Басты бет » Тарих » Жаңғыру жылдары мен жолдары

Жаңғыру жылдары мен жолдары

Ақтөбе облысы — 80

Биыл құрылғанына 80 жыл толатын Ақтөбе облысының тарихы  тереңде жатыр. Ақтөбе облысы 1932 жылы 10 наурызда құрылды.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Ақтөбенің солтүстігі Ресейдің Орынбор облысымен, оңтүстігінде Өзбекстан аумағындағы Қарақалпақстан автономиялық республикасымен шектеседі. Батысында Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау жатыр. Шығысында Қостанай, Жезқазған облыстарымен жалғасады.

Ақтөбе облысы — Қазақ елінің батыс бөлігіндегі геосаяси, экономикалық әрі  стратегиялық маңызы зор, жер қойнауы өте бай, экономикалық әлеуеті басым өңір.

1932 жылдың қаңтарында БК(б)П Орталық Комитеті Қазақстанда облыстарды құру жөнінде қаулы қабылдады,  наурыз айында Ақтөбе облысы құрылды. Облыста  28 аудан болды. Халқының саны  757,4 мың болған. Ал ол кезде Ақтөбеде 37,7 мың халық тұратын.

Бұл өңір әйгілі Әбілқайыр ханның, Әйтеке бидің, XV ғасырдың ұлы батыры Қобыландының, Арал мен Әжібай, Алтай мен Алыбай, Бөкенбай мен Есет Көкіұлы, Асау мен Барақ, Жоламан мен Бақтыбай, Көтібар мен оның ұлы Есет, Қарағұл мен Қайдауыл сынды көптеген ел қорғаған батырлардың, ұлы ойшыл Мөңке би, Шернияз, Ақтан, Сары, Саршолақ сияқты ондаған ұлы ақын-жыраулардың, дана күйші Қазанғап бастаған сазгерлердің мекені. Ақтөбе — әйгілі лингвист, түркітанушы Құдайберген Жұбанов пен академик Сақтаған Бәйішевтерден басталатын ондаған ірі ғалымдардың, Ұзақбай Құлымбетов, Темірбек Жүргеновтерден басталатын ірі мемлекет қайраткерлерінің, Тахауи Ахтанов, Қуандық Шаңғытбаев, Сағи Жиенбаев бастаған ондаған дарынды ақын-жазушылардың, әйгілі академик Ахмет Жұбанов, Ғазиза Жұбанова сынды  композиторлардың, Нұрсұлу Тапаловадай биші, Алтын Ружевадай театр тарландарының атамекені.

Ақтөбе жері әлемге екі ғарышкер сыйлады, олар: Виктор Иванович Пацаев және Юрий Валентинович Лончаков.  Виктор Иванович Пацаев (1933 – 1971) – Кеңес Одағының Батыры,  орбиталық стансада ұзақ уақыт болған әлемдегі тұңғыш ғарышкер-сынаушы.

Ақтөбе қаласы

 

1869 жылы тұрғызылған Ресей империясыныңәскери бекінісінің (Ақ Төбе)  негізінде Ақтөбе қаласының іргетасы қаланды. Cол бекіністің айналасына халық көптеп  қоныстана  бастайды. Отыз жыл бойы Ақтөбенің шаруашылық  өмірі  қазақтардың  көшпелі мал  шаруашылығымен  тығыз байланысты болды. Топырағы құнарлы, табиғаты керемет жерде орналасқан Ақтөбеге Ресей  империясының  түпкір-түпкірінен  біртіндеп  қоныс аударушылар ағыла бастады. Бекініс  құрылысының  алғашқы  бас  жоспары  1874  жылы  әзірленді. Елді мекен  мынадай  шағын  аудандарға бөлінді: Құрмыш, Татар слободасы, Отарвановка. Алғашқы көшелер  Гарнизонный,  Крепостной, Оренбургский, Елек, Георгиевский деп  аталады.

1891 жылдың 25 наурызында Ақтөбе бекінісі Ақтөбе қаласы болып қайта құрылды. Ол кезде Ақтөбеде 2 тастан салынған, сондай-ақ 53 ағаштан және 276  саз кірпіштен тұрғызылған ғимарат болған екен.

