Бұқара

  • Жеңіс күні қарсаңында

Адасқан «Қара қағаз»

1960 жылдардың басында Аяққұм елді мекенінде бірнеше ауданның малы қыстатылатын. Бақытжан Сейілұлымен сонда кездесіп, әңгімелескенімде соғыста бірнеше рет жарақаттанып, денесінде снаряд жарықшақтары қалғандығын, оның әлі күнге дейін жанын сыздататындығын айтқаны бар-ды.

Мен онымен жақынырақ таныса келе, өмір жолына қанықтым. Ол 1940 жылы әскер қатарына шақырылып, алты ай оқу-жаттығу батальонында дайындықтан өтеді, мергендік шеберлігін шыңдап, сержант шенімен соғысқа кіреді. Белоруссия жерін жаудан азат ету шайқасында Минск, Витебск, Гомель қалаларының түбінде немістермен бетпе-бет соғысады. 1942 жылдың желтоқсан айының ортасында сол аяғынан жарақат алып, келер жылдың ақпан айының соңына дейін далалық госпитальда емделеді. Одан шыққаннан кейін тағы да қолына қаруын алып, алғы шептен бір-ақ шығады.

Бір таңданарлығы, нақ осы уақытта елге «қара қағаз» жетеді. Бақытжан мұны білмейді, 1943 жылдың тамыз айының аяғына дейін Орел, Курск түбіндегі шешуші шайқастарға қатысады. Соңғы шайқаста оң аяқ пен жамбастан оқ тиіп, ауыр жарақат алады. Әуелгіде Орел қаласында, сосын Қазақстанның Орал қаласында соғыс біткенше емделеді. Жеңіс хабары жеткеннен кейін ғана, маусым айында қос балдақпен елге оралады. Өзі екінші топтағы мүгедек болса да, еңбекке қызу араласып, Шалқар ауданында ауыл шаруашылығын өркендеуге лайықты үлесін қосты. Отбасын құрып, бес ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді.

Сол Бақытжан Сейілұлы Қарағұлов асқынған дертпен алысып жүріп, 1969 жылы дүние салды. Одан бері де қырық жыл уақыт өте шығыпты.

Өзім талай әңгімелеріне куә болған есіл ердің майданда жеңіске лайықты үлес қосқан азамат екенін сол кезде-ақ байқанмын. Енді сондай жауынгердің есімі санамыздан өше берер ме екен, келер ұрпақ қадірін білер ме екен деп қауіптенемін…

Зарлық БӨЛЕБАЙ,

еңбек ардагері.

  • Тағзым

Атадан алтау едік…

Соғысқа бір атадан туған 5 үйден алтау аттандық. Сұлтан Әукейұлы екеуміз елге оралдық. Әбдіхалық пен Мәлік Құдайбергеновтер, Қамшыбек Тобағұлұлы, Әлішбек Қанақұлы елге оралмай, Отан үшін опат болды. Мәлік, Қамшыбек, Әлішбек ағаларымның артында ұрпақ та қалмады, үйленбей кетті. Қамшыбек ағам сауатты болатын, орысша, арабша оқыған еді. Ақтөбеде оқып жатқанда соғысқа 1941 жылы шілде айында кеткен.

Елге оралған Сұлтан ағадан Жұмабек пен Сәрсенбике атты ұл-қызы бар, Шалқарда тұрады.

Мен соғысқа 1942 жылы мамырда аттандым. Чкаловта бір жеті болып, содан сауаттыларымыз Уфа қаласы маңында Алкена стансасында полк мектебінде оқыдық, алты айлық оқуды екі айда бітіріп, соғысқа аттандым.

Майданды Харьковтан бастадым. Алғашқы соғыс өте жойқын болды: ұшақпен бомбалады, снарядпен атты, бізді жайпап салды, 20 адамнан үшеу-ақ қалдық.

Сонымен 1942-1944 жылдар аралығында ұрыс даласында болып, Карпатта ауыр жарақат алып, 11 ай Киевтің қасындағы Винница қаласында госпитальда жатып, елге қос балдақпен келдім. Кейін мені  ІІ, ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендері, І дәрежелі «Отан соғысы» ордені және медальдармен наградтады.

Елге келіп, 35 жыл мұғалім болдым. «Еңбектегі ерлігі үшін» де медалім бар. 1976 жылы зейнетке шықтым. Отбасымызда 11 бала (оның екеуі дүниеден өтті) дүниеге келді. Қазір ұлым ұяға, қызым қияға қонды.

