Басты бет » Таным » Ақтөбедегі алғашқы мешіт

Ақтөбедегі алғашқы мешіт

1901 жылы қазіргі Ақтөбе қалалық орталық мешітінің құрылысы басталды. Арада екі жыл өткен соң, яғни бұдан 106 жыл бұрын мешіт пайдалануға берілді. Мәліметтерге сүйенсек, тек қана мешіт емес, сонымен қатар оның жанынан медресе, діни қызметкерлердің үйлері, қонақ үй, ат аула салынған. Яғни халықтың жұмыла жұмыс істеп, бірігуінің арқасында үлкен діни-рухани кешен бой түзеді.

Мешіт тарихына үңілсек, сол кездегі қазақ пен татардың достығы мен бірлігі,  ынтымағы жарасқандығының, мақсат-мүдделері де бір екендігінің куәсі боламыз. Расында, мешіт құрылысын салуда татарлар бастама көтеріп, қазақтар қолдау білдіріп, орыстар ниеттес болған. Сонымен…

Қазақ пен татардың салған мешіті

Қала мешітінің тарихы туралы толығырақ білмек ниетпен облыстық тарихи-өлкетану мұражайына барған едік. Мұражай қорының жетекшісі Зада Мұқашева былай дейді:

Әкелі-балалы Тарасенколардың «Город. Годы. Люди. Жизнь» кітабында қаладағы мешіт туралы бірсыпыра деректер келтірілген. Онда Ақтөбе қаласында ақ төбеге қарсы, шығыс жақ бетінде 1901 жылы жазда мешіттің бас ғимаратының іргетасы қаланғандығы жазылған. Сонымен қатар осы жылы  кешеннің барлық жобасы жасалыпты. Бірақ одан кейін мешіт жұмысы тоқтап қалған.

Оның айтуынша,  құрылыс жұмысының уақытша тоқтап қалуының себебі – қаржының жетіспеушілігі.  Бұл – бір. Екіншіден сол жылы тұрмыс қиын болған: егіннен түсім аз шығып, қыс қатты болыпты. Яғни, шаруашылыққа байланысты жұмыс тоқтап қалған. Мұражайдың қор бөлімінің жетекшісі мешіт құрылысының қолға алынуы мен жандануында М. Ибрагимов, М. Хайкин,  Х. Губайдуллин,

А. Кусаинов, Ф. Забиров, Далатхазин, Абдрашидов, Садыков, Сағадииевтердің үлесі зор болған.

Әсіресе, Махмұтбай Ибрагимовтің еңбегі ерекше. Ол мешіт қорына алғаш салым жасаған. «Ақтөбеге қалай да зәулім мешіт салу керек» деп ол  бір бума ақшаны мешіттің қорына салыпты. Ибрагимов ақша салғаннан кейін қаржы аударушылардың қатары көбейе түскен.

Махмұтбай көпес Ташкентке барып, мешіттің сәулеті қандай болатындығы туралы мамандармен кеңесіп, пікірлесіп елге келіп, мешіттің жобасын сызған көрінеді. Сол кезде Орынборда 8 мешіт болыпты.

Бастапқыда біраз қаржы жиналғанмен, ақша мешіт кешенін салуға жетпей, құрылыс тоқтап қалады. Бұл жағдай Махмұтбай Ибрагимовтің жанына қатты батқан. Ойлана келе ол өзінің руластары – Қобда болысындағы табындардан көмек сұрау туралы шешімге келіпті. Бұл ойы руластарының арасында зор қолдауға ие болған. Нәтижесінде қобдалықтардан  мал, құрылыс материалдарын, қажетті заттарды жинаған. Сөйтіп, жүздеген мұсылман «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», үме жасады. Әрине, үлкен кешен салу оңай шаруа емес. Табындардан жиналған ақшаға да мешіт құрылысы аяқталған жоқ. Кеңесе келе мешіт құрылысын ұйымдастырушылар мынадай шешімге келген: «Қалаға шаруасымен келген кез келген адам қолдарында бар құрылыс материалдарын әкелу керек».

Сол кезде қалаға 1 куб қалақ тасты әкелудің құны 20-25 рубль болған. Мұны кез келгеннің жағдайы көтере бермейді. Дегенмен тұрғындар шамаларына қарай мешіт құрылысының жандануына өз үлестерін қосты.

