Басты бет » Әлеумет » Он сегізінде от кешкен

Он сегізінде от кешкен

Молдағали Иманбаев бүгін, 8 мамырда сексен алты жасқа толады. Жеңіс күнін туған күнімен бірге тойлайды.

Ол 1941 жылдың соңғы айларында 18 жасында майданға алынады. Алғаш рет Сталинград шайқасына түседі. Үш рет жеңіл жараланады. Соңғы жарақатты Дон бойынан алып, жазылып шыққан бойда Орынбор қаласының іргесіндегі десантшылар даярлайтын курсқа жіберіледі. Онда бес ай оқиды. 1943 жылы 24 қыркүйекте десантшыларды Украинаға аттандырып, жау тылынан бір-ақ түсіреді. Бір айдан кейін Кеңес әскерлері Киевті немістерден  босатады. Мәкең елге оралғанша десантшы, барлаушы міндетін атқарады.

Мен Молдағали Иманбаевты 1963 жылдың соңғы айларының бірінде көрдім. Онда менің Алға аудандық газетінде редактор болып істей бастағаныма бір жарым жылдай уақыт болатын. Сол жылдың қазан айына дейін Жұрын ауданы болып тұрғанда сондағы озат шаруашылықтың бірі Ильич атындағы ұжымшарды басқарған Молдағали Иманбаев біздің Алға ауданына келді. Ол аудан орталығынан 14 шақырым жердегі Қарағашқа, Партияның ХХ съезі атындағы ұжымшарға басқарма төрағасы болып сайланды. Ол кезде Мәкең десантшы, барлаушы болғандықтан ба, өзінің құрбы-құрдастарына қарағанда жинақы, жіптіктей, тіп-тік еді. Өткенге ой жүгіртсек, оған да біраз жыл болыпты.

Майданнан аман оралғандарына шүкірлік етіп, халық шаруашылығын қалпына келтіріп, ел экономикасы мен мәдениетін көтеруде тынымсыз күн, ұйқысыз түн өткізген, бірге жүрген Мәкеңнің қатары да тіпті сирепті. Қазір жайсаң ағалардың бірі, ескілердің көзі ретінде алтынның сынығындай Молдағали ағаның арамызда жүріп жатқанына шүкірлік етеміз.

Мәкең беделді басшы болды. Оған дейін Партияның ХХ съезі атындағы ұжымшарда төрағалар шыдамаған, домалақ арызбен бірінен кейін екіншісін тайдырып отырған. Мәкең жұмысқа кіріскенде дауыс көтеріп, біреуге тіл тигізбеген, күш көрсетіп, үркітіп те көрмеген. Үлкен ұйымдастырушылық, іскерлік, тапқырлық қасиеттерін көрсетіп, халық құрметіне бөленген басшы. Ол осы шаруашылықтан зейнеткерлікке шыққанша жиырма жылдан астам төраға болып істеді.

Соғыстан кейін Мәкең он бес жыл селолық кеңестің төрағасы, барлығы 25 жыл ұжымшар басқармасы төрағасы міндетін атқарды. Оның адал еңбегі жоғары бағаланды. Екі рет Еңбек Қызыл ту орденімен және бірнеше медальдармен марапатталды.

Мәкең – ұшқыр ойлы, өте тапқыр, өткір тілді, ойламаған жерде сөз тауып айтып, біреудің аузын аштырмай қоятын не болмаса қатты ұялтатын, өзінің бастастары, замандастарымен кездесе қалғанда, жиналыстарға келгенде өзі күлмей, жұрттың ойына келмейтін жайды айтып салып, шаршап, ұйқы қысып отырған оларды бір серпілтіп тастайтын өнерін де көрсеткен кісі. Мәкеңнің сондай адам екенін, тапқырлығын жастар білсін деген ойменен өзімнің есімде қалған сөздерін де қағазға түсіре кеткім келеді.

***

Мәкең ұжымшарға келгенге дейін арызқойлар бірінің үстінен бірі шағым, арыз айтып, одан өздері де опа көрмей, бастықтарды да шыдатпапты дедік қой. Сондай адамдардың бірі Мәкең төраға болып бір аптадай жұмыс істегеннен кейін кабинетке келіпті. Мәкең шаруа сұрапты. Сонда ол «Өзімнің жеке шаруам жоқ, бірақ мына жұрт ұжымшар мүлкін ұрлап, тонауын қоймай жатыр», – дейді.

