі жоғарыдағыдай.

Тұрмағанбет шайыр дұрыс айтады: «Аға — деген ұл-қызды жаным десе болады». Оған қоса мақтауға лайық жігіт, тектілігі зор азамат қой.

Жылнамалар бізге жеткізді. Қазіргі жыл санауымыздың басында өмір сүрген император әулие Тит (Тит Флавий Веспасиан) ешкімге жақсылық көрсете алмаған күні кәдімгідей қамығады екен, жарықтық.

Біздің Ғалымжан ініміз де кісіге жақсылық жасай алмаған күнін босқа өткізгендей сезінген болар деп топшылаймын.

Сен де сүйдің халқыңды,

Бір-бірінен кем көрмей.

Халқың сүйді сені де,

Ешбір жанға теңгермей, —

деген жолдар Ғалымжандай асыл азаматтарға арналса керек.

Дана Абай атаған жігіттің үш қасиеті: «Нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайрат» Ғалымжанның бойына туа біткен парасаттар деп білемін. Ал күллі адамзат данышпан деп дәріптеген Конфуций айтқан: «Байыптылық, жомарттық, кеңпейілділік, адалдық және мейірбандылық  — асқан адамгершілікті көрсететін бес қасиет» бес қаруын асынғандай ініміздің өмірдің өзінен түйген тәлімі дер едім.

Амал не, жақсылардан бата алған, ақылымен жол тапқан, бес елі бағыменен ел тапқан патша ұлындай  тұрпатты тұлға дүниеден жарқыраған құйрықты жұлдыздай мезгілсіз ағып өтті. Иманы жолдасы болғай.

Дара дауысты әнші-ақын Табылды Досымовтың:

Ерліктері айналмайтын елеске,

Атыраудың алыбының бәрі есте, —

дегені бар еді. Тауып айтқан. Сол есте ұзақ сақталатын ерен тұлғалардың бірі — біздің Ғалымжан Нұрышев ініміз.

Н.ҚАРТБАЙҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

 

Кемел тұлға, жасампаз басшы еді

                                             

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтына басшылық жасаған Ғалымжан Жұмабайұлы Нұрышев пен оның ардақты да асыл жары профессор Күлімхан Бәйкенқызы Шөптібаевадан қапияда айрылып қалғанымызға қырық күн толыпты.

Азаматтықтың бастауы — отбасы. Ғалекеңнің әкесі Жұмабай ақсақал ел басына күн туған сұрапыл соғыс жылдарында 15 жасынан еңбек майданына белсене араласады. 1942 жылдан бастап ұжымшарда есепші болып еңбек жолын бастаған ол, кейіннен аудандық аудандық партия комитетінде нұсқаушы, кеңшардың бас экономисі, кеңшар директорының орынбасары, партия комитетінің хатшысы болып қызмет атқарады. Әкесінің туған ағасы Мырзабай Гурьев педагогикалық училищесін бітіріп, ұстаздық қызмет атқарған, ауыл интеллигенциясының алғашқы өкілдерінің бірі болған, өлең шығаратын қабілеті де байқалған. «Генерал мен ғалымдардың, даралардың анасы» атанған анасы Дәметкен еңбек жолын бастауыш мектептің мұғалімі боп бастаған. Ұстаздық қызмет пен отбасының тірлігін қатар атқарып, ағайынның да, үйдің де ұйытқысы бола білді. Ғалекеңнің ғылым жолына түсуіне Атырау өңіріне белгілі азамат, нағашы ағасы Әнес Бисеновтің әсері мол болды.

