Бұқара

Шебер

Серігі — ине мен жіп

Біз әңгімелегелі отырған Жанар Қалиева — ине мен жіпті жасынан серік етіп, әжесінің өнерін жалғастырып келе жатқан тігінші. Оның қолынан шыққан әдемі дүниелерге ауыл тұрғындары тұрмақ, өзге облыстың адамдары да қызыға қарайды.

Расында, Жанардың тіккен, тоқыған бұйымдары көздің жауын алады. Егер оның шеберханасына бас сұқсаңыз, қаз-қатар жиналған құрақ көрпелер мен құс жастықтардың куәсі боласыз. Әр көрпенің тігісі де, оларға салған өрнектердің түрлері де әртүрлі. Қызылды, жасылды матадан тігілген көрпешелер, құс жастықтар көз тартады. Қызығы, Жанардың қолынан шыққан дүниелерді ауыл тұрғындары ғана емес, Қызылорда, Шымкент, Алматы қаласының тұрғындары сатып алып, арнайы тапсырыс береді.  Берекелі істі кәсіп еткен кейіпкеріміз қазір  ауылдағы шағын кәсіпкерлер қатарына қосылды. Арнайы тапсырыс арқылы іс тігеді.

— Ертеректе әр шаңырақтың от анасы көрпе тігіп, құрақ құрайтын-ды. Оны үлкен әжелерімізден білеміз. Қазір басқаша. Көрпе құрамақ түгілі,  апаларымыздың ине сабақтағандарын жиі көрмейміз. Менің мамандығым —шаштараз. Ауылда тігіншілікпен бірге шаштараз да ашқан едім. Әуелі көйлек, халаттар тіктім. Кейін көрпе тігіп, құрақ  құрауға кірістім. Бұл  кәсібім тұрғындарға ұнап, кейін бұйымдарымды сатып алушылар қатары көбейді. Әсіресе, ауыл тұрғындары қыз ұзатарда төсек-жабдығын әзірлеуге тапсырыс береді. Тігіншілікпен айналысқаныма биыл жеті жыл болады, — дейді өзі.

Әрбір істі тиянақты орындап, ұқыптылықпен қарайтын Жанар көрпелерді қолымен тігеді. Тігін машинкасымен тігілген көрпелер жұқа болады екен. Сондықтан да ол өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайды. Өзіне үміт артып келген адамдар ертеңгі күні реніш тудырмауы керек.

Отбасында тігінші Жанар ғана емес, оның анасы да, екі апасы да осы кәсіппен шұғылданады. Жөн сілтейтін үлкендеріне қарап тәжірибе жинақтаған Жанар Қалиева бүгінде ұстаз боларлық деңгейге жеткен.

Әнуар ЕСҚАРА,

Мұғалжар ауданы.


Мәселе

Оқу ақысы неге қымбат?

«Болашақ — жастардың қолында», «Жастар оқу керек!» дейміз. Иә, оқыған маман біздің елге қажет. Бірақ сол оқудың ақысы неге жыл сайын қымбаттай береді?

Біздің үйде жалғыз әкем ғана жұмыс жасайды. Анам денсаулығына байланысты үйде отыр. Сіңлім мектепті бітірген жылы қатарымнан қалмаймын деп жылап, қаладағы жоғары оқу орнына құжат тапсырды. Ақылы бөлім — 300 мың теңге. Қысқы сессиядан кейін сіңлімді сырттай оқу бөліміне ауыстыруға тура келді. Себебі оқу ақысын төлеу біз үшін ауыр болды.

Қазір қай оқу орнында да студент көп. Көбі — ауылдың қарадомалақтары. Ақылы оқу бөлімінде оқитын олардың дені пәтер жалдап тұрады. Тіпті кейбір оқу орнында жатақхана жоқ. Ауылда баласынан үміт күтіп отырған қаншама ата-ана ұйқысыз түнді батырып, таңды атырып жүр. Шырылдап жұмыс жасап, қарызданып-қауғаланып оқу ақысын тауып беруге тырысады. Бір емес, бірнеше баласын оқытып отырған ата-аналар да бар. Қиыны, бес жыл, төрт жыл қиналып оқытқан баласына ертеңгі күні жұмыс таба алмай ата-ана тағы әуре-сарсаңға түседі. Сондықтан оқу орындарының бағалары шарықтатып өсе бермей, тұрақты бағаны ұстанса екен. Әйтпесе оқуға түсе алмаса бала налиды, оқыта алмаған ата-ана қынжылады ғой.

