Басты бет » Басты жаңалықтар » Акционер болғыңыз келсе…

Акционер болғыңыз келсе…

Қыркүйек айынан бастап «Халықтық ІРО» бағдарламасына қатысуға ниет білдірген Қазақстан азаматтарының өтініштері қабылдана бастайды. Егер сіз осы бағдарламаға қатысып, акционер атанғыңыз келсе, брокерлік компаниялар арқылы құжаттарыңызды рәсімдей аласыз. 

… Өткен аптада Астанада «ҚазТрансОйл» АҚ — «Халықтық ІРО» бағдарламасының қатысушысы» атты шара өтті. «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен Қазақстан баспасөз клубының қолдауымен өткізілген семинарға «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Инвестициялық жобалар департаментінің директоры Ержан Тұтқышев, «ҚазТрансОйл» АҚ Бас директорының даму жөніндегі орынбасары Болат Зәкіров, «Қазақстан қор биржасы» АҚ Басқарушы директоры Андрей Цалюк, «Казкоммерц Секьюритиз» АҚ Басқарушы директоры Дәурен Тасмағамбетов, Қазақстан баспасөз клубының президенті Әсел Қарауловалар қатысты.  

Шара спикерлері «Халықтық ІРО» бағдарламасының іске асырылу барысы, осы бағытта жасалған һәм алда жасалатын жұмыстар жөнінде, бағалы қағаздар нарығының инфрақұрылымы, брокерлік қызмет көрсетудің ерекшеліктері, эмитент-компаниялардың қор нарығындағы жұмысы, аталған бағдарламаның алғашқы қатысушысы «ҚазТрансОйл» АҚ қызметі туралы әңгімеледі. Мархабат…

Ақтөбеліктер белсенді

Ержан Тұтқышев,

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Инвестициялық жобалар департаментінің директоры:

— Бағдарламаның негізгі жүзеге асырушысы — «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры. Аталған акционерлік қоғам бұрын-соңды мұндай бағдарламаны жүзеге асырып көрмегендіктен, яғни бұл салада тәжірибесі болмағандықтан, әлем бойынша ІРО бағдарламасына қатысты тәжірибесі бар халықаралық қаржы және басқа да кеңесшілерді тартты. Халықаралық кеңешілермен бірге бірнеше жұмысты атқардық:

Әлемдік тәжірибені сараптадық. Еліміздің бұл бағдарламаны жүзеге асыруға дайындығын, заңнама жайын, тұрғындардың қаржылық сауаттылығын, акцияларды инвестициялауға дайындығын, құнды қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларының, қор рыногына шығатын компаниялардың дайындығын сараптадық.

«Халықтық ІРО» бағдарламасы тұрғындарға еліміздің ірі компанияларының акцияларына иелік етуге, қазақстандық құнды қағаздар нарығының одан әрі дамуына, ұлттық компанияларда жариялылық пен корпоративті басқаруды дамытуға, болашағы бар инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыру мақсатында қосымша қаржыландыру көзін табуға мүмкіндік береді. Бұның барлығы, сайып келгенде, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына септігін тигізеді. Сондықтан үкімет тарапынан бұл бағдарламаны жүзеге асыруға үлкен көңіл бөлініп отыр.

Бүгінгі күні қандай шаруалар істелді? Алдымен қор нарығына шығатын үміткер компаниялар іріктелді. 400-ден астам компанияға қатысты сараптама жүргізіліп, 9-ы ғана іріктелді, олар мыналар — «ҚазТрансОйл», «КЕГОК», «ЭйрАстана», «ҚазТрансГаз», «Самрұқ-Энерго», «Қазақстан Темір жолы», «Қазтеміртранс», «ҚазМұнайГаз», «Қазатомпром» акционерлік қоғамдары. Бұл тізімде бірінші болып  «ҚазТрансОйл» АҚ тұр, қор нарығына алғашқы болып шығатын осы компания. Көрсетілген компаниялар өз акцияларын қор биржасына орналастыруға былтырдан бері дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл процесс кейбір компанияларда 1 жылдан 3 жылға дейін жалғасады. Дайындық жөнінен «ҚазТрансОйл» АҚ-ның көрсеткіштері жақсы, бұл компания барлық талаптарға жауап беріп, өз акцияларын қор биржасына шығаруға бір жылдың ішінде толық дайындалып шықты.

