Басты бет » Басты жаңалықтар » Хромтау көріністері

Хромтау көріністері

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, өткен сенбіде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жұмыс сапарымен Қарғалы және Хромтау аудандарында болды.

Сапар кезінде облыс әкіміне оның бірінші орынбасары Ізбақ Өмірзақов, Хромтау ауданының әкімі Аязбай Османғалиев, бірқатар облыстық департаменттер мен басқармалар басшылары еріп жүрді.

Облыс басшысының Хромтау ауданына сапары Никельтау ауылынан басталды.

Сталин заманында тұрғызылған мектеп

Никельтау ауылындағы орта мектеп ғимараты 1953 жылы пайдалануға берілген. Өткен жылы жүргізілген техникалық байқау кезінде мектеп апат жағдайында деген қорытынды жасалыпты. Сондай-ақ мектеп ғимараты санитарлық-гигиеналық талаптарға да сай келмейді. Мұнда акт, спорт залдары және еңбекке баулу сабағы үшін шеберханалар жоқ. Асхана да мектеп жанына салынған қосалқы ғимаратқа орналастырылған.

Соған орай, бүгінде 180 орындық жаңа мектеп ғимаратын тұрғызу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр.

Мектептегі оқушылар саны — 174. Үстіміздегі жылғы ҰБТ қорытындылары бойынша орташа балл — 73,4; бұл аудандық орташа көрсеткіштен — 80,5 балл — төмен.

Әйтсе де, мектеп ауласына жиналған ауыл қариялары арасынан Анарбек Жанәділов ақсақал бізге: «Білім көрсеткіші жағынан мақтана алмағанымен, тәртіп жағынан оқушыларымыз жақсы», — дегенді айтты.

Облыс әкімі мектептен кейін, «Никельтау жылу» қазыналық кәсіпорнына соғып, қысқа әзірлік жұмыстарымен танысты. Мұндағы үш қазандық әзірге көмірмен жұмыс істеп тұр, ал келесі жылы көгілдір отынға көшіру жоспарланған.

Биыл Никельтауда жалпы ұзындығы 4,5 шақырым болатын жылу құбырлары күрделі жөндеуден өткен. Жалпы, ауылдағы жылу және су құбырлары да қазір күрделі жөндеуді қажет етіп тұр…

Макарон зауыты салынады

Аудан орталығы — Хромтау қаласында облыс әкімі алдымен аудандық орталық «Нұр» мешіті мен православтық Серафим Саровский шіркеуінде болды. Бұл рухани орталықтар 2005 жылы «Қазхром ТҰҚ» АҚ-ның Дөң тау-кен байыту комбинаты қаржысына тұрғызылған. Аталмыш кәсіпорын мешіт пен шіркеудің қалыпты жұмыс істеуі үшін жыл сайын қаржы бөліп тұрады. Айта кетейік, Хромтау ауданы тұрғындарының 76 пайызы — мұсылмандар, ал 19 пайызы — православтық бағыттағы христиандар. Сонымен қатар, ауданда католик шіркеуі де бар.

Хромтау қаласындағы мәдениет және демалыс саябағы 1955 жылы ашылған. Бүгінде мұнда кең түрде қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Осы жұмыстармен және саябақтың қайта қалпына келтірілгеннен кейінгі макетімен танысып шыққаннан соң, облыс әкімі Архимед Мұхамбетов мерекелік, т.б. шаралар өткізуге арналған алаңды кеңейту, жаңа ағаш түрлерін отырғызу жөнінде бірнеше кеңес айтты.

Бұдан кейін облыс басшысы Хромтаудағы «Ақтөбе нан бұйымдары комбинаты» ЖШС-ның диірменінде болды. Серіктестік, негізінен, астық қабылдау, сақтау, өлшеу және тазалау жұмыстарымен айналысады, сондай-ақ мұнда ұн тартылып, малға жем дайындалады. Ұн тарту зауытының қуаттылығы — тәулігіне 200 тонна. Зауыт бұдан үш жыл бұрын іске қосылған.

«Ақтөбе нан бұйымдары комбинатында» 250 адам жұмыс істейді. Орташа еңбекақы — 50-60 мың теңге шамасында. Серіктестік зертханасы облысымыздағы ең озық жабдықталған зертханалардың бірі болып табылады.

Серіктестік басшылары облыс әкімімен өз жоспарларын бөлісті. Олар көздеген істердің бірі — макарон зауытын салу. Архимед Мұхамбетов бұл жоспарды қуаттайтынын жеткізіп, облыстық кәсіпкерлік басқармасына оны қолдауға кірісу жөнінде тапсырма берді.