М.САЯТҚЫЗЫ,

Ақтөбе қаласының тұрғыны.


Білім

Көңіліміз толған университет

Мен «Ақтөбе» газетінің тұрақты оқырманымын. Жыл сайын осы басылымға жазылып, облыстың тыныс-тіршілігімен танысып отырамын. Маған, әсіресе, «Бұқара» беті ұнайды. Бұл бет қалың оқырманның жансерігіне айналды.

Бұл жолы мен де редакцияға алғыс хат жолдап отырмын.

Қызым Айбану Бекет Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің экономика факультетінде оқиды. Қызымның сабақ үлгерімі жақсы, енді аз уақытта дипломын алады.

Қызым білім алып жатқан университетке біздің көңіліміз толады. Себебі университет ректоры Кенжеғали Кенжебаев та, факультет деканы Бауыржан Жүнісов те, топ кураторы Раушан Есбергенова да студенттермен еркін сөйлеседі, ақыл-кеңесін береді. Балам осы оқу орнына түскеннен-ақ ұстаздарымен тығыз байланыста болдым. Себебі үйде ата-ана, оқуда ұстаз бақылаған баланың сабақ үлгерімі басқаша болады. Ал тәртібі өз алдына.

Бұл білім шаңырағында студенттер үшін барлық жағдай жасалған. Айталық, студент ғимарат кітапханасынан қажетті кітаптарын дер кезінде таба алады. Ал жатақханасы университеттің дәл алдына орналасқан. Жатақхана іші жылы, таза әрі тыныш.

Жалпы, мүмкіндік болса баланың жоғары оқу орнында оқығаны дұрыс. Диплом ─ баланың ертеңгі жейтін наны. Сондықтан әрбір оқу орны атына заты сай болуы қажет. Ал Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті талай түлекті үлкен өмірге аттандырған қасиетті қара шаңырақ болып табылады.

Сәнтай ШЕКЕНОВА,

Шалқар қаласының тұрғыны.

Унив суреті салу.

 

Айтайын дегенім…

Бала жалтақ болмасын десеңіз…

Әдетте, ата-әжелер тұңғыш баланың баласын бауырына басып, «шал- кемпірдің баласы» деп меншіктеп жатады. Бұл бір жағынан дұрыс та шығар. Алайда мен баламды атаенемнің тәрбиесіне беріп, екіжақты еткім келмеді.

Менің бұл хатыма, бәлкім, үлкендер реніш артар. Туыстарым да қырын қарар. Арада түсініспестік болмас үшін ойымды ашып айтайын.

Мен құжат жүзінде әкемнің атында болғаныммен, шал-кемпірдің тәрбиесінде өстім. Себебі ата-анам ол кезде жоғары оқу орнында оқиды екен. Мені қырқымнан шығарғаннан кейін Алматыға жол тартқан. Әлі де Алматыда тұрады.

Ата-әжем туған әке-шешемнен кем болмады. Көпті көрген, өмірдің талай белестерін бағындырған, көп бала тәрбиелеп өсірген тәжірибелі адамдарға немере бағу сөз боп па? Менің қалағанымды жасап, әлекке түсетін. Рас, мен тым ерке, тентек болып өстім. Ата-анамды атымен атадым. Ал туған нағашыларымды мүлде көрген емеспін. Алматыға жыл салып қыдырып барғанда әке-шешемді аға-жеңгемдей, болмаса туысымдай қабылдаушы едім. Олар да шал-кемпірден именіп, мені бауырларына тарта алмады.

