ҰБТ: біздің облыстың білім сапасы — екінші орын

Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысында біздің облыс республика бойынша екінші орын алды. Орташа балл — 78,7. Сынаққа қатысқан 5573 оқушының 861-і (15,4 пайыз)100 және 100-ден жоғары балл жинады. «Алтын белгі» аттестатына үміткер 312 түлектің 109-ы (34,3 пайыз) білімдерін дәлелдеді. Шектеулі балл жинай алмағандардың үлесі — 21,5 пайыз. Былтырмен салыстырғанда «екілік» алғандар да аз емес: 4 пайызға өсті. Бұл  — 333 бала «2» алды деген сөз. Осындай төмен көрсеткіштерге қарамастан, біздің облыстың білім сапасы еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда жоғары көрсеткішке ие.

Облыстық білім басқармасының бастығы Жанат Самұратова ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы туралы айтып берген еді. Сонымен…

 

Қамтылу

 

Біздің облыста маусымның 1-4-інде өткен тестілеуге 5573 оқушы (түлектердің 70 пайызы) қатысты. Жалпы тестілеуге қатысуға 5917 түлек ниет білдірген. Бірақ 342 оқушы сынаққа келген жоқ. Нақтырақ айтқанда, 6 бала ауырып қалды. 54 оқушы халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлері болғандықтан, Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың бұйрығымен босатылды. Қалған 282 бала мектепте емтихан тапсырды.

Облыс бойынша тестілеуге 5 орта мектеп қатысқан жоқ. Оның ішінде 3 мектептің мектеп бітіруші түлектері жоқ. Қалған 2 мектептің — Әйтеке би ауданындағы Жамбыл орта мектебінде  5, Қобда ауданындағы Жарық орта мектебінде  4 түлек тестілеуге қатысудан өз еріктерімен бас тартты, — дейді Жанат Самұратова.

Ақтөбе қаласындағы мектептердің түлектері тестілеуге көбірек қатысқан: 84,6 пайыз. Сонымен қатар Мұғалжар (74,3 пайыз) мен Шалқар (73,7 пайыз) аудандарының  мектеп бітірушілерінің саны көп. Ең төмен қамтылған аудандар  — Ырғыз (47,7 пайыз) бен Хромтау (51,6 пайыз).

 

Қорытынды

 

Облыстың орташа балы — 78,7. Былтырмен салыстырғанда 5,6 балға төмен.

Облыс бойынша орташа балдың төмендегеніне байланысты біраз көрсеткіштер төмендеп кетті. Мысалы, 861 түлек (15,4 пайыз) 100 және 100-ден жоғары балл жинады. Өткен жылы тестілеуге қатысушылардың 20,2 пайызы 100-ден жоғары ұпай жинаған болатын. «Алтын белгі» аттестатына үміткер 312 оқушының 109-ы (34,3 пайыз) сенімді ақтады. Былтырғы түлектердің  138-і (53 пайыз) білімдерін дәлелдеді. Шектеулі балл жинай алмаған оқушылардың саны көп: 21,5  пайыз. Былтырғы мектеп бітірушілердің 9,2 пайызы ғана шектеулі ұпай ала алмаған еді. 333 бала (6 пайыз)  «екілік» алды. Яғни былтырмен салыстырғанда «екіліктің» де саны артып отыр: 1,9 пайыз. Талдау нәтижесі бойынша «2» алған балалардың басым бөлігі —  қазақ мектептерінің оқушылары (277). Сол 277 оқушының 2-еуі 3 пәнннен «екілік» алды. Олар — Шалқар қаласындағы №1 және №5 мектептердің түлектері. Бұл балалардың бірі — 19, екіншісі — 29 ұпай жинады. Оларға мектеп бітіргендігі жөнінде анықтама ғана беріледі.

Аудандар арасында Байғанин (11,1 пайыз) ауданында «екілік» алғандар көп. Сонымен қатар Ырғыз (10,9 пайыз), Алға (10,1 пайыз), Әйтеке би, Хромтау аудандары (9,5 пайыз) және Қобда (9,2 пайыз) ауданының түлектерінің де жағдайы мәз емес. «Екіліктің» 81 пайызы математика пәнінен алынған. Бұл — 270 оқушының математикадан тест тапсырмасы «2»-ге бағаланды деген сөз. Аталған пәннен «2» алушылардың саны өткен жылмен салыстырғанда 4 есеге өсті.

