Басты бет » Жаңалықтар » Шалқарда мешіт ашылды

Шалқарда мешіт ашылды

Өткен аптада ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай қала ортасынан Мәтей Қоқанұлы атындағы мешіт ашылды.  Алла үйі Ділдә Қоқанованың демеушілігімен бой көтерді. Шараға  облыстық мәслихат хатшысы Балғали Ордабаев, Ділдә Мәтейқызы және Атырау облысының құрметті азаматы Амангелді Селбаев, облыстық мешіттің өкіл  имамы Әбдімүтәліп Дәуренбеков қатысты.

Мәтей Қоқанұлы 1894 жылы Қызылорда облысы Құланды елді мекенінде дүниеге келген. Жаз жайлауы, қыс қыстауы Арал теңізінің жағасы мен Ырғыз, Борсық құмының арасы болған. Туған ауылында мұсылманша сауат ашып, Бұқарадағы жеті жылдық жоғары діни оқуын тауысқан. Құранды қазақшаға аударған аса сауатты адам болыпты.

Аталған мешітте бір мезетте 300 адам құлшылық етсе, жанында  30 орындық медресе мен 400 орындық асхана орналасқан.

Жиында  аудан әкімі Рахат Сыдықов жұртшылықты имандылық үйінің бой көтеруімен құттықтаса,  қала әкімі Ербол Данағұлов мешітке есімі берілген Мәтей Қоқанұлының өмір жолымен таныстырды. Сондай-ақ жиында Балғали Ордабаев облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің құттықтауын оқыды. Амангелді Селбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразбай Әділбаев игілікті шараға қатысты өз ойларын ортаға салды. Ал  Ділдә Мәтейқызы көптен ойлаған арманының жүзеге асқанына қуанышты екенін айтып,  мешіт құрылысына ат салысқан  барлық азаматтарға алғысын білдірді. Өзі салдыртқан имандылық үйінің халықты бірлікке, ынтымаққа шақыратын рухани орда болатынына және жастарды адамгершілік қасиетке тәрбиелеуге қызмет ететініне сенім білдірді.

Салтанатты сәтте Ақтөбе теміржол бөлімшесінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Жарас Ізғұлов бас имам Нұрлыбек Тәкеевке «Нива» жеңіл автокөлігінің кілті мен компьютер табыс етті.

Бұдан соң Балғали Ордабаев пен Амангелді Селбаев жаңа мешіттің лентасын қиды. Имам Әбдімүтәліп Дәуренбеков Мәтей Қоқанұлының аруағына арнап құран бағыштады.

Ділдә Мәтейқызы мен оның ұрпақтары мешіт асханасында жиналған жұртшылыққа ас берді.

Қыдырәлі ӘЛИН.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*