Басты бет » Жаңалықтар » Көне мешіт жаңарады

Көне мешіт жаңарады

Ақтөбеліктер тұрғызылғанына 110 жыл толатын облыс орталығындағы тарихи көне мешітті келер жылы қосымша құрылыстар салынған, қайта жөнделген түрінде көретін болады. Бұған облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің өзі бастамашы болып отыр. Жөндеу жұмыстары күні ертең басталмақ.

Осымен байланысты өткен жұма күні аймақ басшысының қатысуымен қалалық орталық мешіт алдында қосымша құрылыстар салынатын және қайта жөнделетін мешітке арнайы белгі қою және капсула орнату рәсімі өтті. Оған облыстағы, қалалардағы және аудандардағы мешіттердің бас имамдары қажылар, бірқатар ресми орындар мен кәсіпорындардың, бизнес саласының өкілдері, жамағат қатысты.

Мамандар жиналғандарға Ақтөбе қаласының қайта жаңартылатын орталық мешітінің құрылысының жобасымен таныстырды. Олардың көпшілікке баяндағанындай, тарихи мешіттің бұрынғы ғимараты бұзылмай, сол күйінде қалады. Керісінше, көне мешіттің ежелгі тарихи бейнесін шығаруға бағытталған жұмыстар жүргізіледі. Сонымен бірге, осы мешіттің жанына қосымша құрылыстар салынады. Өйткені, мешіттің тарлық етіп жүргенін жамағат жақсы біледі. Қасиетті жұма, Айт  күндері намазға келгенде көпшілік әсіресе қыс айларында далада, мешіт ауласында намаз оқуға  мәжбүр болып жүр. Сол үшін мешіттің аумағы кеңейтіліп, қосымша құрылыстар салынады. Осы қосымша салынатын құрылыстың ішінде ерлердің намаз оқитын залы, әйелдердің намаз оқитын залы бөлек екінші қабатта және медресе жайлары, ұстаздардың бөлмесі, бұған қоса ер кісілердің бөлек кіре берісі және тахаратханасы, әйелдердің кіре берісі және тахаратханасы қарастырылған. Енді осы жаңа құрылыстар салынғанан кейін, бұл мешітке келуші жамағат өте қолайлы түрде  өздерінің құлшылық ғибадаттарын жасап, парыздарын атқарып шығуға мүмкіншілік алады.

Ақтөбе қалалық орталық мешітінің қосымша құрылыстар салу және жаңарту рәсімі жиналғандардың зор ықылас танытуымен ашылып, құран оқылды.

Осы ұлағатты істің бастамашысы, облыс әкімі Архимед Мұхамбетов мешіттің қоғамдағы алатын орынын айрықша атап көрсетті.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы және көреген саясатының нәтижесінде егеменді еліміз бүкіл әлемге тұрақтылықтың мекені болып танылып, ұлтаралық, дінаралық келісімнің қазығы ретінде көрінді. Соның бір көрінісі тек  Ақтөбе облысында 64 мешіт ашылып, бүгінгі таңда тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында  жұмыс жасауда. Олардың арасында тарихи көне мешіттер де бар. Сол тарихи мешіттерді  мәдени мұра, құнды жәдігер ретінде қайта жөндеуден өткізуді біз орынды мәселе деп қараймыз. Ақтөбе қалалық орталық мешіті облысымыздағы тарихи, негізгі мешіттердің бірі болып саналады. Тарихи деректерге қарасақ, 1901 жылы бұл мешіттің іргесі қаланып, 1903 жылы мешіттің ғимараты, қызметкерлерге арналған бірнеше үй, медресенің құрылысы толық аяқталып, іске қосылған. Бұл мешіт көптеген тарихи оқиғаларды басынан өткергені белгілі. 1929 жылы жабылып, 1934 жылы мешіт ғимараты баспаханаға айналдырылған. 1991 жылы еліміздің егемендікке қол жеткізуімен байланысты халықтың мешітке деген сұранысы күшейіп, мешіт өз жұмысын қайтадан бастады. Міне, содан бері бұл мешіт тәуелсіз еліміздің иманды ұрпағына  қалтқысыз тұрақты қызмет жасап келеді. Өзім де қалаға  басшылық жасаған жылдарда  мешіттің тарлық ететінін Рамазан айында, Айт мейрамдарында талай мәрте көрдім. Жамағатпен де көп кездестім. Олар тарапынан да  сұраныстар болды. Мешіттің сыйымдылығының төмендігін, инженерлік желінің нашарлығын, автотұрақ, абаттандыру жағынан да көптеген мәселелер бар екенін білетінмін. Соның барлығын ескердік, оның үстіне келесі жылы осы тарихи мешітке 110 жыл толады. Осымен байланысты тарихи мешітті күрделі жөндеуден өткізуді, айналасын абаттандыруды, қосымша ғимаратпен қамтамасыз етуді жөн көріп отырмыз. Бұған көптеген дайындық жұмыстары жүргізілді.