Айта кету керек, соңғы 2 жылда география мен  биология пәндерінен «2» алған оқушылар болған жоқ, — дейді Жанат Бақытжанқызы.

Осындай төмен көрсеткіштерге қарамастан, біздің облыстың білім сапасы еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда жоғары. Мұның себебін облыстық білім басқармасының бастығы Жанат Самұратова былай түсіндірді:

Еліміздің кейбір облыстарында өткен жылмен салыстырғанда орташа балл 10-20 ұпайға дейін төмен түсіп кетті. Ал біздің облыста небары 5,6 балға төмен. Бұл — бір. Екіншіден, біздің облыста жыл сайын орташа балл артып отырды. Яғни, аз ұпай болса да ілгері жылжу болды. Биылғы жетістігіміздің себептері — осы. Алматы қаласы 84,7 ұпаймен көш бастап тұрса, одан кейінгі кезек біздің облыстың еншісінде.  

Облыс мектептерінің арасында қазақ-түрік лицейі бірінші орында — 104,4 балл. Ақтөбе қаласындағы мектептердің ішінде №32 мектеп-гимназия жоғары ұпай жинады: 96,5 балл. Ал ауыл мектептерінің арасында Мұғалжар ауданындағы Ақкемер орта мектебі алдыңғы қатарда тұр (96,3 балл).

Облыстық білім басқармасы бастығының айтуынша, Мұғалжар, Шалқар, Қарғалы аудандарының орташа балы өткен жылмен салыстырғанда біраз төменденген. Ең жоғары көрсеткіш:  84,7 балл — Ақтөбе қаласы. Одан кейінгі кезекте —  Темір — 78,6 ұпай, Мұғалжар — 77,9 ұпай, Қобда — 75 ұпай, Байғанин — 74,8 ұпай, Ойыл — 74,4 ұпай. Ал ең төмен көрсеткіш: 67,7 балл — Ырғыз ауданы. Талдау нәтижесі бойынша, Ырғыз ауданының білім сапасы тым төмен. Мұнда тестілеуге қатысушылардың саны да (47,7 пайыз) аз. Орташа балл да төмен.

ҰБТ қорытындысында біздің облыста 125 балл жинаған оқушы жоқ. Ең жоғары ұпайды еліміз  бойынша небары 3 оқушы ғана алды. Облыс бойынша ең жоғары ұпай: 123. Мұны Ақтөбе қаласындағы №29 мектептің түлегі Мағжан Амантаев пен №37 мектептің оқушысы Абылай Алмуханов алды.

Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы көрсеткендей, математика пәнінен білім сапасы төмен. Бұл біздің облыста ғана емес, республикаға тән жағдай.

Былтыр Астанада «Қазақстан мектептерінде математикалық білім беру ісін  дамыту: қазіргі жайы және даму болашағы» тақырыбында математика пәні мұғалімдерінің І съезі өтті. Сонда Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов математика пәнін оқытуда жоғары деңгейге көтерілу  үшін нақты тапсырмалар берді. Соған байланысты жасалған жоспарымыз бар. Сол бойынша жұмыс жасаймыз. 1-сыныптан бастап математика пәнінен сапалы білім беруді қатты қадағалаймыз.

Мамандандырылған, математикадан тереңдетіліп оқытылатын мектептердің жағдайы мен жалпы білім беретін мектептерді салыстыруға болмайды. Жалпы білім беретін мектептерде математикаға сағат аз бөлінеді. Гуманитарлық бағыттағы мектептерде математика пәні үшін 3 сағат бөлінсе, жаратылыстану-математика бағытындағы мектептерде 5 сағат бөлінген. Ауыл мектептерінде математиканың оқытылу деңгейі тіпті төмен.

Тестілеу қорытындысында оқушылары төмен көрсеткіш алған пән мұғалімдеріне, мектеп директорларына шара қолданбаймыз. Жазалағаннан білім сапасы өзгермейді. Бұл тұрғыда мәселені шешудің басқа жолдарын қарастыру керек, — дейді облыстық білім басқармасының бастығы Жанат Самұратова.