Зәрубек МЫРЗАҒҰЛҰЛЫ,

соғыс және еңбек ардагері.

  • Естелік

Бір эшелон бозбаланың бірі

Шалқар қаласының тұрғыны, соғыс және еңбек ардагері Сағынадин Есалин соғысқа 1944 жылдың қазан айының 6-сы күні аттаныпты. Сол бір сұрапыл соғыс жылдарын тебірене есіне алған Сағынадин ақсақал былай деп әңгімеледі: «Өзімнің туып-өскен жерім Қызылорда облысы Арал ауданы Құландыдан және сол өңірдегі Авань, Көкарал, Сарбасат, т.б. ауылдардан жиналған бір топ бозбала бір эшелон жүк вагонымен Ресейдің Воронеж облысы Борисоглевск қаласына келдік. Соғыстан қираған үйлерді көргенде жантүршігерлік жағдайда болдық. Барған бойда біздерді орманның ішіндегі жақында ғана салынған барактарға орналастырды. Бұл 101 запастағы кавалериялық полктің минометшілерді даярлайтын батальоны екен. Полктің комиссары қазақтың жас жігіті капитан А.Сұлтанов болатын. Дайындық жұмыстарында бізге Отанымызды және көрші елдерді жаудан қорғау, әскери іс-қимылдар кезінде қару-жарақтарды қалай қолдану керектігі жөнінде үйретті. Ұранымыз – Отан үшін, Сталин үшін! Біздерді біраз даярлағаннан кейін сол жылдың желтоқсан айының 20-сы күні Острогожскідегі 12 запастағы кавалерия полкіне жіберді. Ал келесі жылдың қаңтар айының 15-сі күні Тәтей Асанов есімді жігіт екеумізді Тамбовтағы №2 кавалерия училищесіне оқуға жіберді. Майданға бірге барған бір эшелон баланың арасындағы Тәтей Асановтың қайда екені белгісіз.

1945 жылдың 10 сәуірінде бізді арнайы 5 әскери машинамен (студобекер) соғыс болып жатқан аймаққа жіберді. Будапештке жақындаған кезде немістердің шабуылына тап болып, түрлі химикаттар, қару-жарақтар тиелген екі көлігімізге бомба түсіп, жарақаттанған жауынгерлерімізбен кері қайттық. Жолшыбай Мәскеу округіне қарасты Владимир облысының Вязники деген таулы жеріндегі бір көлдің жиегіне орналасып, соғыс аяқталғанша 19 дербес батальонда, яғни37247 әскери бөлімде болдық. Бұл бөлімде менен басқа қазақ жігіті болған жоқ. Жеңіске жеткенімізді осы әскери бөлімде естідік, ол күні сарбаздардың қуанышында шек болмады».

Соғыстан кейін Арал портынан ауылға «Орел» шағын пароходымен келгені ардагер Сағынадин Досалыұлының әлі есінде. «Қызылордадан қан  майданға аттанған бозбалалардан қазір Шалқарда тұратын Жанбала Сартаев екеуміз қалыппыз», – дейді ақсақал.

Сағынадин ата Шалқар аудандық әскери комиссариатында табан аудармастан 34 жыл жемісті еңбек еткен. Мұнда ол қаржы-шаруашылық бөлімін басқарған.

Қосағы Ұрқия әже екеуі өмірге 8 бала әкеліп, тәрбиелеп өсірген, 28 немере, 4 шөбере сүйіп отыр. Сағынадин ата немерелеріне сұрапыл соғыста ерлікпен қаза тапқан ер жүрек майдандастары жайында әңгімелеп, елдің амандығын тілеп отырады.

Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ,

Шалқар қаласы.

  • Атамекен

Ұлдың аты – елім

Мәртөк ауданына алғашқы көш 1992 жылы Моңғолияның Баян Өлгей аймағынан келген болатын.

– Аудан басшылығы бізді үлкен той-думанмен, құшақ жая қарсы алды, – дейді сол алғашқы көштің ішінде болған Кеңшілік Төлеухан. – Мұндай қарсы алуды күтпеген едік. Баспана да әзір, қорамызда сауын сиырлар мен ұсақ жандығы тағы бар. Тіпті, алғашқы уақытқа арналған азық-түлік пен киім-кешекті де берді. Ауылдастарымыздың бұл қамқорлығы мен жақсылықтарын біз балаларымызға әр кез айтып отырамыз. Алладан қайтсын!

