Сұлуынан жылуы

Киімді қалай таңдаймыз?..

Қысқы уақытта киімнің сұлуынан жылуына баса мән берілетіні сөзсіз. Дегенмен әрі жылы, әрі сәнді киім үлгілерін таңдап кигенге не жетсін.

Тоқыма жемпір — ең бағалы киім

Сән әлемі мамандарының мәлімдеуінше, биыл іскер мырзалар мен ханымдардың іскерлік қабілетін айқындап көрсететін киім үлгілері мен өткен ғасырдың 40-шы жылдарындағы сән үлгілері қайта оралатын көрінеді. Бұл жолы мұндай киімдерге белдіктер тағылмақ. Қалың матадан тігілген пальтолар мен плащтар, баллонды күртелер мен аң терісінен тігілген тондар биылғы қыстың басты киімдері болып саналады. Олар негізінен қоңыр және классикалық қара және күлгін түсті болмақ. Қызыл, сарғыш, көгілдір, жасыл түсті киімдер де биылғы сән әлемінен алыстай қоймайды. Сондай-ақ былтырғы маусымда киілген жолбарыс тектес жолақ түстер мен ұзын жең қолғаптар, барқыт және мақпал матадан тігілген киімдер, платформа тақалы етіктер биыл да сәні мен сапасын жоғалтпайды. Таза жүннен тоқылған, «Норвегия өрнегімен» көмкерілген жемпірлер қыстың ең бағалы киіміне айналады. Қысқы сән үлгілерінің алдыңғы қатарында ұзын етекті юбкалар да ойып тұрып орын алып отыр.

Угги етіктер денсаулыққа зиян

Биыл голливудтық жұлдыздар қымбат фирмалық аяқ киімдерден гөрі күнделікті киетін ыңғайлы, жайтабан, орташа тақалы етік үлгілерін таңдаған көрінеді. Өзі жылы, өзі ыңғайлы етіктер кез келген киіммен үйлесім табады.

Қазір жастар арасында угги аталатын етікке деген сұраныс жоғары.

Угги — австралиялық қой терісінен жасалған етік. Онда бұл аяқ киім сонау ХІХ ғасырда пайда болған. Бертін келе оны спортшылар мен ұшқыштар киетін болған. Ал қазіргі  заманда ол  етік сәнге  айналып отыр. Уггиді әйелдер де, ер адамдар да кие береді. Кішкентай балаларға арналған коллекциясы да бар. Етік өндіруші фирма мамандарының айтуынша, уггидің жасалған материалының бір ерекшелігі — аяқты терлетпейді, 24 градус ыстықта аяққа сәл суық беріп, ал 34 градус суықта аяқты жылытады. Алайда уггиді күту өте оңай. Ең бастысы — оны жылы сумен жууға болмайды, тек оның үстіне суық су бүрку қажет. Егер етігіңізді бұлай күткіңіз келмесе, арнайы «UGG Water & Oil Repellent» деген спрейді қолдансаңыз болғаны.

Жалпы угги етіктер туралы түрлі пікірлер бар. Қой терісінен  тігілген угги сәнді етігі  сәнқойлардың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Ортопед мамандардың айтуынша, бұл аяқ киім адам табанына қажетті  тіректі қамтамасыз ете  алмайды. Ал британдық Остеопатиялық медицина институтының басшысы   доктор Ян Дрисдальдың пікірінше, тым  жайтабан бұл етікті киюдің салдарынан  адамның  тобықтары, тізесі, саны, тіпті арқасы ауыруы мүмкін. «Бұл етіктер күнделікті киюге арналмаған, әсіресе, жасөспірімдерге зиян. Себебі олардың сүйектері әлі  қатпаған, егер олар дұрыс дамымаса, сүйектер  қисайып бітуі мүмкін», — дейді ол.

Әшекейлер мезгіл таңдамайды

Кейбір қыз-келіншектер «қыста әшекей бұйымдар тағып не керек?» деп ойлайды. Ол дұрыс емес. Әшекейлерге қай уақытта да орын табылады. Оның үстіне сән әлемінің мамандары сырғалар мен зергерлік бұйымдардың маусым талғамайтынын айтады. Олардың пікірінше, әшекейдің көлемі неғұрлым үлкен болса, соғұрлым иесінің көркін аша түседі екен. Ал көкшіл, жасыл, қызыл түсті тастармен безендірілген бұйымдарды салтанатты кешке немесе қонаққа барғанда ғана емес, қарапайым күндері де тағып жүруге әбден болады.