Республика бойынша ұлттық бірыңғай тестілеуге 117 432 бала қатысқан. Соның 43163-і  — шектеулі балл жинай алмапты (36,8 пайыз). Ал 100 және одан жоғары балл алғандардың  саны  —10 755 оқушы. «Алтын белгіге» үміткер  5761 оқушының 4315-і білімдерін дәлелдей алмаған.

 

 

ҰБТ қорытындылары:

ҰБТ қатысушылар саны                            —     117 432 оқушы

Шектеулі балл алмағандар саны             —      43163 оқушы (36,8 %)

100 ұпайдан жоғары жинағандар саны     —     10 755 оқушы

«Алтын белгіге» үміткерлер саны              —     5761 оқушы

«Алтын белгіні» ақтай алмағандар саны      —     4315 оқушы

 

Ең жоғарғы орташа ұпай жинаған аймақтар:

Алматы қаласы                                        84,7 ұпай

Ақтөбе облысы                                        78,7 ұпай

Астана қаласы                                          78,5 ұпай

Солтүстік Қазақстан облысы                   77,9 ұпай

 

125 ұпай жинаған түлектер:

Әсел Қисықова —  Астана қаласындағы қыздарға арналған қазақ-түрік лицейінің оқушысы.

Кирилл Ким —  Алматы қаласы, № 90-ыншы лицей түлегі.

Әсем Айдарова —  Алматы облысы, Қарасай ауданы, Абай атындағы мектеп-гимназия оқушысы.

 

 

 

аудандар

2012 жыл 2011 жыл

1

Ақтөбе

84,7

87,3

2

Темір

78,6

80,6

3

Мұғалжар

77,9

87,7

4

Кобда

75

79,6

5

Байғанин

74,8

82,6

6

Ойыл

74,4

79,3

7

Мәртөк

72,8

78,2

8

Қарғалы

72,7

83,8

9

Алға

72

80,1

10

Хромтау

71,3

80,5

11

Шалқар

69,1

83,5

12

Әйтеке би

69

77,2

13

Ырғыз

67,7

83,7

 

 

78,7

84,3

 

 

Үздік мектептің үлгісі

 

Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысында Ақтөбе қаласындағы мектептердің арасында №32 мектеп-гимназияның білім сапасы жоғары болды. Былтыр да білім көрсеткіші жөнінен көш бастаған бұл білім шаңырағы биыл да сол биіктен көрінді. Орташа балл  — 96,5. Мектеп бойынша ең жоғары ұпай: 120.  Мұны «Алтын белгіден» үміткер 2 оқушы — Азамат Ізбасаров пен Данияр Наурызбаев алды.   Жалпы, «Алтын белгіден» үміткер 11 оқушының 7-еуі сенімді ақтады. 3 оқушының «бестікке» 1 балы жетпей қалыпты. Олар «Үздік аттестат» иегері атанды. 30-ға жуық оқушы 100-ден жоғары балл алған.

Біз үздік атанған білім ордасы туралы №32 мектеп-гимназияның директоры Марта Малайдармен тілдескен едік.    

 

Біздің гимназия ұлттық бірыңғай тестілеуден жыл сайын жоғары  көрсеткішке ие. Былтыр да қала мектептерінің арасында көш бастап тұрды. Биыл  да үздік атандық: орташа балл — 96,5. Қынжылатынымыз, сынақ тестілеулер кезінде  жинаған деңгейге жете алмадық. Сынақ тестілеулер нәтижесінде біздің гимназия 104,7, 105,5 балл алған еді. Оның үстіне біз биылғы мектеп түлектерінен бұдан да жоғары нәтиже күткен едік. Себебі, санаулы оқушы болмаса, басым бөлігінің оқу үлгерімі жақсы болатын. Биылғы түлектер ұлттық бірыңғай тестілеуге әзірлікті 9-сыныпта бастаған-ды. Сол кезден бастап, 11-сынып оқушыларымен бірге дайындықтарға қатысып, профессорлардың лекцияларын тыңдайтын. Көп үміт күткен оқушыларымыз тестілеу нәтижесінде 96,5 балл жинағанын білгенде «бұлай болуы мүмкін емес» деп,  қорытындыны қайта-қайта есептеп, абыржығаным рас… Кейін қала бойынша біздің мектептің бірінші орынды иеленгенін естіп қуандық, — дейді Марта Малайдар.