Сол уақытта ауданымызға Баян Өлгейден жиырма бес отбасы көшіп келіпті. Оның ішінде, он отбасы Қарашай ауылына қоныс тепкен. Табиғаты әсем, елі қонақжай Қарашай өңірі Кеңшілік ағамызды бірден баурап алыпты. Әрине, бейтаныс орта, жаңа өмір алғашқыда өзіндік қиындықтарын байқатып қалатын. Алайда «Шешінген судан тайынбас» демекші, келгесін ортаға сіңісіп кетудің қамына кіріскен Кеңекең бар күшін салып осы топыраққа тамыр жіберуге бел буды.

Үлкен кісіні құрмет тұтып, сөзін тыңдай білетін Кеңшілік ағамыз бен жан жары Гауһар әңгімелерінің арасында кезінде көш бастап келген, бүгінде ауыл ақсақалы атанып отырған Қадыршы Мешітхан атайдың есімін жиі атап отырды. Бұл да нағыз қазақы мінездің көрінісі.

Моңғолиядан келген бауырларымызға алғашқы мекен болған Қарашай ауылы бүгінде жоғалды. Сондағы он түтін бытырамай бір ұйым боп көрші Коминтерн ауылына көшіп барған-ды. Бүгінде сол көш жергілікті жұртпен құда-жегжат болып аралас-құралас елге айналды.

Еліміз егемендігін алғаннан кейінгі 5-6 жыл көңілде қаншалықты қуаныш пен мақтаныш болса да халық үшін қиындығы мол жылдар болды, – дейді кейіпкеріміз. – Бүгінгі айтылып жатқан дағдарыс оның қасында түк те емес. Ауылдағы біздер үшін ол тіпті сезіліп те жатқан емес. Тірлік еш өзгерген жоқ. Сол баяғы мал өсіру, егін салу. Тек қана еңбек ету қажет, ауылда отырып еңбек қылмасаң, отбасыңды асырай алмай, мемлекетке қол жая берсең – сол дағдарыс. Сегіз бас сауын сиырымыз, жылқыларымыз бен қойларымыз бар. Қаймақ-майымызды қалаға өткізіп отырамыз. Коминтерннен Ақтөбе қаласына автобусымыз аптасына үш рет қатынайды, ауыл болып май-қаймағымызды содан беріп жіберіп, кейін ақшамызды санап аламыз. Бұдан артық не керек?! Әрдайым теледидар қарап, газет-журналдарды оқып, Қазақстанды басқа мемлекеттермен салыстырып, осы елдің азаматы екенімізді мақтан етеміз. Қаншалықты дағдарыс десе де халықты әлеуметтік қорғау тұсын Елбасы басты назарда ұстап, осы салаға мол қаражат жұмсап жатыр. Қай саламыз да қараусыз қалып жатқан жоқ. Мұның барлығы, әрине, ел ертеңін ойлап жүретін Елбасымыздың арқасы деп білемін.

Кеңшілік пен Гауһар төрт бала тәрбиелеп өсіріп отыр. Тұңғыштары – ауыл мектебінің мұғалімі, одан кейінгі Алтыншаш биыл арнаулы орта білімі бар маман атанады. Ұлдың екіншісі – Елім. Ол 1992 жылы Қазақстанға көшіп келгенде дүниеге келген. Елім деген есімді Қадыршы атамыз қойыпты. Сол Елім қазір 9- сыныпты аяқтап жатыр, ал қарындасы Алтынгүл 8-сыныпта оқиды.

Елім деп еміренген ауылдағы қарапайым көп кісінің бірі Кеңшілік Төлеуханның аз-маз тірлігі осы.

Сәттіғұл ҚАРАКЕЕВ,

Мәртөк ауданы.

  • Тұлға

Маңғыстаудан басталған жол

Соғыстан кейінгі жүдеу жылдар. Ақтөбе облысының бір ауданында кішкене бала велосипедімен тауық жұмыртқасын базарға апарып сатып, үйдегі әжесіне нан, шай, керек-жарағын әкеліп, құлындай құлдырап жүргені. Әжесі де оған мәз, құдайына жалынып, мейірімін төгіп, тәубелеп отырғаны. Үйде тек әжесі екеуі. Өзінің туған әке-шешесі бола тұрса да, кішкене бала тек осы әжесін ғана біледі. Сол кезде үлкенді құдайындай қадірлейтін ұлттық дәстүр қатты сақталатын. Әке-шешесі де бұл балаға жақынсыраған нышан танытпайды. Сөйтіп, ол «әжесінің баласы» болып кетті. Бұл кішкентай бала Ян Тампаев еді.

