Жас отбасылар байқауы шақырады

Алда Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесі келе жатыр. Соған орай қаламызда түрлі мәдени-қоғамдық шаралар өткізу жоспарлануда. Сол шаралардың бірі — қалалық мәдениет және тілдерді дамыту мен қалалық Мәдениет үйі бірлесіп ұйымдастырғалы жатқан «Үздік жас отбасы» атты байқау.

Әр отбасы — өзіндік тәлім-тәрбиесі — «ішкі заңдары» қалыптасқан шағын мемлекет. Осы «шағын мемлекеттер» мемлекеттік мереке — Конституция күні қарсаңында өзара бақ сынасатын болады.

— Қала тұрғындарын байқауға қатысуға шақырамыз. Бұл шараға жасы 20 мен 30 аралығындағы жас отбасылар қатысуына болады. Аталған байқау арқылы қоғамның ең басты құндылығы отбасы екенін насихаттауды, өскелең ұрпақ арасында ұлттық салт-дәстүрлердің кеңірек таралуына ықпал етуді, құқықтық сауаттылықты арттыруды мақсат еттік, — дейді Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Маржан Қорғанбаева.

Байқау бес шарттан тұрады — алдымен жас отбасылар қазақтың ұлттық киімінен сән үлгісін көрсетеді, одан соң Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арнап өз қолымен жасаған сыйлығын көпшілік назарына ұсынады. Үшінші, жастардың құқықтық сауаттылығын көрсететін «Мен және Ата Заң» атты сұрақ-жауап бөлімінде отбасы мүшелері Ата Заң туралы сұрақтарға, жалпы әр азаматтың құқықтық білігін байқауға бағытталған сұрақтарға жауап беретін болады, одан соң өз өнерлерін көрсетеді. Соңғы, бесінші бөлімнің талабы бойынша байқауға қатысушылар әртүрлі бағыттағы сән үлгісін көрсетуі керек, яғни өз отбасының ерекшелігін көрсететін жеке стильде киініп шығуы шарт.

— Байқауға қатысушылардың ұлтына байланысты шектеу жоқ, қатысамын деп өтініш білдіргендерді іріктеу кезеңі 22 тамызда, ақтық кезеңі және марапаттау рәсімі 30 тамызда өткізіледі. Қаламыздың барлық жас отбасыларын мемлекеттік мерекенің құрметіне ұйымдастырылатын әдемі шарадан қалып қоймауға шақырамыз! — дейді М.Қорғанбаева. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлық пен қала әкімінің дипломдары табыс етіледі.

М.САТАЕВА.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің  20 жылдығына және Конституция күніне арналған «Үздік жас отбасы» атты қалалық байқаудың

ЕРЕЖЕСІ

«Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ және қалалық  Мәдениет үйі Қазақстан  Республикасы  Тәуелсіздігінің  20 жылдығына және Конституция күніне арналған «Үздік жас отбасы» атты қалалық байқау өткізеді.

Байқау 2011 жылдың 30 тамызында өтеді.

Байқаудың мақсаты:

— Қаламыздың жас отбасылары арасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігін насихаттау;

— Тәуелсіздігіміздің жарқын бейнесін өнермен дәріптеп, өскелең ұрпақтың арасында қазақстандық патриотизм сезімін қалыптастыру;

— Байқау арқылы еліміздің ең басты құндылығы отбасы екендігін және отбасы мемлекетік қорғауында екендігін дәріптеу;

— Қаламыздың өнерлі отбасыларын дәріптеп, марапаттау арқылы өнер жолына баулу;

— Қаламыздың жастарының қоғамдық-мәдени шараларға белсене қатысуына мүмкіндік жасау;

Байқаудың шарттары:

Байқауға қалада тұратын 20 – 30 жас аралығындағы отбасы қатыса алады.

Байқау төменде көрсетілген шарттардан тұрады:

1. I шарт — «Қазағымның қазынасы» — Қазақ киімінде өтетін дефиле. (Әр жұп қазақ киім үлгісінде дефиле көрсетеді) — 3 мин;

2. ІІ шарт — «Қол өнер — зор өнер» — үй тапсырмасы. (Әр жұп Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арнап өз қолымен дайындаған сыйлығын тарту етеді) — 2 мин;

3. III шарт — «Мен және Ата Заң» — сұрақ-жауап (Еліміздің Ата Заңына байланысты сұрақтар) — 2 мин;

4. IV шарт — «Өнерлі өрге жүзер» — өз өнерлерін көрсету — 1-2 мин;

5. V шарт — «Әртүрлі бағыттағы сән үлгісі» — дефиле (Әр жұп өзінің ерекшелігін,  даралығын   киім  үлгісімен және әшекейлер  арқылы көрсету керек. Мысалы: офистік, спорттық, т.б. киім үлгілері). —  3 мин.

Бағалау белгісі:

— Орындаушылық шеберлігі және шығармашылық қабілеті;

— Әртістік қабілеті және сахналық мәдениеті;

— Сахналық киімдері, реквизиттері.

Қазылар алқасының шешімі талқылауға жатпайды!

Байқаудың өткізілу тәртібі

1 кезең іріктеу кезеңі — 22 тамызда өтеді.

2 кезең — ақтық кезең және марапаттау рәсімі — 30 тамызда өтеді.

Техникалық талаптар:

— Фонограмма (-) міндетті түрде мини дискіге жазылуы тиіс.

Марапаттау рәсімі:

Байқау қорытындысы бойынша талапкерлер Бас – жүлде, I, ІІ, III жүлделі орындарға және номинацияларға иеленеді. Жеңімпаздар қала әкімінің дипломымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталады.

Өтініштер 2011 жылдың 22 тамызына дейін төмендегі мекен-жайда қабылданады:

Ақтөбе қаласы, Ш.Уалиханов кешесі 9 а, қабат, 6-бөлме. Байланыс тел: 8 (7132) 90-53-42; 21-77-20 Факс: 8 (7132) 22-24-03.

Айдары: Басты жаңалықтар

Пікір жазу

Жіберу

© 2014 Ақтөбе газеті. All rights reserved. XHTML / CSS Valid.
Proudly designed by Theme Junkie. Powered by WordPress