Басты бет » Мереке » Жаңа медиа — қазақ интернет-журналистикасы

Жаңа медиа — қазақ интернет-журналистикасы

Қазақ журналистикасы саласында жаңа медиа технология дәуірі басталды, яғни қазақтілді ақпарат тәжірибесіне дәстүрлі журналистикадан бірқатар ерекшелігі бар интернет-журналистика енді.

Ақпарат таратудың басқа көзіне қарағанда мүмкіндігі зор жаңа медиа технологияның алғашқы қарлығаштары ретінде бүгінде тұрақты аудиториясы қалыптасып келе жатқан (қазақ тіліндегі) Abai.kz ақпарттық порталын, «Мінбер» (minber.kz) Ұлттық интернет газетін, «Замандас», «Алтын Орда», Masa.kz,  Аzattyq.org, т.б. бірнеше интернет ресурстарды айтуға болады. Электронды және баспадағы ақпарат құралдарының интернеттегі нұсқалары да жұмыс жасап жатыр.

Қазақ журналистикасына жаңа мүмкіндіктермен, жаңа терминдермен, жаңа қалыппен келген жаңа медиа жөнінде осы технология бойынша жұмыс жасап отырғандар не дейді?

 

Есенгүл Кәпқызы,

«Мінбер» (minber.kz) Ұлттық интернет газетінің редакторы:

 

Интернеттегі қазақтілді контентті дамытуға өз үлесімізді қосып отырмыз

 

 

— Бұл ғасыр — технологиялар ғасыры. Елімізде ақпараттық технология жедел дамып келеді. Алдағы екі-үш жылдықта интернетті пайдаланушылар саны күрт артуы мүмкін. Алайда қазір сұранысты толық қамтамасыз етіп отырмыз дей алмаймыз, өйткені интернеттегі қазақтілді ресурстардың саны аз. Деректерге қарағанда, «kz» доменінде тіркелген сайттардың 10 пайызы ғана қазақ тілінде екен. Соның ішінде санаулы сайттар ғана тұрақты жұмыс жасап тұр. Дегенмен, 2008 жылдан бастап қазақ тіліндегі сайттардың дамуы өте қарқынды жүрді, саны көбейді, қазір қазақтілді басылымдардың жиырмадан астамының интернет нұсқасы бар.

Тек мәтіндік қана емес, мультимедианы (яғни, аудио, бейне материалдарды) қоса қолданып отырған сайттарды да ерекше айтар едім. Мысалы, мультимедианы жақсы пайдаланып отырған, АҚШ қаржыландырып отырған «Азаттық» сайтының қазақтілді нұсқасы мен Stan.tv сайтын атап өтуге болады.
Соңғы жылдары жақсы дамып келе жатқан қазақтілді блогтардың көбейгендігін айтып өткен жөн. Осы жерде айтып кететін жайт, қазақтілді блогтардың көпшілігінің жүргізушілері журналистер болғандықтан, оның мазмұндық, тілдік сапасы жоғары.

«Мінбер» Ұлттық интернет газетінің мұрындық болуымен бір-екі жылдан бері  қазақтілді блогтарды дамыту мақсатында республикалық семинар-тренингтер ұйымдастырылып келеді. Былтырғы семинардың нәтижесінде жаңа 87 блог ашылды, олардың ішінде тұрақты жұмыс жасап жатқандары да, тоқтап қалғандары да бар. Ал жақында Алматыда өткен тренингтен кейін тағы 25 блог жұмысын жүргізе бастады. Ертең Астанада жаңа медиа технологияны дамыту мақсатындағы тағы бір тренинг басталады. Біз осындай шаралар арқылы интернеттегі қазақтілді контентті дамытуға өз үлесімізді қосып отырмыз. Осы жерде бір мәселе бар, қазіргі уақытта 700-дей блог орналасқан WordPress.com-ның қазақша тұғырнамасы «Қазақтелекомның» провайдерлері қосқан интернеттен ашылмай тұр, бұл қазақтілді блогшыларға үлкен кедергі болып отыр…