Текті әулеттің әсері Ғалекеңнің өмірде өз орындарын тапқан бауырларының да еліне елеулі, ортасына сыйлы азамат болып қалыптасуында анық байқалады. Үлкен ағасы Қайыржан генерал-майор шенін алып, Павлодар, Маңғыстау, Атырау облыстарында Ішкі істер басқармаларының  бастығы болып лауазымды қызметтер атқарды. Екінші ағасы Бақытжан ҚазМҰУ-дың журналистика факультетін үздік бітіріп, ұзақ жылдар Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінде жауапты қызметтерде болды. Кейіннен Атырау облыстық ішкі Істер басқармасында еңбек етіп, полковник шенінде құрметті демалысқа шықты. Қарындасы Гүлжиһан да ғылым жолына түсті, ол — философия ғылымдарының докторы, бірнеше оқулықтардың авторы. Бүгінде республикамыздағы іргелі оқу орындарының бірі Қазақ-Британ университетінде кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарады. Інісі Қамбар ҚазҰУ-дың заң факультетін үздік бітірді. Жақсы заңгер болып қалыптасты, қазір Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы болып еңбек етіп жатыр.

Ғалекең аяулы жары Күлімхан Бәйкенқызы Шөптібаевамен 27 жыл бойы қол ұстасып, өмірдің ыстығы мен суығын бірге өткерді. Күлімхан да текті жердің тумасы. Қазақтың біртуар ұлы Сәкен Сейфуллинмен тікелей туыстығы көп нәрсені аңғартады. Күлімхан Ғалекең шаңырағының ұйытқысы, ел-жұртына адал келін, жарына сенімді серік бола білді. Ғылым жолында өз ізін салғанымен, түз қызметінен гөрі үй қызметін таңдап, от басының берекесін сақтауға ұмтылды. Әрдайым Ғалекеңе жағдай жасап, үй тірлігінің күйбеңін сездірмеуге тырысты. Күлімханды Ғалекеңнің дос-жарандары қашанда, ал, соңғы 8 жыл бойы Ақтөбе өңіріндегі ортасы да, білімпаз ғалым, өнегелі ұстаз, жақсы жар, қадірлі ана деп таныды. Өз анасы тәрізді тазалықты, ұқыптылықты сүйген, байсалдылық пен шыдамдылықты өмірлік ұстанымы еткен жарына Ғалекең өмір бақи риза болып өтті.

Ғалымжан Жұмабайұлының  еңбек жолы негізінен жоғары білім саласымен байланысты. 1979 жылдан күні бүгінге дейінгі 33 жыл ішінде қарапайым оқытушыдан жоғары оқу орнының ректорына дейін көтерілді. Соңғы 8 жыл ішінде Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтындағы оқу-тәрбие үдерісіне инновациялық технологияларды кеңінен енгізу  арқылы білім беру ісін халықаралық стандарттар деңгейіне көтеру бағытында жасалған ірі қадамдардың бастамашысы бола білді. Аймақтық ортанқол жоғары оқу орны елімізге танымал оқу ордасына айналды. Халықаралық аренаға шықты, әлем университеттерінің Ұлы хартиясына қол қойып, осы мәртебелі қауымдастықтың толыққанды мүшесі атанды. Жиырмадан астам алыс және жақын шетелдік білім және ғылым орталықтарымен байланыс орнатты, институт іргесінен «Конфуций институтын» ашуға қол жеткізді. Республикада алғашқылардың бірі болып оқу жүйесіне кредиттік технологияны енгізді. Институт бірнеше мемлекеттік білім беру стандарттарының авторы атанды. Институт ұстаздары  жыл сайын «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» республикалық конкурсының жеңімпаздары қатарынан көрінуде.  Студенттеріміз жыл сайынғы республикалық пәндік олимпиадалар мен студенттердің ғылыми жұмыстарының конкурсында алдыңғы орындарды иеленіп жүр. Түлектеріміз республикада бірінші болып Президент шақыруына үн қосып, «Дипломмен — ауылға!» және «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі!» акцияларының бастамашысы болды. Түлектерімізге сұраныс географиясы бүкіл Батыс Қазақстанды қамтиды, білім беру ұйымдары басшыларының олардың кәсіби дайындығының сапасы туралы пікірі жоғары. 8 жыл ішінде ұшырған 10 мыңнан астам түлектеріміздің 70 пайызы ауыл мектептерінде еңбек етуде. Оқу ордамызға өткен ғасырдың 80-90 жылдары тағылған «Облысымыздың рухани орталығы» атты мәртебелі атақ қайта оралды. Осындай жетістіктердің нәтижесінде институт соңғы екі жылғы республика ЖОО Бас рейтингі бойынша педагогикалық ЖОО арасында 3-ші, 2-ші орындарды иеленді.