Уақыт ақырын жылжып отырып, адамның өмірін ұрлайды ғой. Мені бағып-қағып, желден, судан қорғаған ата-әжем бүкшиген шал мен кемпір болды. Бұл, әсіресе, мектепте оқып жүргенде қатты білінетін. Достарымның ата-аналары жастар да, менің ата-әжем үлкен кісілер. 9-сыныпқа көшкен жылы ата-әжем бірінің артынан бірі өмірден озды. Кенже ағам мен жеңгемнің қолында бір жыл тұрған соң, туған ата-анам Алматыға алып кетті. Алматы әсем қала ғой. Қалаға тез үйренгеніммен, ата-анама бауыр баса алмадым. Олар мен үшін тым «мәдениетті» көрінетін. Анам ақыл айтса тыжырынып, көтере алмаймын. Әкем басу айтса, жақтырмаймын. Олар мені ата-әжеме емес, өзге біреуге асырауға беріп жібергендей көрінеді. Қазір оқу бітіріп, өз алдыма отау тігіп отырсам да, бойымда ата-анама әлі ашуым бар. Сондықтан тұңғышымды ата-енеме бермеймін дедім…

Реті келсе, немере ата-әженің атында болса да, әке-шешесінен ажырамаса екен.  Себебі екі жақты тәрбие балаға әсер етеді.

А.ҚАЛЫМБЕТОВА,

Шалқар қаласы.


Масқара

Нағашыларым назаланып отыр

Бұлай демеске амалым қалмады.  «Естімеген елде көп» қой. Бұрын үлкендер «пәленшенің қызы қайтып келіпті» болмаса «түгеншенің баласы ажырасып кетіпті» дегенге елең ете қалып, қамығатын едік. Жанымыз ауырып және қынжылатынбыз. Қазір «ажырасу» күнделікті айтыла салатын сөзге айналды. Бірақ келіннің отбасын тастап, өзгемен қол ұстасып кетуі ─ сүйекке таңба, жүрекке жара боп қалады екен.

Қазір жастардың көбі ғаламтор арқылы дос табады. Дос тауып қана қоймайды, үйленіп, үй болып, табысады. Бұған етіміз үйренді. Келінді қайдан алдыңыздар десе, «Интернеттен» дейміз міз қақпастан.

Жастардың ғаламтор арқылы жаңа дос тауып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады, әрине. Достың көп болғаны жақсы ғой. Бірақ қазір осы «агенттен» де «азап» тартып отырмыз. Мысалды әріден емес, өз нағашымнан алайын.

Шымкентте тұратын нағашымның Ақтөбеге қоныс аударғанына он жылдай болды. Алты қыз, бір ұл тәрбиелеген аға-жеңгем туған жерінде әжептәуір қызмет етті. Сол жерде келін түсіріп, қыз ұзатты. Зейнеткерлік демалысқа да шықты.

Нағашы ағам жалғыз ұлынан қолында барын аямады. Баласы да ата-анасының сүйенсе тірегі, жабықса қорғанышы бола білді. Алты қыздың ортасында болғандықтан, апа-қарындастарына қамқорлық танытып жүреді. Бауырымның бауырмалдығына, ата-анасы алдындағы перзенттік парызын өтей білгеніне риза болдық. Келіншегі де өте ақкөңіл, пысық болатын. Басына ақ желек салынғаннан-ақ үй тірлігін дөңгелентіп әкетіп, ауылдың сыйлы келіні атанды. Сол келінді біз балаларымызға үлгі ететінбіз. Көз тиді ме, әлде сөз тиді ме, білмеймін, сол келіннің кесірінен қазір нағашыларым жерге қарап отыр.

Бар бәле осы «агенттен» басталыпты. Келініміздің дәрігерлік мамандығы болғанымен, Ақтөбеге көшіп келгенде дер кезінде жұмыс табылмады. Үйде бос отырмау үшін, әрі табыс табу үшін ата-анасының келісімімен базардан дүңгіршек сатып алып, саудамен айналысты. Кейін тауар әкелу үшін өзге облыстарға, Қытайға, Ресейге барып жүрді. Оқыған, көзі ашық келініміз кейін «агент» ауруына шалдығыпты. Алтын уақытын өлтіріп, күндіз де, түнде де ұялы телефонға шұқшиып отыратын көрінеді. Жолдасы мұнай саласында вахтамен қызмет ететіндіктен оның тірлігіне кім аралассын? Кейін «агентке» шырмалған келініміз бір дөкеймен танысып, үй-жайын, бала-шағасын тастап кетті де қалды. Қолдан келер дәрмен болмады. «Кетем» дегеніне қарамай етегіне оралсақ та, жылы орнына қалдыра алмадық. «Мамалап» құлындай шырқыраған балаларына да міз қақпастан кете барды.