Негізінде біз әңгіме қылып отырған жаңа медиа технологияның болашағы зор. Батыс елдерінде дәстүрлі ақпарат құралдарын онлайн интернет ақпарат құралдары түбінде басып озады деген пікір бар. Бізде де солай болуы мүмкін…

 

 

Дәурен Қуат,

Аbai. kz ақпарттық порталының бас редакторы:

… Жаңа медиа туралы түсінік әлі толық қалыптасып үлгерген жоқ

 

— Интернет журналистика, яғни жаңа медиа технология дәстүрлі журналистикадан несімен ерекшеленеді?

Біріншіден, ақпаратты жылдам бере алатындығымен. Телевизияда бір ақпаратты жасауға тұтас шығармашылық топ қатысады, радиода да солай, мерзімді басылым екібастан баспадан басылып шыққанша біраз уақыт өтеді. Интернет журналистиканың артықшылығы сол, оқиғаның ортасында болған адам журналистің қызметін атқара алады, яғни интернет сайттарға, олардың электронды пошталарына, редакцияларына хабарласып, ақпаратты дереу жеткізуге мүмкіндігі бар.

Енді ғана бағыт-бағдарын айқындап келе жатқан жаңа медиа туралы түсінік әлі толық қалыптасып үлгерген жоқ. Сондықтан дәстүрлі журналистика өкілдері де, оқырмандары да жаңа медиаға жатсына қарайды, оны уақытша нәрсе, не еріккеннің ермегі деп санайды. Батыс елдерінде қарқынды дамып келе жатқан интернет журналистика қазір саясатқа, қоғамдық өзгерістерге, адамдардың ой-санасына ықпал ете алатын күшке ие болып үлгерді. Ал біздің елдегі медианың нағыз гүлденер кезеңі алда деуге болады. Өйткені ол ешқандай қоғамды  жатсынбай тез дамитын сала. Оның мысалы ретінде тұрақты жұмыс жасап жатқан Abai. kz ақпарттық порталы, «Мінбер» (minber.kz) Ұлттық интернет газеті, «Замандас», Маsa.kz, Bag.kz секілді сайттарды айтуға болады.

Әуелгіде ой бөлісетін, түрлі тақырыптарды талқылайтын форма ретінде қалыптасқан қазақтілді сайттар қазір ақпараттық-сараптамалық материалдар беретін пәрменді ақпарат құралына айналып келе жатыр.

Қазақстанда ақпараттық технологиялық саланы дамыту, интернеттендіру жақсы жүргізіліп жатқандықтан, қазіргі қоғамда мектеп жасындағы баладан бастап 40-50 жасқа дейінгілер толық ғаламторда отыр деп айтуға болады. Интернет желісі ауылдық жерлерге жеткен жоқ дегенімізбен, аудан орталықтарында интернет желілері тартылған, өз деңгейінде жұмыс жасап тұр. Яғни әртүрлі көзқарастардың, пікірлердің жиынтығы, лезде таралатын ақпараттың әлемі —  интернет-журналистиканың болашағы зор деуге болады.

 

Шавқат Сабыров,

Қазақстан Интернет компаниялары қауымдастығының төрағасы:

Қазақ тіліндегі интернет ресурстардың саны жыл сайын артып келеді

 

— Қазақ тіліндегі интернет ресурстардың саны жыл сайын артып келе жатыр. Өкінішке қарай, былтырдан бері мониторинг жүргізу жұмыстары тоқтап қалды, оны қалпына келтіру жұмыстарын қазір қолға алып жатырмыз. Ал ескі дерекке сүйеніп айтсақ, 2004 жылы сайттардың 4 пайызы ғана мемлекеттік тілде болса, 2009 жылдың соңына қарай бұл 10 пайызға өсті. Ал дәл бүгінге нақты мәлімет жоқ.

