Басты бет » Жаңалықтар » «Ердің сойы — Исатай»

«Ердің сойы — Исатай»

Кездесу

Қазақ халқының азаттығы мен тәуелсіздігі жолында 300-ге жуық қозғалыстар мен көтерілістер болса, соның ішінде Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының қарулы жасақ құрып, отаршылдыққа қарсы бас көтеруі — ел жадында сақталып, тарихта ұмытылмайтын оқиға болып қалды. Көтерілістің соңғы шайқасы Ақтөбе жерінде өтіп,  күш тең емес ұрыста батырдың мерт болғаны белгілі. Шайқас орны қазіргі Қобда ауданы, Исатай ауылдық округі, Жарысай елді мекеніне жақын, Ақтөбе-Орал тас жолы бойына таяу жерде,  Шейітсай немесе Қырғынсай деп аталады. Үлкен аумақты алып жатқан бұл қорымда қанды қырғын құрбандары жатыр. Көтерілістің көсемі Исатай мен оның 16 жастағы ұлы Оспанның асыл сүйегі де осы жерге жерленген. Бұл дерек өткен ғасырдың екінші жартысында ғана белгілі болған. Сол кезден бастап, жергілікті билік  қолдан келгенінше бұл жерге белгі қойып, батырдың есімін ұлықтауға бағытталған шаралар алғанын да көпшілік қауым білуге тиіс.

Өткен аптада облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткен Исатай Тайманұлының туғанына 220 жылдығына арналған «Ердің сойы — Исатай!» атты тарихи-танымдық кездесуде осы оқиғалар еске алынды. Батырды қазіргі кезеңге сай ұлықтау, лайықты құрмет көрсету әңгіме болды. Еліміздің тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ұйымдастырылған бұл кездесуді музейдің ғылыми қызметкері Рысты Досова жүргізді. Тарих ғылымдарының кандидаты Беркін Құрманбеков жиналғандарға көтерлістің шығу себептерін, еліміздің тәуелсіздік алуына байланысты бұрынғы айтылып жүрген бірсыпыра жайларға көзқарастың өзгергенін де айтып берді. Бірақ бұдан көтерілісте қол бастаған Исатайдың бәсі түспесе керек. Бұл оқиға біздің халқымыздың тарихының бір есте қаларлық тұсы болып, мәңгі ұмытылмайды.

Кешегі кеңестік қатал заманның өзінде батырдың соңғы демі өшкен жерде, «Қиыл» кеңшарының орталығында Исатай Таймановқа ескерткіш көтеріліп, жерленген қорымға белгі қойылды. Ас берілді. Алайда мұның бәрі сол кеңестік заманның талабына сай өткен еді. Мәселен, ескерткіш, белгі қойылған орындар кеңестік жауынгерлік қызыл жұлдыздар бейнеленген шойын қоршаулармен қоршалған еді. Осы шаралардың өзінің кезінде қандай қиындықтармен жүзеге асырылғаны жөнінде сол уақыттарда аталған кеңшардың директоры болған Халиулла Сағындықов, бұрынғы Исатай ауданының бірінші хатшылары Мақсот Балғынов, Ерсайын Әжібаев әңгімелеп берді.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры, ақын Амантай Өтегенов, белгілі айтыскер ақын Нұрлыбек Қалауов өз пікірлерін білдірді.

Өткен жылы құрылған «Исатай» қорының директоры Еркін Құрманбеков батырдың басын қазіргі талапқа сай қарайту, лайықты кесене орнату шараларының қолға алынып жатқанын хабарлады. Ескерткіштің үлгілері көрсетілді. Осы қорды құруға бірден-бір мұрындық болған атыраулық азамат Ізғали Ғұмаров осындай шараларды таяу уақыттың ішінде тек Ақтөбе емес, Қазақстанның басқа да батыс облыстарында өткізу қажеттігін айтты.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*