Соңғы жылдары ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыруда тәртіп күшейтіліп, талап та қатайтылды. Тест тапсырмалары да күрделендірілді. Бұл туралы Марта Есіркепқызы былай дейді:   

— Мұғалімдер оқушылары көп ұпай жинамаса, ренжиді. «Дұрыс оқымағаныңның кесірі» деп балаларын ата-аналары да кінәлап жатады. Бірақ ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары көрсеткішке ие болу оңай шаруа емес. Себебі, кейбір пәндерден 3,5-4 мыңнан сұрақ бар. Кейбір пәннің сұрағы 5 мыңнан көп. Сынақ барысында сол мыңдаған сауалдың қайсысы келетіні белгісіз. Оның үстіне, жыл өткен сайын тест сұрақтары күрделендіріліп жатыр. Жалпы тест тапсырмалары 3 деңгейде болады: жеңіл, орташа, күрделі сауалдар. Былтырдан бастап жеңіл сауалдар алынып тасталуда. Математика пәнінен логикалық есептер көбірек қосылған. Кейбір сұрақтарды есте сақтау да оңай емес. Мысалы, қазақ тілінен берілген тест сұрақтарында цитатадан мысал келтіріліп, оның авторы кім екендігі жөнінде тапсырма берілген. Мұның бәрі, әрине, балаларға қиындау тиетіні рас. Дегенмен, барлық тапсырмалар мектеп бағдарламасынан, оқулықтардан келеді.

№32 мектеп-гимназияда 1207 оқушы бар. Оларға 97 мұғалім сабақ береді. Биыл  64 оқушы мектеп бітірді. 63 оқушы тестілеуге қатысыпты. Бір түлек шетелде оқитын болғандықтан, ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылған екен. Мектеп бойынша ең жоғары ұпай: 120. Ең төменгі балл: 67. Яғни, шектеулі балды жинай алмаған оқушы жоқ. 2 оқушы —  Азамат Ізбасаров пен Данияр Наурызбаев 120 балл жинады. Екеуі де — «Алтын белгі» иегері.  Данияр Наурызбаев химия пәнінен өткен республикалық олимпиадаға қатысып, күміс медальға ие болыпты. Сонымен қатар «Әл-Фараби — 2012» олимпиадасында жеңімпаз атанып, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқуға ректордың грантын иеленген.

11 оқушы «Алтын белгіден» үміткер болған еді, 7-еуі сенімді ақтады. 3 оқушының «бестікке» 1 балы жетпей қалды. Оларға «Үздік аттестат» беріледі.  Негізі бұл 3 оқушымыздың  «Алтын белгі» аттестатына 1 балы жетпегені болмаса, білімдерін дәлелдеді ғой. Сондықтан Білім және ғылым министрлігі тарапынан оларға жеңілдік жасалып, «Алтын белгі» берілетін шығар деп үміттеніп отырмыз… Жалпы, ҰБТ нәтижесінде 30-ға жуық оқушы 100-ден жоғары балл алды.  Мұның бәрі — мектеп ұжымының жемісі. Үштік одақтың —  мұғалім, оқушы, ата-ананың бірлігінің арқасында қиын сынақта үлкен жетістікке жетіп отырмыз.  Мұғалімдер уақытпен санаспай, оқушыларды даярлайды. Үйлерінде де даярлық өткізді. Олар  қосымша жұмыс үшін балалардың ешқайсысынан ақы талап еткен жоқ. Балалар да білуге, ізденуге ынталы, ықыласты болды. Ата-аналар да қолдау білдірді, — дейді  Марта Есіркепқызы. Ол балаларды тестілеуге дайындайтын мұғалімдер әр пән бойынша бекітілгендігін айтады.

