Басты бет » Әлеумет » Имамға тыйым бола ма?

Имамға тыйым бола ма?

Қандыағаш қаласындағы «Нұртай» мешітінде Оразалы қажы Шымболатов он екі жыл имам болды. Осы жылдар ішінде ол Алла үйіне бірде-бір жөндеу жұмыстарын жүргізген емес. Ал жаназа шығару жолында алдына жан салмайды.

Қазіргі кезде көпшілік «Алланың үйі», «Имандылық үйі» атанған мешіттегі қызметкерлерге сенбейтін болды. Себебі  ол жерде жат пиғылды ағымдағы дін өкілдері көбейіп кетті. Басында сәлдесі, қолында таспиғы, аузында «Алласы» бар дін адамдарының ниетін ажырату расында қиынға соғады. Қандыағаштағы «Нұртай» мешітінде де жас балаларды жинап алатындар басқа ағымдағы діннің масхабымен намаз оқуды үйретеді деген қауесет сөздер ел арасында айтылып жүр. Тіпті, мешітімізде түсініксіз діни ағымдағы өкілдердің қатары да пайда болды.

Оразалы қажы он екі жыл бойы «Алла үйіне» ешқандай жөндеу жұмыстарын жүргізген емес. Қазір мешітімізге Ғабит имам тағайындалғалы ғана жөндеу жұмыстары қолға алына бастады. Бізді мазалайтыны — Оразалы қажы бүгінде теміржол саласына жұмысқа ауысқанымен, молдалық кәсібін тастамай жүр. Қалада қаза болғандардың жаназасын шығару үшін ол жаңа молдаға жол бермейді. Аудан басшылары тарапынан оған бірнеше рет ескертулер жасалғанымен, оны ескеріп жүрген Оразалы жоқ. Осы күні ол халқымыздың салт-дәстүрін де бұрмалап жүр. Ұзатылатын қыздың үйіне барып неке қию рәсімін жасауды дәстүрге енгізді. Бұрын отау құрған екі жастың некесі мешітте қиылатын еді. Енді неке жолы да Оразалы қажының табыс табу мақсатында қосымша жұмыс көзіне айналды.

Бес парыздың бірі — қажылық. Осы парызды өтеу үшін әр адам өз қаражатымен Меккеге баруы шарт. Ал біздің Оразалы қажы бұл ережені ұмытты. Ол қажылыққа барамын деп қарамағындағы жұмысшылардың қарсылығына қарамастан, әрқайсысынан 500 теңгеден ақша жинап, қажылық парызын өтеп келді. Елді несібесінен айырған қажылық сапардың имамға қандай сауабы тиеді? «Аңқау елге арамза молда» атанған Оразалының бұл қылықтарына кім тыйым салады?

Қалила  Көбенов, Жанабай Сақтағанов, Байсын Алманиязов,

Ахмет Ермағанбет, Аян Имандосов, Өсербай Шалабаев,

Таспау Қашқынбаев, Сайын Бердин

Қандыағаш қаласының тұрғындары.

  • Сіз не дейсіз?

Біз осы хат бойынша ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Бауыржан Есмаханға хабарласқан едік. Бас имам былай дейді:

—  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалы Қандыағаш қаласындағы «Нұртай» мешітінде Оразалы қажы Шынболатов он екі жылдан аса уақыт қызмет атқарды. 2009 жылы өкіл имамның ұсынысымен және Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі Хазіреттің бұйрығы бойынша ол облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітіне наиб имам қызметіне тағайындалған болатын. Алайда Қандыағаш қаласында қосымша атқарып келе жатқан теміржол саласындағы жұмысын таңдауына байланысты Оразалы қажы Бас мүфти бұйрығымен мешіт қызметінен босатылды. Қазір Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалы Қандыағаш қаласындағы «Нұртай» мешітінде Бас имам Ғабит Маткаримов. Бұрын ол Байғанин аудандық мешітінде, Ақтөбе қалалық орталық мешітінде және облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде наиб имам қызметтерін абыроймен атқарған, діни сауатты, тақуа азамат.

Оразалы қажы Шынболатовқа Мұғалжар ауданының қазіргі Бас имамы Ғабит Маткаримов қажыға көмек беріп, жұмысына кедергі болмау керектігі бірнеше рет ескертілді.

Жалпы, діни рәсімдер, оның ішінде жұма, айт, жаназа намаздары, неке және тағы басқалары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сол жердегі имамдарының қатысуымен, келісімімен өткізілуі міндет. Тағы бір ескеретін нәрсе, діни сауат ашу ҚМДБ-ның филиалы болып табылатын мешіттер жанындағы курстар мешіт қызметкерлерінің қатысуымен өтуі қажет.

Бір пікір

  1. 500 тенгеден жинау ущин 1мын адам керек. Оразалы демек бир улкен мекемени устап турганго соншама карамагында адам болса, ал егер сондай мекемеси болса акша жинау керек емес еди.
    акылы бар адам акикатты жаладан айыра биледи.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*