1961 жылдың қыркүйек айы. Маңғыстаудың Форт-Шевченко қаласындағы тас өндіру комбинатына бір жас маман – Ян Тампаев келді. Аудан мамандарға зәру- тұғын. Ол кезде біздер жалындаған жас, белсенді комсомолдармыз. Жас та болсақ, жігерлі, ауданға алдымыз таныла бастағанбыз. Ұйымшылмыз. Янды да құшақ жая қарсы алдық. Ян биязы, күлімдеп тұратын, өте кішіпейіл, қарапайым, тас-тұйнақтай мұқият, мұнтаздай, тіпті, ішкі жан дүниесі де таза жан екен.

Янға біздің үйдің қасынан үш бөлмелі үй берді. Көп ұзамай еліне (Ақтөбеге) кетіп, қасына нәзік, аппақ Ғалиясын және басына қарқарадай ақ жаулық салған әжесін алып келді. Біздер – жиырма шақты жас Янмен ақылдаспастан, борты бар, жүк машиналарымен самолеттен күтіп алдық. Бос тұрған үйіне үстелдер әкеліп, әлімізше, дастарқан жасап, сол күні кешке Ян мен Ғалияның үйлену тойын бастап та кеттік. Әжесін қақ төрге отырғызып, өзімізше бірнәрселерді айтып та жатырмыз. Ән де әуеледі.  Ғалияның да екі көзі жәудіреп, езуінен күлкі кетпейді, мөлдіреген көз жанарымен бәрімізді аймалап отырғандай әсер береді. Осы біздің іс-әрекетімізге олар да дән риза сияқты. Ян емес, Ғалияға біз де ғашық болып қалғандаймыз.

Осылайша, Ян алаңсыз алғашқы еңбек жолын бастап, жұмысқа кірісіп кетті. Өз жұмысына мұқият, тыңғылықты, мығым, жаны жайсаң ол көзге түсе бастады. Көрші болған соң Ғалиямен жиі араластық. Бір күні барсам, жаңа үйдің бөлмелері бос, оны елең ететін олар жоқ. Алғашқы сатып алған дүниесі төрт метр дастарқанды әжесі ырым етіп, ұзыннан түгел жайғызып қойып, үшеуі шай ішіп отыр екен… Маған Ғалияның жас та болса, адами имандылық, парасатты қасиеттері ұнады.

Ғалияны не үшін айтып отырмын, «Күйеуін күткен, сыйлаған әйелді ханым десе болар, күйеуін күтпей, бетін тілдеп, шарпыған әйелді залым десе болар» деген бар. Ян жолсапарға шығатын күні түнімен қазыларын, түрлі тағам сусындарын дайындап, машинасына салып жіберетін. Бұл – қазіргі жас келіндерге үлгі өнеге боларлық нәрсе. Солай баптаған азаматы қандай дәрежеге жетті.

Ян 1961 жылы еңбек жолын Форт-Шевченкодағы карьерде электрик, тау-кен мастері, бас инженер, бас технолог болып бастады. Сол кезде Маңғыстау жерінде Янның басшылығымен 7 карьер ашылған. Одан Ақтөбеге барып, жұмысқа орналасып, өзін еңбек майданының алғы шебінде  көрсете бастады. 1975-1994 жылдарда облыста әр түрлі партиялық атқарушы органдарда басшылық жұмыстарын атқарды. Ол – әр түрлі ғылыми, экономикалық және техникалық мақалалардың авторы. Ақтөбе облысындағы әлеуметтік-экономикалық даму жобасын жоспарлауға өз үлесін қосқан маман. «Құрмет» белгісі орденімен және медальдармен марапатталған. Облыстың экономикасының тұрақталуына өз үлесін қосқаны үшін 2002 жылы Ақтөбе облысы бойынша «Жыл адамы» атағына ие болды. Міне, еңбек жолын киелі Маңғыстау топырағынан бастау алған Ян Тампаев осындай биіктерге көтерілді, халқына ардақты аймаңдай азамат болды. Бір жылдары Янды теледидардан Н.Назарбаевтың қабылдап отырғанын, бұрынғы жұмыстастасы Атшыбай Қазиевтер болып көріп, бәріміз мәз болғанбыз. Қалай мақтанбасқа?! Кейінгі ұрпаққа өнеге, ұлағат емес пе?

