Басты бет » Жастар » Ауылға бар, жас маман

Ауылға бар, жас маман

Республикалық бюджет тарапынан жастарға берілетін бюджеттік несие көлемі 2 268 мың теңгеге өсті

Жыл сайын облыстағы колледж, институт, университеттерден шамамен 800-ден астам әлеуметтік сала маманы бітіріп шығады екен. Олардың 400-і ауылдағы мекемелерде жұмысқа орналасады. Мәліметтерге сүйенсек, облыстағы әлеуметтік сала мамандарының 220-сы  көтерме жәрдемақы (70 айлық есептік көрсеткіш) алған. Ал бюджеттік несие алған мамандардың саны — 102.

Біз көтерме жәрдемақы мен бюджеттік несие берудің талаптары туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы әлеуметтік сала бөлімінің бастығы Мәншүк Балмағамбетовамен тілдескен едік.

Ел Үкіметінің 2009 жылғы ақпанның 18-і күнгі №183 Қаулысында ауылда жұмыс істеу және тұру үшін келген білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт саласының мамандарына әлеуметтік көмек ережесі көрсетілген. Соған сәйкес, мамандарға 70 айлық есептік көрсеткішке тең сомада көтерме жәрдемақы беріледі. Бұған дейін тұрғын үй сатып алу үшін 630 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада бюджеттік несие берілетін еді (қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді). Биылдан бастап оның көлемі 1500 АЕК-ге өсті. Несие мерзімі — 15 жыл. Жылдық үстемақы небары —  0,01 пайыз. Бұл, әрине, мемлекет тарапынан жастардың жағдайын жақсарту үшін жасалып жатқан зор мүмкіндік.

Мәншүк Сәлімқызының айтуынша, жоспар бойынша биыл ауылға баратын әлеуметтік сала мамандарының 238-іне бюджеттік несие беріледі. Соған байланысты республикалық бюджеттен 222 999 мың теңге бөлініп отыр.

Бюджеттік несиені алуға ықыласты жастар көп. Дегенмен, бюджеттік несие алу  оңай шаруа  емес. Несие рәсімдеу процесі ұзаққа созылады.

Расын айту керек, былтыр қаржыны игеруде қиындықтар болды. Сондықтан, облыс әкімінің атынан Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жаздық. Онда республикалық бюджеттен бөлінген қаржының игерілмеу себептері жазылды. Басты үш себебі бар. Ауылда сататын үй аз әрі ескі. Бұл — бір. Екіншісі — бұған дейін бөлінген бюджеттік несие аз болды: небары 985 мың теңге. Бұл қаржыға үй келмейді. Бюджеттік несие көлемі биыл шілдеден бастап көбейтілді (әр маманға бөлінген қаржы — 2 268 мың теңге). Үшіншіден, біздің облыстағы кейбір елді мекендер  — Алға, Шалқар, Қандыағаш, Жем, Ембі, Темір, Хромтау секілді шағын қалалар. Шағын қалаға барған жастарға көтерме жәрдемақы да, бюджеттік несие де берілмейді. Ал жастардың бірсыпырасы осы шағын қалаларда еңбек етіп жүр.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы министрлікке жазған хатта проблеманы шешу мақсатында өз ұсыныстарын да көрсетіпті.

Жастарды ауылда тұрақтандыру үшін ел Үкіметінің 2009 жылғы ақпанның 18-і күнгі №183 Қаулысына  өзгеріс енгізілсе, жақсы болар еді. Бюджеттік несие (2 268 мың теңге)  үй сатып алу үшін емес, үй салып алуға берілсе, жастар заман талабына сай сән-салтанаты келіскен баспана салып алар еді. Бұл ұсынысымызды Ауыл шаруашылығы министрлігі Үкіметке жолдапты. Егер Үкімет тарапынан ұсынысымыз қолдау тапса, ауылға баруға ынталы жастар көбейе түсер еді. Әсіресе, қалада пәтер жалдап тұрып жатқан отбасылы жастар ауылға көбірек барады деп ойлаймын. Сонымен қатар несиеге берілетін ақшаның көлемі көбейтілсе және шағын қалаларда еңбек етіп жатқан мамандарға да бюджеттік несие берілсе жастардың әлеуметтік жағдайы жақсаруына көп ықпал етер еді. Министрлікке жолданған ұсыныстың мазмұны осыған саяды. Осы ұсыныстарды Қаулы шыққаннан бері (2009 жыл) министрлікке жазып жатырмыз. Қуаныштысы, биыл біздің бір ұсынысымыз үкімет тарапынан қолдау тапты. Үкіметтің 2009 жылғы №183 Қаулысындағы ауылда еңбек етіп жатқан жас мамандарға «630 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада бюджеттік несие берілуі тиіс» деген талап өзгерді. Соған байланысты бюджеттік несие көлемі 630 АЕК-ден 1500 АЕК-ге өсті. Мұның өзі көп қуаныш, жастарға үлкен көмек. Бұл ұсыныстың қабылдануына өзге облыстардағы әріптестеріміздің де еңбегі болуы мүмкін. Себебі, бюджеттік несие көлемінің аздығы еліміз бойынша ортақ мәселе болған еді, — дейді Мәншүк Сәлімқызы.

Қарашаның 1-і күнгі мәлімет бойынша, бюджеттік несиені 102 адам алыпты. 145 500 мың теңге игерілген. Қаржыны көп игерген аудандар — Мәртөк пен Әйтеке би.