Бүгінгі күні қоғамдық қор құрылды. Құрылтайшылары көпшілікке кеңінен танымал белгілі азаматтар. Қордың директоры Есімхан  Есенбаев бірнеше ауданда басшы болған, облыстық мекемелерде жетекшілік қызметтер атқарған іскер азамат.  Қуаныш Елубаев облыстық мәслихат депутаты, құқық қорғау органдарында көп жылдар басшылық қызметтерде істеген. Құрылтайшылардың құрамына кіретін қаланың бұрынғы бас сәулетшісі Жәнібек Тәттібаев та белгілі маман.  Басқа да құрылтайшылар мен мердігерлер таңдалды. Жұмағұл Бакиев мердігер ретінде танылып, бекітілді. Ол 2011 жылы Қазақстанға еңбегі сіңген құрылысшы атағына ие болды. Оның «Нұр-Ғасыр» мешітінің құрылысына басшылық жасағанын көпшілік біледі.  Ал мешіттің жобасын  әйгілі сәулетші, Қазан қаласынан  Айбар Сатаров жасады. Ол Елбасының Жарлығымен 2008 жылы «Достық» орденімен марапатталған.  Көптеген жұмыстар бұрыннан таныс. «Нұр -Ғасыр» мешіті қазір қаламыздың көркін келтіріп тұр. Қазан қаласындағы Құлшариф мешітінің, тағы да басқа мақтаулы жобаларды іскке асырған сәулетші.

Мердігерлер мешіт құрылысын жаңғыртуға ертеңнен бастап кіріседі. Қазір бастапқы жұмыстарға бюджеттен 200 млн. теңгедей қаржы бөлінді. Әлі де көптеген ірі кәсіпорындардың басшылары, шағын және орта бизнес өкілдері үлес қосады деп толық сенеміз, — деді облыс әкімі.

Қалалық орталық мешітті қайта жаңғырту жұмыстарын белгіленген мерізімде аяқтау міндетін алға қойған облыс басшысы қоғамдағы бірлік, тұрақтылық мәселелерін де қозғады. Бұл бағыттағы жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Елімізде дінаралық келісімге зор маңыз берілетінін атап көрсетті. Енді аз күнен кейін, яғни 30-31 мамырда Астана қаласында Елбасының тікелей ықпалымен, қолдауымен әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының төртінші съезі өтеді. Біздің елімізде 400-ден астам ұлт өкілдері,  ұлыстар және 100-ден астам діни конфессиялардың өкілдері тату-тәтті бейбіт өмір сүріп жатыр.

Осының бәрі Елбасының сарабдал саясатының арқасы. Сондықтан  біз де өз жағымыздан көптеген қолдау жұмыстарын жүргіземіз. Елбасының атап көрсеткеніндей,  мұсылмандық парыз, мешітке келу әуесқойлықтан болмау керек. Ең негізгі қағида мұсылмандық, имандылық жүрегінде болсын, иманы бар адам ешқашанда жаманшылыққа, адамдарға қаскөйлік жасауға,  зорлық-зомбылық көрсетуге бармайды. Сондықтан да біздің бүгінгі жетістіктеріміз, еліміздің жетістігі осы біздің ішкі татулығымыз. Қазір біздің облысымызда да көптеген ұлттар тұрып жатыр.  Олардың ешқайсына да қысым жасалмайды, қайта қолдау көрсетіледі. Сондықтан да бізге Аллатағаланың нұр шапағаты тиіп отыр деп есептейміз. Осы ісімізге  береке, елімізге, халқымызға  молшылық, бақыт, бірлік бергей, деп түйді сөзін Архимед Бегежанұлы.

Осы жерге облысымыздың, қалалар мен аудандардың бас имамдары, қажылар, аға ұрпақтың өкілдері жиналған. Осы жамағаттың  атынан Өтеміс қажы Әкімов сөйледі.