Хромтау қаласында облыс әкімі ат басын тіреген соңғы нысан — «Қазхром» ҰТК» Дөң тау-кен байыту комбинатының «Молодежная» шахтасы болды. Мұндағы әңгіме жұмысшыларға әлеуметтік қамқорлықтар, маман даярлау мәселесін шешуге байланысты жоспарлар төңірегінде өрбіді. Кәсіпорын басшыларының айтуынша, үстіміздегі жылғы маусым айының 1-інен бастап жалақы 20 пайызға көтеріліп отыр. Шахтада қазір 1130 адам еңбек етеді, олардың 985-і — жұмысшылар.

Ең әдемі ауыл…

«Нұрлы көш» бағдарламасына сай, 2010-2011 жылдары Көктау ауылында оралмандар үшін төрт пәтерлік 75 үй салынуы тиіс. Оның елуі өткен жылы салынып біткен. Ал қалған 25 үй биыл беріледі. Әр пәтердің жалпы аумағы — 78 шаршы метр. Әр пәтер иесіне 10 сотық жер беріледі.

Қазіргі күні ауылда 28 отбасы тұрып жатыр.

Мұндағы түп-түзу қатарларға тізіле қалған аппақ үйлер ең әдемі ауылға тап болғандай әсерге бөлейді.

Бұл ауылда облыс әкімі алдымен салынып жатқан 600 орындық орта мектеп құрылысымен танысты. Қазір ғимарат, негізінен, көтерілген, енді ішкі жұмыстары жүріп жатыр. Жылу жүйесі жақын күндері іске қосылады.

— Бітпеген жұмыстар өте көп, — деді Архимед Бегежанұлы ғимаратты аралап шыққаннан кейін. — Оларды белгіленген уақытта аяқтау керек. Сонымен бірге, жұмыстар сапалы жүргізілуі тиіс.

Мектептен кейін облыс басшысы оралмандарға арналған пәтерлердің бірін қарап көрді.

Бұдан соң облыс әкімі бастаған топ Ақтөбе мыс компаниясының ашық кенішінде болды. Компанияға қарасты «Октябрдің 50 жылдығы» кен орнының қуаттылығы — жылына 4,5 миллион тонна. №1 байыту фабрикасы бұрыннан жұмыс істеп тұрса, ал жылына 2 миллион тонна мыс және мыс-мырыш кенін өңдеуден өткізіп,  227,8 мың тонна мыс-мырыш тотығын өндіруге мүмкіндік беретін №2 байыту фабрикасы 2010 жылдың жазында іске қосылды. Компания өнімі өз елімізбен қатар, Ресейге (Қарабас мыс зауытына, Челябіге), Қытайға шығарылады.

Компания алдағы уақытта «Аралшы», «Құндызды» және «Лиманное» кен орындарын игеруді көздейді.

Компания басшыларымен кездесуде облыс әкімі сатып алулар мен түрлі қызметтерді пайдалануда отандық үлесті арттыру керектігін атап өтті.

Ал қазіргі күні бұл көрсеткіш 85 пайыз болып отыр.

Хромтау ауданына жұмыс сапарының соңында облыс әкімі «Ақжар-Агро» ЖШС-ның күнбағыс алқабына тоқтап, ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдары басшыларымен кездесті.

«Ақжар-Агро» ЖШС майлы және дәнді дақылдар егумен айналысады. Майлы дақыл өнімі Ақтөбедегі «Түркуаз» фирмасына тапсырылады. Құрылтайшыларының басым бөлігі жер телімі бар үлескерлер болып табылатын «Ақжар-Агро» егіс алқабын жыл сайын ұлғайтып келеді. Биыл олар әр гектардан 10 центнерден астам өнім алынады деген үмітте.

Ал аудан бойынша орташа өнім гектарына — 8 центнер.

Осы жерде облыс әкімі Қарғалы және Хромтау ауданы сапары бойынша БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.

Архимед Бегежанұлы өз сұхбатында таяу жылдарда аудандарда, негізінен, әлеуметтік мәселелерді шешуге баса көңіл бөлінетінін жеткізді.

— Елді мекендерге газ бен су апару, жолдар, мектептерді жөндеу және қысқа дайындық, міне, осы мәселелер басты назарда ұсталатын болады, — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ облыс әкімі қысқа дайындық, кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуі, жаңа  жұмыс орындарын ашу мәселелері және астық жинау науқанына байланысты аудандар басшыларына нақты тапсырмалар берілгенін жеткізді.

Индира ӨТЕМІС.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*