– Не болды? – дейді Мәкең. Ол тауарлы сүт фермасының маңында істеп жүрген бір адамның аты-жөнін айтып:

– Қораларды жөндеуге әкелген тақтайлардың біреуін алып кетті, – дейді.

– Өз көзіңмен көрдің бе?

– Иә, өз көзіммен көрдім.

– Немістермен  соғыста болсаң, жолдасыңды сатып кететін нағыз оңбаған жансыз болар ең, Құдай сақтасын. Ол керегін колхоздан алмағанда қайдан алады, – депті. Келген адам үнсіз қалыпты.

***

«Мал азығын дайындаудың қызу кезеңі болса керек, жеке адамдарға шөбі шүйгін, шабындығы мол жерге тимеңдер, шөп тауып аламын дегендерің болса, тракторлар бара алмайтын жерлерден алыңдар», – дейді төраға жұртқа. Бірақ халық тыңдай ма, бақылау болмай қалған сәттерде алысқа бармай-ақ, жақын жерлерге барып, бұрынғы дағдылары бойынша шөп әкеле беретін көрінеді.

Мәкең мұны білсе де үндемейді. Бірде түс қайта салқын түскен кезде шабындықты аралап жүргенде бір жас жігіттің шөбі қоюлау жерге барып арбасын доғарып, шалғымен шөпті шауып жатқанын көреді. Мәкең машинасынан түседі де, арба жанында жатқан айырды алып, шабылған шөпті арбаға тией бастайды. Әлгі жігіт көріп қалып, қасына жақындағанда Мәкең: «Тым кештеу келген екенсің, үлгере алмассың, жәрдемдесейін», – депті. Жігіт ұялғаннан «Аға, кешір», – депті. Мәкең: «Осы шөпті үйіңе апар да, бұдан былай мұныңды қой», – депті. Жігіттің ұялғаны сондай, арбасына тиелген шөпті үйіне апармай, базға апарып аударып, көргенін ауылдастарына айтыпты. Содан кейін оның рұқсатынсыз жұрт еш нәрсе жасамайтын болыпты.

***

Бірде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Михаил Емельянович Милов оны ұжымшар орталығынан қасына отырғызып алып, ауданға бет алып келе жатса, жолдың екі жағында әр жерде тікесінен шаншылып тұрған саршұнақтарды көреді:

– Михаил Иманбаевич, мынау не, зиянды жәндіктермен күрес қайда? – дейді.

– Жоқ, Михаил Емельянович, тіпті олай емес, мынау жолдан арғы жерлерде, егістік жерлерде жоқ, ол жердегілерді түгел құрттық. Бұларға тиюге болмайды. Өйткені мен Алғаға кетіп бара жатқанда, Алғадан оралғанда генералға солдаттар құрмет көрсетіп, сәлемдескендей маған осылай тікелерінен тік тұрып, қақшиып қатып қалады, құрметтерін көрсетеді, сәлем береді, – депті. Хатшы ішек-сілесі қата күледі. Мәкең күлмейді.

***

Қыс айының іші. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Борис Андреевич Быцай телефон соғып:

– Михаил Иманбаевич, екінші бригадада бір әйел толғатып жатқан көрінеді, тез машина жібер, ауданға жеткізсін, – дейді. Мәкең Шибаевкаға машина жібереді. Бірақ әйел аудан орталығындағы әйелдер босанатын үйге жетпей, жолда босанып қалады. Әйтеуір, аман. Мұны естіген хатшы ертеңіне телефонмен:

– Неге әйел жолда босанды, неге көлік ерте бармады? – дейді. Сонда Мәкең:

– Кешіріңіз, Борис Андреевич, мен оның қай уақытта туып қалатынын қайдан білейін, қасында жатқаным жоқ, көлікті уақытында жібердім, – дейді. Сөзден ұялған хатшы трубканы  орнына қоя салады.

***

Желтоқсан айының іші, қай жылы екені есімде жоқ. Аудандық партия комитетінің бюро мәжілісінде мемлекетке сүт тапсыру жайы сөз болып жатты. Сиырлар әлі жаппай бұзаулай қойған жоқ. Бұзаулағандарының уыз сүті бұзауға беріледі, тапсырылатын сүт аз. Бюро мәжілісін жүргізіп отырған екінші хатшы (бірінші хатшы іссапарда) кезек Мәкеңе келгенде, оның айтқан дәлелі орынды болса да:

– Михаил Иманбаевич, «нажимай», тапсырылған сүттерің өте аз, – деді.