Әшекей десе, ең әуелі көз алдыңызға моншақ, білезік, сырға, алқа, сақиналар елестейді. Ал биылғы маусымда сән топтамасына қандай әшекейлер түрі енді? Дизайнерлер мойынға тағатын әшекейлердің ішінде ең танымал үлгілеріне   гүлді, атлас баулы, шынжырлы, жапсырмалы меруерт түстес алқалар тағуға кеңес береді. Гүлді алқалар көзге бірден түседі, сондықтан оларды біртүсті киіммен, айталық, қысқа қара көйлек немесе ешқандай әрлеусіз жұқа әйелдер жейдесімен келістіріп тағуға болады. Түрлі-түсті ұзын сарафан мен туникаларға жұқа шынжырдан бірнеше қатар етіп соғылған алқаларды таңдаған жөн, алтын немесе күміс болса да жарасымды.

Кішкентай көлемдегі гүлді және жүрек үлгісіндегі сырғалар кез келген талғамды толықтыра түседі. Ал ұзын «сыған» сырғаларының  түрлі-түсті тастармен, моншақтармен, боялған қауырсындармен әрленгендері — хиппи стилін жандандыратыны анық. Сол сияқты дизайнер мамандар білезіктердің ашық түсті, шынжырлы, кең өрілген түрлерін таңдағанды жөн көреді.  Жаз маусымында алтын білезіктер де тағуыңызға болады, өйткені алтын күнге күйген теріңіздің шырайын келтіре түседі.

Сақина — ең әмбебап әшекей түріне жатады. Кез келген киім үлгісіне сақинаның барлық түрі жарасымды келеді.

Биылғы жылы тағы бір нәрсеге көңіл аударған жөн. Ол — милитари стиліндегі шынжырдан, матадан  жасалған эполеталар. Оларды костюмнің, көйлектің үстінен тағуға болады. Матадан жасалған түрлері түйреуіштің көмегімен иыққа жапсырылады. Ұзын және қысқа көйлектерге әдемi әшекейлер қосса, ұтымды үйлесiм таппақ.

Әшекейлермен қатар сәнді сөмке, әдемі сағат, қалың көзілдірік те қыстың сән үлгілерінің қатарынан ешқашан қалмақ емес.

Ер-азаматтардың да сәннен қалмай киінгенді жаны сүйетіні анық. Сондықтан мамандар биыл қыста білекті де жүректі жігіттерге табиғи немесе жасанды аң терісінен тігілген сырт киімдер ұсынуда. Түстері негізінен қою жасыл, ашық қоңыр, және қара болып келеді. Ал аяқ киімдерінің түсін әрбір азамат өз қалауы бойынша таңдайтын болады.

Ерлерге арналған жеңсіз ішіктер

«Harper’s Bazaar» журналы 2011 жылдың күз-қыс айларында қандай киім кию керектігі жайлы кеңестер береді. Бұл маусымда аң терілерінен тігілген үлбіреген жұмсақ әрі жылы ішіктерді киген дұрыс. Жеңсіз ішіктердің белдікпен де, белдіксіз де түрлері бар. Олардың бағасы аң терілерінің сапасына қарай жоғарылай береді. Ішіктердің қыз-келіншектермен қатар, ерлерге арналған түрлері болады.

Журналда бүгінде стилист мамандардың ешқайсысы джинсы материалынан тiгiлген киiмдердi насихаттамайтыны айтылады. Өйткенi бұл киiмдер сәндi де емес. Оларды халық тек демалыс уақыттарында ғана киюге әуестенедi.

Сән үлгісінде — аң терісінен жасалған сөмке

Қысқы уақытта қыз-келіншектер сөмке таңдағанда білгір стилистермен кеңескені жөн. Дегенмен 2010-2011 жылдардың қысында аң терісі жапсырыла тігілген сөмкелер сән үлгісіне шықты. Мұндай сөмкенің рюкзак түрлері де бар. Дегенмен аң терісі жапсырыла тігілген сөмкелерді таңдағанда олардың көлемі мен ыңғайлылығына аса мән берген дұрыс. Ең үлкен көлемдегі мұндай сөмкелер сырт көзге ауыр секілді көрінгенімен, шын мәнісінде олардың салмағы аз. Негізінен   толық аң терісінен тігілген Michael Kors немесе жартылай аң терісі мен трикотаждан тігілген Dolce & Gabbana, Louis Vuitton фирмалары өндірген сөмкелерді алған жөн.

Мұндай сөмкелерді ұстаған кезде былғары қолғап пен аң терісі өрнектелген аяқ киім киген дұрыс.

Бұл сөмкелер — өмірлік қажеттіліктен туындаған ең соңғы үлгідегі әйелдер бұйымы болып есептеледі.

Интернет материалдары бойынша

әзірлеген Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.

Айдары: Жаңалықтар

Бір пікір жазылыпты - "Сұлуынан жылуы"

  1. Карима says:

    2012ж сырт киімдердің соңғы үлгілерінің суреттерін жіберсеңіздер екен

Пікір жазу

Жіберу

© 2014 Ақтөбе газеті. All rights reserved. XHTML / CSS Valid.
Proudly designed by Theme Junkie. Powered by WordPress