Басты бет » Тарих » Қармыс батыр

Қармыс батыр


Мамандығы тарихшы болмағанымен, Сансызбай Ғабдолұлының бұл мақаласы қазақтың ру шежіресін таратып, ақиқатқа жету жолында біраздан ізденіс үстінде жүргенін аңғартады. Ол кейбіреулердей біздегі Естек  руын қазақтан бөліп қарамай, оның арғы түбін байырғы Қаракесек руынан таратады. Оның бұл жазбаларының құндылығы да осында.

Әйтпесе біртұтас қазақтың руларын өз бетінше бұрмалап, теріс түсіндіруге тырысушылардың да кездесіп қалатыны жасырын емес. Олар қайсыбір руларды қазаққа қоспайтын негізсіз пікірлер айтады. Тіпті, осыны ақиқатқа жорып, өздерін басқа ұлттың өкілі санайтындар да арамыздан табылып қалады. Мына мақала сондайларға сабақ болса, ой салса деп ойлаймыз.

«Ақтабан шұбырынды» деп аталатын зар заман жылдарынан, яғни 1726 жылдың аяғында үш жүздің қазағы естерін жиып, бастары қосылып, қалмаққа қарсы күреске шығып, тойтарыс бере бастайды. Үш жүздің әскерін Кіші жүздің ханы Әбілқайыр басқарады.

1730 жылдардың басында Ұлы жүздің ханы Болат қайтыс болғаннан кейін орнына Әбілмәмбет сайланады. Хандықтан дәмесі бар Кіші жүз бен Орта жүздің хандары Әбілқайыр мен Сәмеке бұл шешімге риза болмай, қазақтардың басы қосылмай, тағы да ыдырай түседі. Әбілқайыр өз әскерімен Батысқа кетіп, орыстың қол астына кіреді. Орта жүздің бір бөлігі Ұлытауға шегінеді. Ұлы жүз Ташкентке дейін шегініп келіп, қалмақтарға бодандыққа түседі. Орта жүздің ханы Сәмеке бастаған он мың үй башқұрттарға кетеді. Ішінде Балта бастаған Қаракесектер бар. Олар башқұрттардың Қарасақал бастаған Ресейге қарсы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысады. Бұл бас көтеру күшпен басылғаннан кейін, Балта 1760 жылдардың аяғында Кіші жүзге, қазіргі Ақтөбе өңіріне келіп, Әжібай биден жер сұрайды. Әжібай би жер сұрағандарға намысына тиетін шарт қояды: «Егер менің бәйбішемнің етегінің астынан үш рет өтсеңдер, балам есебіне санап, жер беремін», – депті. Ол шартты орыстың Степан деген қашқыны мен жалғыз жүрген Найманның бір жігіті орындайды. Степанға «Сейіт» деген ат қойып, Әжібайдың бір қызын береді. «Сейіт» деген ру атандырып, өз алдына енші беріп, бөліп шығарады. Сейіт руы қазіргі Ақтөбе облысының Ойыл ауданында тұрады. Олар аққұба, сары шашты, көк көзді болып келеді. Өздерін қалжыңға айналдырғанда: «Серёжадан тараған ұрпақтармыз», – деп айтады.

Найман жігітінің руы Берішке кіреді. Кіші жүзде оларды «Әжібайдың киімді балалары» деп атайды.

Біздің аталарымыз: «Адам баласы бұл өмірде анадан бір-ақ рет туады», – деп бұл шартты орындамайды. Аталарымыз 1771 жылға дейін Әжібай би мен Арал батырдың қонағы ретінде бірге көшіп-қонып, рұқсат берген жеріне малын жайып, еркін жүреді.

1771 жыл қазақ тарихында өте маңызды кезең болғанымен, дұрыс зерттеліп, тарихи тұлғаларға өз бағасы берілмеген, бұлыңғыр заман есебінде қалып қойды.