Мұғалжар, Хромтау, Шалқар аудандары ақшаны игере алмайтындықтарын ашық айтты. Себебі, бұл аудандарда жас мамандардың біразы аудан орталықтарында жұмысқа орналасқан. Ал Мұғалжар, Хромтау мен Шалқар ауданының орталықтарының шағын қала статусы бар. Мұғалжардағы Ембі мен Жем де —  шағын қала. Қаулыға сәйкес жеңілдіктер тек қана ауылға барған мамандарға беріледі. Сондықтан, аталған аудандардың игерілмеген ақшасын қосымша қаржы сұраған Мәртөк, Қарғалы, Әйтеке би, Темір аудандарына бөліп бердік. Бұл аудандар ақшаны игеруді жылдың соңғы айларына қойып отыр. Яғни, мемлекет қаржысын жыл аяғына дейін игеруді жоспарлап отырмыз, — дейді экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы әлеуметтік сала бөлімінің бастығы.

 

КӨТЕРМЕ ЖӘРДЕМАҚЫ КІМГЕ ТИЕСІЛІ?

Көтерме жәрдемақы 238 адамға беру жоспарланыпты. Бұл мақсатқа 25 222 мың теңге қарастырылған. Әр маманға тиесілі қаржы — 105 840 теңге. Қазір көтерме жәрдемақы алғандардың саны —  220.

Көтерме жәрдемақы жас мамандар үшін өте тиімді. Себебі, бұл ақша несие емес, жастарға көмек ретінде беріледі. Тек бір жағдайда ғана ақша мемлекетке қайтарылады. Үкіметтің Қаулысына сәйкес, көтермеақы алған жас маман ауылда кем дегенде 5 жыл жұмыс істеуі тиіс. Айта кету керек, көтерме жәрдемақы тек қана жастарға емес, сонымен қатар ауылға көшіп барған, ауылда тұрақты еңбек еткісі келетін әлеуметтік сала мамандарының барлығына (жасы ескерілмейді) беріледі, — дейді Мәншүк Сәлімқызы.

Бұған дейін көтерме жәрдемақы алған жас маман басқа ауданға тұрмысқа шығып кетсе, ақшаны мемлекетке қайтаратын. Биыл Ауыл шаруашылығы министрлігі қосымша қаулы қабылдапты. Соған сәйкес, қыркүйек айынан бастап көтерме жәрдемақы алған жас маман жұмыс істеп жүрген ауылынан басқа аудандағы ауылға қоныс аударса да көтермеақыны қайтармауына болады. Талап: жас маман тек қана ауылдық жерде жұмысқа орналасуы тиіс. Бұл да қаржының игерілуіне ықпал етеді.

Қазір мамандар көтерме жәрдемақының пайдасын түсінді. Сондықтан, барлық аудандық әкімдіктер көтерме жәрдемақы  үшін қосымша қаржы сұрап жатыр. Республикалық бюджеттік комиссия ұсыныстарды қолдады, — дейді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы әлеуметтік сала бөлімінің бастығы Мәншүк Балмағамбетова.

 

Сонымен, мемлекет тарапынан мамандардың ауылда тұрақтануы үшін бар жағдай жасалып жатыр. Көтерме жәрдемақы (105 840 теңге) әлеуметтік сала мамандарының барлығына беріледі. Оны алу үшін маманның жас ерекшелігі ескерілмейді. Бастысы, ауылда кем дегенде 5 жыл еңбек етуі керек. Жас мамандар үшін жасалып жатқан тағы бір үлкен көмек — бюджеттік несие. Жастар 2 268 мың теңгеге ауылда еңселі, әдемі, сән-салтанаты келіскен үйді таңдап жүріп алуларына әбден болады. Жоспар бойынша биыл 238  әлеуметтік сала маманына бюджеттік несие беріледі. Яғни, ауылдағы мекемелерде жұмысқа орнасқан 400 әлеуметтік сала маманының  200-ден астамына өз баспаналарын алуға мүмкіндік туады. Бұл, әрине қуанышты жағдай. Мұндай зор мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін ауылға  баруға ынталы жастар жыл сайын көбейе түсетіні анық. Сондықтан, ел ертеңі, ауыл болашағы үшін мемлекет тарапынан жастарға көрсетіліп жатқан қолдаудың жергілікті жерде өз деңгейінде жүзеге асуына аудан, ауылдағы атқарушы органдардың өкілдері де үлес қосқандары дұрыс.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

3 пікір

  1. Мен 2016 жылы маусым айында Семей Мемлекеттік медицина универиситетін ауылдық квота бойынша бітірдім. Қазіргі танда Күршім аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасында (СЭС) жетекші маман эпидемиолог болып жұмыс істеп жатырмын сізден сұрайын дегенім мен жоғарыда көрсетілген көтерме жәрдем ақыны алуға құқығым барма?

  2. Мен 2015 жылы Семей мемелекеттік Авиценна колледжінде гигиенист-эпидемиолог мамандығын “2020 жол картасымен” бітірдім. Егер Күршім аудандық Қоғамдық денсаулық сақтау министірлігі, “Ұлттық сараптама орталығына” санитарлық фельдшер болып жұмысқа орналасқан жағдайда мен жоғарыда көрсетілген көтерме жәрдемақыны алуға құқығым барма?

  3. Мен 2015 жылы Семей мемелекеттік Авиценна колледжінде гигиенист-эпидемиолог мамандығын “2020 жол картасымен” бітірдім. Егер Күршім аудандық Қоғамдық денсаулық сақтау министірлігі, “Ұлттық сараптама орталығына” санитарлық фельдшер болып жұмысқа орналасқан жағдайда мен жоғарыда көрсетілген көтерме жәрдемақыны алуға құқығым барма?

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*