Басты бет » Денсаулық » Сәби күтіп жүргенде тұмауратпа!

Сәби күтіп жүргенде тұмауратпа!

Қараша айының басы — тұмаудың өршитін уақыты. Жүктілік кезінде тұмаурата қалса, оған  жас  келіншектердің жүрдім-бардым қарайтыны да рас. Олар мұндай салғырттықтың соңы өкінішті жағдайларға ұласуы мүмкін екенін қаперлеріне де алмайтын сияқты. Бұл әңгімені қозғап отырған себебіміз — елімізде тұмаудың кесірінен көз жұмып жатқан жүкті әйелдердің ішінара болса да кездесіп жатқаны жайлы еміс-еміс естіп жатырмыз. Кейде базарда мұзды аяқ болып, түшкіріп-пысқырып зат сатып тұрған айы-күні жақындаған аяғы ауыр келіншектерді көргенде: «Ойпырмай, мына әйелдің жанынан безуін қарашы, тым болмаса ішіндегі шарананың жайын бір сәт ойласа нетті?!» деп ойлайсың.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының бас дәрігері Райхан Ыбыраева осы тақырыпта өз ойларымен бөлісті.

— Жүктілік кезінде тұмауратудың зияны және оның қалай алдын алу керектігі жөнінде кеңірек әңгімелеп берсеңіз.

— Тұмау біз ойлағандай оңай-оспақ ауру емес.  Ол жүкті әйел үшін ғана емес, кез келген адам үшін қауіпті. Сондықтан одан сақтанған жөн. Ал аяғы ауыр келіншектер үшін тіпті қауіптірек. Өйткені олар екі адамның өміріне бірдей жауапты. Жүктілік кезінде әйелдің ауруға қарсы тұратын иммунитеті  төмендейді, ағзасы әлсірейді.

Халық ішінде: «Өй, тұмау ғой, ештеңе етпейді, жас емес пе, түшкіріп-пысқырып қояды ғой, соны  елеп не керек, баяғыда  шешелеріміз күтінуді білген жоқ, жалаң аяқ қар кешіп жүріп те он баланы топырлатып дүниге әкелді ғой» деген түсінік бар Ол заман басқа, бұл заман бөлек. Аналарымыз  табиғаты тұнық, экологиясы таза жерде өмір сүрді.  Олар жұмыс істеген жоқ, баланы қалай асыраймын деп қиналған жоқ. Ер азаматы табысты табады, әйелі үйде отырып соны ұқсатып жұмсайды. Бала-шағасының жайын, үй шаруасын ғана күйттеді, ол кездегі тамақтың құнарлылығы да бөлек болды. Шұбат, қымыз, ет, көкөністен кенде болмады.

Ал қазіргі заманда әйелдер мойнындағы жүк еселене түсті. Олар ертеден кешке дейін жұмыс істейді, үй шаруасы да, бала тәрбиесі де аналардың еншісінде, жолдасының да бабын табуы керек. Әрине, мұның бәрі бір әйелге оңай жүк емес. Ал аяғы ауыр жас  келіншектердің денсаулығы мығым деп айта алмайсыз, әлжуаз. Олардың да сырқаттан сауы аз.  Олар — кем дегенде 7-8 вирустың тасымалдаушысы.

— Жастардың денсаулығының нашарлығына не себеп?

— Бүгінде қыз балалар тым ерте жетіледі, олардың ішінде балалықпен, еліктеу-солықтаудың кесірінен  жыныстық қатынасты 12-13 жастан бастайтындар да кездеседі, содан түрлі ауруларды жұқтырады. Ал оның денсаулығына қаншалықты нұқсан келтіретінін ойлап жатпайды. «Ерте піскен жемісті үсік шалар» демекші, осы біз өрімдей қыз балаларға ие бола алмай отырған жоқпыз ба?» деп ойлануымыз керек сияқты. Бір себебі осы деп жасырмай айтуымыз керек. Қазақ «Ауруын жасырған өледі» деп тегін айтпаған шығар.

Екіншіден, жас әйелдер өз денсаулығына мән бермейді. Тұмау иммунитеті төмен ағзаны әлсіретеді, соның кесірінен   жүрек, бүйрек, қан-тамыр аурулары бас көтереді. Тұмау пневмонияға (өкпенің қабынуына) тез ұласады. Дені сау адам болса, тұмаудан бір апта ішінде айығып кете алады. Жүкті әйел тұмауратса, күтінбесе,  оның арты өкпе қабынуына ұласып, тіпті өліп кетуі де мүмкін. Пневмонияның даму қаупінің өзі 50 пайыз құрайды. Ал жүкті әйелдер үшін тұмау түсік тастау қаупін бірнеше есеге ұлғайтады. Күніне жетпей босанып қалуы мүмкін.

