Басты бет » Басты жаңалықтар » Ідіріс батырдың ізі

Ідіріс батырдың ізі

Ідіріс Үргенішбаев 1942 жылдың басында Шалқар ауданындағы Талдықұм мектебінде мұғалім болып жүрген жерінен  әскер қатарына алынып, арнайы дайындықтан өткен соң майданға жіберіледі. Оның ерлік жолдары туралы бұл күндері біз ресми деректерден, газет қиындыларынан білеміз.

1943 жылдың 10 шілдесінде Курск доғасындағы шайқастың қызған шағында жау жағы 260-шы биіктікті жанталаса қорғауға көшеді. Біздің бір рота әскер шабуылға шыққанымен, қарсыластар беріле қоймайды. Осындай қиын сәтте Ідіріс өзінің пулеметімен қапысын тауып, немістерге тұтқиылдан соққы берді. Мұны ұтымды пайдаланған кеңестік жауынгерлер күрт көтеріліп, биіктікті алды. Осы ерлігі үшін І. Үргенішбаевқа «Қызыл жұлдыз» ордені беріледі.

Днепр маңындағы ұрыста өзінің автоматымен он үш немісті өлтірген жерлесіміз әскери басшылықтың назарына ілігіп, оны бөлімше командирі етіп тағайындайды.

1943 жылдың 2 қазанында Ідіріс алғашқылардың бірі болып Днепр өзенінен өтті. Батальон жауынгерлері арғы жағаға шыққанша ол жау жағындағы бекіністі қолға ұстап тұрады. Бұл оңай шайқас емес еді. Немістер біздің батальонға қарсы жиырма екі рет шабуылға көтеріледі. Осындай шақта Ідіріс жаудың тоқсан солдаты мен офицерінің көзін жояды. Дивизияның негізгі күштері келіп жеткенше батальон құрамы селдіреп-ақ қалады. Ідіріс те осы шайқаста ерлікпен қаза табады.

Днепр өзенінен өту кезіндегі осы ерлігі үшін Ідіріс Үргенішбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.

Батырдың жары Жәмила ерінің артын жоқтатпай, шаңырағын шайқалтпады. Бүгінде батырдың немерелері Арман, Жайнагүл, Ботагөз, шөберелері Наурызбек, Асылбек аталарының есімін мақтан тұтады.

Ақтөбеде Ідіріс Үргенішбаев атындағы көше бар. Ендігі ұсынысымыз бір кездері батыр білім алған Ақтөбе педагогикалық училищесіне (қазіргі гуманитарлық колледж) ескерткіш тақта орнатылса.  Әскери жоғарғы оқу орнының үздік курсанттарына атаулы стипендия тағайындаса да артық болмас еді.

Байман БАЙҒҰЛОВ,

еңбек ардагері.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*