Бұл табыстардың барлығының бастауында білікті басшы, парасатты ұстаз, кемел тұлға Ғалымжан Нұрышев тұр. Оның бастамашылық қабілетінің негізін мақсаткерлік пен жаңашылдық құрады-ау деп ойлаймын. Ғалекең үнемі заман ағымындағы шаралар мен оқиғаларға дер мезгілінде үн қосуға шақыратын. Облыс, қала көлеміндегі әртүрлі саяси, мәдени-көпшілік шараларды өткізуде айрықша белсенділік танытатын. Болашақ жаңа тұрпатты ұстаз тұлғасын қалыптастыру мәселелері үнемі басты назарында болды.

Ғалекеңнің тағы да бір атап өтетін қадір-қасиеті — оның адамға, маманға, өз әріптестеріне деген жылы қабағы, шынайы қамқорлығы, жақсылық жасауға деген риясыз құлшынысы. «Ақыл көркі — тіл, тілдің көркі — сөз, кісі көркі — жүз, жүздің көркі — көз!» деп Ж. Баласағұн бабамыз бекер айтпаған ғой. Ғалекең, қазақ айтқандай, «болмасын деген оңбасын» ұстанымын ұнататын. Сонымен бірге, жалпақшешейлікті де қолдай бермейтін.

Шын жақсыны үлкен-кішілігіне қарамай қадірлей білді, «жақсы» деп келгенінің «жайсыз» екендігіне көзін жеткізгенде, одан іргесін аулақ салуға именбеді. Сөйтіп, институт ректоры жүргізген кадрлық саясат шынайы сындарлық сипатқа ие болды.

«Көп аузы — әулие», көзі — көреген. Ғалымжан мен Күлімхандай жайсаңдарымызды қапияда жоғалтқан шақта жан дертіне дәру, қам көңілге демеу боларлық нәрсе: «Сөз жоқ, сол асылдарымыздың сайраған ізі» деп сүйсінтер, тіршілікте қос Тектінің жас та болса бас боларлық пәрмендері бар, салмақты да салиқалы Санжары мен ақылы мен ажары тал бойына жарасқан Гауһарының амандығы.

Жаратқан ие екеуінің ғұмырын ұзақ қылғай. Тұлпарлар тұяқтарының арғы әулеттен, Жұмекең мен Дәметкен әжеден, Ғалымжан мен Күлімхан сынды әке-шешеден дарыған тектіліктің бергідегі шырақшылары бола білерлеріне, көрегеніміз бен көргенділеріміздің лайықты ізбасарлары бола аларларына сенім мол. Өмір заңы, тәлім-тәрбие пәрмені осыған меңзейді.

Абылай МҰХАМБЕТЖАН,

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының проректоры.                                

 

Асыл текті азамат еді

 

Өмір адам ойлағандай бола бермейді ғой, күні кеше ортамызда жүрген әріптесіміз, белгілі ғалым,  білікті басшы Ғалымжан Жұмабайұлының ойламаған жерден келмес сапарға аттанғаны қабырғамызға қатты батты. Өйткені ол тынымсыз еңбегімен, ақыл-парасатымен тек Атырау, Ақтөбе аймағында ғана емес, республиканың түкпір-түкпіріндегі дос-жолдастарының, замандастарының, сан мыңдаған шәкірттерінің құрметіне бөленген біртуар азамат еді.