Қазір, біздің ойымызда қалыптасып қалғандай, тек Астана не Алматы қалаларында ғана емес, облыстарда да қазақтілді интернет ресурстарының саны жедел өсіп келеді.

Қазір сайт жасау аса қиын, күрделі шаруа емес. Алайда қол байлап отырған бір мәселе бар, ол — сайт жасаушыға қажетті дүниелердің барлығы не орыс, не ағылшын тілдерінде. Сондықтан біз сайт жасау барысына қажетті негізгі бағдарламаларды, басқару жүйесін қазақ тіліне аудару жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Яғни кез келген сайт ашқысы келген адам WordPress.com тұғырнамасына кіріп, сайт жасауға қажетті қазақ тіліндегі бағдарламаны тегін пайдалана алатын болады.

Сонымен қатар біз қазақша әріптерді қамтамасыз ететін шрифттердің жүзден астам түрін жасауға кіріспекпіз. Қолға алған тағы бір шаруа бар. Қазір сайт жасаушылардың көбі интернетте жариялау үшін қазақ ұлтына ұқсайтын корей, қытай ұлты өкілдерінің суреттерін пайдаланады. Ол олқылықтың орнын толтыру үшін фотографтардың көмегімен ұлты қазақ адамдардың бейнелерін интернет кеңістігінде орналастыру жұмыстарын жүргізуді қолға алмақпыз…

 

Аршат Оразов,

IT маманы, сайт жасаушы:

Қазақ тіліне деген немқұрайдылық та саланың дамуын тежеп тұр

 

— Менің жасаған сайттарымның нақты саны жоқ. Дегенмен, менің басты сайттарым деп ақпараттық сайттар, яғни газеттерге арнал­ған жобаларды айтуға болады. Әу баста мен облыстық  қоғамдық-саяси «Ақтөбе» газетінің сайтын жасаушы ретінде таныла бастадым. Жалпы, сол тұста «Ақтөбе» газеті облыстық газеттердің арасында өзінің сайтын ашқан алғашқы басылым еді. Одан кейін «Егемен Қазақстан» газетінің сайтын біраз өзгертіп, жоғары деңгейге көтере алдым деп ойлаймын.

… Негізінен, кез келген нәрсені жасамас бұрын оған сұраныс болуы керек. Осы тұрғыдан алсақ, бізде жеке іздеу торабы, пошталық жүйенің жоқтығының басты себебі — оларды қолданушылардың аздығы. Қазақтілді халық негізінен ауылда тұрады, өкінішке қарай, көп ауылға интернет әлі жеткен жоқ. Тіпті ұялы телефон операторлары да жете қоймаған. Сондықтан бірінші кезекте шалғайдағы ауылды аймақтарды дамытсақ, қазақтілді интернет қолданушылары да көбейеді. Сұраныс артқан соң, заңды түрде қызмет түрлері де арта түседі.

Екіншіден, қазақ тіліне деген немқұрайдылық та саланың дамуын тежеп тұр. Біреулер бұған көп қаржы керек дейді. Ал шын мәнінде, қазақша сайттар жасау үшін көп қаржының қажеті жоқ. Тек қазақ тілінде үлкен портал жасау үшін, әрине, оған Үкімет тарапынан қолдау қажет. Өйткені Үкімет оның мазмұнын қадағалаудан бөлек, авторлық құқық сияқты талаптардың орындалуын қамтамасыз етуі тиіс.