—  11-сынып оқушыларын қазақ тілі пәнінен мектебіміздің алдыңғы қатарлы мұғалімдері  — Күләй Бекетова, Роза Қуанышева, Несібелі Ізімбетова даярлады. Осы 3 мұғалімнің де мектептің абыройын көтеруде үлесі зор. Мысалы, Күләй Бекетова «Білім жетістіктері» марафон-конкурсына қатысып, «Облыстың ең үздік мұғалімі» атанды. Математика пәні бойынша Ботагөз Омарова, Үміт Сейілханова, орыс тілі пәнінен Майра Ахметова, Нағайша Мурзалина, тарих пәнінен Гүлшара Мусина, физика пәнінен Ақзия Қалиева, Айымгүл Қошаева, химия пәнінен Гүлсім Сүйіншәлиева, биологиядан Жанат Отарова, ағылшын тілінен Зылиха Кәрімбаева даярлады.  Бұл мұғалімдердің де оқушылары түрлі сайыстарға қатысып, жеңімпаз атанып жүр, — дейді мектеп басшысы Марта Малайдар. Оның пікірінше, ҰБТ-ның балалардың таным процесін дамытуға, есте сақтау қабілетін арттыруға көмегі көп. Таным процесі жоғары балалардың еңбегі сынақта жоғары бағаланады.

Марта Есіркепқызы әр жыл сайын мектебінің  ҰБТ-да жоғары көрсеткішке ие болып, түлектерінің  жақсы нәтижеге қол жеткізуінің сыры туралы былай дейді:

Мектеп-гимназия болғанымен, біздің мектептің қарапайым мектептен айырмашылығы аз.  Балаларды мектепке біліміне, қабілетіне қарай іріктеп қабылдауға мүмкіндігіміз жоқ. Өзіміздің шағын ауданға қарайтын үйлердің  балаларын алуға міндеттіміз. Сондықтан 1-сыныптан бастап-ақ әр баламен жүйелі жұмыс жасап, олардың білім алуға, ізденуге қызығушылығын арттыра түсуге ықпал етеміз.   

Біздің гимназияда 1-сыныптан бастап  әр сыныптың оқушылары тоқсан сайын  емтихан тапсырады. Сынаққа міндетті түрде ата-аналары да қатысады. Емтихан тапсырмалары 3 деңгейлі: жеңіл, орташа, күрделі.

Мектепте өткен сынақ тестілеулердің бәріне 11-сыныптың ата-аналары қатысады. Сынақты ата-аналардың бос уақытына орайластырып өткіземіз. Ата-аналар тестілеуге қатысқанда  өз баласының да, өзгенің баласының да дайындығын көреді. Өзінің баласынан да мықты балалар бар екендігіне көз жеткізеді. Балаларының сынаққа әзірлігінің қандай деңгейде екендігін біліп, соған байланысты үйде қадағалап, балаларының дайындығына көбірек уақыт бөледі. Мұның білім сапасын арттыруда көп пайдасы бар екендігін  жыл сайынғы ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі дәлелдеп отыр.

Жалпы, мен бұл тәжірибені Шалқар ауданында қызметте болғаннан бері қолданып келемін. Шәмша Беркімбаева  Білім және ғылым министрі болған кезде «Қалдырған ізің мәңгілік» атты кітап шықты. Сол кітапта еліміздегі таңдаулы мұғалімдер туралы жазылып, олардың материалдары жарық көрді. Біздің облыста аталған кітапқа енген екі адамның бірі — мен. Онда Шалқардағы тәжірибем —  ұлттық бірыңғай тестілеуге ата-аналарды да кіргізудің пайдасы жөнінде еңбегім жарияланды. Кейін бұл материал республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде де жарық көрді.

 

Орташа балл төмен болғанмен, тестілеу әділ өтті

 

Әкімгерей КӨШЕРБАЕВ, облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің директоры:

 

— Елімізде ұлттық бірыңғай тестілеу биыл тоғызыншы рет өткізілді. Біздің облыста тестілеу бекітілген ережеге сай ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өтті.  Облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің 9 қызметкері 9 ауданда өткен тестілеуге қатысты. Ақтөбе қаласында өткен 3 тестілеу пункітіндегі сынақты облыстық балалар құқығын қорғау департаментінің мамандары қадағалады.