Мен Ғалымжан Жұмабайұлымен 2001 жылы Атырау мемлекеттік университетінде қызмет етіп жүрген кезінде танысқан едім. Сол кезден бері сыйлас әріптес, бауыр болып, сөйлесіп, сырласып, мұңдасып, пікірлесіп келдік. Жүзі ізгілік пен мейірімге толы, көңілі дархан, үлкен жүректі, адам ретінде де, басшы ретінде де үлкен гуманист тұлға еді. Сырт тұлғасы, өзін-өзі ұстау мәнері, сөйлеу-сөйлесу мәдениеті, көпсөзділіктен ада, дәл әрі дәлелді, нақ та нық ой-пайымдары, жайсаң жаны айналасына имандылық пен әдептіліктің шуағын таратып тұратын. Еуразия университетінде проректор, өмірінің соңына дейін Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры болып қызмет еткен жылдарында талай жиындарда бірге болып, ниеттес пейілмен кездесіп-жүздесудің сәті де  түсті. Есіме алсам, қимас бауырдың кісілігін, парасаттылығын сипаттайтын кездесулер ойыма оралады.

Алтынның қолда барда қадірі жоқ екені рас екен. Әрдайым сыйлас, пікірлес інімнің  жақсылығын бағалай бермегенімді енді ойлап отырмын.

Ешқашан мақтанып-масаттануды жаны сүймейтін, қашанда тынымсыз тірлік пен мызғымас бірліктің жанында жүретін, адал еңбегімен елінің қадірлі де қасиетті азаматы дәрежесіне көтерілген жаны жаз, жүрегі жомарт Ғалымжан Жұмабайұлын Атырау мен Ақтөбе жұрты ерекше мақтан тұтатын. Өйткені лауазымды қызметтерде жүрсе де, ол өзінің қарапайым да кішіпейіл қалпынан айныған жоқ. Ол, сондай-ақ, бірнеше жыл қатарынан Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты болды, ел-жұрттың хал-жағдайымен танысып, шешімін таппаған  мәселелерді шешуге жан-жүрегімен кірісетін. Адамның қоғамдағы орны атқарған ісіне, көтерген жүгіне қарай бағаланады ғой.   Ол өзінің қарақан басын күйттеген жоқ, халқының, елінің тағдырын,  өзі басқарған оқу орнының қамын көбірек ойлады. Елін сүйген, өзі де еліне сыйлы бола білген осы бір нар тұлғаның ерте қалыптасқан қайраткерлік, адамгершілік қасиеттерін сөз еткенде ұлы Абайдың мына бір өлең жолдары еріксіз ойға оралады: «Үш-ақ нәрсе — адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек».  Осы үш қасиеттің үшеуі де  Ғалымжан Жұмабайұлының бойынан табылатын еді.

Сырт көз сыншы ғой. Дос-жолдастары, шәкірттері, таныстары  Ғалымжан Жұмабайұлының  небір тамаша қасиеттерін үлгі етеді. Танитын адамдардың қай-қайсысы да осы бір жаны жайсаң азамат туралы тек жақсы пікір ғана айтатын.

Осынау жанның табиғатына біткен сырбаз да сабырлы мінез, сұлу мәдениет, айналасына білім мен өнеге нәрін сіңіре жүретін шуағы мол мейірімді жүрек, ғылымның қия төскейі мен қатпарлы қабаттарын қайыспай, қажымай қақ жаратын қайсар қуат, жылдар өзені жылжып озған сайын арнасын молайта түскен азаматтық тұлғасы мен парасат әлемі өмірдегі өшпес орнын белгіледі.

Саналы ғұмырының көп уақытын ұлтының болашағын қалыптастыруға, тәрбиелеуге, оқытуға, өсіріп-өркендетуге арнаған, теңіздің тұңғиығы теңдес  білімімен суарылған мазмұнды дәрістерімен де, сырбаз да салмақты  мінез-табиғатымен де, әрбір жастың жанына серік болып, жүрегінде от алауын тұтатқан ғылыми оқулық, еңбектерімен де ұстаздықтың ұлы үлгісін танытып кетті.

Елім деп еміреніп, өзі үшін ғана емес, өзгелер үшін өмір сүруді мақсат еткен абзал азаматтың халқына берері әлі де көп еді. Тағдырға не шара, абзал азамат күтпеген жерден мерт болып, арамыздан ертерек кетті. Көңілге медеу болатыны — артында өшпес ізін, игі ісін, ой кестесін, таным-тағылымын қалдырды.  Жаны жайсаң абзал азаматтың бейнесі, есімі халық жадында сақтала бермек.  «Көзден кетсе де, көңілден кетпеген»   абзал азаматтың өнегелі өмір жолы ұмытылмақ емес.