…Сайттарды қарап, өзім үшін сараптама жүргізіп отырамын. Қазір қазақ сайттарының басым көпшілігі ақпараттық, яғни БАҚ өкілдері сайттары. Оның ішінде газет сайттары. Негізінен сайт «жақсы сайт» болуы үшін ол бірнеше талаптарға жауап беруі керек, яғни оның навигациясы түсінікті, оқырманмен тығыз байланыс орнатқан, мұрағаты толық, кодировкасы қазақ тілінде, газет туралы ақпарат, редакция құрамы, газет тарихы, байланыс, жазылу туралы ақпарат нақты берілген, RSS немесе электронды жазылу мүмкіндігі қаралған, ақпаратты басқалармен бөлісу мүмкіндіктері бар, сыртқы келбеті, түстері, шрифттері бірқалыпты болуы тиіс. Бұл талаптарға сай келмейтін газет сайттары ретінде  «Айқын» (www.aikyn.kz), «Түркістан» (www.turkystan.kz), «Жас қазақ» (jasqazaq.kz), «Қазақстан Заман» (www.kazakzaman.kz), «Орталық Қазақстан» (ortalyk-kaz.kz), «Ақмешіт ақшамы» (www.agmeshit.kz), «Жетісу» (zhetysu-smi.kz), «Оңтүстік Қазақстан» ( oks.kz), «Астана ақшамы» (astana-akshamy.kz) секілді сайттарды айтар едім. Бұл газеттердің деңгейі жоғары болғанымен, сайттары сол деңгейге ілесе алмай отыр, яғни интернетте де оқырман аудиториясы бар екені ескерілмей келеді…

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

 

 

***

Барша жұртпен байланыс

 

Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бүгінде заман ағымына сай күнделікті тіршілік құбылыстарының нақ ортасында жүреді, ең сенімді көздерден шынайы мәліметтерді алу құқығына ие, сонымен бірге оқырмандар мен тыңдармандарына хабарларды барынша жедел жеткізу мүмкіндігін игерді.

Сонымен, мереке қарсаңында біз өз әріптестерімізге «Сіз не тындырып жатырсыз?» деген сауал қойған едік.

 

Серік Әбдібек,  «Рика-ТВ» телекомпаниясының редакторы:

— Мен өзім қызмет атқаратын телеарнада «Ашық әңгіме» хабарын жүргіземін. Бұл — әр аптаның жұмасында белгілі бір уақытта беріледі. Онда тікелей телефон іске қосылады. Яғни жұртшылық біздің кейіпкерімізге көзбе-көз сауалын қойып, оған жауап ала алады.

Өткен аптада жүргізген хабарымызға Қазақ тағамтану академиясының президенті, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик Төрегелді Шарманов қатысты. Қазақта «Ауру — астан, дау — қарындастан» деген сөз бар.

Бір кездері Ақтөбе мемлекеттік медицина институтында ректор болып, содан министрлікке дейін көтерілген ғалым ата көпшілікке аурудың себебі неліктен ас болатынын тереңдеп түсіндіріп берді. Оның айтуынша, «өлім-жітімнің алпыс пайызының себебі дұрыс тамақтанбаудан».

Міне, осындай маңызды тақырыптарды іздеп тауып, көтеруді мен өзімнің журналистік парызым деп ұғынамын.

Қазір қазақ күресін кеңінен насихаттауды колға алып жүрмін. Өткенде жас талант, қапыда қаза тапқан жерлес палуан Ғалымжан Байниязовтың өмір жолын үлгі ететін мазмұндағы хабар дайындадым.

Алдағы уақытта «мал шаруашылығына бөлінген несие қайда, неге көздеген жеріне жетпей жатыр?» деген мәселені қозғамақпын. Бағдарламалық бақылауға аламын деген ойым бар.

Былтыр «Шабыт» халықаралық фестивалінде  журналистік жобам Марат Барманқұлов атындағы сыйлыққа лайық деп табылды.

 

Сәттіғұл Қаракеев, аудандық «Мәртөк тынысы» газетінің редакторы:

— Соңғы он жылдықтар көлеміне қарап тұрсаңыз, аудандық газеттердің қай-қайсысы да абдырап қалған сәттер аз болған жоқ. 2006 жылдың сәуір айында біздің газетіміз «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС құрамына енді. Осы кезден бастап газеттің мазмұны, көркемделуі жақсы жағына өзгерді. Сол жылдың қараша айынан мен редактор болып тағайындалдым.

