Басты бет » Жаңалықтар » 20 жыл: тәжірибе мен тағылым»

20 жыл: тәжірибе мен тағылым»

Облыстық ішкі саясат басқармасы мен Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Тәуелсіздік жолымен 20 жыл. Тәжірибе. Тағылым» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелге Ресейден келген М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының докторы Виктор Алексеев,

өзіміздің Ақтөбенің тарихшылары, облыстық басқармалардың басшылары, саяси партия филиалдарының жетекшілері, аталған оқу орнының студенттері қатысты.

Әуелі сөз сөйлеген облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Зәпен Жұмабаева жиналғандарды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

Ресейден келген қонақ — Виктор Алексеев тарихқа жүгініп, Кеңестер Одағы құлағаннан кейін одақтас республикалар ішінде Қазақстанның ең соңғы боп Тәуелсіздік жариялағанын, одан кейінгі 20 жыл ішінде саясатта, экономикада жеткен жетістіктері туралы әңгімеледі.

Әріптесінің әңгімесін жалғастырған Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының оқытушысы, тарих ғылымдарының докторы Нұртаза Абдоллаев  елеміздің тарихына шолу жасады.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Марат Балмұханов:

— 90-жылдардың басында барлық шаруашылықтың бәрі тұралап, өнеркәсіптердің жұмысы тоқтап қалды. Халық нарықтық экономикаға бет бұрып, бартер режимін бастан өткерді. Тіпті, жарықтың өзі уақытпен жанып, уақытпен сөндірілетін. Сол жылдары алғашқы жеке қожалықтар ашыла бастады. Сондай кезеңнен өттік, шүкір, қазір Тәуелсіз елміз. Қазір облыста 500-ден астам кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Үкімет кәсіпкерлікті дамытуға көңіл бөліп, түрлі шаралар жасауда. Солардың бірі — «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы. Одан басқа да бизнесті дамыту үшін несие беретін бағдарламалар көп. Тек ерінбеу керек, — деді.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің оқытушысы Беркін Құрманбеков Қазақстанның 20 жыл ішінде әлеуметтік бағытта —  білім беру, денсаулық, мәдениет салаларында жеткен жетістіктерін, қазіргі кезеңдегі өзекті мәселелері жайлы айтты.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*