Бұқара

Отбасы

Жезденің жақсысы әкедей

Қазақ халқы жетімін жылатпаған, қартын жалғыз тастамаған. Ауылымыздағы қарапайым отбасылардың бірі – Мұратхан мен Айша Тәжібековтерді осындай игілікті ісімен үлгі еткім келеді.

Мұратхан 1995 жылы ата-анасынан айрылған екі бірдей балдызы – сол кезде үш жастағы Қызғалдақ Бисалина мен оның інісі екі жастағы Жәнібек Бисалинді өз қолына алып, бауырына басты.

Өздерінің үш баласымен бірдей тәрбиелеп, бағып, үлкен бір отбасына айналды.

Нарық басталған тұста, қысылтаяң аумалы-төкпелі уақытта осындай қадам жасау балалардың жездесі Мұратхан мен апасы Айшаның үлкен жүректі, асыл азаматтар екенін көрсетті. Ауыл-аймақ, тума-туыс бұлардың осы бір игілікті ісіне дән риза болды. Балдыздарын өз балаларынан кем қылмай тәрбиелеп келеді.

Қызғалдақ пен Жаңабек апа-жездесінің ойынан шығып, жақсы азамат боп өсті. Екеуі де оқу үздігі болып, мектептің қоғамдық жұмыстарына белсене қатысты. Түрлі жарыстарда, байқаулар мен олимпиадада жүлдегер болды.

Жаңабек оқу озаты ретінде жолдамамен Астанада болып қайтты. Президенттік жаңа жыл шыршасына қатысты. Қызғалдақ ҰБТ-да 83 балл жинап, грант иегері болып, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің студенті атанды. Қазір бірінші курста өте жақсы оқып жүр.

Жаңабек 9-сыныпты үздік бітіріп, қызыл куәлігін алып, Ш.Берсиев атындағы ауыл шаруашылық колледжінің экономист-бухгалтер мамандығы бойынша І курсқа оқуға түсті. Ол – колледждегі қоғамдық жұмыстың ұйытқысы, оқу озаты.

Мұратхан мен Айша осы балаларының кәмелетке жеткен кезінде өз баспанасы болуын тілейді. «Облыс пен қала басшылары осыған бір жәрдем етсе жақсы болар еді»,дейді олар.

Келешектерінен көп үміт күттіретін осындай балаларды тәрбиелеп, олардың өмірде өз орнын тауып, азамат болуына бағыт-бағдар беріп отырған ауыл азаматы Мұратхан Тәжібековке және оның зайыбы Айшаға шексіз ризашылығымызды білдіреміз.

С.ДОСМАҒАМБЕТОВ,

Құрашасай орта мектебінің балалардың құқығын

қорғау жөніндегі қоғамдық инспекторы.

Дау

Піскен астың күйігі…

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары біздің Әйтеке би ауданының әуелі қиян шеттегі Аққұм ауылына жарық барса, аудандағы басқа көптеген ауыл халқының да телефон байланысына қолдары жетіп, қуаныш пен жаңалыққа қарық болды.

Осындай қуанышқа 2007 жылдың аяғында, 21 желтоқсан күні Сарат селолық округінің шалғай жатқан шағын ауылы Қырыққұдық та қол жеткізді. 10 жылдан бері қараңғылық құшағында отырған ауыл айы оңынан туып, жарыққа ие болды. Ауылдың тайлы-таяғы қалмай қуанды. Әсіресе, ғұмырында тек шамды ғана көрген бүлдіршіндер көз қарықтырар жарықты көріп шаттанғанын көрсеңіз! Ауылдықтар жарық жағып отыру қуаныштарының ұзаққа созылмасын қайдан білсін?

Барлығын ретімен айтайық. Әлқисса…

Ауылдағы еті тірі жігіттер қолына іліккеннің бәрін қалаға сата бастады, кейбір пысықайлар қарпып асап қалуға тырысты. 1997 жылдың жазында Сарат ауылының оңтүстік жағында өрт болып, сол өрттен электр желісінің он шақты бағаны жанып кетіп, Қырыққұдық ауылына тартылған желі істен шықты. Содан сөнген жарық қайтып жанбады. Осыдан соң алыс ауыл тұрғындары жарықпен ұзақ жылдарға қоштасты. Иесіз қалған желінің сымдарын қолының ебі барлар қиып, жиып алып қалаға тасыды, пұл қылды. Бос қалған бағаналарды халық кесіп алып отын етті («өте жақсы жанады!» дейді). Ауылдан алыста қалғандықтан аман қалған бағаналарды тиісті мекеме жиып-теріп алды. Осылайша, бірнеше ондаған жылдар бойы халық игілігін көріп отырған Сарат – Қырыққұдық электр желісі өшті.