Үйдің берекесін келтіріп, ажарын кіргізетін әйел ғой. Келініміз «агенттің» құрбаны боп кеткелі нағашымның үйінен береке кетті. Аға-жеңгем немерелерінің ертеңгі күнін, баласының жайын ойлап қиналады. Алты қыз «келін қайтып келе ме?» деп бақсы-балгерге құмалақ аштырып әлек…

Бұрын әкем марқұм «Заманақыр болғанда әйел базаршыл, еркек қазаншыл келер» деп жиі айтатын. Бәлкім, ол ұрпағының бір қиналатынын сезген де болар.

Оңаша қалғанда жылап алам. Қарағым, келінім-ай, жастары ұлғайған шақта нағашыларым «агенттен» қорлық көретіндей не жазып еді?

Л.ҰЗАҚОВА,

Ақтөбе қаласының тұрғыны.


Иба

Алғыс білдіру де парасаттылық

…Рахмет! Бұл сөзде жан жадырататын ерекше жылылық бар. Бәз біреулер көмек қолын созғанда еститініміз осы сөз немесе өзіңнің де айтатын алғашқы алғысың. Кейде асығыстық танытып «қап, рахмет айтуды ұмытып кеттім-ау» деп сан соғып жататын кезіміз де болады…

Жалпы «рахмет» сөзі халқымызға араб тілінен енгенін екінің бірі біле бермейді. Ар-Рахман және Ар-Рахим деген есімдер — Алланың көркем есімдерінің бірі. Қазақша аудармасы «ерекше мейірімді, рақымды» дегенді білдіреді. Құранда «рахман» сөзі 57 рет, ал, «рахим» сөзі 114 рет кездеседі екен. Сондай-ақ рахмет айтқан адамның рахметіне тоқмейілсімей «Сізге де рахмет» деу қажет. Мұсылман ғұламаларының айтуынша, егер сіз біреудің рахмет айтқанына көңіліңіз марқайып, масаттанар болсаңыз, жасаған жақсылығыңыз үшін алатын сауаптан қағыласыз. Оның орнына өзіңізге де рахмет деп рахметін өзіне қайтарып берсеңіз, Алладан алар сауабыңыз мол болмақ. Бұл орайда қасиетті Құранның мына бір аятына мән берген жөн секілді: «Тамақты жақсы көре тұра міскінге, жетімге және тұтқынға жегізеді. Олар: «Шын мәнінде сендерді Алланың ризалығы үшін тамақтандырамыз. Сендерден бір төлеу, алғыс тілемейміз.» (Инсан сүресі, 8-9 аяттар)

Міне, күнделікті өмірде жиі пайдаланатын «рахмет» сөзі туралы осылайша ой түюге болады. Алғыс айтар кезде қолданатын бұл сөздің мән-мағынасы да осы. Ендеше он сегіз мың ғаламды жаратып, жерге мекен еткізген Алла тағалаға рахмет, бізге өмір сыйлаған анамызға рахмет, мына дүрмегі көп дүниеде жақсылық жасауға ұмытылатын жанашырларға рахмет, рахмет, рахмет!!!

Олай болса, бір-бірімізге рахмет айтуды ұмытпайықшы, ағайын!

Дархан Мектепбай,

ырғыз ауданы.

 

Ауыл

Құмтоғайдың қосымы

Қосым Нұрғалиұлының ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткеніне биыл қырық бес жыл толады екен. Сонау 1967 жылы ең әуелі фермада қарапайым жұмысшы болып еңбек жолын бастаған еді. Одан соң Темірдің техникумында білім алды. Мұны да місе тұтпай Алматыдағы зоотехникалық-ветеринарлық институтты тәмамдап, жоғары білімге қол жеткізді. Міне, содан бергі уақыттағы өмір жолында ауыл тіршілігімен біте қайнасып жұмыс жасап келеді.