Әбдімүтәліп ӘБЖАППАРОВ,

 Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік

технологиялар және инжиниринг

университетінің  ректоры, профессор.                      

 

Дегдар

 

2004 жылы:  «Ақтөбеде мемлекеттік педагогикалық институт ашылатын болыпты» — деген хабар шығысымен жұртшылық жаңа оқу орнының басшысы кім болады екен деп елеңдесті.  «Анау келеді екен, мынау келеді екен…» деген әңгімелер желдей есті.

Келді. Ғалымжан Жұмабайұлы Нұрышев. Экономика ғылымдарының докторы. Профессор. Кіндік қаны тамған жері — Атырау. Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде проректор болып жұмыс істепті. «Алды кең екен!» — десті кіргендер. «Нағыз зиялы!» — десті үлкендер. «Өте мәдениетті екен, нағыз ғылым адамы екені көрініп тұр» — десті ғалымдар. Сол тұста  облыстағы мемлекеттік тілді дамыту орталығында жұмыс істеп жүрген маған ол кісімен жүздесудің сәті түсе қойған жоқ. Бірақ Сәтжан Дәрібай екеуміз журналистік дағдымен пединститут жаққа құлақ түре жүрдік. «БАҚ-қа көзқарасы дұрыс екен. 80 жылдық мерейтойы аталып жатқан «Ақтөбе» газетіне шашу ретінде біраз қаржы аударыпты» — деген әңгімені естіп, ішім жылып қалды.

Көп кешікпей «Ақтөбе» газетіне қайта оралғасын Ғалымжан Жұмабайұлымен етене араласа бастадық. Жұрт, айтса айтқандай, келісті кісі екен.  Өте мәдениетті. Жылы қабылдап, күліп сөйлеседі екен. Тіпті бір кездесуден кейін-ақ жақын бауырым сияқты әсер қалдырды.

Шерхан Мұртаза ағамыз «арқалағаны — алтын, жегені — жантақ түйеге» теңеген қазақ журналистерінің аузынан ақ май ағып отыратын  күні шамалы.  Жұрттың жыртығын жамаймыз деп жүгіріп жүретін жазғандардың өздерінің де  іші тоңып жүретінін былайғы жұрт көп біле бермейді. Не мемлекеттік қызметтің, не бюджеттік қызметтің санатына енбейтін журналистер, ең аяғы,  үйдің  кезегіне де тұра алмайды. Әсіресе,   пәтерден пәтерге көшіп жүретін жастар жағына тіпті қиын. Мұндайда газеттің де жұмысы ақсай бастайды.

Бірде біздің қыздардың қабағы тым салбырап жүрді. Жұмысқа кешігіп келу, материалды уақытында бермеу сияқты «індет» орын ала бастады. Шақырып алып, сөйлессем, жағдайлары тіпті қиын екен. Тұрып жатқан пәтерлерінің құны көтеріліп, шығып кетіпті. Қалада пәтер бағасы күйіп тұр. Онсыз да айлық жалақысының жартысынан астамын «қожайындарына» беретін қыздар не істерлерін білмей, жыларман халде жүр екен. Аяқ астынан не дерімді білмей қалдым. Сасқанымнан: «Жатақханаға тұрасыңдар ма? — деппін. «Әрине, тұрамыз, бірақ студенттерге орын жетпей жатқанда бізді кім жолатсын…» — дейді қыздар төмен қарап.