Көп жылғы өтініштерден соң 2006 жылы желіні қайта тарту қолға алынды, сметалық жобасы жасалды. Қырыққұдық ауылы Сараттан 30, ал Басқұдықтан 25 шақырым жерде орналасқан. Жақындығы ескеріліп, Басқұдық ауылынан желі тартылды. Желіні тарту құқығын «Даут-М» ЖШС жеңіп алып, ылдым-жылдым тартып шықты. Олардың жұмысына қадағалау жасауға тиіс аудандық электр желілері бөлімі қайда қарағанын білмеймін, желі өте сапасыз тартылған. Сәл ғана жел тұрса үзіліп, жарық жалп етіп өшіп қалады. Маман болмасақ та тартылған желіге қарап тұрып сымдардың өте қатты керілгенін аңғарамыз. Демек, сапасы стандартқа сай емес деген сөз.

Әуелгі сөзімізге қайта оралсақ, ауылдың орналасқан жеріне байланысты ма деймін, аптаның бес күнінде жел соғады. Жел соқса электр желісі істен шығып, жарық сөнеді. Оны қайта жалғауға тиісті кім? Басқұдық ауылының электригі «Көлігім жоқ!» деген сөзбен құтылады, ал Сарат ауылының электригі жердің шалғайлығын, техниканың жоқтығын алдыға тартады. Халықтың түсінбейтіні – БҰЛ ЖҰМЫСТЫ КІМ АТҚАРУЫ ТИІС? Ауылда азаматтар бар, соның бірі – Кенжебек есімді жігіт. Өзінің жеке көлігіне өзі майын құйып, екі ортада шапқылап жүріп, әйтеуір, жарықты жаққызады, бірақ 2-3 күн өте қайта сөнеді. Сосын әңгіме-ертегі қайта басталады.

Бүгінгі күнге дейін қырыққұдықтықтар осы мәселені талай айтты. Арыз айтылады, сосын бір-біріне сілтеу басталады. «Айта, айта Алтайды, Жамал апай қартайды», бүгінде қырыққұдықтықтар арыз айтуға да ұялады…

Ә.ХАЛЫҚҰЛЫ.

Әйтеке би ауданы.

Тағзым

Ардагер  аты ұмыт қалмасын

…Халық әрқашан өзінің өр ұлдарымен мықты. Қазақтың қай өлкесін алсаң да есімі ел аузында аңызға айналған азаматтарымен ерекшеленеді. Бұлар –  Ырғыз өңірінде қызмет атқарған Бердіқұлов, Алға ауданында еңбек еткен  Ағниязов,  тағы да басқа аттары өткінші жылдар  легінде ұмытылыңқыра бастаған азаматтар. Олардың көзін көрген адамдар да азайып барады. Ендеше, сол ардагерлердің ел үшін атқарған қызметін өскелең ұрпақ жадында мәңгі қалдырып, тек атқарған қызметін ғана емес, өмірлік ұстанымдарын, адамгершілік биік қасиеттерін, ұлт пен ұлыс тағдыры таразыға түскен сәттердегі принципшілдігін айта жүру және олардың есімдерін қастерлеуге қол ұшы – көмек беру біздің, орта буын өкілдерінің, қасиетті борышы болса керек. Бәлки, қазірге қажетті идеология дегеніміздің өзі осы шығар…

…«Түңіліп отыққан» сол кездегі аға буын өкілдерінің арасында Алға ауданында есімі ерекше аталатын бір жан бар. Ол – Рахметолла Ағниязов.

Анасынан бір жасында, ал әкесі Қожанияздан тоғыз жасында  жетім қалған ол  немере ағалары Жақсылық, Аймағанбеттердің қолында өседі. Көзінің оты бар  жалынды жігіт еңбек жолын он тоғыз жасында Қобда ауданының  Құлакөл ауылындағы бастауыш мектептің мұғалімдігінен бастайды. Жас болып бұлғақтап та үлгермеген Рахметолла 1937 жылы фин соғысына алынады. Аяғынан ауыр жарақат алған ол  қырқыншы жылдары елге оралады. Сол соғыста партия қатарына өткен Рахметолла Ағниязов елге оралған соң Қобда аудандық газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарады.