Сол заманның куәгері болған Ресей тарихшылары Н.Рычковтың «Күнделік», Иакинфтің «Жоңғар елі», өз заманымыздың тарихшылары С.Асфендияровтың «Қазақстан тарихының материалдары мен фактілері», М.Тынышбаевтың «Қазақ халқының тарихы» деген еңбектерінен және т.б. тарихшылар мен ғалымдардың зерттеулерінен біраз деректер табуға болды. Ал қазіргі Ресей тарихшысы В.Колесниктің «Соңғы ұлы көш» деген кітабында XVII-XVIII ғасырлардағы қалмақтар мен қазақтардың шайқасы, қалмақтарды қазақ даласынан тазарту оқиғалары кеңінен баяндалады. Сол деректер бойынша 1771 жылғы қаңтардың бесі күні Үбәши хан бастаған, шамамен бір миллионға жақын  қалмақ 360 мың мініс көлікпен орыс патшасының рұқсатынсыз Еділ өзенінің Батыс жағалауынан Жоңғарияға қарай қашады. Ембінің тұсына келгенде көштің ені 11-16 шақырым, ұзындығы да сол шама болса керек.

Жолшыбай орыстардың 1000-ға жуық адамын өлтіреді. Қаңтардың 24-і күні ІІ Екатеринаның қатысуымен өткен Мемлекеттік кеңесте қалмақтарды қуып, кейін қайтаруға шешім қабылданып, Царицын, Астрахань, Орынбор және Сібірдің бекініс қалаларына үкім жіберіледі. Қаңтардың 27-і күні Орынбор генерал-губернаторы Кіші жүздің ханы Нұралыға: «Қалмақтарға қарсы шығыңдар», – деп хат жолдайды. Қалмақтар ақпанның 18-інен наурыздың 15-іне дейін Ембінің бойында қардың еруін күтіп, демалады. Себебі олардың артынан қуғынға шыққан орыс әскерлері ауа райы бұзылып, боран болып, аяз түскеннен кейін біраз уақыт қуғынды жалғастыра алмай қалады. Қазақтар мен қалмақтардың алғашқы қақтығыстары наурыздың 15-23-і арасында өтеді.

Осы жерде айта кететін аталарымыздан қалған тарихи оқиға бар. Нұралы  ханның Әжібай би мен Арал батыр бастаған әскерінің бір бөлімі қалмақ көшімен қазіргі Алтықарасу мен Шұбарқұдықтың ортасында кездеседі. Ежелгі дала дәстүрі бойынша қалмақтар үстіне ақ сауыт киген батырын шығарып, қазақтарды жекпе-жекке шақырады (қазір ол жер Келбатыр деп аталады). Сол күні қарсы жақтан батыр табылмайды, ұрыс салатын аламан соғыс ашылмайды. Қалмақ көші жүріп отырып, қазіргі Шұбарқұдық стансасының тұсындағы Кенжалы өзенінің жағасына түнейді. Таң ата қалмақтар тағы да өз батырын жекпе-жекке шығарады. Бұл жолы да қазақтан батыр табылмайды, аламан соғыс ашылмайды. Қалмақ көші жүріп отырып, Ақтөбе облысының қазіргі Қалмаққырған деген жерінің маңына келіп түнейді.

Таң ата қалмақтар үшінші рет өз батырын жекпе-жекке шығарады. Ұят болғанда бұл жолы да қазақтан батыр шықпайды. Осы жерде Әжібай елінде қонақтап жатқан Балта атамыз басқарған бір топ әскер болады. Сол топтың бес ақсақалы ақылдасады: «Ер кезегі үшке дейін. Егер бұл жолы ешкім шықпаса, Әжібай жеңілгенін мойындап, қалмақтарды өткізіп жіберуі керек», – дейді. Енді бір топ: «Қайта шапқан жау жаман». Соққы көрмеген қалмақ басынып кетер, елдің берекетін алар», – деген уәж айтып, бір пікірге келеді. Тағы да ақылдаса келе, қонақтап жатқан Балта батырдың үшінші баласы Қармыс батырды жекпе-жекке шығаруға шешім  қабылдайды. Бірақ рұқсатсыз басқа елдің жауын жаулап, жыртысын жыртуға болмайды. Қармыс Әжібайдың рұқсатын, Арал батырдың батасын алады.  Арал батыр өзінің қара сауытын шешіп, Қармысқа береді. Жекпе-жекте Қармыс қалмақтың батырын өлтіреді. Үш күн бойы бір-біріне тиісе алмай келген екі жақ аламан соғысқа кірісіп кетеді. Бірі қашып, бірі қуып, күн бата қазіргі Қандыағаш стансасының тұсына келіп,  екі жақ та демалады. Жау қашқасын қазақтың бәрі көңілді, бәрі батыр болып, гу-гу әңгімеге кіріседі. Сонда Әжібай би: «Қашқан жауға қатын да батыр. Егер өлмесе, Қармыс батырды табыңдар», – дейді. Іздесе, бес үй қос құрып, тамағын ішіп, демалып отыр екен. Қармыс батырды үлкендермен табақтас болуға шақырады. Арал батыр ас желініп бола бере «осыным жөн-ау» деген кісілерге ірі қара мен марқаның еті қосылып асылған астың сүбелі жерлерінен «ет асата» бастайды. Кезек Қармысқа келгенде, оны сынау үшін алақан толы үйілген майлы еттің арасына марқаның омыртқасын қосып жібереді. Батыр ұсынған бір алақан етті аузына толтырып алған Қармыс жұтайын десе, омыртқаның қанаттары кептеліп, жібермейді. Аузынан алып тастайын десе, үлкеннің қолынан асаған етті аяқ асты етуге болмайды, сүйекке таңба.