Ян! Өзің әлі жоғалтпай атын-жөнін жазып, сақтап жүрген форт-шевченколық достарың 70 жас мерейтойыңмен құттықтап, әлі де мықты денсаулық, халыққа қызмет ете бер деп тілейді.

Кәкима ШӘДИ,

Форт-Шевченко қаласы,

Маңғыстау облысы.

  • Пікір

«Сөйлеме» деп шектеу қою дұрыс па?

жазып берген тілектер – жақсы естелік

Жақында Мақсат досымыздың келін түсіру тойында болдық. Той «Космос» мейрамханасында өтті. Асаба жігіт өзін таныстырғаннан кейін: «Ал сөйлейтін қонақтар тілек айтуға топ-топтарыңмен шақырғанда, бәрің сөйлемей араларыңнан бір-екеуің сөйлесеңдер болады», – деп үкім шығарып қойды. Бәрінің айтатыны бір тілек қой, қайталап уақыт алудың қажеті қанша деген болуы керек.

Содан той иесінің апасы «бір ауыз ғана сөзім бар еді» деп асабаға қарады, ал бір туысы «мен азғантай ғана сөйлейін» деп той иесіне емес, той жүргізуші асабаға жалынғандай болды. Ал жаңа түскен келін жақтан қонақтарды бастап келген жігіт ағасы бір мектептің директоры екен: «Бізге тамаданың оптимизациясы келіңкіремейтін сияқты, өйткені жаңа жұртқа келген қызымыздың тума-туыстарын толық таныстырып өтейін», – деп сөзін әрі қарай жалғастырды. Бұл көрініс – бізде өтетін жалпы барлық тойларға тән нәрсе.

Ежелден тілге, сөзге мән беріп өскен халықпыз ғой, «Өнер алды қызыл тіл» деп бекер айтылмаған болар. Бір ауыз сөз ауруға шипа болып, жанды жадыратқан, бір ауыз сөз жауды тоқтатқан. Көкке самғатып, шыңға шығаратын да, терең тұңғиыққа батыратын да осы қазақтың бір ауыз сөзі емес пе? Ал, ендеше, тойға ас-су ішу үшін келген емес, бір ауыз сөз ақ тілегін, батасын берейін, қуанышына ортақ болып жүрекжарды ыстық ықыласын білдірейін деп келген ағайынға «сөйлеме» деп шектеу қою дұрыс па?

Асаба жігіттің өзі айтқанындай, «Атадан бота қалғанша, бата қалсын» деп жастарға айтылатын ақ тілек, баталар көптік ете ме?!

Осы тұста әр нәрсенің тығырық-тұйықтан шығатын балама екі жолы бар демекші, тойларды өткізу үрдісіне қатысты менің де айтар ұсынысым бар. Ол – жаңалық емес. Кәдімгі тойдың үстінде арнайы әзірленетін сырты әшекейленген, мұқабасында той иелерінің суреті бар альбом үстелден үстелге көшіп, қонақтар оған той иелеріне арналған тілектерін, баталарын, арасында әдемі әзілдерін қоса жазып қалдырса деймін. «Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда бөз болады» деген сияқты қонақтардың ішінде сөйлегеннен гөрі, айтар тілектерін жазып бергенді ұнататындары болуы мүмкін. Бір жағынан уақытты үнемдеуге тиімді. Әрі қазір айтып, қазір ұмытылып қалатын қайталанба сөзден гөрі, жазып берілген тілектер жақсы естелік болып қалары анық.

Т.ТӨЛЕУҒАЗЫ.

  • Өтініш

Ақтөбе қаласының әкімі Архимед  Мұхамбетовтің назарына!

Темірге жаудай тиіп жатыр!

Қисық көл маңындағы саяжай бақшашылары қала әкіміне мынадай өтініш айтып отыр. Әлқисса…

Қала шетіндегі Қисық көл маңы – әр алуан бау-бақша ұжымдарының жер телімдері шоғырланған аймақ. «Жау жағадан алғанда, бөрі – етектен»  дегендей, дағдарыс деген пәлекет тап болып, жанымыз қысылып тұрғанда, темір терген тілемсектер саяжайларға қаптап келіп, темір атаулыға жаудай тиіп, қолдарына ілінгенді сүйреп кетіп жатыр.