1943 жылы аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөліміне қызметке барған ол 1945 жылға дейін осы қызметті атқарады.

1347 жылы  партия конференциясында тәжірибелі азаматты  сол кездегі Ключевой, қазіргі Алға ауданының партия комитетіне екінші хатшы етіп сайлайды да, Рахметолла Ағниязовтың мұнан кейінгі тағдыры Алға ауданымен тікелей байланысты болады.

1954 жылы,  сол кездегі саясат тілімен айтсақ, «отызмыңдықтырдың» бірі болып ол ауданның «Қазақстанның 30 жылдығы» атындағы ұжымшарына басқарма председателі болып тағайындалады. Бұл шаруашылықтың енді ғана ес жиып, әлі де жарасын жалап, жазылып үлгіре алмай жатқан тұсы болатын. Ауылда не бары он бес шақты түтін бар, мектеп ескі, бір үйде екі-үш отбасы тұратын. Тапал тамның ортасындағы қара қазанға әр отбасы қолдарындағы барын – бірі бір бөлек етін, енді бірі азғантай майын, ал үшіншісі бір-екі кесе тарысын салып ортақ тамақ пісіріп, соны бөліп ішіп отырған  кезең еді.

Фин соғысына қатысып қана қоймай, шеттің жаңалықтарын,  озық үлгілерін де көріп келген Рахметолла аға ұжымшардың құрылыс жұмыстарына бел шешіп кірісті. Алдымен ауылдың жас жігіттерінен құрылыс бригадасын құрды, бірнеше жеке үйлер мен мал қораларын тұрғызды.

Қарақобданың (сол Рахметолла Ағниязов басқарған ауыл –  авт.) қарт тұрғындары әлі күнге дейін 1954 жылы алғаш рет ауданда біріншілердің қатарында еңбеккүнге «тірі» ақша алғандарын аңыз қылып айтады.

Араға бір жыл салып аудан шаруашылықтарының ішінде алғашқылардың қатарында 1955 жылы ұжымшардың өз күшімен шағын электр стансасы салынып, ауылға жарық берілді.

Осы электр стансасын өз күштерімен салу үшін Рахметолла Ағниязов бастаған ауыл жанқиярлықпен еңбек етті. Жыл сайын егіс көлемін ұлғайтты, мал басын өсірді. Ауыл бар болғаны екі-үш жылдың ішінде адам танымастай өзгерді – Мәдениет үйі, балабақша, көптеген тұрғын үйлер, интернат, наубайхана, машина- трактор жөндейтін орындар ашылды.

Бұл шаруалар осылай сыдыртып айтып өтуге ғана оңай, әйтпесе  ХХІ ғасырда, озық технологиялар заманында өмір сүріп отырып-ақ біресе құрылыс тендерін жылпостарға  қолдан ұтқызып, біресе  жартылай салынған құрылыстарды «бәрі керемет» деп қабылдап алып, соңынан оның тауқыметін  қарапайым халық тартып отырған қазіргі кезеңмен салыстырсақ, біреудің арқасынан  қағып, ал екіншісіне ұрсып жүріп, қыруар қызмет атқарған Рахметолла Ағниязов тұлғасы санамызда биіктей береді.

1958 жылы  шағын ұжымшарлар ірілендіріліп, аталмыш ұжымшарға тағы бірнеше шаруашылықты қосып, Ильич атындағы ірі ұжымшар пайда болды. Осы Ильич атындағы шаруашылықтың да, оның басшысы Рахметолла Ағниязовтың да екінші тынысы ашылған, жұлдызды сәті де осы кезең болатын.

Шаруашылық үлкейгесін жұмыс та көбейді, МТС-тер таратылып, әр ұжымшар өз техникаларына ие болды. Жан-жақтан механизаторлар тартылып, олардың алаңсыз жұмыс жасауы үшін барлық жағдай жасалды – үйлер салынды, өсіруге мал бөлініп берілді.

Сол жылдары Ильич атындағы ұжымшардың егіс көлемі 20 мың гектарға дейін, ірі қара 3,5-4 мыңға дейін, қой саны 18-20 мыңға дейін өсті. Қазір егін шықпаса, жаңбырға өкпелеп болмаса «біздікі тәуекелге құрылған жер өңдеу ғой» деп салымыз суға кетіп жатады ғой, сол кезде арнаулы агротехникалық білімі жоқ, бірақ жерді сезіне білетін, сүйе білетін Ағниязовтың ауылынан жыл сайын ел қоймасына  120-140 мың, ал кей жылдары  150-160 мың центнерге дейін астық құйылатын. Диқандар өз еңбеккүндерінен басқа қосымша табыс тапқан тұстары да осы уақыт. Әр үйдің ауласында мотоцикл,  алғашқы жеңіл көліктер пайда болған кез де осы кезеңнен бастау алады.