Дереу Ғалымжан Жұмабайұлына жеттім: «Солай да солай…». Мені мұқият тыңдаған Ғалекең сәл ойланып қалды. Адамның басына әуелі күдік келеді ғой. «Ай, келіспейтін шаруа болды-ау» — дедім іштей. «Қиындау іс екен…» — деді Ғалымжан Жұмабайұлы, — өйткені жатақхана мәселесі өзімізде де күйіп тұр. Сосын… құзырлы органдар да жиі тексереді». Бір кезде маған қарап күліп жіберді. Сірә, түрім өзгеріп кетсе керек. «Ой, Бауке, шешеміз! — деді сосын. — Менің атыма хат жазыңыз, — деді әуелі. Бір кезде көзінде ұшқын пайда болды, сірә, ретін тапса керек: — «Қыздарыңызды институттың газетіне жарты ставкаға жұмысқа алайын. Әрі оларға қосымша нәпақа болады, әрі пединституттың қызметкері атанғасын, тексеруші органдардың да тісі батпайды». Сөйтті де жатақхана мәселесіне жауап беретін орынбасарына дереу тапсырма берді.

Көңілім көкке екі-ақ елі жетпей оралдым. Жатақханада тегін тұрып қана қоймай, қосымша табыс табатындарын естіген қыздарым тіпті мәз болды. Екі-үш күнде көшіп алды. Жатақхана құтты болып, үй алып шыққандары да бар.

Көп  ұзамай педагогикалық институт ірі мәдени ошаққа айналды. Ай сайын халыққа қажетті мәдени шаралар өтеді де жатады. Ұлттың жоғын іздеген адам әуелі пединститутқа, оның ректоры Ғалымжан Нұрышевқа бас сұғады. Кірген адамның шаруасы түгенделіп, көңілі жайланып шығады. Әсіресе пединститут пен «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің басын біріктіріп отырған «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС-ның арасында  керемет бір жылы қарым-қатынас орнады. Бірдеңе ұйымдастыратын болсақ: «Ғалымжанға барып келсеңші…» — дейді Мейірхан ағам. Ғалекең қуана қарсы алады. 2007 жылы өмірден ерте кеткен аймаңдай дарын Төлеген Айбергеновтің туғанына 70 жыл толған мерейтойын дүрілдетіп өткіздік. 2008 жылы марқұм Әлімбай Ізбайдың туғанына 50 жыл толу құрметіне орай ұйымдастырылған мүшәйраның қорытындысы пединституттың Студенттер сарайында өтті. Ғалымжан Жұмабайұлы осы шараға ат салысып қана қоймай,  мүшәйрада көзге түскен бір студентті дереу грантқа ауыстырды. Бұл — отбасылық жағдайы ауыр бойжеткенге үлкен көмек екені өз алдына, біздің шарамыздың да мазмұнын күрт арттырып жіберген іс болды.

Менің, Сәтжан Дәрібайдың «Жазушы» баспасынан кітаптарымыздың да тұсаукесері осы Студенттер сарайында өтті. Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе филиалының жанынан құрылған жас әдебиетшілердің «Шұғыла» әдеби бірлестігі де осы жерден қанат қақты.

Ақын-жазушыларға, журналистерге  деген ықыласы ерекше еді. Ол кісі тізгін ұстап тұрған кезде төрт журналист — Идош Асқар, Мейірхан Ақдәулетұлы, Ертай Ашықбаев, Раукен Отыншиндер —  «Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының құрметті профессоры» атанды.

Жалпы қазақ шаруасын бітіріп беретін адамды ығыр қылады ғой, мен де Ғалымжан Жұмабайұлының алдына  көп бардым. Оқудан шығып кеткен журналист, оқу ақысын төлей  алмай жүрген жас әріптес, жұмысқа тұрғысы келетін жас маман, шығармашылық кешін өткізгісі келетін дос… бәрі маған келеді де,  мен пединституттан бір-ақ шығатынмын. Соның бірде-бірінде (!) Ғалекең бетімді қайтарған емес. Бірде Ақтаудан келген ақын Әнуарбек Бимағамбеттің  жылы қабылдап, үзіліп қалған оқуын қайта жалғастыруға мүмкіндік туғызған ағасына қатты риза болып: — «Алды кең кісі екен…» — деп мәз болғаны бар.

Бірнеше рет сапарлас болдық. Бірде Астанада отбасы туралы шешіліп әңгіме айтқаны бар. Әйелі Күлімхан Бәйкенқызы да үлкен ғалым екен. Ұлы мен қызы туралы да сүйсіне әңгімеледі.