Сонда ол ызаланып, қатты тістенген кезде, омыртқаны опырып, қанаттарын ұшырып жібереді. «Енді қайтер екен» деп елдің бәрі аузына қарап отырғанда, намыстан өрттей қызарған ол кірпігін де қақпастан етті екі шайнайды да жұта салып, алдындағы қымызды төбеге бір-ақ төңкереді.

Ас желініп, бата жасалғаннан кейін Қармыстың батырлығы мен ұстамдылығын және олардың бұрыннан жер сұрап жүргенін ескеріп, Әжібай би: «Бүгіннен бастап сіздер «Бес Естек руы» (Аққоян, Түрікпен, Балтас, Жаман және Сары аталары кіреді) деп аталасыздар. Қалаған жерден жайылым алыңыздар», – деген шешім айтады. Бұл көреген бидің Қармыс батырға деген ризашылығының белгісі және алдағы үлкен шайқастарда оның жеңіске жету жолындағы артқан міндеті еді.

Аққоян мен Түрікпен қазіргі Ақтөбе мен Орскінің ортасындағы Қосестек деген жерге, Балтас, Жаман және Сары рулары Ақтөбе және Атырау облыстарының шекарасына жақын, Ойыл өзенін ендеп алып жатқан, жайылымы шүйгін Төсағаш деген жерге қоныстанады. Ол жерлерге ешбір рудың дауы жоқ болатын. Өйткені күйек алатын, құлындарды желіден босататын, мал қырдан құлайтын кездегі Нұралы ханның шүйгінді жайлауларының бірі еді.

Қосестекте естектер 1956 жылға дейін тұрды. Тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны басталып, өріс тарылған кезде, бұрынғы тіршіліктің берекеті қаша бастайды. Оның үстіне, нәсілі, тілі, діні бөлек неше түрлі ұлттар қоныс теуіп, жер жыртқан қаптаған  техника мазаны алған соң, мұндай тіршілікке қарсылық білдіріп, естектердің көбісі көшіп кетеді. Қалғандары өздерінің кім екенін білмейді де. Өсе келе Төсағаштағы естектер жерге сыймайды. Бертін келе Жақыптың балалары патша үкіметінен қазіргі Ақшатау, Талтоғай өңіріндегі Ойыл өзенінің жайылымдарын сатып алады. Жүсіптің балалары Төсағашта қалады.

Сол астың үстінде Арал батыр қара сауытын Қармысқа қалдырады. Және ежелгі дәстүр бойынша оған жеңілген қалмақ батырының ақ сауытын береді. Қандыағаштың түбінде көп қалмақ тұтқынға алынады. Солардың ішінде жеңілген қалмақ батырының кейуана шешесі бар екен. Жалғыз  баласынан айрылған кейуана қу бас болып, зарлап қала береді.

Қармыс батыр Әжібай биге: «Екі елдің екі батыры елдің намысы үшін басымызды өлімге байлап, жекпе-жекке шықтық. Құдай қолдап, мен жеңдім. Мынау зарлап қалған кемпірдің еш жазығы жоқ. Баласы өлгеннен кейін бағатын адамы да жоқ. Оны маған беріңдер, өле-өлгенше анам есебінде сыйлап, бағып-қағайын», – деп кемпірді өзінің қарауына сұрап алады. Сонда қалмақ кемпір Қармыс батырды екі ауыз сөзбен қатты қарғап, теріс батасын береді. Соның бірі: «Тұқымыңда еркек кіндік болмасын!» – дейді. Қармыста еркек кіндікті бала болмайды. Екіншісі: «Әулетіңнің жұртқа жасаған жақсылықтары өздерін шаян болып шақсын!» – деп қолын көкке көтеріп, бетін шеңгелдеп, естіген адамның төбе құйқасын шымырлатып, өңменінен өтетін ғана емес, бүкіл ұрпағына тарайтын қарғыс айтады. Осы қарғыс қазір бүкіл Балтаның балаларының мойнында. Адамға жасаған жақсылықтарымыз көбіне өзімізге зиян болып тиіп, түрлі жолдармен айналып соғып жатады. Жас күнімде сондай жағдайға кезігіп ашулансам, әжем:

