Басты бет » Әлеумет » Бірлік пен татулық мерекесі

Бірлік пен татулық мерекесі

Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионның маңы мерекелік көңіл-күйге енген қалалықтар мен қонақтарға толы болды. Бірін-бірі шын көңілден құттықтап, тілек тілеп жатқан жандардың риясыз көңілдері достық, бауырмалдық сезімге бөлейді.

Қалалық Оқушылар сарайының және Қазанғап өнер мектебінің ұйымдастырған мерекелік бағдарламасы мерекелеуші адамдардың бойларына шаттық сыйлады. Қалалық Оқушылар сарайының қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің күйлері, «Еңлік», «Искорки», «Мозаика» би ансамбльдері орындаған түрлі ұлттардың билері ерекше болды. Бұл күні викториналық сұрақтарға жақсы жауап бергендер мен ұлттық ойындарда үздік шыққандарға сыйлықтар тапсырылды.

Мерекеге қатысушы қала тұрғыны Қайырғали Есенаманов мейрамға байланысты өз ойын былай деп сабақтады:

– Бұл мерекенің тарихы әріде. Соған сәйкес мазмұны да басқашалау еді. Бірақ сол кездегі мереке мен қазіргінің негізі ұқсас. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бұл күн Қазақстан халқының бірлігі күні деп жарияланды. Ең бастысы, шынайылық көрініп тұр. Кеңес үкіметі кезіндегідей қолымызға жалаушалар мен транспаранттар алып ұрандатпасақ та, мейрам көңілді өтуде.

***

1 мамыр мерекесін қала тұрғындары мен қонақтары 11-шағын аудандағы орталық мәдениет және демалыс саябағында кеңінен тамашалады.

«Ақтөбе – алтын бесігім!» атты облыстық достық фестивалі лауреаттарының гала-концертімен басталған саябақ  алаңы мереке күні ерекше безендіріліпті. Алаңда ұлттық орталықтардың өнерпаздары көпшілікке ән-шашуын тарту етті. Сондай-ақ,  спорт жарыстары ұйымдастырылды. Қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің сектор меңгерушісі Жанболат Дәрімбетов спорттық ойындарға қатысушылардың көп екенін айтты.

Дойбы, шахмат, гір көтеру, қол күресі, арқан тартыс  жарыстары ұйымдастырылды. Әсіресе, шахмат ойнауға ниет танытқандардың қатары көп. Сондықтан қатысушыларды үш топқа бөлдік. Жалпы, бұндай жарыстар қаланың өзге демалыс орындарында да өтуде,-деді.

Сәске кезінде мерекені тамашалаушылардың қатары көбейді. Олар ұлттық орталық өнерпаздары ұсынған қойылымдарды тамашалады. Мәселен, «Шатлык» татар-башқұрт ұлттық-мәдени орталығының «Язғы-манор» би тобы, әзірбайжандардың  «Азери» би тобы, өзге де өнерпаздар өз өнерлерімен көпшілікті тәнті етті.

Сондай-ақ, алаңның бір шетінде жігіттер гір тасын көтеріп күш сынасса, бір шетінде  дойбы, шахмат жарысына қатысушылар мерекені қыздыра түсті.

***

Мерекелік шара Пушкин атындағы демалыс саябағында да өтті.

«Достық туы мәңгілік желбірей берсін!». Осылай аталатын мерекелік бағдарлама сағат 11.00-де басталып, 15.00-ге дейін ұласты. Жиынды ұйымдастырушылар – қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі.

Пушкин атындағы саябақта өткен мерекелік бағдарламаның ерекшелігі сол – көрермендермен байланыс өте жақсы болды. Яғни шығармашылық ұжымдар мен көрермендер бірлесіп, түрлі ойындар ойнап, сауалдарға жауап берді, – дейді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Тамара   Хамитжанова.

Шара барысында «Айгөлек» үлгілі би ансамблі түрлі ұлттардың билерін биледі. Мерекелік бағдарламаның өз деңгейінде өтуіне қалалық балалар және жасөспірімдер орталығы мен №6 орта мектептің ұжымы да өз үлестерін қосты.

Бердібай КЕМАЛ,  Кәмшат ҚОПАЕВА, Г. БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*