Келіншегім сонда жұмыс  жұмыс істейтіндіктен пединститтуттың ішкі «кухнясынан» да хабардар едім. Ғалекең — қатал да әділ басшы екен. Кейде тіпті қуырып алатын көрінеді. Бірақ, жақсының ашуы жібек орамал кепкенше, сәлден соң жайдары қалпына түседі екен. Күліп отырып-ақ тізгінді мықты ұстапты. Барлық жағдайды бағамдап отырып, шын мұқтаж адамға дереу көмек береді екен. Сондықтан да оны институт қызметкерлері қатты сыйлаған. Бір мерекеде тіпті техникалық қызметкерлер жиылып, ректорға сыйлық ұсыныпты. Әрине, кереметтей мықты сыйлық емес, бірақ олардың ықыласы Ғалымжан Жұмабайұлын қатты толқытыпты.

Белгілі ғалым, журналист Бауыржан Омарұлының «11-қаламұш» атты кітабында мынадай бір қызық дерек бар. Торғай өңіріне іссапармен барған «Қазақстан пионері» газетінің тілшісі Сапарбай Парманқұлов бір келеңсіздікті көріп, соны ескертпекке облыстық комсомол комитетінің хатшысына кіреді.   Хатшыда көзілдірікті бір кісі отыр екен. Оған назар аудармай,  шаруасын жедел айтып болып,  орнынан тұра берген Сапарбайдан әлгі кісі жөн сұрап, хатшыдан оны әуежайға жеткізіп салдыртуды өтініпті. Ол кісінің кім екенін есік алдына шыққасын бұлқан-талқан болған хатшыдан естиді. Сол кезде дүрілдеп тұрған «Лениншіл жастың»   бас редакторы Сейдахмет Бердіқұлов екен. Ол кісі келе салысымен: «6-қабатта «Лениншіл жастың» тілшісі отыр! — деп Сапарбайды дереу іздетіп, қызметке алыпты. (Ол кезде «Дәуір» баспа үйінде «Қазақстан пионері» — 6-қабатта, «Лениншіл жас» 7-қабатта орналасқан болатын — Б.Б.)

Міне, осындай талағында биті бар жасты Ақтөбе мемлекеттік институтының студенті ретінде көргісі келетін қасиет Ғалымжан Жұмабайұлында да бар еді. Белгілі ақын Ертай Ашықбаевтың 55 жылдығына арналған кеште бір оқушының өлеңі мен сөзін ұнатқан ол: «Мына баланы біздің пединститутқа қабылдау керек. Егер грантқа түсе алмай қалып жатса, ішкі мүмкіндіктерімізбен көмектесеміз» — деп дереу қасындағыларға тапсырма беріп жатты…

…Ажалдың  аты суық. Әсіресе кенеттен келген қазаның. Сейсенбі күні таңертең  облыстық әкімдіктен Любовь Чернова телефон соғып: «Ғалымжан Жұмабайұлы әйелімен бірге түнде жол апатына ұшырап, қайтыс болыпты…» — деген хабарды естірткенде мен есімнен танып қала жаздадым. Менен естіген редакция қызметкерлері де есеңгіреп қалды. Сол күні ешкімнің жұмысқа қолы барған жоқ…

Ертеңіне де әрі-сәрі күйде жүрдік. Номерді баспаға тапсырған күні түнде кенет шошып ояндым.  Бір сәтке кешеден бергі оқиғалардың бәрі түс сияқты, Ғалекең тірі жүрген секілді көрініп кетті. «Ендеше біздің қос ғалымның қазасына арнап, бет ұйымдастырғанымыз әбес болды-ау, ертең Ғалымжан Жұмабайұлы не дейді? Дереу кезекшіге телефон соғып, газетті  тоқтату керек…». Орнымнан көтеріле бере, сылқ етіп қайта құладым. Алланың ісін пенде жоққа шығара алған ба, сірә…

Ертеңіне айтсам, Мейірхан аға да тура осындай жайтты бастан кешіпті.