– Балам, сен, адамның ақ-қарасын айыратын Құдай емессің, «қарымын қайтарамын» деп ойлама. Сендер жақсылық жасауға ғана жаралған тұқымсыңдар, маңдайға жазылған сол  жақсылықтарыңды жасай беріңдер. Басқаның біліп тұрып істеген жамандығынан, зорлығынан аталарыңның аруағы қорғайды, одан құтылған адам жоқ. Ал өздерің ешкімнің ала жібін аттамаңдар, аталарыңның аруағы алысқа жібермейді», – деп айтып отыратын. Осы айтылғандардың шындығына, әсіресе, ар мен ұят азайған, дүниеқоңыздық пен мансапқорлық белең алған қазіргі заманда талай рет көзім жетті.

Әкем Ғабдол өлерінен сәл бұрын, 3-4 жыл мазасызданып бірдеңе іздеп жүргенін сездім де, себебін сұрадым. Ол маған: «Қалмақтарда «қанды кек» деген дәстүр бар. Руымыздың шежіресін ашық айтпай жүргеніміздің себебі содан. Қалмақ кемпірі Қармыс батыр бабаларыңның ізін бағып, бір күні жайлауда ұйықтап  жатқан жеріне аңдып келіп, көптен дайындап жүрген өткір кездікпен қарнын жарып салады. Ішек-қарны ақтарылған Қармыс бабаларың ішін арқанмен таңып, өзі де сүйретіліп, кемпірді де сүйрелеп елге әкеледі. «Бұған өле-өлгенше тиіспеңдер, өз ажалынан өлсін», – деп кемпірді аманаттап тапсырып, өзі жан тәсілім етеді.

Қармыста ер бала болмаған соң, оның екі сауыты, өгіздің жон арқасынан жасалған жалпақ қайыс белбеуі және өрімдеп жасалған, ұзындығы есік пен төрдей болатын қайыс арқаны Жақып балаларына мұраға беріледі. 1930 жылы айтылған осы тарихи құнды дүниелер әкем Қуат қажының қолында болатын. Репрессия басталып, қуғын-сүргін басталған кезде «балаларыма зияны тимесін» деп, өзінің шиті мылтығы мен күнделік-жазбасын аталған жәдігерлермен бірге құрым киізге орап көміп тастайды. Атаң Қуат қажы өте сауатты адам болатын. «Айқап» газетін жаздырып алып оқитын. Елге өмірдегі болып жатқан жаңалықтарды айтып отыратын. Көрген-білгендерін ойға түйіп, «Күнделік» жазған. Жазған күнделіктерінде Меккеге екі жыл жаяу жүріп барғанда жолда көргендері, революция кезіндегі болып жатқан өзгерістерге білдірген өз көзқарасы мен ойлары бар еді. Соларды іздеймін», – деді әкем.

– Кеңес үкіметі ата мұраларын іздеуге мүмкіндік бермесе, бізге жай-жапсарын айтып қоймайсыз ба? – дедім де, бала кезімде әжем қара сауыттың жеңімен қазан қыратынын, ал шиті мылтықты ұрадан балалармен ойнап жүргенімізде шіріп жатқан жерінен тапқанымызды айттым. «Ендігі жерде атадан қалған мұраларды ғылыми тұрғыда іздеп-зерттейін, атамның қыстауын, күзгі, көктемгі, жазғы жайлауларын көрсет», – дедім. Әрине, әкем менің бұл ниетімді жөн көрді, бірақ тағдыр таршылық көрсетіп, көп ұзамай о дүниелік болды.

Әкемнің өмірден озғанына біраз уақыт болса да, әкеммен арадағы болған әңгіме маған маза бермеді. Мен оны әке аманатындай көремін.

