Басты бет » Денсаулық » ВАКЦИНА АЛСАҢЫЗ, АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛАСЫЗ…

ВАКЦИНА АЛСАҢЫЗ, АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛАСЫЗ…

Кеше иммундау аптасы басталды

Еуропа елдерінің арасында өтетін «Иммунизация апталығына» Қазақстан үшінші жыл қатысып отыр. Сәуірдің 20-26 аралығында өтетін акция биыл «2010 жылға арналған қызылша мен қызанақты эллиминациялау Ұлттық бағдарламасын іске асыру» атты ұранмен өтеді.

Иммунизация апталығының мақсаты – иммунизацияның қажеттілігі және алдын ала вакцинация көмегімен инфекциядан сақтану құқығы мәселесі бойынша тұрғындарды ақпараттандыру.

Өткен аптада облыстық әкімдікте осы мақсатта баспасөз мәслихаты өтті.

Мұнда облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Жәнібек Нармұхамедов:

Елімізде иммунизация мәселесі – денсаулық сақтау саласындағы өзекті бағдарламалардың бірі. Тұрғындарды вакцинациялау арқасында вакцинамен басқарылатын жұқпалы аурулар деңгейінің едәуір азаюына қол жеткіздік. Қазақстанда вакцинация тегін жүргізіледі. Қазақстан вакцинаны шетелден – Франция, Бельгия, Үндістан, Ресейден әкеледі. Тұрғындар арасында егілуден тыс қалатындар да кездеседі. Әсіресе, оралмандар мен саяжайларда тұратындар ақпараттан тыс қалса, кейде дін жолын ұстанғандар да егілуден бас тартып жатады. Вакцинадан бас тартар алдында әрбір адам өзін ауырмаудан сақтау үшін және өзгелерге ауруды жұқтырмау үшін қоғам алдында да жауапты екенін ұмытпауы қажет. Иммундау аптасы да осы үшін. Қазіргі таңда иммунизацияның баламасы жоқ, – деді.

Ал облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бөлім бастығы Клара Омарова: «Былтыр қызамықпен (краснуха) бір науқас тіркелді. Вакцинацияның арқасында 1999 жылмен салыстырғанда қызылша (корь) мен  қызамық көрсеткіші 5 есе төмендеді. Халықты ақпараттандыру мақсатында биыл 5 мың данадай кітапша-қағаздар таратылды», – деді.

Облыстың бас педиатры Аманжол Тұяқбаев көктемнің иммунитет төмендейтін кез екенін, оның ішінде, балалардың ауруға бейім келетінін айтты.

Мәселен, жаңа туған бала бірнеше айдан соң еңбектейді, әр нәрсені ұстайды. Аурудың алдын алу үшін ата-аналар ҚР ұлттық егу күнтізбесін басты назарда ұстауы қажет», – деді облыстың бас педиатры.

ҚР ҰЛТТЫҚ ЕГУ КҮНТІЗБЕСІ

Инфекциялық ауруларға қарсы вакцинация төмендегідей жүргізіледі:

Нәрестенің 1-4 күні туберкулез (БЦЖ) бен «В» вирусты гепатитіне (ВГВ) қарсы;

Екі айлықта «В» вирусты гепатитіне (ВГВ), полиомиелит (ОПВ), көкжөтел, дифтерия, сіреспе (АКДС), гемофильді инфекцияға (Hib) қарсы;

Үш айлығында полиомиелит (ОПВ), көкжөтел, дифтерия, сіреспе (АКДС), гемофильді инфекцияға (Hib) қарсы;

Төрт айлығында «В» вирусты гепатитіне (ВГВ), полиомиелит (ОПВ), көкжөтел, дифтерия, сіреспе (АКДС), гемофильді инфекцияға (Hib) қарсы;

12-15 ай толғанда полиомиелит (ОПВ) пен қызылша, қызамық, паротитке (ККП) қарсы;

18 ай толғанда сіреспе (АКДС) мен гемофильді инфекцияға (Hib) қарсы;

6 жас (1-сыныпқа барарда) туберкулез (БЦЖ) бен дифтерия, сіреспе (АДС), қызылша, қызамық, паротитке (ККП) қарсы;

12 жаста дифтерияға қарсы (АД-М);

15 жаста қызамыққа (К) қарсы;

16 жасқа толғанда дифтерия мен сіреспеге (АДС-М) қарсы егілуі тиіс. Одан соң әрбір он жыл сайын дифтерия мен сіреспеге (АДС-М) қарсы егіліп отыруы қажет.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*