Ұжымшар Мәскеудегі ауыл шаруашылығы көрмесінің жүлдесін үш мәрте жеңіп алады. Республиканың, облыстың Құрмет грамоталарымен марапатталып, ауыспалы Қызыл ту бірнеше жыл бойы Ильичтен ешқайда ауыспайтын болады. Облыс, республика басшылары атағы алысқа шығандаған ауылға соқпай кетпейтін.

Солардың ішінде республиканың бірінші басшысы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев есімін ерекше атаған жөн. Егін орағы басталар тұста елді аралайтын Димаш аға Ақтөбеге, оның ішінде Рахметолла Ағниязов ауылына соқпай кетпейтін. Мүмкін, елінің қамын ең бірінші кезекке қоятын  тау тұлға, ел азаматы Рахметолла Ағниязовты іштей таныған шығар, әйтеуір, олар жиі кездесіп, жиі сырласатын…

Сол кездегі кеңес империясының қолдан қойған өкілдері қазаққа білдірмей қысым көрсетсе, оны бұзып-жарып шығатынын, өзінің әділдігімен, бірбеткей принципшілдігімен ауданның, облыстың анау деген  бірінші басшыларының өзін тізе бүктіретін Рахметолла ағаның  қылыштай өткір сөздерін, қайталанбас қайсар қылықтарын алғалықтар аңыз қылып айтады. Сол тартысты-тайталасты өмірі тек ауылдастарының  жадында аңыз болып қана қалған жоқ, Рахметолла Ағниязов екі рет Ленин орденімен, екі рет «Құрмет белгісі» орденімен, Октябрь революциясы орденімен, көптеген медальдармен марапатталды. Республикалық дәрежедегі зейнеткер болды. Зайыбы Балза Бижанқызымен екеуі өмірге он екі бала әкелді, олардың оны қазір әр салада, еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет атқарып жүр. Жиырма алты немере мен 12 шөбере де ағаның жердегі өшпес іздеріндей…

Ауданның бір шаруашылығының атын республикаға танытқан атпал азаматтың есімі жылдар өткен сайын көмескіленіп барады. Алғаның аға ұрпақ өкілдері бас қосқан жиындарда осы мәселе жиі сөз болады. Келмеске кеткен Комсомол, Лениндер  қазағымызды қорғап қалған батырлардай көшелеріміздің атын жамылып әлі тұр. Олардың арасында бүгінгі егемендігімізге қол жеткізуге жарты жанын сүйреп жүріп үлес  қосқан  Рахметолла Ағниязов есімі жоқ.

Елдігімізге, қазақтығымызға сын осы мәселеге облыстық ономастика комитетінде отырған ұлтжанды азаматтар назар аударса екен, бұл тек  осы жолдарды жазып отырған автордың ойы емес, Алға ауданының тұрғындары аталатын бір қауым елдің де тілегі деп  білерсіздер…

Шара ЕЛЕУСІЗ,

журналист.

Игілік

Халыққа қызмет – мерейлі міндет

Қолыңдағы құжатың сорғышқа айналғанша мекемеден мекеме, есіктен есік жағалап, ары-бері ұзақты күн табан тоздыратын күндер де артта қалып бара жатқандай. Қызмет көрсетуде кеңес кезінен қалыптасқан ескі дағды, сарын елімізде құрылғанына көп уақыт бола қоймаған халыққа қызмет көрсету орталықтарымен шешімін тауып, жаңа бағытқа бет алды. Ырғыз ауданындағы орталықтың жұмыс істей бастағанына бір жарым жылдың жүзі болды. Қазір жұртшылық орталықтың қызметін кеңінен пайдаланып, ризашылықтарын білдіруде.

«Халыққа қызмет – мерейлі міндет» екені біздің жас ұжым үшін ашылған күннен бастап бұлжымас қағидаға айналды десем, артық айтқандық емес. Орталық аты айтып тұрғандай, халыққа тікелей қызмет көрсету мақсатымен құрылған. Адамдардың бір құжат үшін мемлекеттік мекемелерді жағалауға кететін алтын уақытын үнемдеу, ысырап қылмау – орталық қызметінің негізгі міндеті. Қазіргі нарық кезеңінде қарапайым адамды айтпағанда, іскер, шаруа адамдар үшін уақыт ауадай қымбат.