Әкемнен қалған деректерді, оның өсиетін орындау борышым деп есептеп, зерттеп, толықтырып,  ұрпақтарға  мұра есебінде қалдыруға  кірістім. Азғантай  жылдың ішінде біраз іс бітірдім. Жазушы Серік Жақыппен бірге Орта жүз, Кіші жүздегі Балтаның  шежіресін зерттеп,  «Атамұра» атты кітап шығардық. Ол екеуміз бірігіп  ЮНЕСКО-ға  дейін хат  жазып, деректер жинап, Түркістандағы Кожахмет Яссауидің қорымына жерленген атамыз Балтаның басын көтердік. Қожа Ахмет  Яссауи кесенесінде жерленген қазақ халқының ел  билеген хандары, билері мен батырлары, игі жақсылары деген ескерткіш-тақтада  Дәу баласы Балта тізімде тұр.

Ойылдық жазушы Табыл Құлияс және Қапыш Шотаевпен бірігіп, алашордалық ақын Рахметжан Шотаевтың еңбегін зерттеп, «Өмір, өмір, өмір-ай» жинағын шығардық. Және жоғарыда айтылған еңбектерді Алматыдағы ұлттық және Астанадағы «Отырар» кітапханаларының қорына өз қолымнан тапсырдым. Ойылдық журналист Сырым Бақтыгереевке «Менің Отаным – Қазақстан» сериясынан екінші болып шыққан «Ойыл» кітабын шығаруға  қолымнан келген бар көмегімді бердім.

Қазір уақытта уфалық  тарихшыларымен,  журналистерімен байланысып жүрмін. 1736-1740 жылдары Башқұртстанның Қарасақал бастаған ұлт азаттық көтерілісінің қол басшыларының бірі  болған  Балта атамыздың  өмірін зерттеуге кірістім. Бүгінде Башқұртстанда оның атымен бір аудан аталған – «Балташинский». Балтаның төрт баласы – Қарамырза, Қарамерген, Тәңірберді, Тағыберділердің ізі Ресейде жатыр.

Атақты орыстың тарихшысы Николай Михайлович Карамзин 1766 жылы Орынбор губерниясының Михайловка селосында туғанын және оны орыстар «крещенный башкир» дегенін ескере отырып, оның тарихын зерттеуге кірістім.

Сансызбай ҚУАТОВ.

5 пікір

  1. Хурматле Сансызбай агай! Ассаламагалайкум!
    Пишет Ваш давний знакомый Нияз Алсынбаев из Башкортостана. Прочитал вашу статью. Очень интересно, большой рахмет за информацию. Ваше шежире мне прислал по инету Ваш сын Нурлан, спасибо и ему! Если помните, я начал писать ист-прикл. повесть ,,Сказание о Естек-батыре,, Я ее почти заканчивал, но к сожалению,сын нечаянно удалил. Придется возобновлять…Насчет Балташинского района в БР. Называется Балтачевский район, Балтас районы по-башкирски.Возможно, так назвали в честь легендарного Балта-батыра. Все это предстоит изучать.И еще Карамзин не был крещенным башкортом. Башкир не смогли крестить. возможно это татарин, как и небезызвестный Тевкелев, шпион и дипломат Анны Ивановны,уговоривший Абулхаира принять Росс. подданство.Среди татарских братьев много крещенных, их называют крященлар. Орыстар ошибаются,.Но не в этом дело, главное, вы не забываете о своем славном предке и его великих делах. Мы башкиры благодарны ему тоже.За его борьбу за свободу нашего народа.
    Желаю Вам и вашим родным здоровья, счастья , мира и благополучия! С уважением Нияз.

  2. Нурбек Балта батыр,Иткара

    Cансызбай ага ассалаумликум ! Менде Балта батырдын Урпагымын бiз Иткара батырдан тараймыз, Караганды обылысы, Шет ауданы, Моыйнты станциясы. Хабарласып турайык.

  3. Хажмуратов Галымжан

    Ассалау магалейкум. Ага биз оралдык естек термиз жетинши атам Ешмай дегеннен тарагамбыз. Диндар Адам болган дейди. Кобирек тарихымызды билгим келеди сол туралы маглуматтар болса хабар алысып туралык.

  4. Ермерей Канаткалиев

    Атырау обылсы Курмангазы ауданы Макаш ауылында Кетелер бар.келип бираз сойлесип кетсениз.87753800180.

  5. Кармыс батыр біздің ауылда жерленген, БҚО Сырым ауданы, Коныр ауылында, Өлеңті өзенінің сағасында, сол жыраны Кармыс деп атап кетті

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*