Басты бет » Жаңалықтар » Су: қойма, бөгет, жайылым

Су: қойма, бөгет, жайылым

Жұма күні Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев қаламызға іссапармен келіп, облыс орталығындағы Сазды, Ақтөбе және Қарғалы су қоймаларын аралады.

Су шаруашылығы саласын дамыту мақсатында қаламызға алғаш келген төраға алдымен облыс әкімі Архимед Мұхамбетовпен кездесіп, «Ауыз су» бағдарламасы аясында және жайылымды жерлерді қалпына келтіру, су қоймалары мен бөгеттер  турасында сөз қозғады. Сонымен қатар кездесу барысында басшылар өңірдегі су шаруашылығы мамандарын алаңдатып отырған мәселелерді бірлесе шешу керектігін айтты.

Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев алғашқы жұмыс сапарын Ойыл ауданынан бастаған болатын. Мұнда ол су шаруашылығы саласының мамандарына Қарасу елді мекенінен үш жүз метр қашықтықтағы Тамдыкөл су реттеуші шлюзін қайта жаңғырту керектігін тапсырды.

─ Ақтөбе облысына келудегі мақсатым ─ өңірдегі су ресурстарын аралап, мұндағы мәселелерді облыс әкімімен бірлесіп шешу. Бұл ретте тек облыс орталығындағы ғана емес, аудандардағы су қоймаларының жай-күйін білу үшін Ойыл ауданына барып, су шаруашылығы саласының мамандарымен кездестім. Ауыл шар­уа­шылығын дамыту үшін алдымен суар­малы жерлерді қалпына кел­­тіруіміз керек. Сондай-ақ тағы бір өзекті мәселе — Елек өзені бойына тазалық шараларын ұйымдастыру. Сонымен қатар ауыз су мәселесі де назардан тыс қалмайды, ─ деді төраға.

Мұнан соң Ислам Әбішев облыс орталығындағы Сазды, Ақтөбе және Қарғалы су қоймаларына барып, су шаруашылығы мамандарымен кездесті. Сазды — өңірдегі су қоймаларының ішіндегі ең көнесі. Жоба бойынша оның сыйымдылығы шамамен — 6 миллион текше метр шамасында, қазір бұл көрсеткіш — 4,5 миллион текше метрді құрайды. Өткен жылы бұл жерге ағымдық жөндеу жұмыстары жасалған.

Өңірдегі ірі көлемді Қарғалы су қоймасы 280 миллион текше метр суға есептелген. Ал Ақтөбе су қоймасы алаңының шаршы метрі бұдан сәл аздау — 250 миллион.

Өңірдегі су шаруашылығы саласының жұмыстарымен жан-жақты танысқан төраға бұл саланың мамандарына жоғары баға берді. Себебі су шаруа­­шылығы қызмет­керлері тоған­дар­ды, гидроқұрылыстарды ре­тіне келтіріп, су қоймаларына тыңғылықты дайындық жұмыстарын тұрақты жүр­гізіп тұрады екен.

Қазір елімізде ауыл шар­уа­шылы­ғының дамуына орай суар­малы, жайылымды жерлерді  қалпына кел­­тіру мәселесі күн тәр­тібіне қойылған. Сондықтан төраға су шаруашылығы мамандарына осы мәселеге зейін аудару керектігін айтты.

 

Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*