Сонымен бірге кейбір заңдарға өзгерістер енгізілді, ақпараттық-түсіндіру шаралары,  тарифтік реттеуді жетілдіруге бағытталған нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Азаматтардың бұл бағдарламаға қатысу арқылы тәуекелге бел буатыны жасырын емес, өйткені акцияны инвестициялауға қатысты бағдарламалардың барлығы тәуекелге байланысты болады. Бұл жағдайда тәуекелді мүлде жойып жіберу мүмкін емес, оны тек азайтуға ғана болады. Азайтудың тәсілдерінің бірі — компания жөнінде, оның жұмысына қатысты толық ақпарат беру. Әлем елдерінде жүргізілген осы секілді бағдарламаның қателіктерінің бірі — барлық компанияның акцияларын бірден шығару. Ал дұрысында акцияларды бірте-бірте орналастыру қажет. Сол кезде ғана тұрғындар бір компанияның акцияларын сатып алып, кейінгілеріне қатысу-қатыспауын байыппен шешетін болады. Баға мәселесін де содан кейін бір жүйеге келтіруге болады.

Сонымен бірге корпоративті басқаруды жоғары стандарттарға сәйкестендіру, компанияларды іріктеу жүргізілді. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, тәуекелі жоғары компаниялардың акцияларын орналастыру тиімсіз, сондықтан бұл бағдарламаға акциялары сыртқы әсерлерден, нарықтың қаржылық жағдайына тәуелсіз компаниялар іріктелді.

«Халықтық ІРО» бағдарламасының классикалық жекешелендіруден қандай айырмашылығы бар?  Ел қаржылық қиындыққа душар болғанда, бюджетті толтыру және әлеуметтік міндеттемелерді орындау мақсатында классикалық жекешелендіру жүргізіледі. Ал қазіргі «Халықтық ІРО» жағдайында олай емес, алынған қаражат компанияның өзінде қалады, қаржы компания бизнесін дамытуға тартылады, «матрацтың астында жатқан» ақша ел экономикасы үшін жұмыс жасайтын болады. Сонымен бірге жинақтаушы зейнетақы қорларына жоғары дәрежелі эмитенттерді ұсынады, яғни, зейнетақы қорларына азаматтардың жинақ ақшасы бойынша кірісті арттыруына мүмкіндік береді.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, адам акцияны сатып алғаннан кейін кәсіпкер болып есептеледі және кәсіпкерлердің барлығы секілді тәуекелдерге басын тігетін болады, яғни, ол акциясын сатып алған компания таза пайда таппаса, дивиденд ала алмай қалуы мүмкін.

Бұл еліміз үшін, тіпті көрші елдер үшін, мысалы Ресей үшін де шын мәнінде жаңа бағдарлама, пікір де екі түрлі, бірі қолдаса, екіншісі бұл бағдарламаның тәуекелі үлкен деседі. Қалай болғанда да біз бұл бағдарламаны үлкен дайындықпен бастайын деп отырмыз. Десек те, тұрғындарға айтарымыз, акцияны сатып алуға қолындағы барлық ақшасын, соңғы ақшасын салып жіберуге болмайды…

Акционер болуға ниеттенген адам бұл бағдарлама жөнінде толық білгені жөн. www.halyk-ipo.kz сайтында бағдарлама жөнінде барлық мағлұмат бар. Сонымен бірге «Халықтық IPO» шарттары жөнінде тегін қоңырау шалуға болатын callцентр жұмыс жасап жатыр. Қазір бұл callцентрге хабарласу тұрғысынан Алматы, Астана мен Ақтөбе облыстарының тұрғындары белсенділік танытып отыр.

«ҚазТрансОйл» АҚ — алғашқы!