1891 жылы  Ақтөбе  гарнизон  бекінісі  Торғай облысының  Ақтөбе  қаласына  айналды. ХХ  ғасырдың бас кезінде  Ақтөбе   арқылы  Орынбор-Ташкент теміржолы өтті. Ол  қала  экономикасының  дамуына  жаңа серпін  берді.

1932 жылғы  10 наурызда  қала  Ақтөбе  облысының  орталығы болды. 60-жылдардың ортасынан  бастап шағын  тұрғын аудандар  мен  массивтер  құрылысы  басталды. 1977 жылы  Ақтөбе  Батыс-Қазақстан  темір жолы  орталығына  айналды. 1999 жылғы  11  наурызда  Қазақстан  Республикасы  Президентінің  Жарлығы  бойынша  Актюбинск қаласы  Ақтөбе  деп  аталды.

1930 жылы Ақтөбеде ет комбинаты мен механикалық зауыт іске қосылып, соның негізінде «Геотехника» зауыты құрылды. 1929 жылы ірі радио торабы салынды. 1939 жылдың 28 тамызында КСРО үкіметі Ақтөбе ферроқорытпа зауытын салу туралы шешім қабылдады.

 

Ақтөбедегі алғашқы мешіт

 

Ескі қаладағы мешіт те қаладағы әу баста  мұсылмандар мен татар көпестері бірлесіп жүзеге асырған жоба. Оған ұйтқы болған ұлты татар   Ахмет Садықов,  мешіт құрылысына өзі бас болып 500 рубль салыпты. Мешіт құрылысы 1901 жылы басталып, жалпыхалықтық іске айналған. Қалаға өз шаруасымен келгендер мешіт қабырғасының құрылысына  қолдан келгенінше көмек етуге тиіс болатын. Жұмыс ойдағыдай жүріп, 1903 жылы мешіттің бас ғимаратының  құрылысы бітті. Салынған кешеннің құрамында: мешіт ғимараты,  қонақжай, таспен өрілген құдық, қызметшілердің тұрғын үйі, мал қора және намаз оқуға арналған жазғы алаңқай болды. Мешіт қақпасының биіктігі төрт, қалыңдығы екі құлаш, ал төрт бұрышына мұнара орнатылған.   Жаңа мешіттегі алғашқы намаз 1904 жылы оқылды. Қала мұсылмандары үшін бұл күннің маңызы ерекше еді.  Ғибадатхана орны оларға рухани тірек болды.

Жүздеген мұсылмандар бұл құрылысқа қаржысы мен еңбек күшін ғана емес, бар жанын  салды.  Бұл іске Табын руының қазақтары, Арынғазиевтер әулеті және татарлар, басқа да сыйлы адамдар атсалысты. Арынғазиевтердің тұқымынан шыққан Мырзақай Ғаббасов бұл мешітке құрылыс тастары мен Қаратоғай сазын жеткізіп тұрды. Мырзақай — Азамат соғысына  дейін жұмыс жасаған су диірменін салған іскер адам. Он жыл бойына Мырзақай Ғаббасов қаладағы 2 мектеп-интернатты ұнмен тегін қамтамасыз етіп тұрған. 30-жылдары мешіт қиратылып, Ұлы Отан соғысы жылдарында оның қабырғасының тастары рентген  және «Сельмаш» зауыты цехтарының құрылысына пайдаланылды.

 

Қасиетті Александр  шіркеуі

Қазіргі Т.Ахтанов театры Ақтөбе бекінісінде Әулие  князь Александр Невскийдің құрметіне тұрғызылған   300 адамдық шіркеудің ғимаратында орналасқан. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін, өткен ғасырдың отызыншы жылдары бұл шіркеу қиратылған. Қасиетті Александр шіркеуі халыққа 50 жыл қалтқысыз қызмет етті.

 

Алғашқы Планетарий үйі

1967-жылдың 5 қаңтарында Ақтөбеде республикадағы алғашқы планетарий үйі ашылды.

 

Ұшқыштар училищесі

1974 жылдың 1 қазанында Кеңестер Одағындағы бірден-бір ұшқыш инженерлер даярлайтын азаматтық авиацияның жоғары ұшқыштар училищесі ашылады. Оқу орны қазір екі мәрте Кеңестер Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс Күштерінің Әскери институты болып өзгерді.

(Деректер облыстық тарихи-өлкетану музейінен алынды және Г.Үкітайқызының «Ақтөбем — алтын бесігім» деректі фильміндегі мәліметтер пайдаланылды).

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*