1985 жылы жапан түзде С.М.Киров атындағы кеңшар ұйымдасып, жаңа шаруашылықтың басшылығына ауыл шаруашылығының білгір ұйымдастырушысы Хамит Өтеуұлы барды. Ал сол тұста Қосым жаңадан ұйымдасқан кеңшардың бас зоотехнигі әрі партия комитетінің хатшысы болып, жауапты қызметті мойынына жүктеді.

— Әрбір маман білімін теориялық жағынан білуі жеткіліксіз. Біліміңді нақты өмірлік тәжірибемен ұштастыра білудің маңызы үлкен, — дейді Қосым Нұрғалиұлы, — Мен ауыл шаруашылығында тың өзгерістер жүзеге асып жатқан шақта, 1997 жылы «Қасқырбай» базын алып «Құлтума» деген шаруа қожалығын аштым. Сол уақытта осындай қадамға барған әріптестерімнің бұл күнде қай-қайсысының да шаруасы ілгерілеп, ізге түсті.

Бұл күнде он бес жылдан бері шаруашылығын жүргізіп келе жатқан «Құлтума» қожалығы ілгерілеу үстінде. Шаруа қожалығында 116 ірі қара, 733 қой, 47 жылқы бағылады. Сонымен қатар шаруашылықтың «ДТ-75», «МТЗ-80», «ЮМЗ» тракторлары, «ГАЗ-53» автомашинасы, шөп тайлап, буатын техникасы, тіркемелері бар. Кезінде Қосым аудандағы шаруа қожалықтары арасында ең бірінші болып «МТЗ-80» тракторын лизингтік жүйе арқылы сатып алды. Өткен жылы «Құлтума» шаруа қожалығы 70 тонна мал азығын дайындап, үкіметтен субсидия қаржысын иеленді.

Ендігі мақсат — мал басын асылдандырып, одан әрі көбейту. Қой тұқымын асылдандыру бағытында биыл «Алтын-Әсел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен 35 қошқар сатып алуды жоспарлап отырмын, — дейді ол.

Жастарға ақылшы бола білген, пайғамбар жасына иек артқан Қосым Нұрғалиұлы осылайша өзінің кәсіби тәжірибесі мен ұстанымы арқылы шаруасын дөңгелентіп келеді. Кезінде «Ырғыз» кредиттік серіктестігі ЖШС арқылы үш жарым миллион теңгедей несие алып та жұмыс жүргізіп көрді. Қазіргі таңда ауылдағы еңбек адамының қолы жететін жаңаша тәсілдерді өзінің тәжірибесіне қолданып келе жатқан Қосым Нұрғалиұлы ауылдастарына үлгі. «Бүгінгі заманда шаруа жасаймын, жағдайымды жақсартамын» деушілерге мүмкіндік мол деп есептейді ол…

Марат МЫРЗАЛЫ,

Ырғыз ауданы.


Ұрпақ

Бөбекке мультфильм керек!

Балаға кішкентай кезінен ұлттық болмысымызды танытып, ана тілінде сөйлетіп, тәлім-тәрбие беруіміз керек дейміз. Бірақ сол баланың мейірін қандырып, теледидардан қазақ тілді мультфильм көрсете алмағанымыз жанымызға батады.

Біздің халық — рухани бай халық. Оған ешкімнің таласы жоқ. Бізде ертегі де, жыр-дастан да, аңыз-әңгімелер де көп. Ел үшін жан берген батырлар да, дауды шешіп, басу айтқан билер де, бұқараны түзу жолға салған хандар да көп. Біз мекендеген табиғатқа көз салсақ, заңғар биік таулар да, сарқырап аққан өзен-көлдер де, сұлу аң мен жүйрік жануарлар да көп. Көкпен таласқан сұлу табиғатты балаға ұғындыра алмай жүрген маман тапшы тек. Үлкен көкелерше айтсақ, баланың санасына қазақы дәстүрімізді сіңіру үшін түсіретін мультфильмдерге «бюджеттен қаражат бөлінбейді!».