Болат Зәкіров,

«ҚазТрансОйл» АҚ Бас директорының даму жөніндегі орынбасары: 

«ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамы — «Халықтық IPO» Бағдарламасына қатысушы алғашқы компания, бағдарламаның пионері. Акционерлік қоғамның аталған бағдарламаға қатысушы компаниялардың алғашқы эшелонына кіруінің себебі бар. Біріншіден, басқаларына қарағанда компанияның өндірістік көрсеткіштері тұрақты, корпоративтік басқару деңгейі, техникалық дайындығы жоғары. Талапқа сай, компания қор биржасына кемінде үш жылғы қаржылық есеп-қисабымен келуі керек. Ал оны біз бірнеше жыл қатарынан жүргізіп келеміз.

5 мың шақырымнан астам магистральді мұнай құбырына, 2 мың шақырымнан астам су таратқыштарына иелік ететін ірі мұнай тасымалдаушы компанияның тұрақты клиенттік базасы бар.

Мұнай құбырлары жүйесі еліміздегі мұнай өндірісі үшін аса маңызды, «ҚазТрансОйл»  компаниясы мұнай өнімдерін бірнеше бағыт бойынша ішкі, сыртқы рынокқа шығарып отыр. 1997 жылы құрылған «ҚазТрансОйл» компаниясының жарғылық капиталына мемлекет 100 пайыз қатысса, қазіргі уақытта компанияның жалғыз акционері «ҚазТрансОйл» ұлттық компаниясы болып табылады. Акционерлік қоғам клиенттерінің қатарында 80-нен астам компания бар, олардың арасындағы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Теңізшевройл» АҚ, «ҚазМұнайГаз» Барлау. Өндіру» АҚ секілді бірнеше ірі компанияны атауға болады. «ҚазТрансОйл» өз қызметін Қазақстанның барлық өңірлерінде жүзеге асырып келеді, 15 жылдық тарихында компания магистральді құбырлар жүйесін дамытуға қатысты қыруар жұмыс жасады, бірнеше бағыттарда мұнай құбырларын жүргізуге қатысты үлкен жобалар жүзге асырылды. 15 жылғы жағдаймен салыстырғанда қазір біздің мұнай компанияларымыздың мұнай жеткізуге қатысты таңдауы үлкен.

Компания өз жұмысында қашанда жаңа идеяларды, инновациялық технологияларды бірінші болып енгізуге тырысады. Акционерлік қоғамның аталған бағдарламаға қатысушы компаниялардың алғашқы эшелонына кіруінің себебі осындай жетістіктердің арқасында деп есептеймін.

Қазір біз «Халықтық IPO» Бағдарламасына қатысу тұрғысынан кеңесшілер тобымен жұмыс жасап отырмыз. Бірінші, яғни дайындық кезеңін сәтті өткіздік. Келесі, акцияларды орналастыру кезеңіне кірістік. Қазір орналастыру параметрлерін, акция бағаларын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қыркүйек айында тұрғындардың өтніштерін қабылдай бастаймыз.

Акционер болу үшін не істеу керек?

Дәурен Тасмағамбетов,

«Казкоммерц Секьюритиз» АҚ Басқарушы директоры:  

— «Халықтық IPO» Бағдарламасына қатысуға ниет білдірген адам ең алдымен брокерлік компаниялармен жұмыс жасайтын болады. Брокерлік компания дегеніміз — клиенттің мүддесі үшін эмиссиялық құнды қағаздармен және басқа да қаржы инструменттерімен мәмілелер жасайтын құнды қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы. «Казкоммерц Секьюритиз» АҚ — осындай брокерлік компаниялардың бірі. Қазір елімізде шамамен 25 шақты осындай брокерлік компания бар, алдағы уақытта бұл тізім толықтай жарияланатын болады.

Сонымен сіз акция сатып алғыңыз келді делік. Ол үшін алдымен жеке куәлігіңізді, салық төлеушінің номерін, жеке сәйкестендіру номерін және жұбайыңыздың осы бағдарламаға қатысуға қарсы болмайтыны туралы анықтама алып, брокерлік компанияға барасыз. Бір өкініштісі, қазір брокерлік компаниялардың барлығы Астана және Алматы қалаларында ғана орналасқан. Сондықтан басқа облыстың тұрғындарына аталған бағдарламаның трансфер-агенті болып есептелетін «Қазпочта» АҚ-на баруына тура келеді. Брокер сізге құнды қағаздардың орталық депозитарийінен брокерлік шот ашып береді.

