Басты бет » Басты жаңалықтар » Денедегі оқ — соғыстың ескерткіші

Денедегі оқ — соғыстың ескерткіші

Біз аталарымыздың ерлік істері рухында өскен ұрпақпыз. Кішкентайымыздан әкелеріміз оларды бізге үлгі етті. Ал бүгінгі күні соғыстың сұмдығын біз жас болсақ та жақсы білетін сияқтымыз.

Менің атам Сейітқали Қожабеков те қан майданның нақ ортасында болған адам. Ол 1943 жылдың қаңтарында әскер қатарына алынып, 1945 жылға дейін қолынан қаруын тастамаған. Соғыста екі рет жараланады. Бірнеше жауынгерлік медальдары бар. Жеңісті Берлин қаласында қарсы алған.

Былай қарағанда қысқаша мәліметтер осылай дейді.

Ал биылғы Жеңіс мерекесі қарсаңында мен атам туралы деректерді жинақтай бастадым. Менің таң қалғаным — ол денесіндегі оғымен өмірден озыпты.

Соғыста жазған күнделігін таяуда қайтадан қарап шықтым. Кейбір жазулары көмескіленіп, қағаз беттері сарғайған, өшірілген, көзге көрінбейтін жерлері де баршылық. Егер анықтап, зер сала қарасаңыз оның елді сағынған уақытта шығарған өлеңдерін оқып, соғыс кезіндегі жағдайларды біраз зерделеуге болады.

Атам соғыстан кейін ұзақ уақыт бойы Ырғыз ауданында мектептерде мұғалім болды, өзі ісіне қатаң қарайды екен. Алдынан өткендер ол туралы «бес деген бағаны тым сирек қоятын еді» дейді.

Мамандығы биолог  еді, сондықтан ба, үнемі осы салада ізденіп жүреді екен. Ол тапсырған сирек аңдардың сүйегі қазіргі уақытта облыстық мұражайда сақтаулы.

Әжем Бәтен екеуі жеті бала өсірді. Немересінің біреуі Манарбек жоғары білім алып, қазіргі уақытта Семей өңірінде азаматтық борышын өтеп жүр.

Атам өмірінің соңғы күніне дейін ұстаз болыпты. Оны сол үшін де мен мақтан тұтамын.

Гүлдана ҚОЖАБЕКОВА,

студент

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*