Бақшашыға аса қажет, құнды мүлік саналатын су тартатын колонканың 12-сін ұрылар тіп-тіке көтеріп кетіп, қожайындары зар қақсап қалды. Ұрланған тұрба, темір ыдыс, бак секілділердің, тіпті, есебі жоқ. Көздеріне бармақтай металл көрінсе, қырғидай тиіп, егінді тып-типыл қылатын шегірткедей саяжайды жалмап барады.

Қисық көл маңындағы иесіз қалған саяжайлардың темір қоршауларының көп бөлігін ұрылар әлдеқашан ада қылған. Машиналап, арбалап, дорбалап дамылсыз тасып жатыр.

Мәселен, Қисық көл маңайында менің бау-бақша өсіретін жер телімім бар. Фрунзе бау-бақша ұжымына қарайды. Жер дегдіген соң саяжайға барғанымда жол жақ бетіндегі қоршаудың үлкен бір бөлігін ұрлап кеткенін көрдім. Жұқа қаңылтыр емес, қап-қалың темір еді. Өткен жылы бір бөлігін көтеріп кеткен-ді. Биыл екіншісіне кезек келіпті. Ашық қалған тұсты сынған шифер, оны-пұнымен бітеуге тура келді.

Саяжайдағы шелектерді, тіпті, шегелер мен болттарды, күректің бастарын түгел сыпырып кетіпті. Тек салмағы жеңіл жіңішке темірлер, сымдар қалған. Жазда салқындау үшін орнатып қойған душтың да үлкен багын сол күйінше көтеріп кетіпті. Осы қарқындарымен қимылдай берсе, біраздан кейін саяжайлар темірден жұрдай болатыны ақиқат.

Белең алып бара жатқан жағдайға Ақтөбе қаласының әкімі айрықша назар аударып, қылмысқа жататын темір ұрлығына тосқауыл қойса деген тілегіміз бар. Ол үшін тиімді жоспар жасалып, оны тиісті органдар жүзеге асырса, қатаң бақылауға алынса, жөн болар еді. Саяжайдағы күзетші ұрыларға түк те істей алмайды. Аумақты жердің қай тұсын күзетеді? Ұрылар күзетшіні адам екен демейді. Мысалы, біздің Фрунзе ұжымының күзетшісінің айтуына қарағанда, тапа тал түсте машинамен сау ете қалып, темірлерді таңдап жүріп алатын көрінеді. Күзетші шырылдағанмен оны елең қылмайды екен. Сескенбейді де. Құр айқайды не қылсын?

Ең қорқыныштысы – бақшаға су келетін ұзын тұрбаны кесіп алып кетсе, онда бақшашының күні қараң. Қолдарында кесетін құралдары болмай жүрген шығар. Әйтпесе аяп жүр дейсің бе? Бұрындары алюминий атаулыға жаудай тиіп, бір сынығын қалдырмағанын ұмытпаған шығармыз. Ол таусылғасын темірге тиісті.

Бақшашыға ең қажеттісі – су тартатын колонка. Бағасы қымбатқа түсетін колонканы сатып алу оңай емес. Саяжайдағы ең құнды саналатын су келетін ұзын тұрба мен колонкадан айырылып қалудан бақшашылар қатты қауіптенеді. Басты уайымдары – сол.

Былтыр тыныш еді. Металл ұрлығы биыл мейлінше қарқын алып тұр. Соған қарап, осы жылдағылардың арасында  «металл ұрлау жылы» деп жарияланған ба деп қаласың.

Ең алдымен ұрланған металдарды қабылдап отырған орындарды тауып, жауапқа тартып, тыйым салу керек. Екіншіден, темір ұрлаушылардың бірнешеуін ұстап, заң бойынша жазалау қажет. Темір ұрлап дәніккендердің көзге түскендерін қатаң жазалап, оны теледидар арқылы халыққа көрсетсе, суретке түсіріп, газеттерге жарияласа, өзгелерге сабақ болар еді.

«Батырға да жан керек», сонда еркінсуді қойып, аяқтарын аңдап басар еді. Жазаға тартылмаса, үйренген «кәсіптерінен» өз еріктерімен бас тартулары мүмкін емес.

Саяжайдағы бақшашы бір қауым елдің қазіргі ең өзекті мәселесі – темір ұрлығы. Мазаны алған ұрылардан әбден мезі болдық. Жайбарақат бақша өсіруге мүмкіндік бермей отыр. Осы металл ұрлығына тосқауыл қойып, темір атаулыны тасып әкетіп жатқандарға тыйым салсаңыздар!

Фрунзе бау-бақша ұжымы мүшелерінің атынан

Құдайберген АХМЕДИЯРҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*