Басты бет » Басты жаңалықтар » Табиғаттың төл перзенті

Табиғаттың төл перзенті

Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа…

Абай айтқан сөздің бәрі дұрыс. Дұрыс болатыны — дүние дөңгеленген сайын алдыңнан шығады да отырады. Мойындайсың.

Бүгінде жетпіс атты белеске қалай жетіп қалғанын өзі де «апырай, ә!» деп ойлана қабылдап отырған Әлізақ Низамутдинов ағамен өмір, тіршілік туралы сұхбаттасқанымызда сол дана ақын айтқан көп сөз көңілімізде жүгіріп, осы ғұмырдың жігерлі шақтарын еңбекке арнаған, қасиетті қара жердің қадірін бір кісідей ұғынған адамның ішкі жан сырына тереңдеп үңілгендей болып едік.  

Шалқар өңірінде туып-өсіп, ал азамат атанып, атқа мінген шақтарын Қарабұтақ аумағына арнаған Әлізақ Мүбәракшаұлы бүгінге дейін жүріп өткен жол Абай айтқан «соқтықпалы, соқпасыз» деуге келмес, бірақ екі қоғамның — кеңестік кезеңнің де, одан кейінгі нарық заманының да бел ортасынан өтті.   

 

Адамның қай жерде жүрсе де жадынан шықпайтын ыстық ұғымдар болады. Соның ең бастылары — туған жер, кіндік қаның тамған мекен, балалық шағың өткен аймақ.

Әлізақ ағаның да көңілінің терең түкпірінде жататын сондай жылы сезімдер Алақозы деп аталатын ауылмен байланысты. Ұлықұмның қалың түкпіріндегі, былай қарағанда, думанды өмір, қызу тіршіліктен қағыстау қалып қойған секілді көрінетін осы өңірдің өзіндік ерекшеліктері, басқа жерлерге мүлдем ұқсамайтын артықшылықтары да жетерлік еді.

Мәселен, тазалыққа тұнып тұрған табиғаты. Ауыл баласы үлкендермен таласа тым ерте тұрып, жаңа шығып келе жатқан күнге көзін сығырайта қарағанда бүкіл шуақ өзіне қарай төгіліп тұрғандай сезініп, бойын ерекше сезім билейтін. Содан кейін айналаға көз шола қарағанда Алақозы, Балақозы, Мәзім, Түйебай деп аталатын тауға бергісіз биік төбелер көңілін көкке өрлететіні есінде. Жаз басталды дегеннен-ақ бала біткен Бақалшақты деп аталатын су жиналатын алаңқайды айналып шықпайды. Бос топырақты үңгілеп қазсаң, білек созым жерден тұщы су атқылап шығып жатады. Күні бойы осы арадан әр түрлі кескіндегі бақалшақтар теріп, ара-арасындағы үйдің тірлігіне араласып, қозы қайырып, бұзау бағатын балғындар шынында да әлемде Алақозыдан артық басқаша мекендер, өзге жұрттар бар-ау деп бас ауырта бермейтін.

Сағатпен есептеспей, қажет кезде ашылып-жабыла беретін шағын дүкен, көрші фермадан ат сауырындағы қоржынға ілігіп жететін газет-журналдар мен хат-хабарлар, анда-санда бір соғатын көшпелі кино, осындай көріністер көз алдына келгенде, сол бір қамсыз шақтың енді қайта айналып соқпайтыны жүрек сыздатады.

Алақозыда сөз қадірін түсінетін, әңгіме ажарын кіргізетін ақсақалдар көп еді. Айналаға алаңы жоқ ойын баласының өзі соны күн сайын сезініп қалатын, құлаққа кірген мәнді-мағыналы ұғымдар көкіректің бір бұрышына енді шықпастай болып қонақтап қалатын. Олай болатын да жөні бар еді. Бұл — заманында әділдігімен, айтқыштығымен, туралығымен танылған Сегізбай бидің ауылы болатын.

Әдетте ілгерінің ізгі қасиеттері кейінгі буынға жұғысты болатыны да жасырын емес. Бұған және бір мысал дәлел.

Шалқар өңірінде Мүбәрәкша Низамутдинов туралы қай кезде де ерекше құрметпен айтылады. Өз заманында Қазан қаласындағы гимназияны ойдағыдай бітіріп шығып, 1910-1917 жылдары жоғары діни семинарияда білім алған, араб, парсы және басқа да мұсылман елдерінің тілдерін еркін меңгерген ол бастапқыда діни білім бергенімен, кейін кеңестік кезеңнің талабына ыңғайланып, елді сауаттандыруға белсене араласты. Шалқар ауданының Карл Маркс, Айшуақ, Қорғантұз, Сарыбұлақ, Алақозы мектептерінде ұстаздық қызмет атқарды. Оның алдынан өткен, тәлімін алғандар қатарында тарих ғылымдарының докторы, профессор Бек Сүлейменов, Қазақ КСР Қаржы министрі болған экономика ғылымдарының докторы, профессор Төлепберген Төлебаев, Социалистік Еңбек Ері Жұмабек Дүйісов, тағы да басқа ондаған тұлғаларды атауға болады. Ал олардан кейінгі толқындағы танымал азаматтар тобы өз алдына бір бөлек.

«Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атанған, Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталған осындай ұстаз ұлағатын көргендер Әлізақтың алдынан талай жерде кездесті. Солардың қай-қайсысы да «біздің Мүбәрәкша ағайдың баласы» деп айрықша құрмет сезімдерін білдіріп жатады.

…Ал Әлізақ, неге екенін кім білсін, агроном болуды қалады. Бұның бала кезінде Алақозыда егіс салынған жоқ, екпе шөп деген де болмайтын. Бірақ кейін Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтының агрономдар даярлайтын факультетінде оқып жүргенінде бұл мамандықтың жанына жат емес екендігін ішкі жан дүниесімен сезінді.

Әлі күнге дейін жадында, бұлар диплом алатын уақыт жақындаған кезде институтқа Дінмұхамед Қонаев келді. Кездесу реті болған тұста студенттер оған сәлемдесе бастады. Сонда мемлекеттік қайраткер жиналғандарға «менің қолым ұзын  ғой, жеткен жеріне дейін созып, сіздермен сәлемдесейін» деп болашақ мамандарға ілтипат танытты. Содан кейін «Біздің ең қымбат байлығымыз — нан. Сондықтан жер қадірін біліңдер, жақсы жұмыс істеңдер» деп тілегін білдіреді.

«Сол ізгі ниетті өмір бойы ұмытқаным жоқ» — дейді Әлізақ аға.

1966 жылы жас маман жолдамамен Қарабұтақ ауданына жіберіліп, «Қайрақты» кеңшарының бас агрономы етіп тағайындады. Институттағы алған білім мен өндірісте еңбек етудің үйлесе бермейтін тұстары да көп кездеседі әдетте. «Біз осылай оқығанбыз» деген дәлелмен шаруаны тындыра алмайсың. Сондықтан Әлекең қызыл дипломды қалтаға салып қойды да, тракторшылармен бірге алқап басынан бір-ақ шықты. Үстіне жұмыс киімін киіп алып, күні-түні егіс басында жүрді, жер қыртысына үңілді. Кәнігі диқандардан білмегенін сұраудан намыстанған жоқ.

Шаруашылық басшысы, тәжірибелі өндіріс жетекшісі Алдияр Шырынбаев бас агрономды баласынған жоқ. Талап та қойды, міндет те артты. Осында өткен төрт жылда ол шыңдалып шықты. Қоғамдық қызметтерге де белсене араласты.

Ол уақытта жігерлі іс-қимылымен көзге түскен жас маманды жоғарғы органдар назарда ұстайды, жауапты қызметтерге тартады. Сол ретпен Әлізақ Мүбәрәкшаұлы бір күні Қарабұтақ аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушылығы қызметіне шақырылды. Нұсқаушыға жүктелетін міндет ауқымды. Аудан өңіріндегі бүкіл шаруаға араласып, белгілі бір салалар бойынша ұйымдастырушылық жұмыстар жүргізеді. «Аупарткомның нұсқаушысы айтып жатыр, соны орындауымыз керек» деген сыңайлы тіркестер сол кезде ұйымдар мен кәсіпорындарда жиі айтылады. Партия қызметіндегі осындай сынақтан өткен Әлекеңнің мүмкіндік-қарымын айқындап алған басшылар енді оны «Қызыл жұлдыз» кеңшары партия комитетінің хатшысы қызметіне жіберді.

Негізінде шаруашылықты директор басқарғанымен, осында еңбек ететін, жұмыс істейтін коммунистердің белсенділігі, іске қатысуы саяси жетекші қызметіне сын. Көп жағдайда директормен тізе қосып жұмыс істеуге тура келеді. Ол үшін білімің мен білігің, қабілетің мен қарымың шаруашылық басшысынан кем түспеуі тиіс.

Бүгінде өткен шаққа қарап ойланып отырса, «Қызыл жұлдыз» Әлекеңді көтеріпті, Әлекең «Қызыл жұлдыздың» көтерілуіне қызмет жасапты. Жас хатшы жастық жалынын, күш-қайратын аянған жоқ. Осында адамдармен жұмыс істеуге тәжірибе жинады. Кадрларды тәрбиелеуге үлес қосты. Талап қою, жауапкершілікті сезіну деген ұғымдарға тереңдеп енді.