Дамыған шетелдерде адамдардың бір сағат уақытын алу ұят болып саналады. Әрине, оған жете қойған жоқпыз, бірақ бағыт соған бара жатыр. «Бір терезе» қызметкері келушінің құжатын түгелдеп, қабылдап алғаннан кейін, ол орталыққа дайын болған мерзімде тек құжатын алу үшін ғана келеді. Келуші уақытын соған ғана жұмсайды. Қалған барлық жұмыс орталық қызметкерлерінің жауапкершілігінде. Қызметкерлер құжат рәсімдеудің тиісті заңдылықтарын сақтай отырып, оның өз иесінің қолына белгіленген мерзімде тиюін қамтамасыз етеді. Сонымен бірге қызметкерлер мұндай жұмыстарды мұқтаж жандардың мекен-жайына барып та атқаруда. Қызметкерлер елді мекен, ауылдарға барып, жеке куәлікке рәсімдеп, басқа да құжаттарын қарап, дайын келіп тұрған құжаттарын тұрғындардың үйлеріне апарып беруде.

Былайша айтқанда, орталық қызметкерін құжат дайындатуға келген адамның басқа органдар алдындағы өкілі, қызметшісі деуге де болады.

Бұрын біздің филиалда тұрғындарға 25 қызмет түрі көрсетілетін болса, бүгінгі таңда 32 қызмет түрін көрсетіп отыр. Алда көрсететін қызмет түрлері көбеюде. Мысалы, білім бөлімінің, мұрағаттық анықтамалар, ауыл шаруашылығы саласының және тағы басқа қызметтер қосылады. Алдағы көрсететін қызметтерге орталықтың инспекторлары дайын және облыстық орталыққа барып тәжірибеден өтіп келуде.

Еркінбай ЖҮСІПҰЛЫ,

халыққа қызмет көрсету орталығы Ырғыз филиалының бастығы.

Шүкір

Ел тұрмысы бұрынғыдан өзгерек

Кеңес заманында өзбек пен тәжіктер сауда-саттық жөнінен бізді шаң қаптыратын. Олар сол кездің өзінде Қиыр Шығысқа дейін, милициядан қашып жүріп, саудасын жасады. Ал қазір өзбектер сауда-саттық жөнінен қазақтарға қарағанда жолда қалды-ау деймін. Мұны біз қазақ елінің нарық экономикасынан байқап отырмыз. Қазір қала базарлары мен дүкендерінде жаныңа не керек, бәрі бар. Ал бұрын бағалы аң терілерінен тігілген бас киімдерді бастықтар мен олардың әйелдері киетін. Көшеде де машиналар аз еді, әрине, кезегі жеткен ғана көлік мінетін. Қазір «Жигули» мен «Волганы» есептемегенде, бас-басына «иномарка» көлігін мініп жүр. Бұрын екі-үш үйде бір теледидар болатын. Қазір әрбір үйдің әр бөлмесінде теледидар, бір үйде бір компьютер бар. Бұрын Алматының кілемін көрікті болсын деп қабырғаға ілетін болсақ, қазір шетелден келген араб пен түріктердің түкті кілемін аяқтың астына жайып тастайтын болдық. Бұрын жертөледе, тапал үйлерде туып, өсіп-өндік. Ал қазір алты ай жазда қарағайдай екі қабат коттедж салып алып жүргендер бар.

Ауылдықтардың қалаға қатынауы оңай болуы үшін жолдар тегістеліп, теміржол мәселесі де қаралып жатыр. Бір өкініштісі, қазір мал шаруашылығы ақсап тұр. Тек әр қорада бір-екі бас мал, әрі кетсе 3-4 бас ірі-қара бар. Ал бұрын жоспарлы түрде қойдан қозы, сиырдан бұзау алдық. Тіпті, әр сауыншыдан 2500, тіпті, 2800 литр сүт алып, сауыншыны марапатқа ұсындық. Ал қазір сүтті сиырлар да, оны сауатын озат сауыншылар да көзден бал-бұл ұшты. Несін айтайын, қазір балаларымыз бен немерелеріміз сүттің орнына түрлі қоспаларға толы, пайдасы жоқ сусындар ішеді.