Тұмаудың қауіптілігі сонда –  асқынулардың болуы мүмкіндігінде. Тұмау – ең көп тараған жұқпалы ауру, барлық жұқпалы аурулардың 95 пайызы тұмаудың үлесіне тиеді.

Әсіресе, жедел респираторлы вирустық инфекция жүктіліктің 12 аптасына дейін қауіпті, өйткені бұл кезеңде баланың ішкі органдары мен жүйелері қалыптасады. Туа біткен кемтарлықтар көбіне жедел респираторлы вирусты инфекцияларды жұқтыруына және ата-аналарының зиянды әдеттерге әуестігіне,  тіпті аз мөлшерде болса да алкогольді тұтынуымен байланысты.

— Жүкті әйелдер тұмауратқан жағдайда не істеуі керек?

— Дереу дәрігер көмегіне жүгінгені абзал. Әйелдің дене қызуын өлшеп, ол 37,1-ді  көрсетіп тұрса да,  қан қысымы қалыптағыдан  5 миллиметр көтерілсе де, жан-жағындағы адамдар алаңдаушылық білдіруі тиіс.  Жүкті әйелді емдеудің өзіндік ерекшеліктері бар. Оларға өз бетінше  тұмауға қарсы дәрі-дәрмектің бәрін бірдей қолдануға болмайды.

Үйге шақырған дәрігерге  әйелдің жүкті екенін айту керек. Олар әйелді  ауруханаға жатқызамыз деп шешсе, оған қарсылық танытудың қажеті жоқ. Маман дәрігерлер  дереу   емін тағайындап, қауіптің алдын алады.

Жүкті әйелдерді тұмаудан емдегенде халық емі, гомеопатиялық дәрі-дәрмектер қолданылады. Одан басқа сұйықты көп ішуі керек, сол арқылы организм тазарады. Сәл қышқылдау, құрамында С витамині бар морсты, шырынды ішуге болады. Таңқурай, итмұрын тосабымен, балмен шай ішкені дұрыс. Ал қызуы көтерілген  жағдайда маман дәрігер қалай емдейтінін өзі шешеді..

— Келіні не қызы сәби күтіп жүрген отбасы мүшелері нені ескеруі тиіс?

— Аяғы ауырлағаннан кейін әйелдің өмірге деген көзқарасы күрт өзгереді, ол енді ішіндегі сәбиінің жағдайын ойлайды. Сол сияқты үй ішіндегі адамдардың да оған деген қарым-қатынасы өзгеруі тиіс. Әрине, жүкті әйелдің айналасында да жұрт бар ғой, күйеуі, енесі, өзінің анасы, тіпті құрбылары да бөтен емес. Үлкендер үлкендігін жасап, келіннен қамқорлығын аямаса, ұрпақ та аман, үй де баланың бал күлкісіне толады.  Бәріміз болашақ ананың өміріне жауаптымыз. Оның денсаулығын қауым болып ойлауымыз керек. Аяғы ауыр келіншектердің күн суықта жылы киінуін қадағалау керек, жастың аты жас, көп нәрсеге мән бермейді.

Жүкті әйелдің денсаулығы оның құнарлы тамақ ішуіне де тікелей байланысты. Біздің жұрт қойын сойып, қонақ шақыруға әуеспіз ғой. Ал келін жүкті болса, оның да ет жеп, сорпа ішіп, айран-сүт, жеміс-жидек, көкөністен кенде болмағанын ойласақ болар еді. Бүгінде әйелдердің көбі жұмыс істейді, отбасындағы тірлігі және бар. Сондықтан жұмыс орнындағы ұжым да жүкті әйелге жанашырлықпен қараса бөтен болмас еді.