— Бұл оқиға — өмірдегі рухани үлкен  іс. Жаңа бірсыпыра азаматтар айтып кеткендей, шын мәнісінде, бұл мешіттің де басынан көп оқиғалар өтті. Біздің облысымызда қызыл тастан ғасырдың басында салынған бірнеше мешіттер болған. Олар – қаланың осы орталық мешіті, Темір қаласындағы, Ойыл селосындағы  және Қобданың бергі жағындағы Сартоғай елді мекенінде тұрған мешіттер. Тоқсаныншы жылдардың басында  Ақтөбе, Темір, Ойыл мешіттері қайтадан қалпына келтіріліп, осы сәнге жеткізілді. Оның бер жағында бұл мешіттің 100 жылдығына байланысты жөндеу жұмыстары жүріп еді, бүгін тағы да үшінші кезегіне шығып тұрмыз. Қазір біздің облысымызда дәстүрлі дінге қамқорлық бағытында бірсыпыра қызметтер жасалып жатыр. Жаңадан мешіттер тұрғызылды. Қор құрылып, осы қызметтерді, коммуналдық төлемді, мешіт қызметкерлерінің жалақыларын мецанаттарымыз, кәсіпкерлеріміз өз мойындарына алды. Демек, біздің облысымызда мешітке қамқорлық бар. Облысымыздың орталығында «Нұр-Ғасыр», «Нұрдәулет» мешіттері салынды. «Трансойл» мекемесінің күшімен  «Сүлеймен» мешіті тұрғызылды. Техникалық қызмет көрсету орталығы жанынан  Махаббат қажы мешіт тұрғызды.  Әрине, бұл мәселелер әлі де түбегейлі шешімдерді қажет етеді. Қалалық орталық мешіт — қала халқына қолайлы жерде. Осы жерде көптеген оқу орындарының студенттері бар. Базар жақын, оған көптеген ұйымдаспаған халық келеді. Оның басым көпшілігі мұсылмандар.Осында келіп олар намаз оқуға мүмкіндік алады. Мен Сауд Арабиясында болғанымда, банктің ішінде,  автотұрақта мешіттің орналасқандығын көрдім. Себебі қырық шақырым жерден азан шақырған уақытта мешітке барып намаз оқуға мүмкіндік бола бермейді. Сондықтан мен бұл өте дұрыс шешім деп қабылдаймын,— деді қажы ағамыз.

Бүгінгі облыстық орталық «Нұр-Ғасыр» мешітін салған кезде де негізінен халық, кәсіпкерлер қол ұшын берген еді. Бүгінгі жиынға да кәсіпкерлердің үлкен тобы қатысты. Олар да мешіт құрылысына өздерінің қол ұштарын бермек. Солардың атынан сөзді «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Аманжол Тәжіғалиев алды.

— Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтің  бизнестің жауапкершілігі туралы айтқан тапсырысы бәріміздің есімізде болу керек. Сол тапсырмаларды жүзеге асырумен байланысты уақытында облыс өңіріндегі біздің бизнесмендеріміздің облыс әлеуетін көтеруде үлкен жұмыстар жасаған баршаға аян,— деп бастады сөзін үлкен кәсіпорын басшысы. — Осыдан 7 жыл бұрын іргетасы қаланып, өзінің әсемдік сәулетіменен тек қаламызға ғана емес, күллі елімізге белгілі болған облыстық «Нұр-Ғасыр» мешіті  осылай салынды. Оған бюджеттен ешқандай ақша бөлінген жоқ. Яғни облыс кәсіпкерлері —  біз бен сіздер барлығымыз күш біріктіріп салған болатынбыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген, солай салынған мешітіміз қазір халқымызға қызмет етіп, елдің рухани дамуына үлкен еңбек сіңіріп отыр. Осындай ізгі жұмыстарды әрі қарай жалғастыру мақсатында, өз өңірімізді көркейту бағытында облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің «Көркейе бер, туған жер!» акциясы басталып және сол шараға үлес қосылып, үлкен жұмыстар істеліп жатқанын бәріміз білеміз. Сондықтан да мен облыстық мәслихат депутаттары атынан  елдегі, облыстағы бизнес иелерін осыған өз үлестерін қосуға шақырамын.

Осы мешіттің қосымша  құрылыстары мен қайта жөндеу жұмыстарының басталу құрметіне облыстың, қаланың және аудандардың бас имамдары  дәстүрге сәйкес арнайы белгі және капсула салуды ұйымдастырды. Онда Құран кітабының  сүрелері мен аяттарынан сөздер жазылған. Жиналғандарға оның мағынасы жеткізілді. Мешіт құрылысының іргесіне капсула орнату құрметі осы іске бастамашы болып, үлкен қолдау  көрсетіп отырған облыс әкімі Архимед Бегежанұлына берілді.

Елбасы Н. Назарбаев өз сөзінде мешіт тек қана ислам дініне ғана емес, рухқа сенген, жүрегі таза, адамгершілікке ұмтылған бүкіл адамзаттың басын қосатын қасиетті орын болып саналады дегені бар. Сондай бір ізгі іс — облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің тікелей бастамасымен қолға алынды.  Жаңа құрылысқа қойылған белгіде мешітті жаңғыртудың аяқталу мерізімі 2013 жылдың тамыз айы деп көрсетілген.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы, облыстық орталық «Нұр-Ғасыр» мешітінің бас имамы Әбімүтәлі Дәуренбеков қажы облыс басшысына:

— Алланың ережеп айында осындай үйге іс бастағаныңызға, еліміздің келешегіне, жастарымыздың иманды болуына қолғабыс еткеніңізге  пайғамбарымыздан сансыз шапағаттар болсын. Келесі ғасырларға белгі,  егеменді еліміздің баянды екендігіне куә болатын амал істі біздерге нәсіп етсін,— деп алғыс тілегін білдірді.

Жаңа құрылыс жұмыстарының басталуына  байланысты қалалық орталық мешітте құрбан шалынды.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*