Жалпы, біздің департаменттің мамандары ақпан айыннан бастап облыстағы  463 мектептің 96 пайызына барып, ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу тәртібі, ережесі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Жыл өткен сайын тестілеу тәртібі күшейтіліп, талап қатайып жатыр. Себебі,

бұған дейінгі тестілеулер кезінде болған тәртіп бұзушылыққа байланысты биыл ұлттық бірыңғай тестілеудің ережесіне бірнеше өзгерістер енгізілді. Емтихан өткізілетін пункттердің бәрінде бейнекамера орнатылды. Сонымен қатар барлық пункттерде ұялы телефондардың желісін үзетін қондырғылар орнатылды. Металліздегіш құралдары пайдаланылды. Аудиториядағы кезекшілер алынылып тасталды. Себебі, бұрын аудиторияларды жергілікті адамдар бақылайтын еді. Тәртіп босаңсымауы үшін биыл министрліктің өкілдері бір-бірден аудиторияны бақылады.

Жалпы, заң бойынша сынақ, емтихандардың бәрінде шпаргалка, ұялы телефондар қолдануға  болмайды. Бірақ  балалар аудиторияға бір емес, бірнеше телефонмен кіруге әрекет жасайды. Бейнекамералар мен байланыс желісін үзетін қондырғылардың  орнатылуындағы басты мақсат — тестілеуді әділ өткізу. Талап қатайғандықтан да болар, биыл біраз облыс төмен балл жинады. Маңғыстау, Алматы, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан  облыстарының орташа балы күрт төмендеп кетті. Биыл балл төмен болғанымен, тестілеу әділ өтті. Түлектер өзінің әділ бағасын алды.

Былтыр біздің облыстың орташа балы — 84,3 болған еді. Биылғы көрсеткіш — 78,7 ұпай. Төмен ұпай жинаудың түрлі себептері бар. Білім сапасына мектептің материалдық базасы, кабинеттердің заман талабына сай жабдықталуы да ықпал етеді. Біздің облыста колледждер мен кәсіптік лицейлерге қарағанда орта мектептердің материалдық-техникалық базасы әлдеқайда жақсы. Әрине, апатты жағдайдағы мектептер жоқ емес. Бірақ олардың орнына жаңа нысандар салынып жатыр. Күрделі, ағымдағы жөндеу жұмыстарына да жеткілікті қаржы бөлінуде.

Жоғары ұпай жинау алдымен баланың өзіне байланысты. Баланың білуге, ізденуге, оқуға қызығушылығы болуы тиіс. Көйбір ата-аналар баласын өтірік айтуға тәрбиелейді. Бұл көбіне тестілеу барысында байқалып қалады. Ата-аналар мен туыстары тестілеу кезінде балаға көмектесіп, жоғары ұпай жинауға көмектесуі — шын мәнінде жанашырлық емес. Баласының білімді болуы үшін ата-ана оның сабағын бастауыш сыныптан бастап үнемі қадағалауы тиіс.

Білім сапасының төмен болуы —  мұғалімдердің біліктілігіне де байланысты. Сол себепті, мұғалімдердің біліктілігін көтеру, білімін жетілдіру мәселесін қолға алу керек. Ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін маманның білімі жыл өткен сайын 5-10 пайызға төмендей береді екен. Бұған біз өз тәжірибемізде де көз жеткізіп жүрміз. Егер ауыл мұғалімі сол мектепте 10-15 жыл бойы ізденіссіз жұмыс істесе, оның біліктілігі туралы әңгіме айтудың өзі қиын.  Егер мұғалімдер өзге мектептердегі әріптестерімен қарым-қатынас жасап, тәжірибе алмаспаса, біліктілігі жоғарыламақ түгілі, білгенін ұмытып қалады. Бұл ауылдағы мұғалімдердің бәрінің бірдей білімі нашар деген сөз емес.

Мұғалімдердің жауапкершілігі жоғары болуы тиіс. Расын айту керек, мектепке барып-келіп, жалақы алғанды жақсы көретін мұғалімдер де бар. Тер төгіп,  еңбек етіп, білгенін шәкірттеріне ізденуден жалықпайтын ұстаздар да жеткілікті.

Қорыта айтқанда, ұлттық бірыңғай тестілеу өткізудегі биылғы өзгерістер, талаптардың арқасында бұл жолғы тестілеу шын мәнінде өз деңгейінде өтті.

 

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Айдары: Білім

Пікір жазу

Жіберу

© 2014 Ақтөбе газеті. All rights reserved. XHTML / CSS Valid.
Proudly designed by Theme Junkie. Powered by WordPress