Қарап отырса, «Қайрақтыда» қалыптасқан көп дағды бойына тереңдеп сіңіп-ақ қалған екен. Осында агроном болудың өзіндік мектебін қалыптастырған сыңайлы. Сол кәсібіне құштарлық партком хатшысы болып жүргенінде де суыған жоқ. Кабинетте отырғаннан гөрі алқапқа қарай аңсары ауа беретінді шығарды.

1975 жылы аудандағы ірі шаруашылықтардың бірі — «Бөгетсай» кеңшарына бас агроном қызметіне жіберілгенде Әлекең бұл шаруаға екінші тынысы ашылғандай кең адыммен кірісті. Мұнда аз уақыт ішінде астық дақылдарының көлемін жиырма мың гектарға жеткізді. Екпе шөп көлемін де осындай деңгейге көтерді. Дәнді дақылдардың әр гектарынан 10-12 центнерден өнім алынып, бұрын-соңды болып көрмеген көрсеткішке қол жеткізілді.

Егіншілік пен мал шаруашылығы қатар өрістеген өндірісте осы екі саланы бірдей дамыту маңызды. Сондықтан да Әлекең кәсіби дағдысын да, ұйымдастырушылық қабілетін де алқап өнімділігін арттыруға жұмылдырды. Соның нәтижесінде шаруашылықта мал азығын дайындаудың жылдық көлемі 250 мың центнерге дейін жеткізілді. Осынша еңбек еткен механизаторлар мен комбайншылардың да табыстары ұлғайып, көңілдері көтерілді.

Бөгетсайлық диқандар 1981 жылы мемлекетке астық тапсыру жоспарын он үш есе асыра орындап, көпке үлгі болғанын Әлекең бүгінде марқая еске алады. Сол жылдары Бөгетсай ауылын, ферма орталықтарын құм көшкінінен сақтау, Ор өзенінің алқабындағы экологиялық ахуалды жақсарту, ауыл үстінен өтетін автомобиль жолдарының екі бетін жасыл желекпен көмкеру, құм басқан жерлерге шөп егіп, көгалдандыру бағытында көптеген игі істер қолға алынды.

Шаруашылықтың қырманы тасыған сол кезеңдердің нәтижесі — Әлізақ Низамутдинов «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Құрмет грамотасын алуы да — бейнетті еңбегінің бір лайықты бағасы іспетті еді. Оның ерекше бір қуанатыны — таңның атысынан күннің батысына дейін егіс алқабынан кетпей еңбек ететін комбайншы-механизаторлар Иманғали Дүйсенбин, Дербісәлі Нұржанов секілді ауыл азаматтарының сол кездегі ең жоғары награда — Ленин орденіне ие болуы еді.

1987 жылы Қарабұтақ аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас агрономы қызметіне жоғарылап кеткенде Әлекеңді бөгетсайлықтар қимай шығарып салды. Бәрібір ол өзі үшін қимас мекенге айналған осы өңірге, өзінің еңбектес, ниеттес жолдастарына жиі соғып тұрды. Соның бәрінде шаруашылыққа қолдан келген көмек-қолдауын аянған емес.

Абзалы, Әлекең жүрген жерінде жандырып еңбек етуге, жоқтан бар жасап, барды базарлы етуге үйренген адам. Сондықтан да ол қолға алған шаруаның тиянақсыз қалмайтынына көпшілік үнемі сенеді. Ол Қарабұтақ аудандық экология және биоресурстар басқармасының бастығы, облыстық өсімдік қорғау стансасының бөлім бастығы, Республика Ауыл шаруашылығы министрлігі облыстық аумақтық басқармасының мемлекеттік астық инспекторы – бас маман болып еңбек еткен кездерде де осындай тура жолынан ауытқыған емес. Ал зейнет демалысына шыққан соң облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары болып сайлануы — бұл да үлкен сенім мен құрметтің белгісі.

Күні кеше ғана Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мерекелік медалін кеудесіне тағуы тағы да қуанышқа бөледі.

Адам да ағаш секілді: тамыр жаяды, көктейді, көгереді. Әлізақ аға атадан тоғыз болып тараса, енді өзі де бір әулеттің атасы. Әлекең мен өмірлік қосағы Сара апа бүгінде төрт перзент өсіріп отыр. Олардың үлкені Руслан заңгер мамандығын игерген, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамында әділет департаменті директорының орынбасары, Рахымжаны қаржыгер, Бауыржан — экономист-менеджер, ал кенжесі Әділжан бір үлкен мекеменің бас экономисі. Үлкен келіні Сәуле — ақ халатты абзал жан, ал оның ізіндегі Димаш, Армангүл, Мәдина — ағарту саласы қызметкерлері.

Әлізақ аға бүгінде он бір немере сүйіп отырған абзал ата.

Тамырын жайған бәйтерек осындай-ақ болар.

Қасымжан БАЙСАДАҚОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.       

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*