Бұдан кейін бұқаралық ақпарат құралдарында бағдарламаға қатысушы алғашқы компания «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамының акциясы қанша тұратыны жөнінде сарапшылардың есептері жарияланады. Баға ел тұрғындарына қолжетімді болуы керек. Баға белгілі болған соң брокерлік шотыңызға алатын акцияңыздың бағасы мен санына байланысты банктік шотыңыздан қаржы аударып қоюыңызға болады.

Осыдан соң «Өтініштер кітабының» ашылуын күтесіз. «Өтініштер кітабының» ашылуы мен жабылуы туралы тұрғындар брокерден, трансфер-агенттен, www.kaztransoil.kz  және  www.halyk-ipo.kz сайттарынан, не болмаса бағдарламаның 8 800 080 5070 тегін телефоны арқылы білуіне болады. Бұл ақпарат тамыз айында жарияланады деп жоспарланып отыр. Акцияны сатып алушы мен ол алуға ниеттенген акция саны «өтініштер кітабына» жазылады. «Өтініштер кітабы» қыркүйек айында бір ай уақыт бойы тұрғындардан өтініш қабылдайды, бір айдан кейін ол жабылып, орталық депозитарийде есеп жүргізіледі. Сіз брокеріңізден акцияны сатып алғаныңыз, шотыңызда акцияңыздың бар екені жөнінде хабарлама алғаннан кейін толыққанды акционер болып есептелесіз.

Акция қандай да бір қағаз түрінде не сертификат түрінде берілмейтінін ескеру керек. Акция иесі екеніңізді дәлелдейтін жалғыз құжат — брокерден алған банктегі дербес шотыңыздан алынған көшірме.

P.S. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Инвестициялық жобалар департаментінің директоры Ержан Тұтқышевтің айтуынша, «Халықтық IPO» Бағдарламасын жүзеге асыру барысында 2006 жылы жүргзілген «Қазақтелеком» АҚ акцияларын сату барысында кездескен қиындықтар болмауға тиіс, яғни «Қазпошта» филиалдарында тұрғындар шұбатылған кезекке тұрмауы үшін брокерлік шот ашумен айналысатын кемінде 5 адам жұмыс жасайтын болады. Е.Тұтқышевтің айтуынша, бағдарлама аясында  «Қазпошта» АҚ-ында 3 мыңға жуық қызметкер жұмыс жасайды.

«Ал акция бағасы 10 мың теңгеден аспауы керек. Ең алдымен өтініштерді жеке тұлғалардан қабылдаймыз. Сонымен қатар, акциялар бір-екі адамның қолында кетпеуі үшін ең аз сомаға өтініш беріп отырған тұрғындардың арыздарын қанағаттандыруға тырысамыз. Халық алып болғаннан кейінгі қалған акция зейнетақы қорларына беріледі», — дейді Е.Тұтқышев.

Шара барысында Қазақстан қор биржасының вице-президенті Андрей Цалюк Қазақстан қор биржасының (KASE) «Халықтық IPO» Бағдарламасын іске асыруға қатысты дайындық деңгейі жөнінде және жария мәртебесі бар компаниялар қызметін БАҚ беттерінде жариялаудың ерекшеліктері туралы айтты.

Қазақстан баспасөз клубының президенті Әсел Қараулова, сарапшы, экономикалық журналистика бойынша жаттықтыршы Төлеген Асқаров пен Қазақстан баспасөз клубының  қаржылық коммуникациялар тәжірибесінің жетекшісі Әсел Нұрғазиналар журналистерге қазақстандық іскерлік баспасөздің ерекшеліктері, «Халықтық IPO» тақырыбын ұсынудың қыр-сыры, жария мәртебесі бар компаниялар жөнінде материалдар дайындаудың ерекшеліктері жөнінде әңгімеледі.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Бір пікір

  1. Қазақстан Республикасындағы брокерлік компанияларды атап өтесіз бе?

    Сонымен бірге олардың даму мәселесіне өз ойыңызды айтыңыз.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*