Бас редактордың орынбасары Елена Ониськова, тілшілер Лаура Мырзағалиева, Қаныш Ысқақов, Аманат Қалпиев бәріміз тізе қосып еңбек ете бастадық. Былтыр өз-өзімізге келген соң жеке серіктестік құрып, дербес мекеме ретінде бөлек шықтық.

Қазір әр нөміріміз түрлі түсті болып шығады. Аудан әкімі Мәди Елеусізов газетімізге қолдау көрсетіп, жанашырлық танытып отырады. Соның нәтижесінде оқырманға сапалы басылым ұсынатын болдық. Әрине, газет мазмұнына қатысты көздеген ойларымыз, жақсарта түсуді қажет ететін мәселелер бар.

1935 жылдан бастау алған «Мәртөк тынысының» бұған дейінгі атаулары — «За большевистские колхозы», «Сталинская знамя», «Колхозная правда», «Ленинский путь», «Мартукские новости». Осындай талай жолдан өткен біздің басылым бүгінде Мәртөк өңірінің тынысын кең ауқымда танытып отыруды мақсат тұтады.

Біздің қазіргі ерекшелігіміз — аудандық газеттер арасынан бірінші болып жеке серіктестік құруымыз. Заман ағымы, уақыт талабы бізді осындай қадамға итермеледі.

 

 

***

Ербол Мұқашев, «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының редакторы, жүргізуші:

— Телеарнаның жұмысы өте қарбалас екенін оқырмандар жақсы біледі деп ойлаймын. Тележурналиске тән ең басты қасиет — жеделдік болса керек. Оның өзі журналистің тез ойланып, қисынды әрі мәнді сөйлеуін талап етеді. Ол үшін әрбір тележурналистің бойында жоғары деңгейде тілдік мәдениеттің болғаны абзал. Сондықтан да телеарна журналистері кіммен болсын дереу тіл табысып кететін өнерді игеріп, кез-келген тұлғаның көңілін баурап алатын ептілікті бойында жинақтауы қажет.

Телехабар  ұжымдық туындыдан пайда болады. Түсіру тобының әр мүшесі, әсересе, оператор журналиспен ұдайы тығыз байланыста болмаса, телехабардың мәні де жоғалады.

Бүгінгі күні «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының көрермендері күн сайын көбейіп келеді. Телеарна журналистері заманауи техникалармен жабдықталған құралдармен жұмыс жасайды.

 

***

Құрметті Мейірхан Ақдәулетұлы!

 

Сізді және Сіз басқарып отырған облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің ұжымын облыстық статистика департаменті ұжымы атынан кәсіби мерекелеріңіз — Баспасөз, телевизия және радио күнімен шын жүректен құттықтаймын.

Біздің мемлекетіміз тарихи өлшем бойынша әлі жас, ал Cіздер оның тәуелсіз және егеменді ел ретінде қалыптасуының куәгерісіздер.

Сіздер республикамыздың сан қырлы саласына және жаңа Қазақстанның көркеюі мен гүлденуіне орасан зор үлес қосып келесіздер.

Сіздердің шығармашылық еңбектеріңізді қазақстандықтар өмірінің, бүкіл еліміздің жылнамасы деп атауға әбден болады.

Сіздерге шығармашылық және жан дүние  бостандығын тілеймін, әрқашан оқиғаның   «қайнаған» ортасында бола беріңіздер.

Сіздердің отбасыларыңызға мол бақыт пен береке-бірлік тілеймін!

 

Игі тілекпен

облыстық статистика департаментінің бастығы  Ә.БОРАНБАЕВА.

 

 

***

Газетке жақын әкім

Қызмет столының оң қапталынан жаңадан келген газет-журналдар үзілмейтін, қолы қалт етіп босағанда елімізде, берісі өңірімізде болып жатқан жаңалықтарды жадына тоқып отыратын жаны сергек әкім Есімқан Есенбаевты баспасөз күні қарсаңында әңгімеге тартқанбыз.