Мультфильм жоқ демейміз, көп. Көгілдір экран алдында отырған бала шетелдік мультфильмдердің «көкесін» қарайды. «Өрмекші адам», «Самурай Джек» және басқа роботтар қазір қазақ баласының достары. Теледидардан көргенін бала үйде де, мектепте де жасайды. Құдды сол мультфильмнің төбелескіш кейіпкерлері кешегі Ертөстік, Қобыланды, болмаса Алпамыс тәрізді. Әр қимылын «батырлар жырындай» жаңылыспай, жатқа айтады.

Балаға ертегі айтып, батырлар жырын жаттатып отырған ата-әжелер де сирек арамызда. Тіпті, жоқтың қасы. Олар үшін баланың жанында жүргенінен гөрі, балабақшада жүргені тиімдірек.

Балам кабельді телеарна алдында отырып, шетелдік мультфильмдерді қараған сайын қиналамын. Неге бізде бала үшін ұлттық нақыштарды мөлдіретіп көрсететін сапалы мультфильмдер түсірілмейді? Бір ғана «Тау көтерген Толағай­дың» өзі  баланың есте сақ­тау, ойлау қабілеттерін жетілдіретінін білеміз. Егер сол «Тау көтерген Толағайды» мультфильм арқылы көріп өскен бала  тау көтермесе, тау көтер­мекке талпынып өсе­рі анық.

Қысқасы, біздің балаларымызға қазақ тілінде ұлттық болмысымызды айқындайтын сапалы мультфильмдер керек. Бүгінгі шетелдік мультфильмдер кейіпкерлерінің іс-қимылын жадына түйіп өскен баланың болашағынан келешекте не күтеміз?

А.МҰХАНБЕТҚАЗИЕВА,

Ақтөбе қаласының тұрғыны.

 

Тәлім

Аманкелді ҚАЛЫБАЕВ: «Мың бала қозғалысын» қолдаймын

Бір замандарда қазақ жеріне көзін тіккен қалмақтар Орта жүз аумағына үсті-үстіне шабуыл жасап, күш ала бастаған тұста Кіші жүзден көмекке аттанған қалың қолдың арасында балалар да болады. Мұның реті — тоқсан сегіз жастағы қарт әкесі Байжан биден 15 жастағы Сартай батыр бата алып, 1000 баладан топ құрайды. Сол мың бала үш жүздің игі жақсылары, батырлары бас қосқан Ордабасыға жетеді.

Соғыс басталар кезде екі шекесінде қос айдары бар 15 жасар Сартай батыр, қасында «ақшұбар» мылтығы бар 13 жасар Жылқыаман «Мың баланың» алдын бастап, сауыттарын киіп сапта тұрады. Осы соғыста қазақ жауынгерлері жан аямай соғысып, жоңғарларды жеңіп шығады. Бірақ 12-16 жастағы 1000 баланың ішінен 500-ден астам бала шәһит болады.

Бұл тарихты бізге еңбек ардагері, бұл күндері жетпістің жалына қол артқан жақсы аға Аманкелді Қалыбаев баяндап берді.

Аманкелді Інжілісұлы ұзақ жылдар автокәсіпорындарда инженерлік қызметте еңбек етті. Қазіргі уақытта Шалқар қаласындағы «Авто-Алтын» атты автомектепті басқарып, өзінің ұйымдастырушылық, іскерлік қабілеттерін кеңінен танытуда.

— Бұқаралық ақпарат құралдарынан Алматы облысында таяу жылдары «Мың бала қозғалысы» өрістегенін білгенімде, маған қатты әсер етті, —  дейді ардагер аға, —  бабаларымыздың ізімен бұл шараны біздің де дамытуымызға болмай ма?

Аманкелді аға бұл қозғалысты жас ұрпақты жан-жақты дамытуға, еліміздің болашағына қызмет етуге даярлауға пайдаланған жөн деп есептейді. Сонымен бірге, осындай шара арқылы жас буынға тарихымызды танытып, ел қадірін, жер қадірін ұғындырсақ дейді.

Талай өмір тәжірибесінен өткен, жақсы мен жаманның ара салмағын айыра білетін ардагер осы іске өзі де ұмтылыспен үлес қосуға даяр.

Р.САҒЫМБЕКОВ,

Шалқар қаласы.


Оқырман хаттарын топтастырған Айгүл ЖҰБАНЫШ.

bukara@mail.ru

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*