Шүкір, ел тұрмысы бұрынғыдан өзгерек. Қазір өзіміздің қазы-қарта, жал-жаядан бастап сан алуан жеміс-жидектер мен нан өнімдерінің түрі әр үйдің дастарқанына сыймай кетеді. Құдайым, сол молшылықтан айырмасын!..

Адайхан СӘРСЕНБАЕВ,

Заречный поселкесі.

Алтын той

«Темір-терсектің қожасы»

Мерейтойларына байланысты көбіне басшы қызметте болған адамдар газеттерде жазылып, телеарналардан көрініп жатады. Ал ауылдарда жұмыс істеп, өзінің біліктілігімен танылғандар ескеріле бермейді.

Сондай еңбек еткендердің бірі Жақсылық Анарбековті «Темір-терсектің қожасы» деп атайтын. 1938 жылы Шалқар ауданының Бершүгір стансасы маңында, дәлірек айтқанда, Мұғалжар тауының Боқтыбай шыңы етегіндегі Ақтасты сайында дүниеге келген Жәкең 1955 жылы Шахта орта мектебін бітіріп, тың және тыңайған жерлерді игеру жылдары «Бершүгір-Шахта» машина-трактор шеберханасының тракторшылар курсында оқиды. Кейін тың игеру жұмысына белсене кіріседі. Сол үшін 1957 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталады.

1958 жылы Шалқар ауданында бірнеше ұжымшарлар біріктіріліп, «Қызылту» ұжымшары құрылғанда трактор бригадасының бригадирі болады. Кейін ұжымшарлар таратылып, кеңшарлар ұйымдастырылған кезде «Бершүгір» кеңшарына машина-трактор шеберханасының меңгерушісі болып орналасты. Кейін шөл және шөлейтті аймақ болып саналатын «Бершүгір» кеңшарында суландыру жұмысымен айналысты. 10 жыл бойы су инженері болып еңбек еткен Жақсылық аға картоп, бау-бақша өсіріп, ауыл адамдарын көкөніспен қамтамасыз етіп отырды. Бұл жұмысқа зайыбы Маразы мен балалары да араласты. Сондай-ақ, кеңшар директоры Елемес Жуминмен бірге ауыл шаруашылығы техникаларын жетілдіру жөнінде көптеген жұмыстар атқарғаны тұрғындардың көз алдында. Мәселен, «КДП-6» аталатын екі шөп шабу машинасын біріктіріп, алты орақтық машина шығарғандардың бірі Жақсылық аға болатын.

8 баланы дүниеге әкеліп, тәлім-тәрбие берген ата-ананың балалары отбасының атына ешқандай кір келтірмеді. «Атасының баласы» саналған Жетпісбай мен Әділжаны Ауған соғысында болып, жауынгерлік медальдармен оралды. Полиция подполковнигі Ғарифулла Чернобыль апатын ауыздықтауға қатысты. Полицияда мінсіз қызмет етті. Қазір Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде ұстаздық етеді.

Бүгінде 14 немере, 1 шөбере сүйіп отырған Жақсылық және Маразы Анарбековтер шаңырақ көтергендеріне 50 жылдық мерейтойларын қарсы алуда.

Марат БЕКБОЛАТҰЛЫ,

Шалқар ауданы.

Сағыныш

Іңкәр көңіл

Сағынатын, аңсап жүретін бір інілер болады, арқа тұтасың, қарадай көргің келіп тұрады. Мына жалпақ һәм жалған дүние соған душар етеді, бүгінде ер азаматтары жоқтың қасы мектеп тәрізді ұжымдарда жалғызсырайтын сәтің де аз емес екен. Сондайда өзіңе рухани тірек бола алатын серік, жаныңа жақын жан іздейсің. Бұл жөнінде соңғы 10 жыл бедерінде жолым да бола бастағандай еді. Осындай көңілден шыққан бір басшымыз мектеп директорлығынан жоғарылау қызметке ауысып, орнына Талғат Таңатарұлы Наурызғалиев сынды бір азамат келген-тін. Ембіге көршілес ауылдың мектебінде өзім құралпы оқу ісінің меңгерушілігінен келген бұл жігітпен салғаннан-ақ табыса кетудің қиын болмағаны және анық. Қызмет бабындағы бұған дейінгі кездесулерімізде «Бірінші проректорлар кездесіп қалыппыз ғой, жүдә» деген далбасалау қалжыңымызды еске алдық әуелі. Сол кезде жайдары қалпымен өздеріне сүйеу-балдақ болуға әзір көрінген елгезек жанды жұрт өзін ықыласпен қабылдап еді. Сөйткен Тәкең ортамызда, санап отырсақ, 9 ай ғана қызмет етіпті. Осыдан дәл бір жыл бұрын күтпеген жерден жүрек талмасынан көз жұмды, қайран Тәкең.