Қазір жұрттың бәрі бірдей ауқатты тұрады, ішіп-жемнен тарлық көріп жүрген жоқ деп айтуға аузымыз бармайды. Өздері пәтер жағалап жүрген отбасыларындағы аяғы ауыр туысымыздың жайын да ойлап қойсақ, теріс болмас еді. Қазір біздің бойымызды немқұрайдылық жайлап бара жатқан тәрізді, біреуге жанашырлық танытуға енжармыз. Қазақтың дәстүрінде «соғым сыбаға» деген бар, бір асым ет апарып берсең де сауап, туыстары «Мынаған тәбетің тартқан нәрсені алып жей ғой» деп көңіліне тимей, 2 мың теңгеден жинап берсе де, жастарға кәдімгідей көмек.

Әйелдің жүктілік кезінде көңіл-күйі өзгергіш келеді, сәл нәрсеге ренжиді, болмашы  нәрсеге балаша қуанады. Оларға моральдық әрі материалдық қолдау көрсету — бәріміздің парызымыз. Жалпы қайырымдылық акциясын өткізетін адамдар ана мен баланы қуанту жағына көбірек мән берсе деймін.

— Айтқан жерден аулақ, жүкті әйел тұмауын асқындырып алған жағдайда   дәрігерлер қандай шешім қабылдайды?

— Жүктіліктің 7-8 айында ана өміріне қауіп төнген жағдайда, оның өмірін сақтап қалуға күш салады. Өйткені ананың басқа да балалары бар, отбасы келешегі анаға тәуелді. Тұмаудың асқыну қаупі жүкті әйелдерде өте жоғары екенін айттық. Бүйрек, жүрек, қан-тамыр аурулары болса, қаназдықтан зардап шексе, олардың салқыны тимей қоймайды. Сондықтан мейлінше абай болсақ.

Тұмаудың алдын алудың басқа  қандай тиімді жолдары бар?

— Жүкті әйелдің иммунитеті әлсірейтінін ескере отырып,  тұмауға қарсы егілу тиімді деп есептейміз. Қазіргі тұмау вакцинасы  бала үшін қауіпсіз. Алайда жүктілік мерзімі 14 аптаға жетпесе, егілуге болмайды. Оның үстіне  тұмауға қарсы ешбір екпе осы аурумен ауырмайтыныңызға 100 пайыз кепілдік бере алмайды. Сондықтан денсаулықты қатайтып, денені шынықтырып, салауатты өмір салтын ұстанып, әрдайым белсенді қимыл-қозғалыста болғаннан артық ештеңе жоқ. Таза ауада қыдырыстаудың өзі пайдалы.

Дәрігерлер жүкті әйелдерге көпшілік орындарға барарда мұрнына оксолин, виферон майларын жағып жүруді ұсынады. Ал кешкілік жатар алдында ауыз қуысын календула, эвкалипт тұнбасымен шайса, күні бойы жиналған зиянды микробтардан тазаруға мүмкіндік береді.

Тұмауға қарсы екпе қанша тұрады?

— Вакцинаның құны — 2100 теңге.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

8 пікір

  1. мен жүктіліктің алғашқы 2-3 аптасында тымауратып, дәрі пайдаланғам 2-3 күн оның балаға қандайда бір әсері болама? жүкті екенімді білмегем

  2. Салематсыз ба.Менің аяағым ауыр 34 апта гриптеп ауырып қалдым кандай ем жасасам болады? Казіргі кезде балаға қандай зианы тиеди грирппен ауырғанда?

  3. Салеметсиздер ме? Менин аягым ауыр, 11 апта. Тумауратып калдым, кандай ем жасасам болады. Студентпин, сессия кези болгандыктан ауруханага жата алмайм. Комек бериниздер. Басям катты ауырып, мурным бителип, алсизденип барам… Рахмет

  4. Аяп Бакытгул

    Менин аягым ауыр 7 айлык. Кулагым ауырып жур. Суыктан кстилмей калды мурным бителип су агады ннестесем болады

  5. Аяп Бакытгул

    Менин аягым ауыр 7 айлык. Кулагым ауырып жур. Суыктан естилмей калды мурным бителип су агады не истесем болады

  6. Саламатсыз ба мен 38 аптада грипп болып калдым бурным бителип жуткыншагым жутынсам ауырады тамагым не истесем болады

  7. Салеметсіздерме ? Акпарат бергеніңізге көп көп рахмет. Менің аягым ауыр 5-6апта болды. Аптекага барганда дарі берми койды. Тек мұрынға шашатын берді. Сіздердің кеңестерңізді орындаймын.Алла разы болсын. Айт кабыл болсын!!!

  8. Екикабат кезде мурынга доктор мом жагуга болама грипп болганда или звездочка жакса болама?

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*