Біз ғана емес, бүкіл Ақтөбе жұртшылығы есінен танып қалғандай. Қаралы хабар естілген бойда жастар жағы әлеуметтік желілер арқылы бір-біріне көңіл айта бастады. Ол кісінің жақсылығын көрмеген, алақанының жылуын сезінбеген адам жоқ екен ғой…

Сәрсенбі күнгі облыстық мәслихаттың отырысы Ғалымжан Жұмабайұлын еске алудан басталды. Екі күн бойы пединститутта өткен қаралы жиында сөйлеген адамдардың бәрі Нұрышевтен көрген жақсылықтарын айтты. Институттың бұрынғы түлектері де жер-жерден келіпті…

Қазір ойлап қарасам, оның жер бетіндегі миссиясы — адамдарға жақсылық жасау болған екен. Жақсылығы аз, сол аз жақсылықтың өзі есеппен жасалатын заманда Ғалекеңнің тұлғасы  зорайып көрінетіні содан екен…

«Сендер — ғапылсыңдар!»  — дейді Құранда. Ғапыл екеніміз рас қой. Ешқашан өлмейтіндей алшаңдап басып жүреміз. Болмашы нәрсеге бір-бірімізді сілейтіп салып, айызымыз қанады. Мүмкін, Ғалымжан секілді жақсыны жарымен бірге қасиетті Рамазан айында қасына алып кету  арқылы  Алла Тағалам  бізге тағы бір ой салайын деген шығар…

«Жігіттер Астанаға кел деп шақырып жатыр…» — деп еді бірде. «Нұрышев басқа жоғары оқу орнына ауысқалы жатыр екен…» —  деген де пыш-пыш әңгіме шыққан. «Ауысып кеткенде, мүмкін…». «Ұшақпен ұшқанда…».  Жұрттыкі, әрине, пендешілік. Жазуынан асқан пенде жоқ қой өмірде…

Кезек күтіп тұрғандай сезіне біл,

Алдыңдағы апанның басына кеп… — депті Мұқағали Төлеген ақын қайтыс болған кезде жазған жырында. Осындай сәттерде ажалды ойлап тәубаға келгенмен, тірі адам тіршілігін жасай береді ғой. Бәлкім, адамзаттың ең үлкен бақыты да —  қашан, қандай жағдайда өлетінін білмейтіндігінде шығар…

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ,

«Ақтөбе» газетінің бас редакторы.

 

 

3 пікір

  1. Жылы сөздеріңізге ризамын. Шын жүректен шыққан дүниелер екені көрініп тұр. Қолдан келер амал жоқ.
    Қайран, Ғалымжан! Қайран, Гүлімхан!

  2. Ғалымжан ағаның қамқорлығын көрген жастың бірі – менмін! Осы кісінің орны мен үшін бір төбе! Ақтөбеліктердің өздері басымыздан сипай алмай, кеудемізден итергенде, қолдау көрсеткен осы ағам еді. “Жақсылар ана жаққа тез кетеді” деуші еді ауылдағы қарт әжем. Рас екен гой… Алла орныңызды жұмақтың төрінен қылсын! Тәңірім біліп те білмей жасаған қателіктеріңізді кешірсін! Біз сізді ұмытпаймыз!

  3. Әлменбетова Уржамал

    Ғалымжан Нұрышев марқұм кезінде Л.Н.Гумилев университетінде ғылыми істер жөніндегі проректор қызметін атқарды. Ол көмек бермеген, қолдау көрсетпеген оқу орнында адам жоқ шығар сірә, Әлі күнге дейін сондай басшыны кездестіре алмадық. Адам жанының арашасы еді. Рухы биік, адамгершілігі мол азамат болатын. Алдына келген ғалым да, оқытушы да, ғылыми қызметкерде, универдің барлық адамына уақыт тауып, тыңдап, қолынан келген көмегін аямайтын. Міне арада қанша уақыт өтседе біздер Ғалымжан ағамызды ұмытпаймыз. Оны еске алып, үнемі жақсылықтарын айтып жүреміз. Өйткені ондай адамдар жоқ қазіргі кезде.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*