– Николай Прокофьевич, айтуың орынды ғой. «Нажимать» ететін сүт қар тоқтату емес қой, – дегенде залдағылар ду күлді.

****

Бірде Мәкеңнің үстінен арыз жаза беретін адамдардың бірі келіп:

– Басеке, бала-шағам бар, соны ескеріп, бір жағдай туғызсайшы, – дейді. Сонда Мәкең:

– Менің де бала-шағам бар, арыз жазғанда соны ойламайтының қалай? – дейді. Әлгі адам түк айтпай кабинетінен шығып кетеді. Бірақ Мәкең ол кеткеннен кейін оның өтініштерін жәрдемшісіне тапсырып, тиісті жағдайды жасапты.

***

Бүгіндері арамызда жоқ, о дүниелік Досмырза Балжанов аудандық партия комитетінде істеп жүргенде іссапармен Партияның ХХ съезі атындағы ұжымшарға барады. Ауылда біреу балалы болған екен. Сол шілдеханаға ауылдастарымен бірге ұжымшар басқармасын және Досмырзаны да шақырады.

Іштеріне екі жүз грамдай ақ жорға кеткеннен кейін көрші бөлмедегілер гуілдеп сөйлеп, арасында «ақ бас» деп Мәкең жайында да құлаққа жағымсыздау сөздер айтып жатады. Бұған Досмырза қысылып, үй иесіне «Ана жақтағыларға қой демейсіз бе?» десе, Мәкең: «Үндеме, ертең онымен өзім сөйлесем, бүгін олардың бәрі басқарма», – депті.

***

Ұмытпасам, 1970 жыл болу керек. Ол кезде 7 қарашада Қазан төңкерісінің  құрметіне, оның қарсаңында ұжымдарда салтанатты жиналыстар өткізіледі. Оған аудандық партия комитетінің бюро мүшелері, аудандық кеңес атқару комитетінің мүшелері қатысуға жіберіледі. Мен де бюро мүшесі болғандықтан, Партияның ХХ съезі атындағы ұжымшарға баратын болып, 6 қарашада ұжымшар орталығына келсем, Мәкең «Біз Шибаевкаға, екінші бригадаға барамыз», – деді.

Шибаевкаға келсек, сол күні үш жерде (оның негізгі тұрғындары – орыстар, украиндықтар, қазақтар аз) үйлену тойы өтіп жатыр екен. Әр жерден шырқалған ән, гармонь, гитара үні естіледі. Кішкентай шағын клубқа келіп жатқан ешкім жоқ. Төраға келгесін, бригадир ғана жүгіріп жүр. Көп күттік. Мәкең адамдардың жиналмағандығына қиналып та, абыржып та отырған жоқ. Бір кезде клуб ішіне сол ауылдың жеті жылдық мектебінде оқитын 4-5 сыныптардың балалары келе бастады. «Мәке-ау, мынау кілең бала-шаға болып кетті ғой», – десем, ол күлмейді: «Үндеме, үндеме, бұлар қазір қол шапалақтауға жақсы болады», – дейді.

****

– Мәке, күлкі денсаулыққа жақсы, өмірді ұзартады дейді. Жұртты да күлдіріп, өзің де күліп арамызда жүре бер, – десем:

– Кәрілік жеңейін деді ме, көзім бұлдырайтын болды. Ниетіңе рахмет! Әзір жүріп жатырмын ғой, жоғары жақ «повестка» жіберуге ширетім келмей жатқан болу керек. Тататын дәм болса көрерміз, оны бір Алла біледі ғой. Ел аман болсын, халық аман болсын, – дейді ақсақал.

Жасы тоқсанға жеткенде дүниеден өткен қайын ағам Сұлтан Әжмағамбетов:

Қажымас, қателеспес хан бола ма?

Таусылмас, табан таймас жан бола ма?

Бәйгеден қанша рет келсе-дағы,

Қартайса арғымақта сән бола ма? –

деп отыратын еді.

Жақында жеңіл машинасы ішінде баласы Нұркенмен отырған Мәкеңді көрдім. Оны кәрілікке қия алмадым.

Көбжан ЖАЛДЫБАЕВ,

Алға ауданының құрметті азаматы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*