Басты бет » Басты жаңалықтар » Зауыттың салты

Зауыттың салты

Ақтөбе қаласындағы «Ферро» стадионында жұмысшы жастар арасында Президенттік тест тапсырудан спорттық шаралар өтті.
Шараны ұйымдастырудағы мақсат — халықтың салауатты өмір салтын қалыптастыру әрі бұқаралық дене шынықтыру мен спортты дамыту.
«Нұр Отан» ХДП Ақтөбе қалалық филиалының ұйымдастыруымен өткен шараға қаладағы «Ақтөбе ферроқорытпа зауыты», «Ақтөбе халықаралық әуежайы», «Трансэнерго», «Қазақстан теміржолы» акционерлік қоғамы мен «Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің бастауыш партия ұйымдарынан құралған 5 топ, яғни барлығы сексеннен астам жұмысшы жастар қатысты. Президенттік тест тапсырудың негізгі бағдарламасы бойынша шараға қатысушылар 2400 метрге жүгіруден, бір орында ұзындыққа секіру секілді спорттың өзге де түрлерінен күш сынасты.
Жарыс қорытындысы бойынша әйелдер арасында «Ақтөбе ферроқорытпа зауыты» акционерлік қоғамының өкілдері жоғары нәтижеге жетті. Атап айтар болсақ, осы мекеменің жұмысшылары Н.Андрианова бірінші орынды иеленсе, С.Черняк екінші орынға, ал Е.Мостовая жүлделі үшінші орынға қол жеткізді. Ерлер арасындағы ойында «Ақтөбе ферроқорытпа зауыты» АҚ-ның жұмысшылары А.Воитишин мен С.Нафиков ерекше көзге түсті. Бұл орайда «Трансэнерго» мекемесінің жұмысшысы К.Әбдіғалидың да өнеріне көпшілік риза болды. Командалық есеп бойынша «Ақтөбе ферроқорытпа зауыты» АҚ-ның жұмысшылары бірінші орынға шықса, «Трансэнерго» мекемесі екінші орын алды, жүлделі үшінші орын  «Қазақстан теміржолы» акционерлік қоғамына бұйырды.
Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*