Облысымыздағы астықты өңір, сонымен бірге мал шаруашылығы да біркелкі дамыған Әйтеке би ауданын ұзақ жылдар бойы басқарып келе жатқан білікті басшы өз ойларын жүйелеп ортаға салды.

 

— Есімқан Қалмағамбетұлы, билік пен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы байланыс тіні қай уақытта да ажыраған емес. Осы сәйкестікті сіз әкім ретінде қалай сезінесіз?

— Қазір жұртшылықтың ақпарат алу кеңістігі кеңейді, интернетті молынан пайдаланады. Солай бола тұрса да, өз басым газет-журналдардың қоғамдағы рөлін ерекше бағалаймын. Қалай болғанда да бұрынғы үйренген дағдымен қолыңа жаңа ғана баспаханадан шыққан газетті алып, оның әр бетінен өзің іздеген, өзіңе қажетті сан алуан қажетті мәлімет-деректерді, жаңалықтарды тауып оқығаныңа ештеңе жетпейді.

Газет, мысалы, мен үшін күнделікті жұмысымның қажетті бір буыны секілді. Аудандық «Жаңалық жаршысынан» бастап республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне дейін бізге қаншама рухани байлық әкелетінін сезіну үшін шын мәніндегі оқырман бола білу керек.

Ал облыстық «Ақтөбе» газеті нақ бүгінгі күні жұртшылыққа жан-жақты ақпарат беретін, өзіміз тіршілік кешіп жатқан өңірдің айқын шежіресін, күнделікті тыныс-тіршілігін көпшілікке шынайы жеткізіп келе жатқан бірден-бір басылым екенін мен күмәнсіз айта аламын. Бұл үшін шығармашылық ұжымға алғыс айтқанның артықтығы жоқ.

— Сіз осы аудандағы басшылардың бірі болып тұрған кезде, яғни осыдан жиырма жылдай уақыт бұрын аудандық газет қазақ тілінде алғаш рет шыға бастады. Бүгінде «Жаңалық жаршысы» қадамын нық басты, үш мыңға жуық таралымы бар. Аудандық газетке сіздің көзқарасыңыз қандай?

— Аудандық газет — ел өмірінің айнасы. Оны оқырмандар қай кезде де асыға күтеді. Біз мүмкіндігіміз келгенше жергілікті журналистерді қолдап отырамыз. Өз басым аудан өңірінде болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтардың басы-қасында ең алдымен сол  қалам  иелерінің болуына назар аударып отырамын.

Қазір біздің аудандық газеттің материалдық-техникалық қамтылуы жаман емес: өз көлігі бар, компьютермен, басқа да қажетті құралдармен қамтамасыз етілген. Мұнда тәжірибелі журналистер тобы қызмет етеді.

«Жаңалық жаршысы» бір кездерде тың игеру тұсындағы саясатпен орыс тілді болып кеткен өңірді қазақ тіліне қарай бұруда көптеген қызметтер атқарды. Бүгінде мұнда жақсы үрдістер қалыптасты, газет пен оқырмандар байланысы жылдан-жылға нығайып келеді.

— Қазіргі уақытта сіздің ауданда «Ана тілі» газетін көптеп жаздырып алатынын жақсы білеміз. Және бұған сіздің ықпалыңыз бар екенін де көпшілік сүйіспеншілікпен айтады…

— Жалпы алғанда, «Ана тілі» ғана емес, басқа да ұлттық басылымдардың халық арасында көптеп таралуын қалаймын. Мәселен, біздің буын сауатымызды ашқаннан-ақ қолына газет-журнал ұстап өсті. Содан кемдік көрген жоқ. Өз басым болашағы бар, өсіп келе жатқан әрбір жастың баспасөзбен байланысы болғанын дұрыс көремін.

Сөз реті келіп тұрғанда, облыстағы күллі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтағым келеді. Қаламдарыңыз қай кезде де халық үшін қызмет ете берсін!

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*