Сол күні өзі аудан орталығы Қандыағашта іссапарда болатын-ды. Үзілерінен бір-екі апта бұрын сыр бергені болмаса, Мұқағали ағасындай «жүрегін күні-түні күзетіп жүрген» Талғатты байқаған да жан болмапты арамызда. Үнемі сол жайдары қалып, жайма-шуақ кескін-келбеті. Көңіл толқытып, қолға қалам алдырып отырған да задында Тәкеңнің осы асыл қасиеттері болар-ау. Еске түсе қалып отыр. Талғат марқұм өзі сондай аңғарымпаз һәм қағілез болатын. Бірде мектептің жылу қазандығы орналасқан телімге бара қалмай ма, алдында әлденені дәнекерлеп қоярсың деп тапсырған бір жұмысшысына бұрылса, ол: «Бүгін сәті түспеді, Тәке. Күн бұлттанып тұр ғой. Дәнекерлеу аппаратын қосуға «земля» болады», – деген сылтау айтыпты. Әлгінде ғана бір көңілді отырыстан оралған жұмысшының көңіл-күйін дәл аңдаған директор: «Өзің де «земля» болып тұрсың ғой», – деп бұрылып жүре берген екен. Ұлылығы әлі күнге басыла қоймаған азулы тілдің маманы атанып, екі тілде еркін сөйлегесін бе, Талғат Таңатарұлы ортамызда аса сауатты көрінетін. Әзіл-оспаққа жаны үйір еді. Тілі сондай удай-тын. Мұнысын өзі әжемнен дарыған деп айтып отырушы еді.

«Бастардың базары» деген бір анекдоты есте қалыпты. Тәкеңді бір еске алғанда кезекпе-кезек айтып қоятынымыз бар оқта-текте. Мұнысына қоса Талғат керемет мәмілегер де еді. Белгілі ортаның өршіп берген қай дау-жанжалы да оның кезінде оп-оңай басылатын. Бірде осы жолдардың авторы өзім де «өзінде …жоқпен көзге ұрып», тым ерсі шоқтықтанған бір әйел әріптесіммен ал кеп «қырылайын». Сүт пісірімге созылған бұрқ-сарқтан соң Тәкең орынбасары – өзімді «жеке» қабылдады. Не керек, кеңседен керемет ақылды әрі өзімдікі дұрыс боп шықтым. «Молдеке (өзі ылғи осылай дейтін), мен сені бүкіл жағынан қолдаймын ғой. Сен нервіңді құртпа!» Дәйексөзге жүйріксің ғой «Ум у мужчины глубокий, у женщины – прекрасен» дегенді естуің бар ма еді?» – деді. «Тіпті, біле білсең, мен сенің анау саяси көзқарастарыңды да қолдаймын ғой» – дегенді де қосып қойып еді. «Мұңайғаным болмаса күзде кей күн» дегендей, өз саламыздағы келеңсіздік пен бассыздықтарға кіжінетінім болмаса, елдің бір түкпіріндегі, жұмысынан басқамен шаруасы жоқ, партияның қатардағы ғана өкілі біз пақырда қайбір саясат болсын лағып жүрген. Өзімді жай жұбату үшін айтқан екен ғой, қайран Тәкең!

Бірде тағы мынадай оқиға болып еді. Көршілес мектепте істейтін жолдасым Қамқа үйдің екінші кілтін ертеңгісін өзімен бірге ала кетуді ұмытып кетіпті. Түске қарсы осыны айтып өзіммен хабарласып тұр. Үйге келіп, есікті ашып берсең дейді. Үй де жердің түбі, қапелімде қалай жетіп бармақпын. Бәрінен телефондағы әңгімемізді естіп тұрған Тәкең құтқарды. «Молдеке, құрсын қашан жетесің ана жаққа. Әкел кілтті, мен апарып келейін», – деп елп ете қалды. Есік алдында жұмысқа қатынап жүрген жеке көлігі тұрған-ды.