Мешіт құрылысының басы-қасында жүрген адамдар да қол қусырып, қарап отырмай, қолдарына ыдыс алып, көше аралап, тіпті, үй-үйге кіріп ақша жинапты. Халықтың өзара түсінісіп, бірігіп, ынтымақтасуының арқасында 1903 жылы мешіт бой көтерді. Мешіттің алғашқы имамдарының бірі – Ахмет Фазыл Құрбанаев, – дейді Зада Мұқашева.

1904 жылы мешітте алғашқы намаз оқылыпты. Бұл –  қазіргі Ақтөбе қалалық орталық мешіті. 1903 жылы тек мешіт емес, сонымен қатар басқа да ғимараттар бой түзепті. Медреседен бастап, ат байлайтын жерге дейін болған. Үлкен кешеннің сырты таспен қоршалған деседі.

Зада Тілегенқызы мешіт салуға сол кездегі уезд  басшыларының барлығы да қолдау білдіргендігін айтады.

Уезд бастықтары қаланы көріктендіру үшін, сән-салтанатын арттыру үшін мешіттің де ерекше орны бар деп есептеген. 1885 жылы Ақтөбе уезінің бастығы  Сунгуров болған. Ол Орынбор генерал-губернаторынан мешіт құрылысын салу жөнінде рұқсат қағаз алыпты. Бірақ қаржының жоқтығынан мешіт құрылысы басталмаған. Сунгуровтан кейін уезді Сұлтан Сейдалин басқарды. Оның кезінде мешіт салу мәселесі қайтадан көтеріледі. Мәліметтерге сүйенсек, 1900 жылы қаңтардың 1-інде 500 адам мешіт қорына ақша төлеген.

Сейдалиннен кейін Сухин деген азамат уезд бастығы болып тағайындалады. Ол  қазақ тілін жақсы біліпті. Бұл кісі де мешіт ашу жұмысын қолға алып, қолдау білдірген. Сухин мешітті  ақ төбенің  үстіне салу керектігін айтқан. Бірақ ақсақалдар мешітті төбенің етегіне салуды ұйғарыпты, – дейді мұражай қорының жетекшісі. Ол мешіт құрылысын салуда халықтың құрылыс материалдарына өте зор мән бергендігін айтады. Мысалы, тасты Қосестектен әкелген. Оны тасу үшін малды арбаға жеккен.

Қаратоғайда (қазіргі Мәртөк ауданына қарасты ауыл) ерекше балшық болыпты. Оның қасиеті цементке ұқсас екен. Мешіт құрылысы үшін балшықты сол Қаратоғайдан әкелген. Балшыққа жұмыртқа араластырылған деген де дерек бар.

Мешіттің маңында шамамен 40 қадам жерде көлшік болыпты. Оны балшық езуге пайдаланған, – дейді З. Тілегенқызы.

Мұражай қызметкері ел игілігі үшін салынған орталықтың Ұлы Отан соғысы басталғанда бұзылып алынғандығын айтады. Рентген және ауыл шаруашылығы машиналары зауыттарын салу үшін мешіттің мешіттен басқа кешендерін бұзылып, құрылыс материалдары ретінде пайдаланылған көрінеді. Ал мешіт қоймаға айналған.

Әңгіме барысында З. Мұқашева облыс аумағындағы басқа мешіттер туралы мынадай деректер айтты:

– Мұражайдағы мәліметтерге сүйенсек, 1875 жылы Орынбор генерал губернаторы Торғай облыстық басқармасының сұрауы бойынша Қобда болысында мешіт ашуға рұқсат берген. Тағы бір айта кететін жайт, 1905 жылы Санкт-Петербургке Ақтөбе уезінен делегаттар барған. Соның ішінде қоғам және діни қайраткер Мұхамбетқазы Меңдіқұлов та бар (Ол 1902 жылы Мекке-Мәдинеге барған. Бізде оның төлқұжатының көшірмесі бар). Мұхамбетқазы Меңдіқұлов Ақкемерде мешіт пен медресе салуды сұраған. Яғни аталған елді мекенге мешіт салуды ең алғаш проблема ретінде көтерген – осы кісі.

Махмұтбай Ибрагимовтің ізгі ісі

Біз қалалық орталық мешіттің қалай салынғандығы туралы білмек ниетпен аталған мешітке де хабарласқан едік. Аягөз қажы ОҢАЙБАЕВ айтады:

– Кеңес өкіметіне дейін қазіргі Ақтөбе облысының аумағында 200-ге жуық мешіт болған. Сонымен қатар 80 христиан шіркеуі, құдайға құлшылық ететін басқа да діни орталықтар болыпты. Ал Ақтөбе қаласының өзінде көпке дейін мешіт салынбаған. Қалада мешіт ашу жөнінде алғаш бастама көтерген  – татарлар. Татарлар қаламызда көп қоныстанған. Әсіресе, олар қазіргі қалалық мешіттің маңында тұрған көрінеді. Татарлар саудамен айналысқан. Жұмыс барысында олар Жаманқала, Орынбор қалаларына барған. Сондағы көпестермен араласқан.

1901 жылы Ақтөбеге Орскден ірі көпес Махмұтбай Ибрагимов қонаққа келеді. Ол мұнда  Шахболатбай деген көпестің үйіне ат басын тіреген (Шахболатбайдың үйі қазіргі Нариман көшесінде орналасқан). Алыстан қонақ келген соң Шахболатбай қаладағы өзінің сыйлас достарын, туыстарын шақырып, дастарқан жаяды. Әңгіме арасында Махмұтбай көпес осы уақытқа дейін қалада неліктен мешіт  салынбағандығын сұрайды. Сонда Шахболатбай мешіт салу ойларында бар екенін, бірақ мешіт құрылысына қаржының жоқтығы қолбайлау болып тұрғанын  айтады. Мұны естіген Махмұтбай Ибрагимов: «Онда мен өз үлесімді қосайын», – деп мешіт салу ісіне біраз қаржы берген екен. Бұл бастамадан соң халық шамаларына қарай мешіт қорына ақша аударады.

Мешіт құрылысының қарқынды жұмыс істеуіне қазақтардың да үлесі зор. Қазіргі Қарғалыға барар жолда, Елек өзенінің тұсында ол кезде үлкен мал базары болған. Бірде мал базарынан қайтып келе жатқан Қобда болысында тұратын қазақтар мешіттің маңында тұнжырап отырған екі-үш татарды көріп, мән-жай сұрайды. Сонда әлгі татарлар айтыпты: «Мешіт құрылысы тоқтап қалды. Оны жалғастыруға ақша жеткіліксіз. Соған қиналып, не істерге білмей отырмыз», – депті. Мұны білген қазақтар (табын руынан) елдеріне барып, 90 үйден 90 өгіз айдап әкеліпті. Малдарды сатып, оның ақшасына құрылысқа қажетті материалдар алған екен.

1903 жылы қалалық мешіт пайдалануға беріледі. Онда ат-есек байлайтын арнайы аула болған. Сонымен қатар бас имам мен оның орынбасарларына арналған үш тұрғын үй салынған. Азаншының да үйі осы мешіттің дәл қасында тұрғызылған. Ауылдан, басқа қалалардан келген қонақтар ат басын тіреу үшін қонақ үй де салыныпты. Қысқасы, мешіт маңынан біраз ғимарат бой көтерген.

Мешіттің алғашқы имамы – Омар хазірет. Ал  ең бірінші азаншысы – Зейнолла Януаров. Ол кісіні Уфадан арнайы шақыртқан.

1921 жылы мешіт жабылып қалды. Сол жылы діни қызметкерлердің барлығы бірдей қуғын-сүргінге ұшырады. Зейнолла Януаров Қарағандыдағы лагерьде тұтқынға түседі. Ол кісі, жаңылыспасам, 1925-1926 жылдары аштық жариялап, көз жұмған.

Кеңес өкіметі тұсында мешіт баспахана, драма театрдың қоймасы болды.

1990 жылы қалалық әкімдіктің қолдауымен мешіт жұмысы қайтадан жанданды. Мешіттің қайтадан ашылуына, әсіресе, Сара Еламанованың сіңірген еңбегі ерекше болды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*