Құнттап қағазға түсірмегені болмаса, Талғат Таңатарұлына қатысты осындай жаттарды айтушылар ұжым ішінде жетерлік. Бар-жоғы 9 айдың жиып берген естелігі – бұл. Ол маған тазалықтан ғана, бауырмалдықтан ғана, айнымас-бұлжымас мейрімділіктен ғана жаралған азамат сияқты болып көрінеді. Жазушы Ғабеңнің (Ғабит Мүсірепов) кезінде Ілияс Омаровқа айтқан: «Үлкендер қатарында кіші емес, кішілер қатарында үлкен емес бір жандай», – дейтін сөзі осы біздің Талғат бауырымызға да дөп келетіндей.

Жақында Бірлік ауылында Тәкеңнің жылдық асы берілді. «Адамның алды жар, соңы ажал» деген – осы. Тірі болса, Талғат Таңатарұлы биыл 30 мамырда 42 жасқа толар еді. Ақ көйлек атпал азаматтың жарқын бейнесін әріптестері әлі күнге әуезе етіп еске алады. Мына өзіме де ол сәл толыса түскен етжеңді денесін жеңіл қозғап, өзінің әдеттегідей «Молдеке, қалай, бәрі тыныштық па?» деген күйі саусақтарымен қос жеңнің артқы бөлігін қыса түсіп, әлі күнге мектепке кіріп келетіндей көрінеді.

Молдабай ЕРЖАНОВ,

№7 орта мектебі директорының

оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары.

Ембі қаласы.

Тәрбие

Рухы биік ел белсенді болады

Адамзаттың бақытын көздеген, соған жетуді басты мақсат тұтқан ислам діні тәрбие мәселесінен сырт айналып өткен емес.

Сондықтан дініміз ұлтына, түр-түсіне қарамай, бала тәрбиесінде ата-ана мен бала арасын жақындата түсіп, бақытқа жетелемек. «Ата-анаға құрмет – балаға міндет» қағидасы сол сәтте орындалары анық. Ислам шариғаты бойынша бала тәрбиесіндегі үш міндетін айтып өтейік. Кез келген ата-ана үшін үш міндеттің біріншісі – балаға лайықты, көркем ат қою. Екіншісі – рухани тұрғыдан имандылыққа баули отырып, жақсы тәрбие беру. Ал үшіншісі – ер баланы инабатты қыз балаға үйлендіру, қыз баланы үлгілі ер жігітке тұрмысқа шығару.. Әрине, бұл жайттар Пайғамбарымыздың хадистерінде де қатаң айтылған. Сондықтан әрбір ата-ана тәрбие мәселесінде жоғарыдағы үш негізді басты назарға алар болса, перзент алдындағы қарызға түсіп, парыздан құтылған болар еді.

Әрбір ата-ана дүние тіршілігімен қатар отбасылық тәрбиеге де бір сәт назар аударғаны дұрыс. Сонда ғана ұлттық тәлімі мол, рухы биік жастарымыз өсіп шығары ақиқат. Аллаға шүкір делік, егеменді  еліміздің тәуелсіз жас жеткіншектерінің бойларынан имандылықтың, адамгершіліктің, ізгіліктің сәулесін әбден байқауға болады. Олай дейтінім, бүгінде жаппай имандылыққа бет бұрып, Алла үйі болған мешітке барушы жастардың қатары күн санап артып келеді. Әрине, бұл – егеменді еліміз үшін мақтаныш. Қашан да рухы биік елдің белсенді болатыны белгілі. Десек те әлемді жаппай жайлаған жаһанданудың келейсің әрекеттеріне төтеп бере алмай жатқан жастарымыз да жетерлік. «Жаста берген тәрбие жас қайыңды игендей» деп, тәрбиенің берілер кезеңін көрсетіп те кеткен бабаларымыз. Тәрбиенің болашақ үшін ерекше әсері барын ескерген сол бабаларымыз «Баланы жастан» қағидасын берік ұстанып, асын адалдан етіп, арамға бой алдырудың алдын алып отырған. Тәрбие тал бесіктен екенін әрқашан жадымызда ұстап, баршамыздың ортақ үйіміз болған қазақ жерінің жастарына үлесімізді қоса білгеніміз жөн. Сол тәрбиенің жақсы қалыптастуын қаласақ, жастардың өн бойына рухани ізгіліктің дәнін сепкеніміз болар. Сонда ғана нәтижелі жемісін көреріміз сөзсіз.

Дархан АХМЕТОВ,

Қ.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*